- Таным
- 10 Тамыз, 2024
Қылқаламмен жазылған естелік
Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік өнер музейінде суретші Ахмет Ахаттың «Жүрегімдегі естелік» атты жеке көрмесі ашылды.
Ахмет Ахаттың жеке көрмелері Ресей, Түркия, Италия, АҚШ, Қытайда сәтті өткен еді. Суретші кескіндеме, графика, қыш, гобелен, фото-өнер, бейне-өнер, инсталляция салаларында жұмыс істейді.
«Жүрегімдегі естелік» көрмесі
Ахмет Ахаттың 1980 жылдардан бастап қазіргі уақытқа дейін салынған жүзге жуық шығармасын ұсынады. Экспозицияға «Жер және Ғалам», «Ғалымдар», «Темекі өсірушілер», «Агрессия» сияқты алғашқы графикалық сериялар кіреді. Шығыстың эпикалық ертегілері, өлеңдері, батырлық эпосы және ұйғыр халқының тарихы бойынша орындалған жұмыстар өте қызғылықты. Ахмет Ахаттың графикасы суретшінің литография, офорт, монопринт және линогравюра саласындағы жоғары техникалық деңгейін көрсетеді. Экспозицияның едәуір бөлігін шебердің көркем туындылары алып отыр. Ахмет Ахат ежелгі шығыс қалаларының ерекше атмосферасын жеткізуге, түрік халықтарының бай тарихын, дәстүрлері мен тұрмысын бейнелеуге ұмтылады. Құпиясымен тартымды Тамғалы тастарының суреттерін, Тұрфанның буддистік үңгірлерін суретші түрлі түсті ертегілер мен аллегориялар түрінде, символдық және метафорикалық бейнелер арқылы бейнелейді. Автор құрылымы жағынан біртұтас, формасы жағынан үйлесімді, мазмұны жағынан ерекше суретші әлемінің картинасын жасаған.
Көрмеге қойылған «Хотан құпиясы», «Мифологиялық мән», «Әлем және шындық», «Өткеннің күзетінде» тағы басқа жаңа туындыларының атауы суретші ниетінің күрделілігін, жалпы оның шығармашылығының философиялық табиғатын айғақтайды. Ахмет Ахатқа көне шығыс қала тақырыбы ерекше тартымды екені байқалады. Ол өз картиналарында сан алуан аллегориялық кейіпте, терең ойлар мен метафоралық аллегорияларда көрінеді. Суретші стилі жарқын бояу үйлесімімен, жұмсақ алуан түрлілігімен және түс құндылықтарының талғампаздығымен, бояу қабатының күрделілігімен және ұсынылған бейнелердің екіұштылығымен ерекшеленеді.
Көрменің экспозициясына Ахмет Ахаттың мүсіндік туындылары да кірді. Осылайша, көрме суретші шығармашылығының түрлі салаларындағы жетістіктерінің көрінісі іспетті. Экспозиция қаламгердің айналасындағы әлемді түсіну және ұғыну жолындағы үздіксіз ізденісін көрсетеді.
Көрме кураторы – өнертану кандидаты, «Қазақстанның бейнелеу өнері» бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері А.Джадайбаев.
М.Ғабитқызы
751 рет
көрсетілді0
пікір