- Құмсағат
- 09 Тамыз, 2024
Саламатты өмір салты – спортшының серті
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ,
«Ana tili»
Қазақстанда спортпен айналысуды дәстүрге айналдырған отбасы аз емес. Біздің кейіпкер – Насыровтар отбасы. Көпбалалы отбасының үш буыны спорт саласында қызмет етіп жүр. Әулеттің әжесі Роза Насырқызы – 55 жыл бойы дене шынықтыру және спорт пәнінің оқытушысы. Оның бұл саладағы еңбегі орасан зор. Жастарға спортты сүюді, дене тәрбиесі арқылы шымыр болуды үйретеді. Саламатты өмір салтын ұстану – тән саулығы үшін ғана емес, жан саулығы үшін де маңызды деп есептейді.
Роза Насырқызының ұлы Тимур Ноғайұлы №20 жалпы білім беретін орта мектепте дене шынықтыру пәнінің оқытушысы ретінде 35 жыл еңбек етеді. Оның бұл жолда жүріп өткен жолы талай жас спортшыға үлгі боларлық. Тимур Ноғайұлы бұқаралық спорт дене шынықтыру сабағынан басталатынын жақсы түсініп, оқушылардың осы пәнге деген сүйіспеншілігін арттырып келеді.
Тимур Ноғайұлының қызы Ақжан Тимурқызы да әке жолын жалғап, №20 жалпы білім беретін орта мектепте 10 жылдан бері дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Ұрпақтар сабақтастығын жалғаған Ақжан Тимурқызы дене тәрбиесі – денсаулығы мықты ұрпақтың ғана емес, тұтас ұлттың қалыптасуында үлкен рөл атқарады деп сенеді және осы жолда аянбай еңбек етіп жүр.
Әулеттің тағы бір өкілі Ислам Тимурұлы Спорт және туризм академиясын тамамдап, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі дипломын алған. Ислам Тимурұлы да саламатты өмір салты – спортшының серті деп түсініп, бала осы салаға мектеп қабырғасынан ден қоюы керек деп есептейді.
Сонымен, тұтас әулеттің еңбек өтілін қоса есептесек, бұл отбасы спорт саласында жүз жыл бойы еңбек еткен болып шықпақшы.
«Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз», – деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді бағдарлама қабылдау керегін айтқан еді. Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында «Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020–2025 жылдарға арналған кешенді жоспар» әзірленіп, ол Үкіметтің қаулысымен бекітілгені мәлім. Кешенді бағдарлама жұмысы кезең-кезеңімен жүзеге асырыла жатар, ал оны іске асыратын мамандар десек, ұрпаққа жалғасқан дене шынықтыру пәні ұстаздарының төккен терін де көпшілік біле жүргені дұрыс қой.
Біздің кейіпкерлердің мықты маман екенінің дәлелі ретінде бірнеше аспектіні келтіруге болады. Біріншіден, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан тәжірибенің көрінісі. Роза Насырқызы, Тимур Ноғайұлы, Ақжан Тимурқызы және Ислам Тимурұлы сияқты үш буын дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде жас буынды спортқа баулыды және өздері де спортпен айналысып, әрқайсысы өз саласында үлкен тәжірибе жинақтаған маманға айналып отыр. Айтқандай, спорт саласындағы нәтижерлерге келетін болсақ, бұл отбасы әулеті – үстел теннисінен, көпсайыстан чемпион, бұған қоса теннистен спорт шеберлері, алғыс хаттар мен медальдардың иегері.
Ұрпақтар сабақтастығы осы отбасының кәсіби деңгейін көрсетеді. Екіншіден, оқушылар мен спортшыларды дайындауда бұл отбасының атқарған еңбегі зор. Роза Насырқызы тәжірибесімен және білімімен мектеп оқушыларын спорттық жарыстарға дайындап, көптеген спортшыны тәрбиелеген. Оның жетекшілігімен оқушылар түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен. Роза Насырқызы зейнет жасында да дене шынықтыру пәнінен сабақ беруін жалғастыруы және өзінің әрқашан қалыпты формада ұстауға ұмтылуы – жастар үшін тамаша үлгі. Оның бұл ұстанымы оқушылар арасында спортқа деген қызығушылықты арттырады.
Роза Насырқызы мектеп стадионындағы жарыстарға жалғыз бармайды, әрдайым оқушыларын жарыстарға ертіп жүреді. Оның отбасы мүшелері де спорт жарыстарына белсенді қатысады: ұлы – еркін күрестен спорт шебері, немерелері үлкен теннис пен каратэ секілді түрлі спорт түрлерімен шұғылданады. Роза Насырқызы немерелерінің спортпен шұғылдануын қадағалап, оларға спорттық тәрбиенің үлгі-өнегесін көрсетіп келеді.
Спортпен шұғылдану, саламатты өмір салтын ұстану – бұл отбасы мүшелеріне өмірлік қағида іспетті. Олар спорттың адамның өміріне тигізетін оң әсерін ерекше бағалайды және осы әсерді келер ұрпаққа жеткізуге тырысады.
Париж олимпиадасы сияқты еліміздің көк байрағын желбіретер халықаралық додалар өтіп жатқан тұста спортқа деген сүйіспеншілігі ерек отбасылардың өмірлік ұстанымы мен ұстаздық жолы бұқаралық спортты дамытудың жарқын мысалы бола бермек деп ойлаймыз.
295 рет
көрсетілді0
пікір