Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 21 Шілде, 2024

Кашмир билеушісі – Дулати

Бағлан  ОРЫНБАСАР, 

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Дулатитану» ҒЗО-ның ғылыми қызметкері, тарих магистрі

М.Х.Дулати «Тарих-и Рашиди» еңбегінің екінші кітабында Кашмирге 10 тарауын арнаған. Бұл тарауларда ұлы бабамыздың Кашмирді бағындыру, ондағы саяси-әскери жағдайлар, діни ахуал, шаруашылық, мәдени, географиялық және ғажайып табиғаты жөнінде ғылыми-танымдық мәліметтер келтіріп, оны жан-жақты пайымдайды. Жалпы М.Х.Дулатидың өмірі мен қызметінде Кашмирде билік еткен кезеңінің орны ерекше. 
Оның ірі мемлекет басшысы, мемлекет қайраткері, әскери қолбасшылық келбеті, әсіресе Кашмирде билік еткен жылдары анық көрінді. Кашмир өлкесі М.Х.Дулати кезінде де, тіпті бүгін де біртұтас әкімшілік-территориялық құрылым болған емес. Оның көптеген саяси, этникалық және діни себептері бар. Қазір Кашмирдің негізгі бөлігі Ладак провинциясымен бірге Жамму-Кашмир штаты деп аталып, Үндістанға қарайды. Территориясы – 101 387 км2, халқының саны 10 млн. Олардың 67%-ы мұсылмандар, 30%-ы үнділер, 2%-ы синктер, 1,1%-ы буддистер. Пәкістанға қарайтын жартылай автономды Азат Кашмирдің жер көлемі – 85846, ондағы халықтың саны 1,3 млн. Қытай халық Республикасына қарайтын аумақтың жер көлемі – 37555 км2, тұрғындардың саны бірнеше мың адамды құрайды.1 Сондықтан да, тарихтың барлық кезеңдерінде Кашмир өлкесінде үнемі әскери қақтығыстар болып тұрған. 
Осындай күрделі тарихы бар Кашмирді 10 жылдан астам уақыт билеген М.Х.Дулати табанды, ержүрек, дарынды қолбасшы әрі мемлекет қайраткері болған. Әбу-Фазл Әллами «Акбар-наме» еңбегінде М.Х.Дулати: «...Кашмирді жаулап алғаннан кейін, он жыл бойы шын пейілмен бұл елге қызмет етті. Қараусыз және бағусыз қалған елге қалалар салып, мәдениетін өркендетті. Әлемнің түкпір-түкпірінен сәулетшілер мен қолөнершілер шақыртып, барлық іс-әрекетін тек Кашмирдің даңқын шығарып, гүлденуіне бағыттады».2    
М.Х.Дулати Кашмирді алғашқы рет Сарышаян шоқ жұлдызы туған мезгілдің ортасында Жумада-и сани айында (1532 жылы 29 желтоқсан – 1533 жылы 26 қаңтар) Зужа асуы арқылы қашқарлық Саид ханның ұлы Ескендір сұлтанмен бірге алған болатын. Үш ай Кашмирде болып, өлкенің билеушісі Мұхаммед шахтың қызын Ескендірге әперіп, көптеген сыйлықтарын Саид ханға жөнелтеді. 
М.Х.Дулати «Тарих-и-Рашиди» еңбегінің 100-104 тарауларында «Кашмирді сипаттау», «Кашмирдің ғажайыптары жайында әңгіме» және Кашмирдің ғажап табиғаты, қалалары мен халқы, ондағы діни ахуалды нақты фактілер келтіре отырып жазғандығы белгілі.                     
М.Дулатидің екінші рет Кашмирге Хұмаюн патшаның Ганга өзенінде ауғандық Шершартан жеңілгеннен кейін 1540 жылдың қараша айында барды. Алғашқы кезеңде Кашмирді ешқандай соғыссыз алған болса, кейінірек билік үшін кашмирліктермен бірнеше рет соғысуына тура келді. Жергілікті мәліктер (әкімдер) арасындағы өзара алауыздықты айла-тәсіл, ақылмен жеңіп, Кашмирді толық биледі. «Тарих-и Рашиди» еңбегінде ол барлық жайтты шынайы жазған: «Кашмир – әлемнің ең мәшһүр қалаларының бірі. Әртүрлі әрі сирек кездесетін жерлерімен мәлім. Солай бола тұра оны ешкім білмейді. Бұрынғы авторлардың кітаптарында ол туралы тым қысқа жазылған. Бүгін, 950 жылдың (1543 ж, сәуір-мамыры) Мухаррам айында, осы тамаша елдің билеушісі болып отырған кезімде, бұл елді барлық жағынан зерттеп білдім, Кашмир жайында жазғанымның бәрі өзім көріп куә болған нәрселер», – деп жазады.3
Кашмирдің билеушісі ретінде басқару саясатын М.Х.Дулати жергілікті саяси-әскери жағдаймен сабақтастырып жүргізді. Біздің пайымдауымызша оның бірнеше себебі болды. Біріншіден, Кашмирді автордың өзі жазғандай, «Мен екінші рет Кашмирге келіп, әлі түгелдей оны басып алған жоқ едім».4 Сондықтан М.Х.Дулати алғашқы уақытта Кашмирдің бір бөлігін Қажы шаһқа, екінші бөлігін Исмаил шаһқа, ал үшіншісін Саид Ибрагимнің басқаруына берді. Екіншіден, жергілікті халықтың сеніміне ие болу және өзіне дейінгі билеушілерге деген сый-құрметтің болуынан Кашмирдің билеушісі Назик шаһ атынан, кейінірек Хұмаюнның атынан да теңге соғып, олардың атынан хұтба оқыған. Бұл жөнінде Әллами өз еңбегінде жақсы жазған.                
Белгілі үнді ғалымы, профессор Мансура Хайдар өзінің «Мирза Мухаммед Хайдар Дулат в персидских источниках» атты еңбегінде Абу-л-Фазлдың деректеріне сілтеме жасай отырып: «Мирза Хайдар Дулат Кашмирді билеген он жылда осы бір адамдар аз қоныстанған, бірақ берекелі жерде жаңа қалалар мен өркениетті құруға барлық күш-жігерін салды», – деп жазады.5 Өлкенің гүлденуі мен даңқының артуына жан-жақтан суретшілер мен қолөнершілерді шақырып, көптеген жаңа құрылыстар жүргізді. Жаңа үлгідегі сарай, моншалар, бақтар салынып, тіпті үйлердің есігі мен терезелері өзгертілді. 
Аса білімді, мәдениеттің озық үлгісін көрсете білген М.Х.Дулати жас балаларды оқытуға, білімді адамдарға қамқорлық жасауда, дарынды ақындар мен музыканттарды өз төңірегіне жинап, оларға үнемі қамқорлық жасап отырды. М.Х.Дулати атақты тарихшы болумен қатар, үздік ақындық қабілеті де болатын. Бірнеше тілді терең меңгерген ұлы бабамыз «Тарих-и Рашиди» еңбегін парсы тілінде жазса, «Жаханнамені» түркі тілінде жазғаны тарихтан белгілі. М.Х.Дулатидың Кашмир билеушісі ретіндегі қызметіне тарихи баға берсек, ең алдымен ішкі және сыртқы қақтығыстардан әбден күйреуге шақ қалған Кашмирді бір орталыққа бағындырып, әлеуметтік-экономикалық, әскери жағынан күшейген өлкеге айналдырды. Кашмир Ұлы Жібек жолы бойындағы үлкен сауда орталығының біріне айналып, тоқыма өндірісі дамып, бәрімізге бүгінге дейін белгілі кашмир матасы әлемге танылды. Ондаған жаңа бақтар, соның ішінде бүгінгі күнге жеткен Шалимар, Нишот бағы бүгінгі Сринагар қаласының мәдени-тарихи және демалыс орны ретіндегі әлеуеті зор. Мұхаммед Хайдар Дулатидың Кашмирдің билеушісі ретіндегі көптеген жасампаз еңбегін үнді мемлекеті үшін ғана емес, жалпы адамзат өркениеті тарихына қосқан зор үлесі деп қарастыруымыз қажет.

     Пайдаланылған әдебиеттер:
1.А.Абдуалы, Б.Әбілдаұлы – М.Х.Дулат және Кашмир. – Тараз, 2011, 41-бет.
2.М.Калиекова. Мұхаммед Хайдар Дулати. Өмірі мен шығармашылығы, – Алматы, 2020, 65-бет
3.М.Х.Дулати «Тарих-и Рашиди». – Алматы, 2003, 466-бет
4.Бұл да сонда, 466- бет
5.М.Хайдар, Мирза Мұхаммед Хайдар Дулат в персидских источниках – Алматы, 2010, стр.65

1109 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз