- Таным
- 29 Шілде, 2024
Ай толғанда күбірлейді көп дастан

Теңіздің дәмін білу үшін шелектеп ішу керек пе? Әлде бір ұрттамының өзі жеткілікті ме? Әрине, бір ұрттам! Шөлден қан кебуге айналғанда мұздайлығымен, шөп-шалам, кір-қоң келсе де, бойына мін дарытпайтын тұздайлығымен танылады ғой теңіз. Светқали Нұржанның (Айт-Ман) бір ұрттам дерліктей әр өлеңінен осындай қасиетті таптық. Бұл жинағы да қайқылардан жеткен мәнділігімен, сегіз өрім қамшыдай күміс тінді сәнділігімен, даланың мондалағындай дәмділігімен тамсантты. Тылсымды әрі нұр-сіңді поэзиясы, міне, тағы да алдымыздан ашылды.
«Бұл кітапқа кір жұқтырман –
көрге енсем,
Түсін бұзбас – жапқан шапан,
берген шен.
Мұны, өйткені Ел оқиды – әуелі,
Елден алып Жел оқиды – өлген соң».
«Көкірегіндегі көне кітабы» ескірген сайын жаңарып, жаңарған сайын көнеріп, ескілігімен елеңдетіп, жаңалығымен желкенденіп бара жатыр екен.
Цифрлы заманда көненің рух-көмбесінің ізіне түсіп, қырық жыл бұрынғы жолды айнытпай танитын ізшілдігінің арғы жағында не жатыр өзі? Ел бармайтын айдаланың төсінде қаймананың көшін іздеп, із кесетінінің өзі ой салады сырт қарағанға. Бұл өзі не іздеп жүрген адам? Мына жұрт зәулім-зәулім үйлері бар шаһар кезіп, аспанға қараса, бұл жерге сіңуге айналған тастарға қарайды. Бұрын дала көрмегендей қырға шығып алып, аңырайып тұрады. Әр тасына бұрын-соңды тас көрмегендей үңіледі келіп. Жапандағы құдықтарға барып, тереңіне тесіп жіберердей қарап, әлдекімдерді танығындай тамсанады. Әйкелінен ғаламшарды, шегенінен шыдам іздейді. Баяғының жиханкездері осы Светқалидың бойына қонақтап қалған ба дерсің. Зерттеушілер Гете ақын өмірінің 653 күнін бірде пәуескемен, бірде жаяу жүріп саяхатта өткізген екен дейді ғой. Ол заман үшін бұл – рекорд әрі ол көп шығармасын жаяу жүріп жазған дейді. Шамасы, поэзия жаяуларды жақсы көреді. Жаяуға шабыт келгіш. Ой қонғыш. Светқали да жапанмен тілдесіп, жаһанның сырын ұғып, шабытын сол қиырлардан табатын сияқты. Сосын, соның бәрі оның өлең жолдарында жапырлай көшіп бара жатады.
«Байса-мөрсіз мені езеді түндей мұң,
Қара тасқа маңдайды ұрам
жеті ұлып.
...Кеудемдегі өлі рухты үрлеймін –
Тірі аруаққа шырақ жағып отырып...»
Оның поэзиясы – әрі өлең, әрі өмір. Әрі жылнама, әрі хат. Әрі алыс, әрі жақын. Кейде түсінікті, кейде түсініксіз. Түсінікті болатыны – түсінікті. Түсініксіз болатыны – тылсымдығында. Жалпы, тылсымдық – поэзияның табиғатына тән нәрсе. Тылсым болмаса, ол өлең емес. Өйткені өлең жазылмайды, өлең пайда болады. Ақын оны дәл солай жазайын демейді, дәл солай ғарыштан саулап тұрып келеді. Келгенді жазбасаң, киені жоғалтқаның. Сондай шабыттың қалай келіп, қалай кетіп қалғанын өзі де ұғына алмай қалатын ақындық қасиетті кім қалай түсінер екен?
«Көкірегім – көне кітап.
Сұр тысты.
Қырық қазына, мың мағына –
қыртысты.
Қиялым бар жетпіс түрге құбылған,
Көздеріңмен қарамашы бір түсті».
Поэзия адам баласының мүмкіндігінен тыс жатқан басқа әлем болса керек. Содан да болар, кейбір адамдарға бір бойында екі адам өмір сүріп жүргендер ретінде қараймыз. Дұрысы, қараймын. Соның бірі – Светқали Нұржан. Оның бойындағы екеудің біреуі – кәдімгі ас ішіп, аяқ босататын пенде ретіндегі кейпі. Екіншісі – сол пенде екенін ұмытып кетіп, дұрысы, пенделік шекарасының шынжырларын жарып өтіп, поэзияның адам аяғы баспаған, бәлкім, баса алмайтын айдаласына «қаңғып» кететін кейпі. Яғни бір адамның бойындағы екі стихия. Оның ой-қиялының қай қиырдан асып, қай қиырдан қайтып келе жатқанын өзі ғана білер. Сол стихиядан өлең өріліп, жансыз нәрселер өзінің жансыздық формасынан шығып, ақынмен тілдесіп тұрғандай әсер береді.
«Сағындың ба бүгін Сен?
Ал мен дәйім
Аласұрам өртенген ормандайын...
Көзем толқып, қозғалам көкке қарай,
Жапандағы қисайған балбалдайын».
Ақын сағынышының сары орманында келе жатып, «жапандағы қисайған балбалды» еске алғаны несі екен? Рас, базары көшкен балбалдардың физикалық күйі адамды тылсымға тартады. Тереңірек қарасақ, бұл – бағзы бабалардың әлі де тізе бүкпей тұрған төзімі. Әрине, мұнда трагедиясы да бар. Жапандағыларға жай көзбен қарамайтын Светқали ақын өзінің хал-күйін балбалдардың басынан өткерген дауылдардың ішінен көреді. Нағыз ақын қара басын күйттемейді. Ақынның өлеңіндегі хал-күй – халқының басындағы жағдай. Ол өзін сағынып отырған «Сен»-кейіпкеріне де бұрылардай емес. Өйткені оны өтпелі кезеңдерде «өртенген ормандай» күйге түскен ұлт мәселесі толғантып, «көзесін толқытып» барады. Үмітін үзгендей де кезеңді бастан кешіреді. «Өлең деген тумайды жайшылықта» тұжырымының бір дәлелі де осы. Светқали поэзиясы да шай ішіп отырып жазылатын «жайшылықта» емес, қоғамның қым-қиғаш «қайшылығының» ішінде сақырлай қайнаған шабыттан туатын дүниелер. Сондай кезде туған мұндай жырлар ақынды «...ал мен дәйім, Алас ұрам аралда қалғандайын. «Құс жолының» қонып ап бұтағына, Түн-айдынға қанатын малғанда Айым» дейтін күйге түсіреді.
Ақынның «Көкірегіндегі көне кітабы» да, оның алғы сөзінде жазылғанындай, «Іш пен Сырттың, Фәни мен Бақидың арасындағы нәзік те күрделі» байланыстардың сыры мен шынын, ағы мен қарасын қатар өрелеп береді.
«Бұл кітапта саңқылдаған қыран бар,
Алып өткен Антымды аман
мұрам бар.
Бұл кітапта – шырқай-шырқай
шығанға,
Шыңға ілініп қалатұғын бір ән бар».
Ақындық шабытты шығандатып алып кетуге кейде жалғыз сөздің өзі де жетіп жатыр. Светқали поэзиясында көне сөздер көп. Бұл – ескі күндердің жұртында, ошақ басында, қазан астында қалғандай болған көне әпсаналармен жеткен дүниелерді көп оқығанының куәсі болса керек. Содан болар, оның өлеңдерін оқысаң, құм кешкен керуендердің тізбегін, бәдәуилер айтқан жырдың із-демін сезінесің. Көне сөздердің көркем өрімі экзотика болып, жаңаша ой орамдарын алдыңа алып келіп, еріксіз мойын бұрғызады. Қиыр-қиырды ойша аралап, қиял кезіп кетесің. Бұрынғылар бұлай да сөйлеген екен-ау деп, ішкі әлеміңді әлдеқандай бір сағыныш билейді.
«Бұл қоныстан шығады исі бақидың,
Ай толғанда күбірлейді көп дастан.
Хақ кәламы – хат-нәманы оқимын –
Жыл адасқан... қына басқан
көк тастан...»
Ежелгілер қойып кеткен «қына басқан көк тастар» шаңыраққа асып қойған аспа сияқтанып, уақыт дауылына төтеп беріп, «хақ кәламын – хат-нәманы» бүгінгі күнге жеткізіп тұрған тас-куәлар.
«Құлпы тасқа өрнек шеккен зергердің,
Естілердей шапқысының сыңғыры.
«Ар уә намыс үшін өлген» ерлердің,
Осы қазір шығатындай пірлі үні».
«Ар уә намыс үшін өлген» деп құлпы таста жазылған хаттың шаңын сүртіп, күн астында күбірлей оқып тұрған бүгінгі ақынның кешегілерден жеткен тәбәріктей кейпін танығандай болар едік. Светқали жырлары еңку-еңку қиырдан жетіп, ентігін енді басып тұрғандай әсер беретін ежелгі сөздердің кеніші іспеттес. Ресейлік академик А.Б. Александров «Математика – ғылымдардың патшасы» дейді. Егер математика «ғылымдардың патшасы» болса, поэзия – ғылымдардың Құдайы. Өйткені о баста Адам поэзия тілінде сөйлеген делінеді. Біздің сол сөйлеу тіліміз аштық пен жоқтықтың, соғыс пен арсыздықтың қырсығынан лас сөздермен кірлеп, қарабайыр қалыпқа түскен кезеңдерді бастан кешірді. Ал бүгінгі таңда ұлттық тіліміз ChatGPT-лік, нейрондық терминдермен түрленуде. Түрленсін, әрине! Жаһандық дамудың кілт-ашарлары бізге де керек. Бірақ олардың ана тілімізді құрдымға жіберердей құрсаулап тастауынан сақтандыру бізге парыз. Осындай шақта Светқали поэзиясы туған тіліміздің ата-күлдік жанын сақтап қалудың сарбазындай қызмет атқарып жүр. Жалпы, поэзия ұлттық тілді ұмыттырмаудың қуатын бойына дарытқан қасиетімен де көркем ғой. Ол сонысымен де өміршең. Әйтпесе, өлең біткеннің мына ызы-ғиқы әлемде адасып, айдалада қалатын уақыты болып еді. Жоқ, ол әлі келе жатыр. Бізден де, сізден де асып, болашақтағы үрім-бұтақтарымыздан да оза беретін қуатын танытады. Сол қуаттың арғы мәніне, арғы Музасына Светқали ақын «Іздеп сені шықтым тағы сапарға, Муза, саған шайыр біткен құрбанбыз» деп сиынады. «Ай астында, қар үстінде – жапанда, Мұнар киіп, жалаңаяқ тұрған қыз...» – Светқали поэзиясының да қуат-қайнары.
«Батыс бетте сиынады саған шын,
Медет тілеп бар ақын.
Ал сен Жырдың Періштесі боларсың,
Түнге малған аппақ қан-қан
қанатын?..»
Ақ пен қызыл бір-бірін ашып тұратын бояу екені рас. Бірақ ол тағдырды суреттеген кезде трагедияның көрінісіне айналады. Осы шумақтың өн бойы ақындар өз болмысында сыртқы жұртқа білдіріп те, білдірмей де бастан кешетін ішкі трагедия-драмасына сілтеме жасалғандай. Құдай Тағала ақынның болмысына мұң мен гүлді қатар қондыратыны анық. Светқали ақынның да кейде, баяғы Тоныкөк баба айтқандай, «Түнде ұйқым келмеді, күндіз отырғым келмеді» жағдайда жүретіні де анық. Өйткені қоғамдағы әрі тарт та, бері тарт жағдайлардың қат-қабатында жатқан елдік мәселелердің ақынды бейжай қалдырмасы түсінікті. Сондай кезде тағы да жыр-періштесіне тіл қатады:
«Ей, жалғыздың жебеушісі –
мұңлы құс,
Мен де жәбір көріп жүрмін
жыртқыштан.
Құдайдан-дүр бұл бір іс,
Қанатыма дұға жаса бұлт құшқан!»
Жалпы, әдебиет – ешкімнің мойнына міндеттелген жұмыс емес. Әркім оны өз еркімен атқарады. Бұл – өте ауыр жұмыс. Бірақ қасиетті іс. Мұның да түн қатып отырар өз жан аямас жанкештілері бар. 10 жасынан өлеңге байланған, ес жиғаннан естелік жинаған, көкірегін көне сандыққа айналдырып, көргенін көңіліне көгендеп, әр түйірін аялап, жасөсіпірім шақтан рухты іздеудің жолындағы қысқа-қысқа қадамын жүре-жүре аршындаған адымға айналдырған Светқали ақынның жырлары оқырманға жақсы таныс. Тіршіліктің әр тініндегі адамдар көшін, қоғам дамуының кейде даңғыл, кейде тарғыл тағдырын, адамдық қарым-қатынастың кейде сағынышты, кейде бағынышты күйін ақынның осы кітапқа енген әр туындысынан көреміз. Оның жырларында отбасыдан басталып, ұлт тағдырына дейін көтерілетін отаншылдық сезімі, бауырмалдықтың баяны, іңкәр сезімнің аяны, халықтың мәрт ұстанымы, табиғаттың құс тілді, сұңқар қанат көркемдігі жүз теру басқұрдай келісті түрде үйлесіп жатыр. Бұл жинақтағы қысқа-қысқа өлеңдермен қоса, қиялыңды ұзаққа самғатар әпсана дастандар мен хикая дастандар, тарихи дастандар қазақ поэзия әлеміне қосылған қомақты дүние. Қорыта айтқанда, Светқали Нұржанның (Айт-ман) «Көкірегім – көне кітап» жыр жинағы – Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық туынды.
Оңайгүл Тұржан

902 рет
көрсетілді0
пікір