Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 01 Тамыз, 2024

Өмірдің өзін аударған

Жазушы әйелден не күтеміз? Алаң көңілімізді дөп басып, қоғамдағы келеңсіздіктерді анығырақ, ашығырақ қағазға түсір­генін бе? Дүниедегі бар жақсылықты, атап айтсақ, адалдық, мейірім секілді ізгі қасиеттерді адамзатқа үйретуін бе? Әлде жүрегімізді қажет сөздерге толтырып, жан құмарымызды басқанын ба? Ал аудармашыдан нені қалаймыз? Не болса да, ХХІ ғасырда қаржы мен қат дүниеден шаршаған адамдар жазушы әйелдің қаламына барып тәу ететін секілді. Неге десеңіз, жазушы әйел – қиюы келіспейтін, жанға бататын, ауыр әрі қисынсыз жағдайды нәзік те көркем етіп жеткізеді. Сондайда шешілмейтін түйіннің өзі жазыла кетіп, адамзат құндылықтары оймақтай ойға тізілетіндей. 

 

Сондай қаламгердің бірі Шынар Әбілданың аудармаларына назар аударсақ. Саясат, махаббат, әйел жанының құпия қалтарыстары, аяулы әрі аянышты тағдыры, жалпы, өмірдің өзі суреттеледі. Оның аудармаларын оқып, ләззат алып қана қоймай, ақыл-кеңеске қанық боласың, жігерленесің, шабыттанасың. Өмірдегі қателіктеріміздің басым көпшілігі адам жанына үңіле бермейтін мінезімізден бе деп ойланасың...
Техника, әлеуметтік желілердің қарыштап дамуымен қатар, замандастарымыз сөздік қордан, терең ойдан кенде болып бара жатқандай. Сондай шақта Шынар Әбілданың аудармаларына үңілесің. 
Мәселен, осы бір аудармасына көңіл қояйықшы:
«Ессіздерге мың алғыс. Жалғызіліктілерге. Бүлікшілерге. Әлемді басқаша көретіндерге. Олар ережеге бағынбайды. Қағидаға миығынан күліп қарайды. Олардың айтқаны нақыл сөзге айналады. Олармен үздіксіз дауласуға, мақтауға я қарғауға болады. Алайда көзге ілмей тастау мүмкін емес. Өйткені олар өзгеріс әкелуші. Олар адамзатты алға сүйрейтін күш».
Стив Джобстен аударған 3–4 сөйлем адамға қандай сенім ұялатады десеңізші?! Бұл Стив Джобстің сөз құдіреті ме, әлде оны шебер жеткізген Шынар Әбілданың шеберлігі мен тапқырлығы ма? Аударманы оқып, белгілі бір деңгейде өзіңді жалғызілікті, бүлікшіл әм ессіз сезінгің келеді. Айналаңда сенен өзге тағы қандай бүлікшілер бар екен деп тізіп шығасың... Бұл – бір жігерлендіруден тұратын ғажап сезім! Ал «Бақыт үнемі қарапайым» атты аудармасында «Бақыт деген оның көзіне тік қарау. Одан әрі емес. Қарайсың да көресің» деген жолдарды оқисың, оқисың да тағы да жүрек сұрағының жауабын іздеп әлек боласың. Ішіңде сан мыңдаған сұрақ сайрап жатады. Сансыз сұраққа жауап тапқан сәтте, әрине, бақытсыздығыңмен қоштасасың. 
Шынар Әбілда аудармаларын тәржімалау кезінде қандай беймәлім күйді бастан кешетіні, алпыс екі тамырында бүлкілдеп қандай күй ойнайтыны бізге беймәлім десек те, «Қорқыныш» аудармасын қорқа отырып, оқыдық...
«Қорқыныш – өте қуатты күш. Адам бойында адреналин болып бөлінеді. Ол астралды күйде келешекке енеді. Сәл уақыттан кейін материалданады. Адам қорыққан дүниесімен бетпе-бет келеді. 
Нақты мысал келтірейік. Жануарлардың үрейді сезуі. Ит өзінен қорқатын адамды қабады». 
Үрей себептерінің материалдануын аудармада Шынар Әбілданың 2–3 сөзбен жеткізгені зор құрметке ла­йық деп есептейміз. Аудармашы бұл тақырыпқа бармас бұрын адам бо­йындағы аласұрған сезімдерді тереңінен түсініп, психологияға құлаш сермегенін аңғарамыз. Мұхтар Әуезов «Мен бір кітапты жазу үшін жүз кітап оқыдым» деген екен. Сол секілді Шынар Әбілда бұл аударманы тәржімалау алдында қанша кітапты парақтап шықты екен? Шындығында, жазушыларға қарағанда, аудармашылардың жұмысы екі есе қиын. Аудармашы қоғамдағы мәселелерге ден қояды, көңіл аударады. Сосын, тақырыпқа қатысты көп ізденеді. Аудармашылық та жазушылық секілді шабытты әрі еңбекті қажет етеді. Шабытсыз аударылған шығарма, дәм-татуы жоқ тағам секілді. «Қорқыныш» аудармасының жер сілкініп жатқанда, өмірімізде бір қиын жағдайларға кезіккенде алдымыздан атып шығуына қалай таңданбайсың?! «Қорқынышты» оқып алып, құмарымыз қанады, жанға дәру болар сөз екен деген шешімге келеміз. Тіпті «түнеугүні басымнан осындай жағдай өтіп жатқанда неге оқымадым екен? Оқығанда, бәлкім, осындай шешім қабылдар ма едім» деп те өкінеміз. 
«Қорқынышты» талдадық, ал аудармашының «Мен жоқ болған кезде» деген аудармасын оқып көрдіңіз бе? 27 жасында ауруға шалдығып, пәнимен қоштасқалы жатқан әке баласының әртүрлі сәтіне арнап хат жазып кетеді. «Мен көкке ұшып кеткенде», «Анаңмен ұрсысып қалғанда» деген хаттар... Баласы өмірінің маңызды сәттерінде хаттарды оқып, әкесі өмір-бақи жанында жүргендей ғажап сезімді бастан өткереді. Бұл аударманы оқып отырып та «тамаша идея екен» деген ойға келесің. Кейін басыма осындай жағдай түссе, мен кімге хат жазар едім? Балама жазсам, оған дұрыс ата-ана ретінде көріну үшін қандай ақыл айтқаным жөн деп ойлай бастайсың... 
Шетел жазушысының шығармасына қазақы ұғым-түсінікті сыйғызған аудармашының шеберлігі шығар, сірә! Біздіңше, Шынар Әбілда аудармаларында айналасынан еш сый көрмей, өзіне ауру жамап жүрген, тұрмыстық зорлық көрген, бағаланбаған, құнсыз қалған, бүкіл әлемнің ауыртпалығын көтеріп алған, махаббатсыз күн кешкен әйел образы жан-жақты ашылады. 

Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ

973 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз