Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 31 Шілде, 2024

Үштің өзі – күш

Астанада биологиядан 35-ші Халықаралық олимпиада өз мәресіне жетті. Оған әлемнің 81 елінен 305 жас биолог пен 275 ғалым қатысты. Қазақстан құрамасы да солардың қатарында. Оқу-ағарту министрінің мәліметінше, олар 100% нәтиже көрсетті. Еліміздің жас биологтары төрт қола медальды қанжығалады.

Осы жылдың маңызды білім додасы Қазақстанда алғаш рет өтті. IBO – жеті үздік халықаралық олимпиада қатарына кіреді. Қазақстандық оқушылар 28 жылдан бері, яғни  1996 жылдан бастап осы додада ел намысын қолдан бермей келеді. Осы жылдар ішінде ел құрамасы 2 алтын, 20 күміс, 54 қола медаль, 14 грамота жеңіп алды. Еліміздің қоржынында 90 марапат бар. Ұйымдастыру комитетінің биылғы олимпиаданы Қазақстанда өткізу туралы шешім қабылдауына да оқушыларымыздың жетістігі себеп болды. Қатысушылар тек зияткерлік сайысқа ғана қатысып қоймай, сондай-ақ, елорданың көрікті жерлерінде, Бурабайдағы «Көшпенділер әлемі» этно ауылында болып, қазақ халқының салт-дәстүрімен, мәдениетімен танысты.

IBO-2024 ашылу салтанатына ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, IBO халықаралық комитетінің төрағасы Ленка Либусова арнайы қатысты. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ғани Бейсембаев халықаралық олимпиаданың біздің елімізде өткізілуі аса маңызды екенін атап өтті. Себебі алғаш рет 34 жыл бұрын өткізілген олимпидаға тек сол жылы 6 ел қатысқан. Астанада 81 мемлекеттің командасы бас қосып, білім сайысына түсті. Сондай-ақ, Ғани Бейсембаев барлық қатысушыға және халықаралық ұйымдастыру комитетіне алғыс білдірді. Ол олимпиаданың жалпы білім саласының дамуы үшін қаншалықты маңызды екенін жеткізді.

Олимпиада қорытындысында Халықаралық комитеттің инспекторлары мен қазылар алқасы IBO-2024 олим-пиадасының ұйымдастырылуына жоғары баға берді. Әрі қазақстандық жас биологтар әзірлеген олимпиада тапсырмаларының өзектілігі мен өзгешелігін атап көрсетті. Бұл, әрине, олимпиаданы өткізу үшін тынбай еңбек еткен ұйымдастыру комитеті үшін жоғары баға болды. Еліміздің құрамасы 100% медаль көрсеткішіне қол жеткізді. Төрт қола медальды қанжығалаған – Білім-инновация дарынды балаларға арналған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Ғалымжан Бақтыбай, №10 дарынды балаларға арналған Қызылорда облыстық Білім-инновация лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Әмина Тынырбай, Шығыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған Білім-инновация лицейінің 11-сынып оқушысы Нұртөре Төреханұлы және Ақтөбе облыстық Білім-инновация лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Диас Сүлейменов. Олардың бәрі еліміздің құрама командасында олимпиадалық резерв арасында ең жоғары рейтиңге ие болған.

Ғалымжан Бақтыбай, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың үш алтын, IBO-2023 олимпиадасының қола медаль, Авиценна атындағы Халықаралық олимпиаданың күміс медаль иегері:

– Теориялық емтихан екі кезеңнен тұрады. Биологияны түсіну, өңдеу және қолдану дағдысын тексерді. Сұрақтар жасуша биологиясы, өсімдіктер, жануарлар анатомиясы мен физиология-сы, этология, генетика, экология және биосистематика тақырыбын қамтыды. Меніңше, теориялық сұрақтар қиын болды. Әрі креатив десем болады. Ал жалпы алғанда олимпиада өте қызықты да тарысты өтті. Жаңа адамдармен танысуға, тіл табысуға үлкен мүмкіндік болды. Биыл мектеп түлегімін. Биологияны 8-сыныптан бері, 13-14  жасымнан оқып, олимпиадаларға қатысып келемін. Болашақта биология ғалымы болғым келеді. 

Нұртөре Төреханұлы, National Brain Bee республикалық олимпиадасының алтын медаль, International Mendel’S Biology Olympiad-2023 олимпиадасының алтын медаль, 2024 жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың алтын медаль иегері:

– Олимпиадаға қатысу менің өмірімдегі керемет сәттердің бірі болды. Биыл олимпиаданың елімізде өткеніне қуаныштымын. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрды. Шыны керек, білім додасына қатысқаныма ризамын. Олимпиада жоғары деңгейде өтті. Сұрақтарды қазақстандық биолог аға-әпкелеріміз құрастырды. Сапалы болды. Бұл олимпиадаға қатысу үшін балалар қаншама жыл тер төгеді. Сондықтан тапсырмалар сол деңгейге сай болды деп ойлаймын. Биология пәнін өзім 7-сыныптан бастап, бес жылдан бері ден қойып оқып келемін. Олимпиада теориялық және 4 практикалық кезеңнен тұрады. Практикалық кезең Назарбаев университетінің базасында өтті. Сұрақтары қиын болды. Биохимия, молекулалық биология, биоинформатика, анатомия және жануарлар физиологиясы салаларына қатысты сұрақтар қойылды. Жеке өзіме молекулалық биология қиындық туғызды. Уақытпен де санасуға тура келді. Алайда жақсы нәтиже көрсеттік. Биыл мен де мектеп түлегімін. Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне түсуді жоспарлап отырмын. Арманым – хирург болу. 

Әмина – 2024 жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың алтын медаль, National Brain Bee республикалық олимпиадасының қола медаль, Авиценна атындағы Халықаралық олимпиаданың күміс медаль иегері. 

Диас – жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың екі мәрте алтын медаль иегері, International Mendel’S Biology Olympiad-2022-де алтын медаль, Авиценна атындағы Халықаралық олимпиадада қола жүлдегер атанған. Ал жетекшілері – биотехнология магистрі, IBO-2007 халықаралық олим-пиадасының қола жүлдегері Бауыржан Смайлов пен Ульсан Ұлттық Ғылым және технологиялар институтының (UNIST, Корея) студенті, биология бойынша халықаралық және республикалық олимпиаданың жеңімпазыЕрнар Батыржанов.

Халықаралық додада еліміздің жаста-рының нәтиже көрсете алуы қуантады. Оларды жеңісімен тағы да құттықтаймыз!

Олжас ПАВЛИК 
Суреттер ҚР Оқу-ағарту министрлігінің телеграмынан алынды

«Ұлан» газеті, №30
23 шілде 2024 жыл

1119 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз