- Біздің сұхбат
- 21 Шілде, 2024
«Аңшы бала» қазір қандай азамат болды?
Санұржан Сүлеймен – актер. Балалар арасында танымал болған «Айналайын», «Аңшы бала» фильмдеріне түскен. Бала кезін түсірілімдер мен сахнаға арнаған Санұржанның жасы 26-да. Шашы бұйра, ерке, тәтті баланың рөлін ойнаған кейіпкеріміздің қазір қандай болғаны бәрімізді қызықтырады деп ойлаймын. Сәті түсіп Санұржаннан сұқбат алдық.
Өсу, өркендеу – табиғаттың заңы. Бұл заңға адам да бағынады. Нәресте болып дүниеге келеді, тәй-тәйлап жүруді, былдырлап сөйлеуді үйренеді. Одан әрі айналаны танып, оған қалай реакция білдіруді үйренеді. Кейіпкеріміз Санұржан түскен фильмдер менің бала кезімде көрсетілген соң ба, оның бала кейпі көз алдымда. Ал ол қазір кім болды, қалай өзгерді деген сұраққа Санұржан былай жауап берді: «Организм ретінде адам да, қоғам да өзгереді. Нейрофизиологтардың зерттеуінше, әр төрт жыл сайын адам толықтай өзгереді. Бұл қызық ақпарат. Көп мемлекетте президенттің тақта отыру уақыты төрт жыл ғой. Бәлкім, сол зерттеуге сүйенетін шығар. «Мен кіммін» деп сұрау неге маңызды? Бұл сұраққа жауап тапқаныңда, өзіңнің қай жерге бара жатқаныңды нақтылай аласың. Мысалы, 4 жыл бұрынғы Санұржан өзін барынша көрсетіп, қазір оңаша қалудың мәнін түсініп, тек Қазақстанда ғана емес, әлем үшін кім екенін түсінгісі келетін бала», – деді. Санұржан мектепті бітірген соң университетке оқуға тапсырмапты. Ол өзін өмірлік ұстаздардан алған білімі мен тәжірибесінің арқасында «Өмір мектебінде» оқыдым деп есептейтін сияқты. Ол айналада жүрген адамдардан білім алып, өз бетінше ізденудің жолын тапқан. Осылайша өзін «жолы болғыш адаммын» деп есептейді.
«20 жасымда «Мен не істеп жүрмін?» деген сұрақты ойлап күйзеліске түстім. «Жәй ғана актер болып танылу үшін жүрмін бе? Бәлкім, бұл менің мамандығым емес шығар» деген ой келді. Әрі қарай өсуді армандадым. Ойланып отырғанымда телефоныма «Әуе билетіне жеңілдік» деген хабарлама келді. Бұны нағыз белгі деп түсіндім. Сөйттім де Ресейге кеттім. Анама хабарласып бәрін түсіндірдім. Ресейде өз бетімше өсудің жолын іздедім десем де болар, сериалға, клипке түстім. Аниме дубляждадым. Режиссерлермен таныстым. Жоғары оқу орнын бітірмедім, мектепті де дұрыс оқымадым. Бала кезімнен әлем не береді, соны қабылдап үйрене бердім. Мен жолы болғыш адаммын. Өмірлік жақсы ұстаздарға кездестім. Оның ішінде Барзу Абдураззаков бар. 18 жасымда театрға шығарған. Тәжікстанның еңбек сіңірген артисі, Анатолий Эфростың шәкірті болған. Достарым да – менің ұстазым. Олардың өміріне қарап сабақ алуға да болады. Америкаға барып та өмірді зерттедім. Шетелде тұрып көрдім. Болашақта ағылшынша жобаларға түсіп жатсам, олардың болмысын көрсете алу үшін солардың арасында өмір сүруім керек деп ойладым, сол үшін алты ай тұрдым. Бұл мен үшін өмір мектебі болды», – дейді Санұржан.
Санұржанның АҚШ, Ресей және Түркия сияқты елдерде тұрғаны мәдени әртүрлілік туралы ойлануымызға итермелейді. Оның мәдениеттерді салыстыруы ағартушылық, білу, көру, түсіну бағытында екені рас, бірақ ұлттық бірегейлік сезімін сақтау одан да маңызды екенін айтады. «Отбасымнан жырақта жүргенде өзге елдің мәдениеті мен тіршілігіне сіңісу туралы ойымда сұрақ тұратын. Сол мақсатта Америкада, Ресейде, Түркияда тұрып көрдім. Біреулер «Қазақстанда мынандай, басқа елде мынандай, солардан үйренуіміз керек» деп салысты-рып жатады. Осы сәтте ондай пікірдегі адамдармен келіспей-тінімді айтқым келеді», – дейді кейіпкеріміз.
Санұржанның актерлер мен режиссерлер туралы ойы кино саласының қыр-сырынан хабар береді. «Қазіргі кезде көп жобадан бас тартамын. Адам мәдениет, өнер саласында бірдеңе істей-тін болса, оған ең бірінші ниет керек. Еліміз киноиндустрияға жақсы көңіл бөліп жатыр. Себебі кино жәй ғана кино емес, индустрия болатындай масштабқа шықты деп есептеймін. Осының арқасында кино бизнес көзіне айналды. Продюсерлер бизнес-мендер сияқты. Ұзақ есте қалатын фильмдер жасағысы келеді. Менің кәсіби жолымды бастаған жоба болғандықтан «Айналайынды», «Аңшы баланы» ерекше сағынышпен еске аламын», – дейді Санұржан. Қазір неге ондай жоба жоқ деген сұрақ туындайды. Өйткені сол кездегі индустрияда авторлар өзі жасағысы келетін нәрсені түсіретін. Санұржанның айтуынша, «Аңшы баланы» түсірген режиссер Ерлан Нұрмахамбет өз кейіпкерлерін құрметтейтін режиссердің бірі.
«Жылы кинолар болғанын қалаймын. Неге жылы кино болуы керек? Жылылық беретін авторлар азайып кетті. Индустрия қатал. Актер ретінде сезетінім: әлеуметтік желідегі парақшама қарасам, адамдар менің блогер болғанымды күтеді. Бірақ «мен актермін ғой» деп терең ойға батамын. Актер ретінде бәрін өшіріп тастап, кітап оқып жүре бергің келеді ғой. Заман басқа, адам басқа, олардың сұранысы басқа. Инстаграмды көрермен мені ұмытпасын деп жүргіземін. Ниетімді сол құрал арқылы көрсеткім келген. Бірақ бұл да индустрия болып кетті. Сенен қоғам бірдеңе күтеді. Актерсің, актердің ақшасы көп болуы керек деп есептейді. Тура осындай сезімді режиссерлер де сезінеді. Режиссерлер туын-дыны, кейіпкерді жасайды, ал актер берілген тапсырманы орындап шығады.
Былай қарасаң мобилограф видео түсіріп миллион табады, ал жиырма жыл бойы кино түсіріп өнерде жүрген режиссердің әлі үйі жоқ. Ол да қоғамға керек емеспін деп ойлауы мүмкін. «Қоғамға керек емеспін» деген сезім өнерде жүрген адам үшін – у. Мәдениет пен өнерді жасайтын адамдардың негізгі ресурсы – мән. Өз мәнін жоғалтса, өнер де болмайды. Материалдық контентті көре беріп, ақша керек деп жеңіл контенттер түсіріп кетеді. Сол үшін Кеңес заманын көрген адамдарға қиын. «Мен терең мәдениетті жасауым керек деп ойлайды. Мәдениетте жүруім керек, қоғамға сапалы, дұрыс нәрсе беруім керек деп есептейді. Осы сәтте бір қиындық болса, ол адам сынады», – дейді. Отбасылық фильмдер сенім мен байланыс сезімін тудыруы мүмкін. Автор жұмысында маңызды тақырыптарды көрсету үшін көбіне жеке тәжірибелер мен эмоцияларға назар аударады.
«Қоғамның ықпалы сенімге байланысты. Сол үшін біз жылылық беретін фильмге тартыламыз. Себебі бұл бізге сенім береді. Неге кезінде «Айналайын», «Аңшы бала» қоғамда өз орнынтапты? Өйткені ол отбасылық формада. Әке-шешенің баламен сөйлесе алмауы, 90-жылдары біздің әдемі мәдениетімізге қарамастан, олар жаңа заманға сай болу керек деп, балаларды үйде қалдырып, жұмысқа шығып кетті. Отбасының көңіл бөлуі жетіспеген балалар осы тұста өсті деп ойлаймын. Осы ұрпақтың ішінде авторлар өсті. Олар осылайша маңызды нәрселерді көрсете алды. Өйткені ол бала кезде әкесімен дұрыс сөйлесе алмады, өскенде жазған туындысында сол эмоцияны, жылылықты көрсеткісі келеді. Сезімге рефлекция жасап шығарады. Қазір жас ұрпақ болашақта қандай сұрақтарды қояды? Олар қоғамға солай сұрақ қойып жауап табады. Қазіргі қазақ баласының сезімін Американың баласы да сезініп жүр деп ойлаймын. Себебі ақпараттық дүмпуден өзін табу қиын, қарым-қатынас мәселесі қиындап бара жатыр. Қазіргі уақытта режиссерлер бәлкім осыны түсіретін шығар», – дейді Санұржан. Қазір балаларға арналған жобаларға түсіп жүрген жасөспі-рімдер бар. Олар бұл салаға жаңа қадам басқандықтан қиындық пен буллиңге тап болуы мүмкін. Осы жолдан Санұржанның қалай өткені туралы да сұрадық.
«Мектепте жүргенімде болашағымды сахнамен байла-ныстырдым. 5-6-сыныптан бастап кастиңдерге қатыстым. Нағыз алматылықпын. Микс мәдениетті көріп өскенмін. Мұғалімдер мені жақсы көретін. Жағымды, сүйкімді бала болған сияқтымын. Бірақ мектепте анда-санда қысымға тап болдым. «Шашың өсіп кетіпті. Шашыңды қимайсың ба?» деген сияқты. «Аңшы балаға», «Айналайын» сериалының үш маусымына түстім. Ән де айтып көрдім. Бірақ музыкалық жолым сәтті болған жоқ. Мектептің театрында да ойнадым. Эфирге шығып, түрім таныла бастағанда бұл қысым да, айтылған сөздер де тоқтады», – дейді. Жасөспірім кезеңде әрбір жігітке тән «жеке мәселе» пайда болады. Ойдың жетегіне еріп, білместікпен бұзықтық та жасап қояды. Сыртқы келбетке немесе қарым-қатынасқа қатысты оқиғалар бізді қалыптастырады. Санұржанның достарымен проблемаларды шешуге стратегиялық көзқарасы ақылды шешім болған екен. Ол былай: «12-13 жаста балалардың мәселесі пайда болады ғой. «Мынау мынаны жақсы көреді екен», «мынау анамен төбелесіпті ғой» деген сияқты. Өзіңе ұқсамаған адамды көрсең оның жүріс-тұрысын жақтырмайтын кезеңнен де өттік. Төбелесіп те қалатынбыз. Бірақ мен көбіне сөзбен, ақылмен шешуге тырысатынмын. Біз үш жігіт болып өзімше стратегиялық жоспар құрғанбыз. Мысалы, мен көшбасшы болдым, екіншіміз топтың күші болды. Төбелесетін болсақ сол бірінші шығатын. Біз оның мықты болуы үшін оның спортпен шұғылданғанын қадағалайтынбыз. Үшіншіміз мектептің белсендісі болды. Ол үй тапсырмасы мен мектепшілік жобаларға жауап беретін. Орындамай келген жұмысты содан көшіретінбіз». Санұржанның қазақша контент жасауға деген ұмтылысы мақтауға тұрарлық. Ағылшын және орыстілді аудиториясы болса да, оның қазақтілді аудиторияға әсері ерекше мотивация береді екен.
«Қазақ тілінде контент жасауға тырысып жүрмін. Тырыспай-ақ, өз өмірімнің рахатына еніп, орысша, ағыл-шынша сөйлейтін адамдармен байланыссам болады. Бірақ мен Американың емес, қазақ баласына керек екенмін. Қазір қазақша киноға түспей жүргеніме де көп болды. Себебі мейірім шуағы бар контенттерге түскім келеді. Бала кезімде біздің киноиндустриямызда әлемді аузына қаратқан үлкен ағаларымыз болса ғой дейтінмін. Неге біз әлі америкалық кино-лардан оза алмай жатырмыз деп те ойладым. Сырттай осы құбылысты бақылап, «Менің де мүмкіндігім бар ғой» деп ағылшын тіліне мән бердім. Үйрендім. Бәлкім, мен де өзімнен кейінгілерге үлгі болып қалармын?..» – дейді Санұржан.
Нұрлыхан ЖҰМАХАН
5697 рет
көрсетілді0
пікір