Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 12 Тамыз, 2024

Қазақ тарихындағы бекзадалық туралы

Жомарт Симтиков, 

тарих ғылымдарының кандидаты, саяси ғылымдарының докторы,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
 

 

Бекзада – айырықша аристократиялық әлеуметтік категорияның атауы. Ол билік жүргізбеген, өз әкесінен өкімет басқаруды мирас етпеген текті, ақсүйек, мінезіндегі ірілік, дарқандығымен ерекшеленген. Қазақтар ұрпағын бекзадалыққа баулыған, бектермен қарым-қатынаста болып, асқақ арман, биік мұратпен тәрбиелеген. Сол сияқты, қазақ және басқа түркі тілдерінде «батыр» сөзі «күрескер», «қаһарман», «ержүрек», «жаужүрек» деген мағыналарды білдіреді [1].
Батыр атағы мирасқорлық жолмен берілмеген, оған әрбір адам жеке басының ерлігімен ие болды. Батырларды қазақ халқы ежелден құрмет тұтқан. Осы топта соғыс ісінің тәжірибесі жинақталып, әскери өнер дамып, қару-жарақ жасаудың, оны қолданудың биік деңгейі қалыптасты. Батырлар көбінесе осы әлеуметтік жіктің өкілдері арасынан шықты. Олардың бар өмірі елдің қонысын кеңейту, халықты жаудан қорғау жолындағы жорықтарда өткен [2].
Батырлардың тұлғалық қасиетін қарастырғанда тұлғалық этикасы мен ар-намыс кодексі мәселесі бірінші кезекте болмақ. Оны шығыста самурай, батыста рыцарьлықпен байланыстырады. Ал қарапайым қазақ қоғамында ол бекзадалық болып табылады. Біз рыцарьлықты тек еуропалық мәдениетке теліп төл тарихымызда бұл мәселеге тіптен көңіл бөлінбеді деп айтуға болады. Дегенмен, ортағасырлық тарихтағы көптеген адамдардың көзқарасы бойынша, рыцарьлық географиямен мүлде байланысты болмағанын тарихи фактілер дәлелдейді. Рыцарьлық немесе бекзадалық, жалпы мәрттік мінез-құлық көрсету ұлы дала төсінде ежелден-ақ қалыптасқан. Ел басына күн туып, ерлері етігімен су кешкен тұста адамзат баласында осындай сирек кездесетін қасиеттердің құны тіптен арта түсетіні белгілі. Бүгінгі оқиғаның кейіпкері осының жарқын мысалы бола алады. Мақалада қазақ тарихының қаралы тұсы болып есептелетін «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдарында ерекше ерлігімен көзге түскен, ел арасында аты аңызға айналған Әжібай батыр Найманбайұлы туралы сөз болмақ. Өкінішке орай, жалпы ұлт тарихына қатысты ақтаңдақ беттерге тән ол туралы ресми дереккөздердің там-тұмдап кездесетінін және аздығын ескертеміз.
 XVIII ғасырдағы әлем тарихы халықтары дамудың түрлі сатысында өмір сүріп жатты. Еуропада Францияның ықпалы күшті болса, Ұлы дала елінің батысында бір жағынан орыс патшалығы жайылымды жерлерді тарылта түссе, екінші жағынан шығысындағы Цин империясының тарапынан қысым көрсетіле бастаған еді. Қазақ хандығын Цин империясы «Іленің батысындағы – ұлы ел» деп сипаттаған. Циндіктер қазақ хандығын ірі ел деп есептеп, оны үш санатқа таратып қараған. Олар қазақтарды географиялық және әкімшілік жүйесі бойынша «оң қанат қазақтары (Ұлы жүз)», «сол қанат қазақтары (Орта жүз)», және «Батыс бөліктегі қазақтар» (Кіші жүз) деп бөлген [3]. 
Сонымен қатар, көршілес Қытайдың өктемдігімен қоса қазақтарға тікелей қысымшылық көрсеткен Жоңғарлардың ықпалы ерекше болды. Дегенмен, жоңғарлар Цин империясына тәуелді болғандықтан, екеуі бірдей Ұлы даланың байырғы ұрпақтарына бірлесе қауіп төндірді. Ал қазақ тарихшысы К.Ш. Хафизованың 1972 жылы тұңғыш рет жарық көрген «ХVIII ғасырдың орта шеніндегі Орта Азияның кейбір халықаралық мәселелері» атты мақаласы осы мәселеге алғаш назар аударуымен ерекшеленді [4]. 
Осы кезеңге тарихшы В.А. Моисеев «Жоңғар хандығы және қазақтар XVII - XVIII ғасырларда» атты зерттеу еңбегін арнап Ұлы даладағы болған тарихи оқиғаның аса күрделі саяси қарым-қатынас болғанына ерекше көңіл бөліп, мүмкіндігінше жан-жақты зерттеуге тырысқан[5]. Сонымен қатар, осы мәселені зерттеген Кузнецов В.С., Гуревич Б.П., Алдабек Н.А. еңбектерінде XVIII ғасырдың ерекшеліктерін байқауға болады [6]. Ұлы даладағы көптеген халықтармен бірге қазақ ұлты да осы кезеңде өзінің бытыраңқылық жағдайын басынан кешіріп жатты. Осы тұрғыдан алғанда XVIII ғасырдағы қиын жағдай қазақ ұлтының басын біріктіріп, ұлттық бірегейлікті сақтау жолындағы прогрессивті күреске әкелді. Бүтіндей бір халықты бірегейлікке әкелудің алғышарттары мен негізгі себептері объективті өмірден туындады. Оларды атап айтар болсақ, жан-жақтан анталаған жаудың тарапынан тынбай жүргізілген әрі тұтқиылдан жасалған шабуыл соғыстар, барымталар нәтижесіндегі аштық, басқыншылық қорлықтар мен азаптаулар болды. Бұл кезең қазақ ұлтының арасынан шыққан әсіресе тұлға дәрежесіне көтерілген азаматтар үшін сыналатын сындарлы мезгіл болды. 
Әжібай батыр Найманбайұлы өмір сүрген аймақ, географиялық жағынан алғанда Ұлы Даланың Жетісу жері Цин империясының кіреберіс қақпасы іспеттес еді. Бұл аймақ Жоңғар хандығымен кескілескен ұрыс даласына айналды. Жетісудің жерұйығы саналатын Таушелек пен Жалаңашта, Ағанас пен Арысхан да жоңғарлар емін-еркін тұрмыс кешсе, Алматыдан аса қашық емес жердегі қаланың күншығысындағы Түргенде Қорын өз билігін жүргізген еді. 1697 жылы Жоңғар билігінің басына Сенге ханның ұлы Цеван Рабдан келеді. Ол ағасы Галдан өлгеннен кейін таққа отырады. Ол Цин империясымен ашық қақтығыстан бас тартып, Жоңғар хандығын нығайтуға күш салды. Тянь-Шань қырғыздарының жерін, Шығыс Түркістанды, Саян – Алтай өңірін және Барабин даласын қоныстанған халықтарды жаулап алды [7]. Осы тұста қазақтар қоныстанған кең далаға жорықтар жиілей түседі. Осы жорықтар сайын даладағы қазақтарды ширата түседі. Алғаш рет қазақтарды біріктіруге шақырған 1710 жылы Қарақұмда жоңғарларға қарсы біртұтас әскер құру туралы Құрылтай өтеді. 1718 жылы Аягөз шайқасы өтеді, қазақтар бірсыпыра жеңіске жетеді. Ал 1722 жылғы Қытай императоры Канси қайтыс болғаннан кейін Қытай мен Жоңғар арасындағы қатынас өзгерді. Міне, осы уақыттан бастап жоңғарлар барлық әскери күшін Ұлы Далаға қарай бағыттайды. Келесі жылы олар сайын даланың қапасында тұрған қазақ жеріне баса көктеп кіреді. 
Ел басына күн туған қиын-қыстау жағдайлар ұлттың біртуар жеке тұлғаларын тарих сахнасына шығарып, кейде біртұтас халықты ширықтырып жаңа бір сапаға көтерері анық. Осындай шақта өңірде есімдері ел есіне сіңіп, санасында сақталған Хангелді, Райымбек, Малай, Қасқары, Қарасай, Наурызбай, Өтеген, Жанай, Елтінді, Сатай, Аралбай, Есімбек, Шағаман, Қараш сияқты батырлардың легі болды. Жел өтіндегі Жетісу жерін мекен еткен Албан тайпасының бір руының ұранына айналған Әжібай батырдың да тарих сахнасына шыққан кезеңі осы мезгілге тап болды. 
Әжібай Найманбайұлы 1699-1778 жылдар аралығында өмір сүрген. Туған жері қазіргі Еңбекшіқазақ ауданы, Таутүрген ауылының маңы. Өмір сүрген кезеңіне көз жүгіртіп, тарихи деректерге жүгінсек, ел арасында кеңінен тараған аңыз-әңгімелерге, тіпті әфсаналардың өзі оның Өтеген батырмен жастары шамалас, сыйлас, сырлас, қимас дос болғанын көрсетеді. Тіпті достықтың арты сүйек үзілмес құдалыққа ұласқанын байқаймыз. Деректер Әжібай Найманбайұлы Өтеген Өтеғұлұлымен (1699-1773) үзеңгілес жүріп соғысқа араласқанын көрсетеді. 
Осы тұста қарама-қайшы пікірлердің де бар екенін ескерген жөн. Белгілі тарихшы Кеңес Нұрпейісұлы «Ер Әжібай» кітабының алғысөзінде шығармаға талдау жасай келе, ақиқаты тексерілмеген деректерге сүйенбеуді меңзеп, батырдың өмірден озған уақытын жырда жаңсақ берілгенін дәлелдеп, «жыр авторы айтқандай Әжібай 1703 жылы қайтыс болғанда Өтеген батыр бар-жоғы бес-ақ жастағы бала еді» деген тұжырым жасайды [8]. Яғни, автор тарихи жаңсақтыққа жол бермеу үшін қарапайым логиканы да естен шығармауды ұсынады. Өтеген 1723 жылы Тауасар, Райымбек, Ханкелді батырлармен тізе қосып, жоңғарлармен айқасады. Ол 1756 жылы шамасында Абылайдың Қытаймен бейбіт болу саясатына қарсы шығып, Жиделі байсында 17 жыл жүріп қайтыпты деген аңыз бар. Жамбыл Жабаев «Қасқара біткен маңдайдан, жан еді қос мүйізді» деп батырлықтың белгісі ретінде таныған. Дегенмен, туған және өмірден озған жылдарын нақтылауда әлі де қиыншылықтардың бар екенін ескертеміз. Жалпы, осыған қатысты деректер болашақта шет ел архивтерінен, әсіресе, шекаралас аймақ құжаттарынан кездесіп қалар деген ниеттеміз. Әжібай Найманбайұлының шамамен сол кезеңде майдан даласында үлкен ерліктер көрсетіп, жекпе-жектерде табысқа жетіп қазақтардың мәртебесін бірнеше рет асырған мәрт тұлға ретінде халықтың жадында қалғаны белгілі. Оның ерекше ерлігі ауыздан ауызға тарап келелі әңгімелерге арқау болып, әпсаналармен қатар өзіне арнап жыр-дастандар жазылған. Ол «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада» жапа шеккен қазақтарды туған елге қайтаруға үлкен еңбек сіңірген. Кейінгі бейбіт өмірде де ел арасында аса беделді болған. Ел арасында ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп Әжібай Найманбайұлы Алматы маңы Атамқұлдың ойында (Маловодное) Тау түрген аймағында тоған қаздырып, су шығарып, егіндік ектірген [9]. 
Кейіннен 1821 жылы қоқандықтарға қарсы көтерілісті басқарған Тентек төре атанған Рүстем төре осы Түрген өзенінің бойына келіп бекініс салып, қоқан зекетшілерін қырып, Қарқара жаққа көшіп кеткен [10]. Тарихи деректер дәлелдеп отырғандай Әжібай Найманбайұлы негізін қалаған елді мекен аймақта едәуір көзге түсіп, белгілі бола бастаған еді. Әрине, бұл кезең қазақ даласында ержүрек ұлдардың батыр болып қалыптасуына ықпал етті. Әжібай Найманбайұлының осы кезеңдегі қазақ даласындағы басқа батырлардан айшықтап көрсететін негізгі бекзадалық белгілеріне тоқтала кеткенді жөн көреміз. Біріншіден, Әжібай Найманбайұлы достыққа адал болған. Өтеген батыр екеуі сол кездегі достықтың символына айналған. Олар өз қандастарының арасында орасан зор бедел мен сый-құрметке бөленді. Ол өзінің досы Өтеген батырсыз жорыққа шығып, жоңғарлардың қолына түсіп қалғанда, жоңғарлардың өзі ерлігі мен оның мінезіне тәнті болып, досына да, жауына да адал адам екенін түсінген. Батырлығын, мәрттігін бағалап жауының өзі оны тұтқыннан босатқан. Екі батырдың тұлғасы еліміздің батысында 1836-1838 жылдардағы халық-азаттық көтеріліс басшылары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының ара қатынасы сияқты болған. Бір ғасыр бұрын Әжібай Найманбайұлы мен Өтеген Өтеғұлұлы арасындағы қатынас кейіннен Исатай Тайманұлының ең жақын серігі ақын Махамбет Өтемісұлы арасында да қайталанды десе болады.
Екіншіден, Әжібай Найманбайұлы жауына қанша қатал болса да адамгершілік танытып, өркениеттіліктің үлгісін көрсеткен тұлға. Ол жоңғарлармен күресте оның батырларымен жекпе-жекте бірнеше мәрте жеңіске жетеді. Соның бірінде үлкен ерлік көрсетіп қана қоймай, сол жерде мәрттік танытып, өзі жеңген жауына құрмет көрсетіп, оның денесін жер қойнына тапсырып, арнайы мал сойып ас берген. Яғни (бекзадалық) рыцарлық мінез танытқан. «Батырға қонақ асы деп бір ат сойып, өзі жерлеп, басына белгі қойған» [11]. Үшіншіден, Әжібай Найманбайұлының соғыстан кейінгі бейбіт өмірдегі іс-әрекетіне және қоғамдағы қызметіне қарап, оның сөзі қуатты, соңына қалың бұқараны ілестіре алатындай қабілеті бар, білімді болғанын байқауға болады.Төртіншіден, Әжібай Найманбайұлының қолда бар өмірдерегінен оның қоғам алдындағы жауапкершілігі жоғары екенін көреміз. Батыстағы классикалық рыцарьлардың көпшілігі ар алдындағы жауапкершілікке орай қарапайым халық арасына сіңісіп кетеді, ал тұлғалық қасиеті мен рухы күштілері абыздыққа бет бұрған. Осындай заңдылыққа сәйкес, Әжібай Найманбайұлы бейбіт өмірде өзіне жауапкершілік жүгін арқалай білді. Жалпы, қоғамға әлі күнге дейін қызмет жасап келе жатқан Әжібай тоғанын салды. Сонымен қатар, жалпы рыцарьлыққа, салыстырып бағалау үшін бекзадалықтың озық үлгісі болып табылатын әлемдік тарихтағы белгілі кейбір тұлғаларға да қысқаша тоқталайық. Түрлі мәдениетте рыцарьлықтың, яғни бекзадалықтың өзіндік ерекшеліктері болды. Рыцарь бастапқыда салт атты шабандоздықты білдірді. Еуропадағы ортағасырлық дворяндық құрметті атақ та болған. Ол жауынгердің моральдық және эстетикалық идеалын дамытты. Крест жорықтарында пайда болған рухани-рыцарлықтың әсерінен ол тұқым қуалайтын ақсүйектерге айтылды. Кейіннен мемлекеттік биліктің күшеюі, жаяу әскердің атқыштардан асып түсуі, атыс қаруын ойлап табу және тұрақты әскер құру орта ғасырдың аяғында феодалдық рыцаризмді саяси таптарға айналдырды. Рыцарьлардың прототипі белгілі бір дәрежеде ежелгі Римдегі эквиттердің (шабандоздардың) меншігі болып табылады. Алайда Еуропада соғыс жүргізу және қоғамдық қатынастарды ұйымдастыру тәсілдерінің түбегейлі өзгеруі IV-VII ғасырларда халықтардың ұлы қоныс аударуы барысында шығыстан келген көшпенділердің қысымымен Рим империясының құлауымен байланысты болды. Сармат атқыштарының ауыр қаруы және ғұн типті дәнекерленген болаттан жасалған ұзын түзу қылыш Еуропаның ортағасырлық рыцарьларының қару-жарағының айқын прототипі. Ғұндардың басшылығымен Одақ ыдырағаннан кейін дәл осы көшпенділер (ең алдымен сарматтар мен остроготтар) қоғамның үстем қабатын құрағандықтан, орта ғасырдағы еуропалық Рыцарьлық мәдениеттің ежелгі мәдениеттен айырмашылығының бастапқы көзі көшпелі мәдениетте көрінуі қисынды. Алайда, олардың салыстырмалы түрде аздығына байланысты оның әсерін жергілікті негізімен синтездеу кезінде таратуға ұзақ уақыт қажет болды.
Рыцарьлықты (бекзадалықты) ортағасырлық рыцарларға сәйкес келетін мінез-құлық пен ар-намыс кодексі ретінде де қарастыруға болады. Шын мәнінде, бұл кодекс сирек құрметтелді, бірақ көркем әдебиеттің арқасында галантты рыцарьдың романтикалық бейнесі бұқаралық санада қалыптасты, ал «рыцарь» сөзі ақырында асыл адамгершіліктің синониміне айналды. «Рыцарьлар, – деп жазады тарихшы Жан Флори – бұл ең алдымен сарбаздар». Оның пікірінше, рыцарьлық тек XII ғасырдың аяғында ғана мүлік жағынан қалыптасқан қоғамдық институт немесе әлеуметтік топ болған жоқ [12]. Жалпы, ғасырлар қойнауына еніп Батыс пен Шығысты, Еуропа мен Азияның жауынгерлік мектебін салыстырып, самурайлар мен рыцарьлардың идеологиясын түсінуге тырысып көрейік. «Рыцарь» сөзі немістің «Ritter» сөзінен бастау алып, ол «атшы» деген ұғымды білдіреді. «Риттер» сөзі орта ғасырдың аяғында ғана кеңінен қолданыла бастады. «Рыцарь» ұғымының тағы бір шығу тегі «жауынгер» деп аударылған латынның «милля» сөзінен бастау алады. «Самурай» ұғымы көне жапон тіліндегі «сабурахи» етістігінен қалыптасқан, ол «ұлы адамға, жоғарғы таптың адамға қызмет ету», «қожайынға қызмет ету, қожайынды қорғау» дегенді білдіреді. Жапондар жазбаша түрде «джи» деп оқылатын қытай таңбасын пайдаланды. Ол екі радикалдан (кілттерден) тұрады, «рен» – адам және «си» – будда храмы. Көптеген мамандар бұл иероглиф «будда храмдарында қызмет ететін адамдар» дегенді білдіреді деген пікірде. Жауынгерлік кәсіп ретінде шығыста самурай деп аталса, батыста рыцарь болды. Самурайлық шығыста VIII ғасырда пайда болып XVIII ғасырда құласа, батыста рыцарьлық XV ғасырда аяқталды. Оның аяқталуы кәсіби армия мен атыс қаруларының дамуына байланысты болды. Рыцарьлықта жауынгердің моральдық-эстетикалық идеалы дамып, өзінің ар-намыс кодексі жасалса, самурайларда ар-намысқа негізделген этикалық кодексі – Бушидо болып, өзінің қожайынының күзетшісі болды. Рыцарьлар мен самурайлар арасындағы көптеген айырмашылықтарға қарамастан, бір ғана нәрсенің басы ашық. Ол екеуі де өздері қызмет еткен адамдарға ар-намысты, тектілік пен адалдықты сақтауға тырысты. Әртүрлі менталитет болғандықтан айналасындағы заттар мен құбылыстарға әртүрлі көзқарастарды тудырды. Бұл кейбіреулер жаман, ал басқалары жақсы дегенді білдірмейді, бұл самурайлар мен рыцарьлардың батылдық пен батылдықты көрсетуге әртүрлі көзқарастары болғанын білдіреді. Ортағасырлық қоғамда артықшылықты таптар бола отырып, олар жоғары мәртебені сақтауға тырысты, сондықтан біреулер үшін ар-намыс кодексін сақтау, ал басқалар үшін Бушидо олардың күнделікті өмірінің маңызды элементі болды. Қазақ қоғамындағы көшпелі халықтардың тарихи-мәдени дамуының өзіндік ерекшеліктеріне байланысты елдің қауіпсіздігін, мемлекеттің тәуелсіздігін, ел ішіндегі қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттілігі көшпелі қоғамда да әскери іспен айналысатын адамдардың пайда болуын, олардың қоғамдық қызметтерді атқаруы өз міндетіне алу барысында жеке әлеуметтік жік ретінде қалыптасуына әкелді. Басқа халықтарда әскери сословие өкілдерін «самурай», «рыцарь», «кшатрий» деп өзіндік атауымен атаған сияқты дәстүрлі қазақ қоғамында кәсіби әскерилер әлеуметтік жігінің өкілдері «батырлар» [13], – деп аталды дейді тарихшы М.Қ.Дауытбекова. Ендеше, осы тұрғыдан алғанда, сол кезеңдегі елін жаудан қорғаған Ұлы дала төсіндегі жеке батырлар «бектер», «салт атты жауынгер» немесе «сарбаз» деген ұғыммен пара-пар. Қазақ батырлары қашан да жерінің қорғаушысы ғана емес, елдік пен рухтың жанашыры да бола білген. Саяси потестарлық институттарды талдай келе, көшпелі қоғамдағы ел қорғаған батырлардың ерекше орнының болғанын батырлар жырындағы бейнесінен байқаймыз. «Қоғамдық ерекше жік ретінде батырлар сословиесінің өзіндік мәдениеті, өнері болды. Онда батырлардың идеологиясы, салт-дәстүрі көрініс тапты. Олар туралы жыраулар шығармаларынан үзінділерді байқаймыз. Себебі, жыраулар өнері осы батырлар сословиесімен тікелей байланысты еді. Жыраулар да осы қоғамдық жіктің өкілдері. Бірінші, олардың бәрі батырлар әулетінен шыққан. Екіншіден, олардың өздері де батыр адамдар болған» [14], – деген тұжырымға келеді қазақ батырлар институтын зерттеген маман. 
XVIII ғасырдағы қазақ тарихы орыс дереккөздерінде қазақ-қалмақ шайқасы туралы: «Басқыншылықпен келген қалмақтарға тойтарыс беруді қарапайым халық ішінен шыққан батырлар ұйымдастырады» [14] деп атап көрсеткен. Жоңғар басқыншыларына қарсы қазақ халқы Отан соғысының (1729/1730) жеңіспен аяқталуында Аңырақай шайқасы аса көрнекті рөл атқарды. Аңырақайдағы шайқаста барлық Үш жүздің жасақтары қатысты. Бұл шайқаста батырлардың бойын ерлік, қайсарлық, өздерінің жеңісіне деген мызғымас сенім биледі [15]. 
Осы аталған Аңырақай шайқасы туралы тарихшы Ж.Қ. Қасымбаев: «Тек соңғы жылдардағы ізденістер негізінде осы бір қоныстың қазақтың атақты батыры Бөлекпен жекпе-жекте жер жастанған ойраттың Аңыра атты батырының есімімен байланыстылығы айқындалды. Бұған күмәнданатын негіз жоқ. Қаскелең, Боралдай, Шарын өзені және тағы басқа қоныстар ойрат есімдерімен аталғаны белгілі» [16], – деген болатын. 
Бұл шайқасқа байланысты тарихшы И.В. Ерофеева Аңырақай шайқасына Бөгенбай, Қабанбай, Тайлақ, Саңырық, Малайсары және тағы басқа көп батырар қатысқан деп жазды [18]. Осыған орай, сол кезеңде осы маңайды мекендеген жасы 28-29 келген Әжібай Найманбайұлының қол қусырып отыруы мүмкін емес, және белсенділік танытқанында күмән жоқ. Сонымен қатар, өзімен үзеңгілес жүрген Бөлек батырдың сол соғыста болғаны туралы дерек бар.
Рыцарьлық ең алғаш Рим империясынан бастау алса, Ұлы далада Шыңғыс хан тұсында ол нояндар ретінде көрініп ортағасырлық моңғол қоғамындағы ақсүйектер деген мағынаны білдіреді. Алғашқыда рубасылары ноян атанған. Шыңғыс хан империясы тұсында (XIII-XIV) нояндар түменді (он мыңдық әскер), мыңдықты басқарды және аймақтарды биледі. Кейіннен әр түрлі дәрежедегі моңғол шонжарлары да ноян атанып, бұл атау түркі халықтарының әскери жүйесінде орнықты. Бізде қазақ даласында сол кезде бекзадалықты білдірді. Әлемге аты тараған Шыңғыс хан өз маңайындағылардың ішінен ерекше сенімді адамдар ретінде нояндарды таңдаған. Ол әсіресе исут руынан шыққан Жебе, ұранхайлық Зелме, жалайырдан шыққан Мұқылай сияқты үш ноянға қатты сенген және соларға сүйенген. Олар соғыс даласының шеберлері болған. Сенім артқан нояндар батыстағы рыцарьлыққа тән көрсеткіштерімен ұқсастығы арқылы айшықталған.
Ал Таяу Шығыстағы рыцарьлық немесе бегзадалықты Дешті-Қыпшақтың жеңімпаз ұлы, қыпшақ-мамлүгі Бейбарыс сұлтанның мысалынан көруге болады. «Бейбарыс христиан әлемі үшін Саладиннен кейінгі ең қорқынышты жауы болды. Бейбарыс жауларына мейірімсіз, бітіспес, қаталдығымен есте қалды» деп жазды еуропалықтар [18]. 
Бейбарыс армиясын Ұлы Даланың өкілдеріне, атты әскерге сүйенген, солардың дәстүріне қарай киіну, тамақтануды енгізген. Ол Ұлы Даламен Жошы ұлысымен тығыз байланыста болып, Берке ханның исламды қабылдауына әсер еткен. Ол билік құрып тұрған кезде Мысыр мен Сирияға келген отандастарын қолдап, Каирдың қақпасының маңайынан жер телімдерін берген. Өзі ана тілінде сөйлеп араб әлемімен тәржімашылар арқылы түсіністі. Швейцариялық шығыстанушы араб тілінің білгірі Адам Мец мәмлүктерді «құл ақсүйектер» (аристократами невольников) – деп атады. Араб әлемі мен ислам тағдыры үшін дәл осы бетбұрыс кезеңде Ұлы даланың тумасы қыпшақ мәмлүгі Бейбарыс харизмалы тұлға ретінде ерекше дараланды. Оның мұсылмандықты кермет құрметтегені сондай, сол кездегі замандастары «Рукн ад-Дин» («Иман тірегі») деп те атады.
Жеңістердің атасы, Иман тірегі атанған Сұлтан Бейбарыстың жеке тұлға ретіндегі қадір-қасиетін айшықтайтын ерекшеліктерге тоқталсақ. Ол ерекше харизмаға ие құлдық дәрежеден ел билеуші сұлтандыққа көтерілген тұлға, бар ғұмырын әскери қызметке арнаған қатардағы жауынгерден, қолбасшылық дәрежеге жеткен әскербасы. Бүгінгі тілмен айтқанда генерал, тағдырдың кез келген қиыншылығына төтеп бере алатындай мінез-құлыққа бай бәсекеге қабілетті жан, баға жетпес ұйымдастырушылық қабілеті бар өзі келген өңірін гүлдентуге атсалысқан адал азамат, шебер дипломат, Қыпшақ даласына исламды таратуға ықпал етуші, оны бауырмал тұлға ретінде де бағалау керек. Өзі билік құрып отырған жерде, өзі шыққан жердің ұландарына арқа сүйей отырып билігін нығайтты. «Сол кезде Алтын Ордалықтар итальялық көпестер арқылы Мысырға көп мөлшерде құлдар (сақалиба) жеткізіп тұрды. Ол мәмлүктердің әскери кастасын нығайтты» деген деректер бар. Сонымен қатар, нағыз елжанды патриот, қаншама жыл бөтен елде билік құрса да өзінің ана тілінде сөйледі, елінің салт-дәстүрін ұмытпауға ұмтылды. Бейбарыс сұлтан өз заманында жалпы мұсылмандардың қорғанына айналды. Ол 1261 жылы маусымда Каирде Бағдад халифасы Әз-Захир Биамрилланың (1225-1226) ұлы деп танылған әл-Мустансирді халифа етіп жариялау арқылы мұсылман әлеміндегі беделін нығайтты. Мұсылман әлемінің қолбасшы-қорғаушысы ретінде крест жорығын тоқтата алды. 
Англияда Генрих Ричард өзі патшаға мұрагер болуы мүмкіндігі аздығын білгеннен кейін сол кездегі ерекшелікке орай рыцарьлыққа баса көңіл бөледі. 1190 жылы Үшінші крест жорығындағы ерлігі үшін Арыстан жүрек деген атқа ие болады. 1191 жылы Ричард басып алған Кипр франктердің Палестинадағы иеліктерін тағы бір ғасыр бойы сақтау үшін қажет болады. Жеке басына келсек, ол бәрінен де төбелескенді ұнатқан. Сонымен қатар ғажайып саяси және әскери қабілеттерін көрсете білген. Батылдығымен әйгілі болып, ақсүйектерге арқа сүйеген. Ричард терең білімді болып қана қоймай, француз және окситан тілдерінде өлең жазған. Сырт келбеті тартымды бойы 1 метр 93 сантиметр, көк көзді және ақшыл шаштары болған. Оны көзі тірісінде-ақ Ахиллеспен салыстырған және әлі де салыстыру жалғасуда. Ричардтың анасы Аквитандық Элеонора Рим Папасына былай деп жазды: «Менің ұлым Ахиллес сияқты Аккра қабырғаларының астында шайқасты...». Бұл салыстыру арқылы ана өз ұлын қарапайым емес даңқты тұлғалардың қатарынан көрсетуге негізделген. Оның өзі де атақ-даңққа қарсы емес болғандығын көрсетеді. [19]. Сонымен қатар ол туралы қарама-қайшы пікірлер де баршылық. Оны замандастары ағылшын тілін білмеген, әскерді табыс көзі ретінде көріп, сатқындық қасиеті бар деп күдіктенген, шектен тыс қатыгез деп бағалаған. Дей тұрғанмен Ричардтың кейбір әскери ерліктері оны Роланд пен Король Артурмен бірге ортағасырлық тарих пен әдебиеттегі ең көрнекті тұлғалардың біріне айналдырды. Өкінішке қарай, бізде бек, батырлардың, оның ішінде Әжібай Найманбайұлының тұлғалық қасиетін зерттеу кешірек қолға алынуда. Оның кескін келбеті туралы суреттемеде айбарлы, жауының үрейін алатындай адам болғандығы көбірек айтылады. Әрине, ұрпақтарына қарап, сонымен қатар, Әжібай Найманбайұлының жұбайы Тұмарша анамыз сөзге шешен, суырып салма ақын болғанына және соңына бұқараны ілестіріп ертуіне қарағанда, ол кісінің де өте тартымды білімді, сөзінің қуаты бар, аузы дуалы адам болғанына шек келтіруге болмас. Иә, ұлы даланың төсінде ерекше ерлігімен танылған Әжібай Найманбайұлы шындығында да Крест жорығында батыс христиан әлемі мойындаған мұсылман күрдтердің батыры Саладдин сұлтанның (оған «Шығыстың Рыцарі» деген атақ берген) прототипі іспеттес. 
Саладдиннің негізгі қаруы даналық, тектілік, тақуалық және төзімділіктің арқасында оны тек ант берген діндарлар ғана емес, тіпті жауларының өздері құрметтеді. Халық оны әділдігі үшін жақсы көрді, дворяндар болса оның шебер қолбасшы ретіндегі таланты мен жомарттығын жоғары бағалады.
Оның рыцарьлық мінез-құлқының көптеген мысалдары бар және олар, әрине, оның әскери жетістіктерімен, сондай-ақ сәтсіздіктерімен байланысты. Өйткені, олар айтқандай, адамның тұлғалық қасиетін түсіну үшін оның жеңісі мен құлдырауы кезінде іс-әрекеттеріне, ойларына талдау жасағанда белгілі болады. Саладиннің аты тарихта крест жорығы кезінде Хаттин шайқасында жеңіске жетуімен және король Арыстан жүректі Ричард бастаған крестшілермен шайқастарда танымал болды. Хаттин шайқасы бұл аяусыз қырғын болған, нәтижесінде Гай де Лусиньян патша және көптеген рыцарьлар тұтқынға алынуымен тарихта қалды. Ол өзінің ерекше тұлғаға тән рыцарьлық, бекзадалық қасиетін осы кезеңде байқатты. Ендеше соны дәлелдейтіндей төмендегідей мысалдарды қарастырайық.
Біріншіден, Саладдин тұтқындардың барлығын дерлік босатты, тек шамадан тыс зұлымдық көрсеткендерді ғана қалдырды. Иерусалимді алғаннан кейін крестшілер жасаған сұмдықтарды біле тұра кешірім жасады. Екіншіден, ол барлық тұрғындарға өз мүліктерін алып бажын төлеу арқылы қаладан кетуге рұқсат етілді. Саладдин қалада қалған барлық қарттарды төлемсіз еркіндікке босатты, қаладан шыға алмайтын науқас адамдарға аяушылық танытып Джон рыцарларына оларға күтім жасау үшін қалада қалуға рұқсат берді. Христиандардың көпшілігін құлдықтан босатты. Үшіншіден, Саладдин алынған қалаларға келгенде әйелдерге де жанашырлықпен қараған. Хаттин қырғынынан кейін осы шайқаста қаза тапқан рыцарьлардың әйелдері келіп өздерінің қорғансыз бейшара кейіпке түскендерін айтып түсіндіргенде Саладдин күйеулерінің мүлкін қайтарып берген. Бала ұрлығына қатысты мәселені де объективті шешіп, христиандар арасында оның беделі артты. Төртіншіден, ол бәсекелес қас жауының өзіне адами құрметпен қарады. Мұны дәлелдейтін кейбір оқиғалар тарихтан белгілі. Атап айтар болсақ, Арыстан жүректі Ричардқа ат сыйлауы, оның қызуы көтеріліп ауырып жатқанда, оны білген Саладдин Дамаскті қоршап тұрған таулардан ағылшын королінің шатырына қарды тасымалдауға бұйрық беруі, замандастарының айтуынша, бұл ағылшын монархына көмектесті және оның азаптарын жеңілдетті. Міне, осындай кең пейілділігімен жауына өзін сыйлата білген Саладдин тарихта өз есімін өшпестей етіп қалдырды. Шығыстың Рыцарі Саладдин сияқты сол қазақтың арасынан шыққан Әжібай Найманбайұлы да бекзада, рыцарь болғандығына еш күмән жоқ. Ол туралы жоғарыда айтылды. 
Сонымен қатар, рыцарьлыққа пара-пар, бекзада сәулет өнерін әлемдік деңгейде дамытқан Жалаңтөс Баһадүр сияқты тұлғалардың ерлік істері мен қадір-қасиетіне жеткілікті көңіл бөлінбей жүргенін де баса айту керек. Оның ғұмырнамалық тарихы Өзбекстан мемлекетіндегі деректерде көптеп кездескенімен, қазақ тарихында там-тұмдап қана қарастырылады. Жалаңтөс баһадүрдің 1640 жылы ұлы далаға шабуыл жасаған қалмақ ханы Батырға қарсы соғыста әскерге қолбасшылық етіп, жеңіске жеткен. 1643 жылы Жетісу жеріне басып кірген қалмақ-жоңғар басқыншыларына қарсы шайқасып жатқан Жәңгір ханның әскеріне Самарханнан 20 мың адаммен көмекке келген. Оның тарихи рөлі орта Азия елдері тарихында ерекше зор. Талай шайқастарды басынан өткеріп сол дәуірдің ең жоғарғы лауазымы Аталық баһадүр қолбасшы деген атаққа ел арасында ие болған. 1649 жылы Бұхар ханы Абдуләзиз бен Иран патшалығы арасында Хорасан мен Балх үшін болған соғыста Бұхар мен Қазақ хандықтарымен ортақ жауға қарсы одақ құрып Жалаңтөс батыр әскерге шебер басшылық етіп, жеңіске жеткен. Ол сонымен қатар, мәрт мінезімен көпшіліктің ықыласына бөленген. Ұзақ жылдар Самарқанды билеген. Өкінішке қарай, оның сол кездегі ақыл, нақыл, билік туралы сөздері сол жерде кең таралғанымен, қазақ арасында көп тарала қоймаған. Жалаңтөс батыр әлемге әйгілі Самарқанның орталығы Регистанда 1619-1633/36 жылдары «Шердор» (Арыстан таңбалы медресесі) медресесі мен 1647-1660 жылдары «Тіллә-Қари» (Алтынмен апталған) медресесін салдырған. Бұл архитектуралық ғимараттар өзінің әсемдігімен, әдемілігімен дүйім жұртты таңдандырып, Шығыстың сәулетшілік өнерінде ерекше орын алады [20]. 
Жалпы, бүгінгі таңда елімізде тарихты жаңаша көзқараспен зерттеуде талпыныстардың, жаңа бағыттың бар екенін айтуымыз керек. Бұл тәуелсіздіктің басты жемісі. Осы тұрғыдан алғанда, тарихи тұлғаның ұлт тарихындағы рөлін есте қалдыру мақсатындағы жұмыстардың белсенді түрде жүріп жатқанын байқаймыз. Әжібай батырдың атында Алматы қаласында көшенің аты, туған жерінде мешітінің аты, өзі қаздырған канал, тоғанның басында ескерткіш қойылса, оның сүйген жарының атында «Әулие Тұмарша ана» бұлағы маңайында да ескерткіш белгі орнатылған. Қазақстанда ХVIII ғасырда елін қорғаған батырлар жөнінде ел аузында тараған деректер жеткілікті. Сонымен қатар, осы кезеңдегі батырларға қатысты «Өтеген, сен су астында қаласың. Райымбек, сен шу астында қаласың, ал Әжібай, сен Түркістанға барасың» деген тәмсіл сөз ақиқатты меңзегенін байқатады. Өтеген батыр шындығында Қапшағай көлі орналасқан жерде жерленсе, Райымбек батыр Жібек жолы бойында Алматы орталығында жерленген. Ол туралы тарихи жазба деректерде оны жоққа шығармайды [21]. Әжібай батыр Найманбайұлының бүкіл түркі дүниесі құрметтейтіндей киелі жерде орын тебуі оның қазақтың бекзадалық рыцарьлық қасиетін бағалауының белгісі деп білеміз.
 Әжібай Найманбайұлының сүйегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерлену себепті, ұрпақтары киелі жерге келіп, батыр бабаларын еске алып, құран оқып, ас беріп тұрған. Оны күні бүгінге дейін жалғастырып келеді. Сонымен қатар Түрген шатқалында Әжібай Найманбайұлы бастап қаздырған тоғанның басында ұрпақтары батыр рухына тағзым ету үшін бас қосып, жыл сайын құран оқытуды борыш санайды. 2024 жылдың 18-19 мамыр күндері Әжібай Найманбайұлына арналған басқосуды батырдың ізін қуған Жалбы баласының ұрпақтары ұйымдастырып, атап өтті. Қоғам мен билік арасындағы диалогтың тарихи сананы жаңғыртудағы атқарып жатқан орасан зор ролін айтуымыз керек. Кейінгі кездері «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттен» «Әділетті мемлекетке» барар жолда осындай игі іс-шаралардың болуы заңды нәрсе. Тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде-ақ тарихтағы ақтаңдақтарды қалпына келтіруге байланысты іргелі жұмыстар жасалды. Атап айтар болсақ, республикалық баспасөзде «Қазақтың рухы жаңғырды» атты мақала жарық көрді [22]. Мақалада кесенеде сақталған құлпытастардың тізімі берілді. Сол тізімдегі 58 нөмірде Әжібай батыр деп көрсетілген. Осыған орай, Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңайына жерленген игі жақсылар тізімдемесіндегі әруақтарды қайта жерлеу рәсіміне Әжібай Найманбайұлы ұрпақтарынан құралған делегация арнайы ас беріп, ресми құран оқып қайта жерлеу рәсіміне барып қайтты. 
Батыс ғалымдары жалпы өркениет мәселесін талдауда қоғамды үш түрлі сатыға бөліп қарайды. Алғашқы, яғни жоғарғы сатыдағыларға діндар адамдарды, екінші орта сатыдағылар ретінде әскерилерді – рыцарьларды, ал соңғы үшінші сатыдағыларға қара халықты немесе бұқараны жатқызады. Қара халық немесе бұқара әр қилы, аралас болса, діндарлар жасы ұлғайған, ақыл тоқтатқан адамдардан тұрады, ал рыцарьлық қасиет жалындап тұрған жастарға тән. Осы сатыдағы адамдардың ішіндегі рыцарьлардың ғұмыры ең қысқасы. Жалпы, еркіндік, жасампаздық, жауапкершілік, шешім қабылдаушылық қасиеті бар адамның бойындағы ар-ұяты жасы ұлғайғанда оянары хақ. Сол қасиет оянған сәттен бастап оның бойына тыныштық бермей, қоғамға халыққа, бұқараға қызмет істеуге итермелейді. Бұл адам психологиясының даму заңдылығы. Осы заңдылықтың негізінде рыцарь болып қалыптасқан тұлға осы миссияны өзіне жүк ретінде алады. Елі мен жері және ұлты үшін күрескен нағыз рыцарь болып қалыптасқан тұлғалар ғана жалпы бұқара көтере алмайтын жауапкершілікті жеке өз мойнына ала алады. Содан бұқара оның соңына ереді. Тіпті оны пір тұтып, атын ардақтайды. Ал ондайға көтеріле алмағандар керісінше, олар жауапкершілікке дайын емес болғандықтан (соғыста адам қанын төккендігі маза бермей) рыцарьлықтан безіп қарапайым бұқара ішіне еніп, көптің біріне айналады. Осы тұрғыдан алғанда да Әжібай Найманбайұлы бейбіт өмірде, жасы ұлғайған кездің өзінде нағыз рыцарьларға тән қасиетімен көрінген. Белгілі бір аймақ деңгейінде аты ұранға айналған. 
Түркілік кезеңнен келе жатқан әлеуметтік категория ретіндегі батыр ұғымы көшпелі елдің тарихи жағдайларына байланысты эволюцияны басынан кешірді. Мәселен, жаугершілік заманда сыртқы елдердің басқыншылығынан Отанды қорғайтын да осы батырлар болған. Атап айтсақ, батырлар институты XVIII ғасырда өте жақсы қалыптасқан және ұйымдасқан әлеуметтік топты құрады. Оған әсер еткен сол кездегі Отан қорғау шайқастары болды [23]. Осы батырлар арасынан ерекшеленген тұлғалардың да болғандығын және олар туралы ғылыми-зерттеулердің аздығын ескеріп, әлемдік тарихнаманы талдап және архив материалдарымен толықтырып жүйелі зерттеулерді жүзеге асыру қажет. Рыцарьлар мен самурайлар дәуірі өтсе де, самурайлардың рыцарьлық жалпы бекзадалық этикасы мен ар-намыс кодексі біздің заманымызда, заманауи техника мен прогрессивті ойлау дәуірінде өзектілігін жойған жоқ. Біздер үшін осы күнге дейін рыцарьлар мен самурайлардың жалпы бекзадалықтың мінез-құлқы, олардың идеалдары мен дүниетанымы іс-әрекеттердің дұрыстығы мен бұрыстығын бағалаудың стандарты болып қала береді. Тарихи сананы жаңғыртуда ескі идеологемалардан бас тартып ұлт тарихын жасауда тәуелсіз елге тән «жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» моделі арқылы төл тарихымызды тың деректер арқылы байытып, сапалы деңгейге көтере отырып объективті бағалау басты міндет болмақ.
Мәселені жалпы түйіндей келе, Әжібай Найманбайұлының соғыстан кейінгі кезеңдегі өмірдерегінен де сол бекзадалыққа, батыстық рыцарьлыққа тән белгілерді байқауға болады. Жалпы бекзада (рыцарь) болып қалыптасқан тұлға өмірдің барысында не абыздыққа, тіпті болмаса қарапайым халық арасына, бұқараға сіңісіп кетеді. Ол туралы жоғарыда айттық. Ол тікелей жауапкершілікке және жеке тұлғалық қасиетке байланысты болмақ. Әжібай Найманбаұлы бейбіт өмірде өзіне жауапкершілік жүгін арқалап, ел игілігіне, өркениетке қызмет жасады. Сондықтан да, Әжібай батыр Найманбайұлы – қазақ даласының рыцары, яғни бекзадасы болып қала бермек.

744 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз