- Таным
- 06 Тамыз, 2024
Айтыскер ақынның ғалымхаты
Кез келген ғылыми еңбектің зерттеу нысаны болады, көркем шығарманы лингвистикалық тұрғыдан зерттегенде лингвистикалық поэтиканың негізгі зерттеу нысаны автор – шығармашылық иесі. Лингвопоэтика көркем туындының тілдік сипатын оқырманға танытуға арналады, оны сала зерттеушілері квазинысан деп атайды. Неге квазинысан? Себебі толық зерттеп шегіне жету мүмкіндігі аз. Өйткені жазу өнерінің өзі, тіпті кез келген шығармашылық ізденіс үздіксіздік, тынымсыздық, ізденуден құралады да, осылардың тоғысынан нәтиже пайда болады. Шығарма мәтіні тоқырамайды, жетіле береді, ал қозғалыстағы кез келген құбылысты зерттеп біттім деудің өзі қателік, сондықтан лингвистикалық зерттеулерде көркем шығарманы толық зерттеп біттім деу жаңсақтық, соған орай көркем туынды квазинысанға жатқызылады.
Бірақ зерттеуші өзгерістер енгізілген, автор дамытып отыратын көркем дүниеден квазинысанның кейбір жекелеген сипатын, ерекшелігін даралап көрсете алады. Сезініп, танып отырған үзінділерден, мәтін бөлімдерінен тұлғаның яки жеке адамның санасымен, ойымен толысып, жетілген белгілі бір көріністі бөліп алып зерделейді. Неге жеке, неге дара? Себебі өнер атаулының бәрі – жеке әрі толымды тұлғамен біте қайнасып жатыр және жеке субъектінің, көбінесе тұлғаның ақиқат дүниеге деген көзқарасынан туындайтын шығармашылық нәтиже. Бірақ формасы квазинысанды.
Ал ақын атаулы үшін кез келген өлең мәтіні оның эмоциясын, асқақ үнін, тұнық ойын, өмірге деген уәжді көзқарасын жеткізудің, қиялын өрістетудің полигоны деуге болады. Осыған орай зерттеуші екі бағытта зерттеу жүргізе алады:
1. Шығармашылық тұлғаның нақты бір ақиқат мәселеге байланысты көзқарасын, түсінігін бірден анықтау немесе біртіндеп, сатылап анықтау;
2. Нақты бір шығармашылық тұлғаның интеллектуалды әлемін қалыптастырушы әртүрлі факторларды тілмен (тіл әлемімен) ұштастыру, сол үшін тұлға өмір сүрген кезеңді тұтастай алып, ауқымды зерттеу жүргізу. Соңғы бағыт прецедентті мәтіндерді зерттеуде қолайлы. Осы екі бағыт та толыққанды кешенді еңбек арқылы жүзеге асады. Бірақ кейбір жекелеген мәселені сатылай талдап анықтауға, әртүрлі факторларды тілдік жағынан зерттеуге болады.
Автор немесе шығарма кейіпкері кез келген құбылыс туралы емес, ерекше құбылысты даралай келе, өз ойын, пікірін білдіргенде өзгелерге ұқсамайтын, ой айтуы, пікір түюі мүмкін, мұны оқырман да, зерттеуші де аңғарып отырады.
Автор өзі нысанға алған құбылыс туралы мендік ойын білдіреді, сипаттайды, суреттейді, нәтижесінде белгілі бір категория туады (оны зерттеуші ғылыми тұрғыдан актуалдандырады). Осы мен-нің астарында мен және кейіпкер жатады. Айталық, белгілі айтыскер ақын, филология ғылымының кандидаты Мэлс Қосымбаевтың ақындық мені – поэтикалық категория. Мені арқылы М.Қосымбаев ақын ретінде өзіндік поэтикалық құрылым жасай алды ма, алмады ма, міне, осы бағытта қандай айрықша тілдік құралдарды керегіне жарата алды, нәтижесінде мен мен кейіпкер бейнесі тоғысты ма – бәрі де зерттеуші үшін маңызды. Ақындық мен дейтін поэтикалық категория эстетикалық тұтастық деп танылатын сөзді (мәтінді) дүниеге әкеледі.
Міне, менің алдымда белгілі айтыскер ақын Мэлс Қосымбаевтың екі бірдей кітабы жатыр. Бірінің атауы «Қасқырдың арғы тегі – Қазақ шығар» (Айдынды арнау, толқынды толғау) деген тақырыпасты қосымша хабарламасы бар (Нұр-Сұлтан, 2022. 192 б.). Ол тақырыппен тайталасып тұрған әрі баға берілген, әрі кітаптың қандай тақырыпқа арналғанынан хабардар етіп тұрған бейнелі қолданыстар. Екінші кітап «Адыраспан» деп аталады (Орал, «Ағартушы» баспасы, 2009. 214 б.).
Екі кітаптың арасында 13 жыл зымырап өткен екен. Алдымен, әрине, «Адыраспандағы» өлеңдердің тақырыптарына үңілдім. Жалпы, тақырып қойылмаған бұл бөлім 78 өлеңнен құралған. Келесі бөлімдер «Арнаулар», «Толғаулар» деп аталады. Назарымыз алғашқы бөлімге ауды. Себебін жоғарыда айтып өттік.
Ақын атаулы өз портретін (менін) салуға бейім тұрады. «Адыраспан» жинағында ақын кейбір тұстарда діттеген ойына жетуді көздеп, кейде өзі де байқамай қалып, өз портретін салған. Өлеңдерінде мақсатты түрде өзінің кім екенін, өз іс-әрекетінің иесі өзі екенін білдіру үшін жазған жолдарымен портретін, поэтикалық мен-ін толықтыра түскен. Бірақ мына жайтты ескеру керек. Өлеңдегі автопортрет жазба ақындардан гөрі айтыскер ақындарда керемет дамыған. Ол айтыс өнерімен, оның ерекшелігімен байланысып жатыр. Өз портретін қарсыласынан биіктетіп, асқақтатып сипаттау – айтыс дәстүріне тән. Өзін жоғары бағалау қарсыласының мысын басу үшін қолданылатын қаруы, «сөзқаруы». Былайша айтқанда, қылышы да, найзасы да, беліне байлаған шоқпары да сол. М.Қосымбаевтың «Адыраспан» жинағында айтыскерліктің осы ерекше сипатының оның жазба өлеңдеріне қатты әсер еткені байқалады.
Аталған кітаптың өн бойынан Мэлстің автопортретіне қатысты штрихтарды жинастырғанда, көзге ілінгендері мына жолдар болды: Сағыныштан жырын жұлдызға ілетін; қара жер де тісін маған қайрасын, Қасқиғанда иілмейді Ай басым; Арақтан аппақ арым бар; ақынмын алақанда ай ұстаған; Менің аспанға кеткім кеп жүр, Домбыраның шанағында тербелдім, ...Елестеп бір кету үшін келгенмін; Менің тіпті ақын болғым келмей жүр; Сөз құйылып жатқандай-ақ төбемнен; Ақын едім ақылы – нұр, ары – гүл; Елес болып ерте келген көктеммін; Ақынға дос керек емес; Мен ақынмын өлеңді кері сүрген; Мен аспанға ғашық болған ақынмын; Ақын болсаң, күліп туып, жылап кет; Теңіз едім терең ойлап теңселген; Мен құсаған салдыр салақ ақынға; Саумын бірақ жынданам; Өлімнен де қорықпаймын мен кейде, Ал өлеңнен қорқамын; Елестеп бір кету үшін келгенмін т.б.
Яғни «Адыраспандағы» лирикалық кейіпкер автор-ақын өзін: ары таза; ақылды; эмоцияның адамы (алақанында ай ұстайды, домбыраның шанағында тербеледі); мифтік бейне сияқты (өзін жер бетінің адамы емес аспан әлемінен келгендей сезінеді; аспанға кеткісі келеді, елес болып кету үшін келген); ғашық (аспанға ғашық); ойлы (теңіздей терең ойлайды); шешен (төбесінен сөз құйылатын); ақын (бірақ салдыр салақ, кейде ақын болғысы келмейді, күліп туып, жылап кетеді); қорқынышы (өлеңнен қорқады, өлімнен қорықпайды); тәкаппар (Қасқиғанда иілмейді Ай басым) т.б. қасиеттері бар кейіпкер ретінде суреттейді.
«Адыраспандағы» «Айманға жауап немесе ақындық намысты қорғау» деп аталатын өлеңі – айтыскерлік пен жазба ақындықтың ұштасқан тұсынан туған жыр жолдары. Осы қасиет жинақтағы Мэлс өлеңдерінің көбіне тән.
М.Қосымбаев үшін аталған өлең – мәтін-код. Мәтін атаулының тілдік тұрғыдан негізгі екі функциясы бар. Оның біріншісі – мағынаны барынша нақты, адекватты жеткізу, ал екінші қызметі – жаңа мағына тудыру, жаңа мәні бар сөздерді, қолданыстарды өмірге әкелу. Меніңше, ақын-жазушы атаулының бәрі де жаңа мағына тудыруға тырысу барысында окказионалдармен сөйлейді, осылар арқылы өзгелерден ерекшеленеді. Мағынасы ескірген, көмескіленген сөздерді тірілтеді, тірілткенде ол сөздер жаңа мәнге ие болуы да мүмкін, мағыналық реңк алуы да ғажап емес. Ақын мен жазушыларды оқырман сол үшін оқиды, сөз құбылта білуіне қарай, мағынасын құлпыртуына қарай бағалайды. Шығармашылық иелері оқырман бағасы үшін шығармашылықпен айналысады және, ең бастысы, іштегі сезімді, айтайын деген шындығын жарыққа шығарады.
Неге мәтін-код, себебі осы өлеңде тарихи сабақтастық, қазақы таным бар. Таным – көбінесе жыраулармен үндесіп жатқан таным. Жыраулық пен жырауларды ұлттық құндылықтар деп білсек, ұлттық құндылықты бүгінгі күнмен байланыстырып сөйлетіп жүрген бірен-саран ақындардың бірі – М.Қосымбаев. Дәлелсіз сөйлемес үшін осы бөлімдегі ерекшелеу, ескілердің ізімен жазылған өлең жолдарын келтіріп көруге болады. Ол – 71-беттегі
«Қылығы қырсық қыран-жыр,
Қия шыңның басынан
Қанатыңды қақпай кел,
Бекетім, саған сиындым,
Батаңды беріп, баптай бер», – деп басталатын өлең.
Қыран-жыр ғана емес, пір Бекет, Бекеттің батасы – тарихи тұлғаның бейнесін көз алдымызға әкелсе, бата беру – ұлттық дәстүрдің белгісі. Бірақ көз алдымызға бата беріп отырған ақсақал емес, қанатын қақпай суылдай төніп келе жатқан қыран бүркіт-жыр келеді. Суылдай төнген қыран-жыр ілместі ілдіртеді. Осы жолдарда тұлпар-шалдар, алмауыттай жыр, шат құдай, ақсұңқар-жыр сынды метафоралар бар. Қазіргі заманауи зерттеулерде метафораның көркемдеуіш элементтен гөрі менталды құбылыс екені, логикалық-философиялық, когнитивті-психологиялық аспектісінің басым екені айтылады. Жоғарыда келтірілген мысалдар – соның тура айғағы. «Метафора әдеби шығармашылық қиялдың бірден-бір құралы болудан қалды; бұл құнды танымдық құралға айналды, өйткені онсыз сіз бен біз де, ақындар да, қарапайым адамдар да өмір сүре алмайтын болдық», – дейді ғалымдар. Ойланып байқасаңыз, шындығында солай емес пе?
Өлеңнің екінші бөлімі ұйқас қуудан гөрі мағынаға салмақ жіберген, құр рифма қуып кетпей, айтыс өлеңдеріндегідей жолдардың буын сандарын өзгертпей айтатын сарын емес, буын сандарына өзгеріс кірген жазба үлгі:
«Атырау-көңіл асып та
жатыр кемерден,
Ақының мынау ақпа
сезімге бөленген.
Қара көздерді қарықтырармын
қаратпай,
Көгілдір оттай өлеңмен» (17-б.).
Осы өлеңдегі ақынның шығармашылық қиялынан туындаған метафоралар, Мэлске тән метафоралар бар: Атырау-көңіл, ақпа сезім, қырғи-шабыт, қара көздерді қарықтыру, көгілдір оттай өлең, қызғалдақ болып қадалу, көктем-жігіт т.б.
Өлең жолдарында баптай гөр, аттай гөр, таптай бер сынды жолдардың соңғы сөздерінің ұйқасынан бөлек, сәтті қайталамалар кездеседі. Айталық, бас сөзінің қайталануы: Алатаудың ақ басын, Қаратаулардың қақ басын, Маңғыстауымның нақ басын немесе -мас, -мес арқылы ұйқас құру грамматикалық қайталау үлгісі болса, сол грамматикалық қайталаулар мәтінді тұтастандыратын қызметті өте жақсы атқарып тұрғаны байқалады:
«Ілгері шапса – ірмелмес,
Арғымақ аттай болғанмен,
Тағасыз, сірә, күн көрмес» т.б.
Осы өлеңдердегі қара маңдай қарғалар, Екі айналып бір келмес; Сөйлеуге тілім күрмелмес т.б. қолданыстар жыраулық дәстүрді, ескінің көзін тірілтіп отырған, көненің көзі, өткеннің жалғасы деуге болады. Ал ірмелмес сөзінің мағынасы көмескі.
Ең басты ерекшелігі фольклорлық тұрмыс салт-жырларының үлгісіндегі:
«Көшетін болсаң, көп қырсық,
Піріме тиме, пілмен көш.
Дініме тиме, жынмен көш,
Күніме тиме, күлмен көш
...Түйеге мініп, түнмен көш...
Көш...Көш... Көш...»
Бәлкім, осы көш-пен жолдары бар мәтінді интермәтін құбылысына жатқызуға болар? Интермәтіннің бір аспектісі лингвомәдени бірліктерді жаңа мәтін ішінде жүйелі оймен туыстырып, мәтін мен кодтың өзара кірігуі ретінде қарастыруға байланысты. Ал төрт шумақтан тұратын өлең жолдарының соңғы жолының буын саны аз. Өлең құрылымы өзгерген, өзгерткен жазба мәтін талабы.
Тұжырымдай келгенде, ұлы тұлға Ә.Кекілбаевтың ақпа көңілімен, философиялық ой, көркем сөз, логиканың ағыл да тегіл жосылып жатқан жолдарынан құралған алғы сөзімен жарыққа шыққан «Адыраспан» жинағы – Мэлс Қосымбаевтың сәтті туындысы. Туындының ерекшелігі:
а) ақын оқырманына автор-лирикалық кейіпкер портретін салып берген;
ә) жазба өлеңдер болғанымен, айтыстың ықпалы басым;
б) жыр мен өлең туралы толғаныстары көп;
в) жыраулық мектеп үлгісі анық байқалатын;
г) лирикадан гөрі экспрессия басым, адуынды, екпінді өлеңдерден құралған жинақ.
«Қасқырдың арғы тегі – Қазақ шығар» (Нұр-Сұлтан, 2022. 192 б.) жинағы ақын М.Қосымбаевтың «Дүние тұрғанша тұр, Қазақстан» дастанынан басталады. Эпикалық сарынмен жазылған дастан – түріктер тарихын жырлаған шығарма. Жинақтың алғашқы бетінен-ақ қырғыздардың «Манасы» (манасшысы) елестейді, Мэлстің өз өлкесіндегі «Қырымның қырық батырын» жырлаған қайран да қайран жыраулар тіріліп келіп, алқалай отырып, ақыннан тарихты жырлауды сұрап отырғандай көрінеді, осындай күй кешеді адам. Біздің пайымымызда М.Қосымбаев – бір дастан көлемінде қазақ тарихын көне сөздермен толық сөйлеткен ақын. Ең негізгісі, ақын сол тарихты кешегі күннің тілімен сөйлетеді. Өте нанымды, көкірекке қонымды. Жүздеген көне сөз тізіліп қолданысқа түсірілген. Шығармашылық иесі тілді сақтаушы, қорғаушы, жандандырушы адам деген сөз шын мәнінде осындайда байқалады.
Аталған шығарма ХХІ ғасырда өмір сүріп отырған, шығармашылығы осы ғасырға тиесілі ақынның сөздік қорын көрсетіп қана қоймайды, осы сөздерді жандандыруға шақырады. Қазіргі қазақ тілінде калькаланған сөздердің дәурені жүріп тұрған шақта кез келген шығармашылықпен айналысатын адамға үлгі ретінде ұсынуға болатын бай сөздік қордың барын дәлелдеп тұрған шығарма. Бүгінгі күнді тарихпен жалғастырудың үлгісі. Баз біреулер халыққа жаппай түсінікті сөздерді ғана жұмсауды алға тартар. Бірақ осы сөздердің тілдің жауһарлары екенін, көненің ізі екенін өлеңде, поэзияда тайсалмай келтіру – оңайлықпен орындалатын шаруа емес, қайсарлық пен білімділікті ұштастырудың нәтижесі. Баз біреулер осы сөздерді архаизмдер деп, ғылыми стильде ғана қолдануды дұрыс санайтыны да күмәнсіз. Бірақ, ойланайық, олар ескі қазақ жазба тілінің элементтері, жыраулық шаблондардың үлгісі, ескі қайталаулар. Оларды пайдаланудың өзі – дәстүрді сыйлау, ескілердің сөзін өзгеріссіз айту арқылы оларға деген шексіз сүйіспеншілікті, сый-құрметті көрсету, сонымен бірге қазақ жадының айрықша екенін, қазаққа тән феноменділіктің белгісін жария ету, дәлелдеу.
Біздің білетініміз, тарихи сөздер сол тарих қойнауында қалды, оларға историзмдер, архаизмдер деп қана қарау еді. Оларды бүгігі күннің қажетіне жарату туралы көп ойланып, бас қатырудың керегі шамалы деген түсінік еді. Осындай сөздерді бүгінгі күннің керегіне жарату үлгілері тарихи романдарда болатын-ды, бірақ сол романдарда да әр жол сайын көне сөздер қолданылған деп айта алмаймыз. Ал мына дастанның әр жолында көне элементтер тірілген, қаздай тізіліп, жол соңында келіп мәтін ұйқасын жасайды, тіпті мәтінішілік ұйқастарды да үйлестіреді. Ақынның тарихты білетінін көрсетеді, бірақ тарихты білетіндер бүгінгі тілмен итерпретация жасайтыны белгілі. Ондай интерпретацияны шығарма иесі әр беттің соңындағы сөздікте түсінігімен бірге беріп отырған.
М.Қосымбаевтың әр жол сайын сол кездің сөздерін қолдануының ендігі бір себебі Маңғыстау өлкесінің тілі ерекше немесе «ескі элементтер көп сақталған «тірі» тілі» бар өлке екенін дәлелдейді. Халқының дені, әсіресе көне көздері солай сөйлейтін өлке жастарды да қастерлеуге үйреткені аңғарылады. Расында да, жырауларды пір тұтқан, әулиелерін асқақтатқан Маңғыстаудың тілдік ерекшелігін тану үшін дәлелді алыстан іздеудің қажеті аз екені көрініп тұр.
Аталған жинақта ғылыми еңбектерде жиі талданатын, этимологиясы біршама сөз болатын ескіліктерден бөлек, біздер «бөтенсініп» қарайтын қаншама сөз бар (әр өлеңнен жинақталған): зәнжір, жоян, оман, жона, сораң, байдалы, оңыш, науғы, озағандан, айқала, саржа, тағы, қағай, тасқалақ, тараң, жабан, оршу, сарамжал, сәйкі, кұрлат, аршылан, салуалы, тағайын, жабай сөздерін жекелеп атауға болады. Кейбіріне тоқталып өткенде: аршылан (көне) – арыстан (18-б.), тағайын – анық, ақиқат, рас (19-б.); салуалы – салауатты (19-б.); жабай – қорғасын құйылмаған салмақты асық, кеней (20-б.); қағай – жат, бөтен, бөгде; тараң – қытымыр, сараң, тар (13-б.);
ежеттес (көне) – пікірлес, сырлас (11-б.); сарамжал – ұқыпты, бесаспап, шебер (14-б.); көрлат – тәрбиесіз, тексіз (17-б.); оман (кәсіби) – үлкен, кең (24-б.); сораң ІІІ – биік шың, сорайған биік, құз (25-б.); оңыш (жерг.) – сыйысу, бірігу, үйлесу (33-б.); науғы – арғы тек, тұқым (33-б.) т.б. атауға болады.
Ұзын саны 741-ге жетіп жығылған көне, жергілікті (кемсалиха (жерг.) – есалаң, есірік (83-б.); оңыш (жерг.) – сыйысу, бірігу, үйлесу (33-б.), кәсіби атаулар берілген. Егер осы тізбені жеке кітап етіп шығарса, түсінігі мен белгіленімі көрсетілген жақсы сөздік шығатыны сөзсіз. Олардың ішінде жер-су атаулары, лауазым атаулары (айтман (көне) – айтқыш, ділмар (76-б.), жалқы есімдер (Есен-Қазақ – әпсанадағы ежелгі қазақ (70-б.) т.б. бар, кейбір грамматикалық тұлғалар да (салқала (көне) – айқын көріну, қалқу (65-б.); бестемде – шашты беске бөліп өрімдеу (73-б.) түсініктерімен келтірілген.
Қорыта айтқанда, өзіндік үні, мақамы бар, айтыс дүниесінде мәртебесі биік саналатын Құрмет орденінің иегері; Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мэлс Қосымбаев жазба өлеңнің шебері екенін, айтыс элементтерін жазба өлеңдеріне шебер үйлестіріп, кіріктіріп, жауһар жырларды жазатынын жинақтарымен көрсете алған. Ең бастысы, оның көне сөздерді қазіргі күннің «қолдан түспейтін» сөздеріндей поэзияда жұмсауы, мәтін құруда, ұйқасты үйлестіруде пайдалануы, сонымен қатар ондай сөздердің мағынасын ашып түсіндіруі – ақын-ғалымның ғалымхаты деу керек.
Бағдан МОМЫНОВА,
филология ғылымының докторы, профессор
684 рет
көрсетілді0
пікір