- АҚПАРАТ АҒЫНЫ
- 11 Тамыз, 2024
Ақтөбе облысында қатты желден зардап шеккен кейбір ауылдар әлі жарықсыз отыр
9 тамызда кешке Ақтөбе облысы Ойыл ауданындағы Көсембай ауылында қатты жел тұрып, ғимараттардың шатырын ұшырып әкетті. Қора-қопсы мен жарық бағаналары да құлаған. Көсембай ауылындағы кей үйлер содан бері жарықсыз отыр.
"Жарық бүгін кешке дейін толық берілуі тиіс. Сенбі күні ауданның әкімі Асқар Қазыбаев келіп, көмектесеміз деп кетті. Әкімнің айтуынша, дүйсенбі күні ауылға арнайы комиссия келеді. Кімге қандай көмек берілетінін солар анықтайды. Шүкір етіп отырғанымыз, мал-жан аман. Қораның шатыры құлағанда жарақат алған уақ мал болмаса, басқамыз аманбыз", - дейді ауыл тұрғыны Бақытжан Сатыбалдин.
Ақтөбе әкімдігінің мәліметінше, дауыл Көсембай ауылындағы 51 ғимараттың шатырын ұшырып әкеткен. Оның арасында ауыл клубы мен балабақша да бар. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың қоршаулары бүлінген. Тоғыз бағана құлаған. Әкімдік шығын әлі есептелмегенін хабарлады.
Көсембай облыс орталығы Ақтөбеден 400 шақырым жердегі ауыл. Ойыл ауданының Қайыңды селолық округіне қарайды. Ауылда 74 үй тұрады.
Фото: дереккөзден алынды
245 рет
көрсетілді0
пікір