Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 08 Тамыз, 2024

«Димаштөбе» музейге айналмақ

Атырау облысында мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев аялдаған жерде ашық аспан астындағы музей ашылады. 
Индер ауданында «Димаштөбе» деген дөңес бар. Аудан орталығы – Индербор кентінен шығысқа қарай 8 шақырым қашықтықта орналасқан. Ертеректегі атауы «Оңдасын жалы» болған. 1978 жылы Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, сол кездегі бірінші хатшы Дінмұхамед Қонаев дәл осы дөңнің үстінде жергілікті жұртшылықпен кездесіпті. Сол кезде Индер ауданының аумағындағы қазба байлықтың мол қоры қойылған дала музейі ұйымдастырылыпты. Содан бері индерлік тұрғындар бұл дөңді «Димаштөбе» деп атайды екен.
«Өңір басшысы Серік Шәпкеновтің ұсынысымен осы тарихи орынды қайта жаңғыртып, ашық аспан астындағы музейге айналдыруды көздедік. Сол себепті бұл орынды өңірлік туристік картаға енгізу мақсатында жаңа жоба жасалды. Жобаға сәйкес, ашық аспан астындағы музейге кірер тұстағы маңдайшаға «Димаштөбе» атауы жазылады», – дейді Индер ауданы әкімі Дарын Шамұратов.
Әкімнің айтуынша, музей маңдайшасының сол жақ бағанына сол кезде түсірілген тарихи фотоның көшірмесі қойылады. Ал оң жақтағы бағанда музей жөнінде ақпарат беріледі. Ашық аспан астындағы жаңа музейдің аумағына Дендер күмбезіндегі қазба байлықтың түрлері, оның ішінде минерал тастар мен рудалар салынған бірнеше жәшік қойылады. Жәшікті тастан жасау көзделген. Сондай-ақ екі үлкен күмбезді композиция орнатылады.

542 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз