- Безбен
- 31 Шілде, 2024
"Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Президентке есеп берді
Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұровты қабылдады, деп хабарлайды kazgazeta.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Ренат Бектұров орталықтың биылғы бірінші жартыжылдықтағы қызметінің негізгі нәтижелері мен алдағы кезеңге жоспарын таныстырды:
– бүгінде Қаржы орталығы арқылы Қазақстанға 12 миллиард доллардан астам инвестиция тартылған. Бұл 2025 жылға белгіленген мақсатты көрсеткіштен асады;
– АХҚО құрылған сәттен бастап оның қатысушылары бюджетке 115 миллиард теңге салық төледі. Оның 29,8 миллиард теңгесі осы жылдың бірінші жартыжылдығында түскен.
Қаржы орталығына қатысушылар санының артуы мен компаниялар қызметінің жандануы салық түсімдерінің ұлғаюына негізгі себеп болып отырғанын атап өтті:
– 2024 жылдың алғашқы алты айында Орталыққа 500-ден астам компания қосылды. Бұл қатысушылардың жалпы санын 3 мыңға дейін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға айтарлықтай ықпал етті;
– биылғы екінші тоқсанның соңындағы есеп бойынша АХҚО юрисдикциясындағы компаниялар 7600-ден астам жұмыс орнын ашты.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының бизнес-қоғамдастықты қолдауға бағытталған шаралары туралы айтты; маусым айында AIFC Community бастамасы аясында алғашқы іс-шара өткенін хабарлады;
биыл 5-6 қыркүйекте болатын дәстүрлі Astana Finance Days 2024 шарасына дайындық барысын баяндады.
Президент Қаржы орталығын одан әрі дамыту бағытында бірқатар міндет жүктеді. Атап айтқанда, ел экономикасына инвестиция тарту үшін АХҚО инфрақұрылымын белсенді пайдалана отырып, барлық мемлекеттік орган мен қаржы институттарының күш-жігерін біріктіру қажет екенін атап өтті.
967 рет
көрсетілді0
пікір