Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 02 Тамыз, 2024

Жолақы дауы шешіле ме?

Бағдагүл Балаубай, 

«Ana tili»
 

Қоғамдағы күрделі мәселенің бірі – адамның бірін-бірі түсінісе алмауы, құрметтемеуі, жоқ жерден ерегесе кетуі. Назарбаев көшесінің бойындағы Шевченко аялдамасына жеткенде екі адамның текетіресіп тұрғанын байқадым. Екеуінің де уәжі орынды секілді, әрқайсысы өз сөзін дәлелдеп әлек. Бірі – анасы, бірі баласы жасындағы екеудің ұрыс-жанжалын айналадағы өзгелер қызықтап қарап тұр.

 

Жанжал қоғамдық көлікте басталған екен. Түсінікті болу үшін Onay туралы айта кетейік. Onay картасы – электронды төлемнің бірегей құралы. 2015 жылдың 1 қазанынан бастап Алматы қаласының қоғамдық көліктерінде «Жол ақысын есептеу және төлеу жүйесін автоматтандыру» (ЖЕТЖА) жобасы бойынша іске қосылған. «ЖЕТЖА» қызмет көрсетуді және бақылауды «Алматы қаласының көлік холдингі» ЖШС операторы жүзеге асырады. Қоғамдық көлікте жолаушы жол жүрген ақысын Onay картасы, SMS немесе мобильді қосымша арқылы төлеуге мүмкіндігі бар. Билетсіз жүрген жолаушыны анықтау үшін Onay деген жазуы бар сары желет киген, кеудесіне бақылаушы куәлігін таққан ресми қызметкерлер өздеріне тиесілі аялдамадан автобусқа еніп, жолаушының төлем жасағанын немесе төлем жасамағанын тексеріп жүреді.
Міне, реніш қоғамдық көлікте туындап, ақыры аялдамада жалғасқан екен. 20–22 жастағы жігіт ұялы телефонынан жол жүру ақысын төлейді, бірақ төлем алынбайды. Сол мезетте автобусқа билет тексеруші кіреді. Жолаушы екі телефонынан кезек-кезек бірнеше рет төлем жасағанымен, сол бойы төлемақы жасағанын дәлелдей алмаған. Бақылаушы жолаушының 3 аялдама билетсіз жүргені үшін 102 шақырған (төлем алынғаны жайлы хабарлама автобустан түскен соң келген). Екі тарапты да тыңдап көрдік. 
«Бұл кісі екі нөмірінен төлем жасаған. Бірақ екі нөміріне де төлем жасағаны туралы хабарлама келмеген. Базаны тексеріп, SMS төлемі өтпегенін, сондықтан жолаушы жүргізушіге қолма-қол ақша төлеп билет алуы керегі ескертілді. Оған билетсіз жолаушы келіспеді. «Төлем алынбағандықтан, аялдамадан түсіріп, 102 шақырып, айыппұл салғызамын, келісесіз бе?» деп сұрадым. «Жарайды, келісемін, жүріңіз» деп, аялдамадан бірге түсті. Түскеннен кейін қайта жанжал шығарып тұр. Автобустың бәрінде камера бар, басында «автобусқа енді ғана міндім, қазір төлеймін» деп дауыс көтерді, екі-үш аялдама жанында күттім, бірақ төлегенін растайтын хабарлама келген жоқ. SMS арқылы төлесе, хабарлама 30 секунд ішінде келеді. Меніңше, билетсіз жолаушы ұялы телефон нөмірін балансқа толтырғаннан кейін барып жолақы төледі, аялдамада 102-ні күтіп тұрғанда билет алынғаны жөнінде хабарлама келді. Ресми бақылау­шы ретінде жұмыста жүрген адаммын, жолаушының жолақысын төлеген-төлемегенін тексеруге құқым бар, сондықтан ешқандай артық әрекетке бармай, заң шеңберінде міндетімді орындадым. Өзім де сегіз баланы тәрбиелеп отырған көп балалы анамын», – дейді бақылаушы Әлия (аты-жөнін толық айтудан бас тартты).
«Билетсіз жолаушы» Бағлан (аты-жөнін толық айтудан бас тартты): «Жолақыны күнделікті SMS арқылы төлеймін (бұған дейін төлегенін ұялы телефонынан көрсетті). Бүгін ұялы телефонымдағы ақша бітіп қалған екен, 15 минут бұрын телефонымның балансын толтырдым. Beeline мен Tele2, екі телефоннан кезек-кезек бірнеше мәрте жолақыны төлегеніммен, ақы төлегенімді растайтын хабарлама келмеді. Оны жанымда тұрған бақылаушы да байқады. Соған қарамастан, «Жүріңіз, жүргізушіге барып билет алыңыз, әйтпесе айыппұл төлейсіз» деп елдің көзінше айғайға басып, дөрекілік танытты. Намыстанып кеттім. Намыстанғанымды байқаған автобус­тағы бір жолаушы мен үшін төлегісі келді, бірақ мен оған келіспедім. Себебі жолақыны қолма-қол төлейтін ақшам болмағанымен, картамда ақша бар (Kaspi Gold қосымшасындағы ақшасын көрсетті). Kaspi Gold қосымшасы арқылы автобус жүргізушісінің ұялы телефонына аударым жасасам да болады, бірақ бақылаушының іс-әрекеті шектен шығып кетті», – деді.
Автобус жүргізушісінің ұялы телефонына ақша аудару заңсыз. Бірден: 
– Жүргізушінің телефонына ақша аудару заңсыз емес пе? – деген сауалға екі тарап та үнсіз қалды. 
«Егер жолаушының қалтасында жолақыны қолма-қол төлейтін ақшасы болмаса, 9909 нөміріне телефоннан жіберген төлеміне SMS хабарламасы уақытында келмесе, мұндай жағдайда жолаушы тығырықтан қалай шығады?» деген көкейдегі сауалды бақылаушыға қойып үлгердім.
– Ондай жағдайда жолаушы автобус жүргізушісіне барып, «екі телефоннан да жолақыны төлеп едім, SMS хабарлама келмеді» деп баратын жерін, түсетін аялдамасын айтып, «сол жерге дейін жетіп алсам бола ма?» деп ескертуі керек. Бұл жолаушыдан ондай әрекет, кішіпейілдік байқалмады. Керісінше, «Жолақының төленгенін растайтын SMS-хабарлама келмегеніне мен кінәлі емеспін, шақыратын полицияны, 102-ні шақыра беріңіз» деп өзеуреп тұр. «SMS төлемі өтпесе, бұл жолаушы қала бойынша тегін жүре бере ме, сонда?» деп қарсы ойын айтты. 
Тәртіпке бағынғысы келмесе, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 622-бабының 2-тармағы бойынша екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төленеді...
Жақында Астана қаласында билетсіз жүргендерді анықтайтын жүйе қолға алынғаны, «City Transportation Systems» компаниясы бейнекамера арқылы анықтайтын жүйені сынақтан өткізіп жатқаны бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. «СTS» ЖШС төлем жүйелері департаментінің бас менеджері Ғ.Шәріпбаев «Ақпараттық жүйе барлық ақпаратты нақты уақыт режімінде талдап, көліктік бақылау департаментіне жібереді. Сонда, олар кез келген бағдардағы жол ақысы көп төленбейтін уақыт пен учаскелерді көріп отырады және бақылаушыларды дәл сол жерлерге жібереді. Осылайша, бақылау қызметінің жұмысын да оңтайландыруға мүмкіндік бар. Олар барлық жерде жүрмей, билетсіз жолаушылар көп жүретін аялдамаларды ғана тексереді» дей келе, жоба аясында №24 бағдарда мыңдаған жолаушының билетсіз жүргені анықталғанын, кесірінен автобус парктері шығынға бататынын, «біздің есебіміз бойынша, жол ақысын төлемейтін жолау­шылардан бір жылда 3 миллиард теңгеге жуық ақша түспегенін, ол қаражатқа жаңа автобус пен құрал-жабдық сатып алуға болатынын» атап өтті. 
Ал Алматы қаласында 1–2 күнде қоғамдық көлікте жол жүру ақысы 100 теңгеден 120 теңгеге көтеріледі. Алматы қаласы мәслихат депутаттары алдында сөйлеген сөзінде Қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев жаңа тариф енгізе отырып, жол ақысын қолма-қол ақшамен төлеуді алып тастаудың жоспарланып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл шара тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, себебі автобус жүргізушісі ақша жинауға алаңдамай көлік құралын басқарады. Сонымен қатар ол тарифтің көтерілуі бірінші кезекте қоғамдық көлікке техникалық қызмет көрсетудің жеделдігі мен сапасына, жүргізушілерді қосымша ынталандыруға және жаңа автобустар сатып алуға оң әсер ететінін атап өтті.
«Алматыда 23 тасымалдаушы жұмыс істейді, оның ішінде 22 жеке және 1 коммуналдық автобус паркі бар. Күн сайын шамамен 2468 автобус жүреді. Қоғамдық көлікпен күнделікті жол жүру саны күніне 1,5 миллион адамнан асады. Жолаушы санының өсуімен қала тасымалдаушыларына қойылатын талап да артып жатыр. Мемлекет басшысының қоғамдық көлікті экологияландыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Алматы қаласының әкімдігі 2023 жылы 600 жаңа газ отынымен жүретін автобус және 100 троллейбус сатып алды. Ағымдағы жылы қосымша 600 газ отынымен жүретін автобус, 112 троллейбус және 100 электробус сатып алуды жоспарлаған. Сондай-ақ жеке тасымалдаушылар 2023 жылы 550 автобус сатып алды, 2024 жылы 400-ге жуық жаңа газ отынымен жүретін автобус пен 15 электробус сатып алуды жоспарлап отыр. Қабылданған шаралар экология­лық көліктің үлесін 2023 жылы 53%-ға және 2024 жылы 70%-ға арттыруға мүмкіндік берді. Автобусты орташа қолдану мерзімі 3 жыл.
Алматы қаласының әкімдігі мен жеке тасымалдаушылар жылжымалы құрамды үнемі жаңартып отыру үшін қала тұрғындарының талаптарына сай келетін заманауи көлік құралдарына, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған автопаркті сапалы күтіп-ұстауға орасан зор қаражат бөлуге мәжбүр. Бұл ретте, жыл сайын автобус­тарға, олардың қосалқы бөлшектеріне және өзге де шұғыл шығыстарға қатысты баға өсіп жатыр. 2023 жылғы тамызда жол жүру тарифі 11 жылда алғаш рет қолма-қол ақшасыз әдіспен төленген кезде 100 теңгеге (+25%) және қолма-қол ақшамен төлеген кезде 200 теңгеге (+33%) дейін көтерілгеніне қарамастан, жол ақысын төлеуден түсетін күнделікті түсімдер тасымалдаушылардың барлық шығынын жаппайды (автобустарды жөндеу, қосалқы бөлшектерді сатып алу және шығыс материалдарын өтемейді). Қосалқы бөлшектерді уақытылы жөндеу және сатып алу мүмкіндігінің жетіспеу­шілігі, жолаушылар тасымалының сапасына және бағыттардың жүйелілігіне кері әсер етеді. Бұл қала тұрғындары арасында шағым туғызады» дей келе, Алматы қаласы мәслихатының «Қалалық қатынастарда жолаушылар мен жүкті автомобильмен тұрақты тасымалдаудың бірыңғай тарифін келісу туралы» шешімінің жобасы енгізілгенін, жоба жол жүру тарифінің құнын 120 теңгеге арттыруды қарастырғанын, қабылданған шаралар күнделікті операциялық шығындардың бір бөлігін уақытылы жабуға, бағыттардағы жүйелілікті арттыруға, сондай-ақ қала тұрғындарын сапалы, қауіпсіз және жайлы қоғамдық көлік қызметтерімен қамтамасыз етуге оң әсер ететінін» сөз етіп, баяндамасында кеңінен тоқталған еді. VIII сайланған Алматы мәслихатының кезектен тыс XXI сессиясы барысында депутаттар қаланың қоғамдық көлігінде жол жүрудің 120 теңгелік жаңа тарифін мақұлдады. 
Ал тұрғындардың көпшілігі жолақының қымбаттауына наразы екенін білдірді. Солардың бірі – Алматы қаласының тұрғыны Гүлзия Тәжібаева жол жүру ақысын көтеру дұрыс емес деп есептейді. Оның айтуынша, бұл қарапайым халықтың қалтасына салмақ салады. «Қазір күнкөріс онсыз да қиын. Нан, азық-түлік бәрі қымбаттап жатыр. Азық-түлікті шетелден әкеледі, сондықтан қымбаттап жатыр делік. Ал жолақының 120 теңгеге көтерілгеніне мен келіспеймін. Былтыр ғана 80 теңгеге 20 теңге қосылды. Биыл тағы 20 теңге қосылғаны мүлде дұрыс емес, ең құрығанда араға 2–3 жыл салып қосса түсінуге болады. Бір қарағанда, 20 теңге көп те емес, бірақ қоғамдық көлікке қаншама халық отырады, жиырма теңгеден біраз ақша жиналады. Сондықтан нанын әрең тауып жүрген қара халықтың қалтасына қол сұққанды қою керек», – деді Гүлзия Тәжібаева. 

 

1023 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз