- Таным
- 12 Тамыз, 2024
Қазақ оқулықтары: алғашқы әліппе тарихынан
Ертай БІЛӘЛ, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің қызметкері, алаштанушы, Qyr balasy қоғамдық қоры Б.Сырттанұлы атындағы Алаштану ҒЗО директоры
XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың алғашқы ширегі – қазақ өркениетінің, руханиятының, дүниетанымының өркендеген, гүлденген кезеңі. Бұл кезеңде баспасөз дамыды; жазба әдебиеті өркендеп, жаңа әдебиеттік ағымдар мен бағыттар, жанрлар (роман, повесть, драма) туды; қазақ театр өнерінің өмірге келе бастағаны да осы кез. Қазақ оқымыстылары ғылымның әр алуан саласында қазақша оқу құралдарын жаза бастады. Сайып келгенде, бұл кезеңдегі саяси-әлеуметтік, рухани-ағартушылық үдерістерге себепкер уәж: ғылым мен өнерге ден қойған жаңашыл қазақ оқығандарының әсері, халықтық «оянудың» нәтижелері еді.
Алғашқы әліпбилер мен хрестоматиялардың жазыла бастауы, жәдид үлгісімен оқытатын мектеп-медреселердің ашылуы және басқа ағартушылық үдерістің өркен жаюы қазақ жеріндегі білім мен ғылымға деген сұранысты арттыра түсті. Өйткені мектеп-медреселердегі араб, татар әліпбилері шәкірттердің жәдид әдіспен сауаттануына кедергі келтірді. Онсыз да миссионерлік саясаттың құрбаны болуға таяған ендігі ұрпақтың тағдыры өзге халықтың әліпбиін оқытуға ұласуы қаншама қазақ азаматтарының тілін шұбарлап, жазуын қиындатты. Сол себепті қазақ оқығандарының ендігі мақсаты қазақ әліппелерін жазып, халық арасына тарату болды.
Қазақ әліппелерінің жарық көруі XX ғасырдың алғашқы жылдарына сәйкес келеді. «Жалпы үстіміздегі ғасырдың 10-жылдарынан бастап қазақ қоғамында оқу-ағарту идеясының жандануына байланысты балалардың сауатын ашатын әліппе құралдарын жасау қолға алына бастады. Уфа, Орынбор қалаларының баспаханаларында бірқатар авторлардың (М.Нұрбаев, М.Малдыбаев, З.Ерғалиев, т.б.) қазақша әліппелері жарық көрді, бірақ бұлардың көбі бірер басылымнан артық жарияланбай, кеңінен қолданыс таба алмады» [1, 66-б].
Шынымен де, алғашқы әліппелер бірден халыққа кеңінен тарап, мінсіз оқулыққа айнала қоймаған-ды. Әлі де болса татар, араб, парсы қаріптері аралас әліпбилер кеңінен қолданыс тапты. Десек те, XX ғасырдың басындағы бірінен кейін бірі жарық көрген қазақ әліппелері оқу-ағарту ісінің дамуына үлкен септігін тигізді. «Әліппе» сауат ашудағы бастапқы оқу құралы болғанмен, алғашында дыбыстық жүйеге негізделмей, сөзді ежелеп, жазылу түріне байланыстыра оқыту принципі бойынша жасалды. Сонымен бірге әліппе жасаудың алғашқы тәжірибесі мұғалімдердің өздері құрастырған жеке қолжазбалар түрінде басталды. Немесе дайын нұсқа бойынша жасалды. Қолда бар кітапшаларды сүйемелдеп, оңай оқыту үшін дыбыстың жеке белгілері – «әріп, буындарға» ажыратылды [2, 22-б].
Бүгінгі таңда алғашқы қазақ әліппелерінің зерттелуіндегі өзекті мәселе – хронологиялық, типологиялық зерттеулердің аз болуы, әліпбилердің сапасына байланысты пікірлердің әралуандығы деп ойлаймыз. Алаштанушы ғалым, профессор Ғ.Әнес: «Бәрін бірдей бір тұста үстемелетпей, тек қазақшасына (мұқабасына жазылған) үңілсек, бізге белгілі «Әліппелер» мыналар:
1.Жазуға үйрететін Кенеге. Қазан, 1894.
2.Қазақ Әліппесі. Жазған Зәкария бин Ерғали әл-Ахмеди и-Бәкеуи. Қазан, 1910.
3.Усул сотие тәртібінде қазақша Әліппе. Жазушы Мұхамед Ораз бин Нұрбай Қызылжари.Уфа, 1910.
4.И.Арабаев И., Сәрсекеев Х. Әліфбе йәки төте оқу. Уфа, 1911.
5.Аңдамасов Ж. Қазақша ең жаңа Әліппе. Уфа, 1912.
6.Малдыбаев М. Қазақша ең жаңа Әліппе. Қазан, 1912.
7.Қазақ балаларына жәрдем. Қазақша Әліппе сабағы. Тәртіп етуші Кенжеғали бин Ғабдулла бин Серғали әл-Әлимбети. Қазан, 1913.
Әрине, білгеніміз бір тоғыз, білмейтініміз тоқсан тоғыз. Болашақ зерттеулерде бұл тізім-тізбек ұзара түсіп, небір соңғы мәлімет-деректер қазанымызға олжаланары сөзсіз», – деген пікір білдірсе, тарихшы, ғалым Б.Бердіқожаұлы қазақ әліппесінің бастауы деп алаш қайраткері, педагог Қ.Қожықтың 1912 жылы Орынбор қаласынан жарық көрген «Әліппе» оқулығын қарастырады [3]. «Қоңырқожа Қожықов Перовск, Әндіжан қалаларында, Қарнақ қыстағында жәдиттік мектептер ұйымдастырып, 1912 жылы Орынбор қаласында Фатих Каримовтың баспасынан қазақ мектептеріне арналған тұңғыш «Әліппе» шығарған» [4]. Ал зерттеуші ғалым Қ.Тұрдығазыұлы өзінің «А.Байтұрсыновтың бастауыш мектеп жайлы педагогикалық мұралары» атты еңбегінде: «Ұлт мектептерінде оқуды ана тілінде ұйымдастыруға байланысты, ғасыр басында мәдениеттік оқу орындарда оқитын қазақ, қырғыз, өзбек, т.б. жалпы түркі тілдес халықтың балаларына арналып шығарылған әліппелер пайдаланылды. Мұндай әліппелер: И.Арабаев пен Қ.Сәрсекеевтердің «Әліппе, яки төте оқуы» (Уфа, 1911), Мұхан Ораз Нұрбайұлының, «Қазақша әліппе» (Уфа, 1912), 3.Ерғалиұлының «Қазақ әліппесі» (Қазан, 1910), К.Серғалиннің «Қазақша әліппе кітабы» (Қазан, 1913), Қ.Ғабдуллиннің «Қазақ балаларына жәрдем» (Уфа, 1912 жылы) атты оқулықтар алғашқылар еді», – деп бірқанша әліпбилерді ғана атап өтеді [5].
Зерттеуші А.Қыдыршаев «Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасы» (Алматы, 1995) атты кандидаттық жұмысында да «Қазақша букварь» (Нұрбаев, Уфа, 1910), «Әліппе яки төте оқу» (И.Арабаев, Х.Сәрсекеев, Уфа, 1911), «Қазақша ең жаңа әліппе» (М.Малдыбаев, Қазан, 1912), «Қазақша ең жаңа әліппе» (Ж.Аңдамасов, Уфа, 1912), «Қазақ балаларына жәрдем» (Серғалин Ғ, Қазан, 1913), «Үлкендер үшін әліппе» (Жиюшылар: Ш.Сарыбаев, Е.Қожантаев, Ташкент, 1921), т.б. еңбектер мен бастауыш сыныпқа арналған М.Тәшімовтың «Үгіт», «Әдеп» (Қазан, 1907), «Ақыл кітабы» (Қазан, 1908), М.Дибердиев «Қазақ балаларына қирағат кітабы» (Қазан, 1910), М.Молдабевтың «Қазақша оқу кітабы» (Семей, 1912) секілді оқулықтар дүниеге келді дейді [1, 21-22 бб].
Десек те, Ү.Субханбердина, С.Есова, Д.Сейфуллина [6], Н.Сәбитов [7], Ә.Жиреншин [8], М.Бөжеев, Д.Қазбекова, К.Бегімбаева [29], Ж.Нүсіпқызы [10], Ж.Шалғынбай, Г.Илиясова [11] сынды ғалымдардың библиографиялық еңбектеріне және алғашқы оқулықтар жөніндегі зерттеулер мен Ұлттық кітапхана, Орталық Ғылым академиясындағы сирек қорлармен жұмыс істеу барысында алғашқы қазақ әліппелері ретінде:
1.Нұрбайұлы М. «Қазақша әліппе» (Уфа, 1910 жыл);
2.Зәкәрия Ерғалидың «Қазақ әліппесі» (Қазан, 1910 жыл);
3.Арабайұлы И., Х.Сәрсекей Х. «Әліппе яки төте оқу» (Уфа, 1911 жыл);
4.Медресе «Ғалия» шәкірттерінің «Әліппе яки төте оқыту тәртібі» (Уфа, 1911 жыл);
5. Малдыбайұлы М. «Қазақша ең жаңа әліппе» (Уфа, 1912 жыл);
6.Қожықұлы Қ. «Әліппе» (Орынбор, 1912 жыл);
7.Аңдамасұлы Ж. «Қазақша ең жаңа әліппе» Уфа, 1912 жыл;
8.Ғабдоллаұлы К. «Қазақ балаларына жәрдем» (Қазан, 1913 жыл);
9.А.Байтұрсынұлының «Оқу құралы» (Орынбор, 1912 жыл);
10.Ш.Сарыбайұлы, Е.Құлжантайұлы, Е.Табынбайұлының «Үлкендер үшін әліппе» (Ташкент қаласы, 1921 жыл) атты әліппелері жарық көргенін анықтадық. Сонымен қатар, «Қазақ» газетінің 1913 жылғы №26 санында жарық көрген Аманбай Баубекұлының «Опат» атты жазбасында медресе «Ғалияны» бітіріп, Семей облысы, Зайсан шаһарында ұстаздық етіп жүргенде ауырып опат болған жас мұғалім Махмұт Қасымұлы жазған кітаптардың ішінде «Қазақша әліпби», «Қазақша қирағат кітабы» деген кітаптардың жазылып, бірақ басылмағаны туралы жазады. Демек, алғашқы қазақ әліпбилерінің ішінде баспадан шығып, мектептерде қолданылған болса М.Қасымұлының да еңбегі аталар еді. Әлбетте, сол дәуірде қаншама әліпби жазылып, халық арасына таралмады, жарық көрмеді. Қолжазба күйінде қалды. Қазақ әліппелері тарихында мұндай оқулықтар жетерлік...
Алғашқы қазақ әліпбилері
(1910-1922 жж.)
Біз зерттеуімізде алғашқы әліппелер жарық көрген 1910 жылдан 1922 жылға дейінгі шыққан оқулықтарды ғана қарастырдық. Өйткені 1910 жылға дейін жарық көрген оқулықтардың басылуының жүйелі негізі, әдістемесі қалыптаса қоймаған еді. Тек қана әліпбилер, хрестоматиялар, діни оқулықтар басылып, ғылымның санаулы саласында ғана оқулықтар жарық көрді. Ал 1922 жылдан бастап қана түрлі саладағы оқу-әдістемелік құралдар, әдеби кітаптар шыға бастайды. Оған себеп – 1921 жылы Ташкентте алаш қайраткері, көсемсөз шебері И.Тоқтыбайұлының мұрындық болуымен құрылып, 1922 жылы жұмысын бастаған жергілікті халықтың оқу-ағарту ісімен шұғылданған ұйым – «Қазақ-қырғыз білім комиссиясы» еді. 1922 жылдан комиссияның төрағасы болып алаш қайраткері, дәрігер, энциклопедист ғалым Халел Досмұхамедұлы сайланады. Комиссия құрылуының нәтижесінде Ташкент қаласында «Сана» журналы жарық көріп, «Талап» қоғам құрылады. Ал сонымен бірдей уақытта қазақ жерінде А.Байтұрсынұлының төрағалығымен құрылған білім комиссиясының құрамына кірген М.Жұмабай, Т.Шонанұлы, Е.Омарұлы, Б.Сәрсенұлы сынды алаш қайраткерлері жүйелі түрде оқулықтар шығарумен айналыса бастайды. Аталған білім комиссияларының негізгі мақсаты – ұлттық мектептер үшін ғылыми және көркем әдебиеттер шығару болғандықтан, осы жылдан бастап алғашқы қазақ оқулықтарының екінші кезеңі, жаңа деңгейі өріс алады. Әйтпесе, 1922 жылдан кейін: Нәзір Төреқұл, Телжан Шонанұлы, Ахмет Байтұрсынұлының (1923, 1924, 1924, 1925, 1926, 1927, 1928 ж.ж), сонымен қатар, 1940 жылға (кириллицаға дейін) жарық көрген латын қарпіндегі әліпбилерді де қарастыруға болар еді.
Алғашқы қазақ әліпбилерінің аймақтық шығу картасы
(1910-1922 жж.)
Сонымен, XX ғасырдың басында ең алғашқы әліппе – 1910 жылы, Уфа қаласында усул саутия тәртібінде жарық көрген Мұхамедораз Нұрбайдың «Қазақша әліппе» атты оқулығы еді. Аталмыш әліпби бүгінгі таңда қазіргі қаріпке түспегеннен кейін ғалымдардың зерттеу нысанына айналмай жүр.
Мұхамедораз Нұрбай туралы деректер «Қазақ», «Айқап» басылымдарында көп кездеседі. Мәселен, «Қазақ» газетінің 1913 жылы шыққан №11 санында Мұхамедораз Нұрбай Қызылжар қаласындағы мектеп-медреселердің салынуы туралы:
«Қызылжар қаласында бір махалледей қазақ бар. Көптен мешіт-медресе салуға ойлары болса да, реті келмей жүр еді. Мешіт-медресеге шаһар ақшасыз жер де беріп еді. Мұндағы қазақтар үш жылдан бері балаларын пәтер жалдап оқытты. Мектепте еркек, әйел аралас 40-50-леп жаңа тәртіппен балалар оқиды. Емтиханы жыл сайын майдың басында болады. Мектептің өз жұрты жоқтығы қиын еді, осы күні Баймұхамед Майкөтов һәм Өтеш Жарасов деген кісілер бірігіп мектеп салдырып жатыр, апрельдің аяғында бітсе керек», – деп хабарлайды [12, 135-б].
Мұхамедораз Нұрбайдың «Қазақша әліппе» атты оқулығының алғысөзінде автор былай деп жазады:
«Алла Тағала хазіретлеріне хәмәд уа Мұхамед Мұстафа пайғамбарымызға с.ғ.с. салауат соңында миләтімізге бү күчүк тағзым етіп әліппеміз хақында бір-екі сөз сөйлеуді мүнәсіп көрдім.
Бұ заманларда уа отандастарымыз болған ноғай ағайындар уа басқа әһіл ислам болсын баршасы жеңіл уә әсән жолменен балалары үшін өз тілдерінде әліппе кітапларын тәртіп қылып балаларына оқытып, күнбе-күн пайдаланып бір адым болса да ілгері аяқ басып жатыр. Бұ уақытта біздің барша қазақ халқы өзіміздің саф тілімізде болған бір алифбаға ғайат мұхтажлығымыз һәммәңізге мағлұмдүр. Уа оқу оқытқанша балаларға оқу үшін өз тіллерінде бір кітап болмауына дәйім тәсіфте жүруші едім. Бинәән алайһи енді һижраның 1328 жылында Стамбул шаһарының буйүк уа жоғарғы медрелеселерінде тахсилді тәмам еткен уа һәмда көп тәжірбиелер көрген бір зат ғалидан үшбу жеңіл тәртіпте оқыту усулун көру шәріфіне наил болып өзіміздің көп тәжірбие уә тафтишлеріміз бәдінде саф уа ашық тілімізде балаларға оқыту уә жазу үшін бұ әліппе кітап тәртіп етіліп шығаруға муаффақ олдым. Уа билләһи әт-тауфиқ.
Мұхамед ораз бин Нұрбай. Қызылжари» [13, 1-б]. Аңғарғанымыздай, аталмыш әліппенің жарық көруіндегі әуелгі себеп – өзге бауырлас халықтардағыдай қазақтарда әліппелердің болмауы, білім жолында олардың артта қалуы еді. Ал «Қазақша әліппе» оқулығы автордың өзі жазғанындай Стамбул шаһарындағы әліппе тәжірибесінің үлгісімен жарық көрген сыңайлы.
«Қазақша әліппе» туралы «Айқап» журналының 1911 жылғы №8 санында «жылқышы табын шәкірт Сүлеймани» есімді автор: «Мұхамед Ораз Нұрбаев жазып шығарған «Қазақша Алифбасының» сөз басында айтады: «Бұ уақытта біздің барша қазақ халқы өзіміздің саф тілімізде болған алифбаға ғайат мұқтажбыз, сол себепті көп тәжірибе, тафтишлер бұдан да балаларға оқыту, жазу үшін бұ алифба кітабын тәртіп етіп шығаруға мауфиқ болдым» деп. М.Нұрбаевтың «саф тілімізде болған алифбаға ғайат мұқтажмыз» дегені дұрыс болса да, «көп тәжірибелер бағытына да саф ашық тілімізде тәртіп еттім» дегені асырақ айтқандай көрінеді. Кітабындағы қаталарды санап түгелдеу мүмкін болмаса да, бағыз бір жерлерін, сөзімді қуаттау үшін айтып отырмын.
Тәртіп етуші мырза 5-ші «Б» хәріпті көрсетілген дәрісінде «таб, тебір» деген сөздерді жазады. Өзі «Т» хәріпін 6-шы дәрісте көрсеткен. 14-ші, 15-ші «Ғ», «К» әріптері көрсетілген дәрістерде «адамдарға, сәлем, мініп» деген сөздерді жазады. Әмма «М» әріпі 16-шы дәрісте көрсетілген һәм «АЖ, БАЖ, БАК, ТАК, БАП, Олпақ» секілді ғұмырымызда естілмеген сөздер бек көп, орынсыз қойылған әліптер де көп. Мәселен, «адам, дәріс» деп жазылған осындай қаталары бар кітапта «тафтиш, тәжірибе бағытында саф тіліміздегілердің» қанша орны бар?
Біздің білуімізше, «Алифбаларымыз бұл сипатта жазылмай, бәлки һәр дәрістегі жазылған сөз балаларға көрсетіліп таныстырылған хәріптерде жиылып жазылған сөз болу керек. Оқылмаған, көрсетілмеген хәріптер ол дәріске қосу тиіс емес. Жазудың емлесі де ығтибарға алынып, кітапқа жазылған сөздердің де мағыналы сөздер болуы балалардың зейініне лайық білімдер, пайдалы насихаттар болуы тиіс болса керек…», – деп әліппенің бірмұнша кемшіліктерін көрсетеді [14, 339-б].
Десек те, бүгінгі таңдағы көзқараспен қарасақ, әліпбидің кемшілігі жазылу формасында деп ойлаймыз. Өйткені әліпбидегі көптеген сөздер татар, парсы, араб, өзбек тілдерінен енген.
«Қазақша әліппе» еңбегінің алғашқы бөлімінде шәкірттерге әріптер үйретсе, екінші бөлімде құран сүрелері, ал үшінші бөлімінде түрлі тақырыптағы қирағат (оқыту) мәтіндері берілген.
1.Алла. 2.Ата. 3.Ата-апа. 4.Ұстаз уә мола. 5.Оқу-үйрену. 6.Сана-жыл. 7.Қазақша ай аттары.
Мәселен, «Ата-апа» атты мәтінде шәкіртті ананы құрметтеуге шақырса, «Қазақша ай аттары» атты мәтінде оқушыларға қазақша ай аттарын үйретеді. Сөзіміз дәлелді болуы үшін оқулықтағы «Ата-апа» атты мәтінді қазіргі қаріпке түсірген едік:
«Баршамыздың дүниеге келуімізге себепші болған анамыз (уа апамыз). Кішкенемізде түн ұйқысын төрт бөліп, ұйықтамай емізген, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай асыраған ана (уә апамыз), аталарымыздың тауып әкелген нәрсесін ұқсатып киім тігіп, кидірген. Аш болмасын деп ас пісіріп, жегізген, сусамасын деп сусын берген анамыз (уа апаларымыз). Енді мұнша машахатпенен тәрбие қылған аналарымызды ренжітпей айтқан сөзін ұстап құрмет қылу баршамызға лайықтар» [13, 29-б].
Жалпы алғанда Мұхамедораз Нұрбайдың «Қазақша әліппесі» XX ғасыр басындағы алғашқы қазақ әліппесінің бірі болуымен қатар, одан кейінгі шыққан қазақ әліппелеріне үлгі болды.
«Мұхамеддия» татар медресесінің түлегі, ағартушы, публицист, 21 жасында «Қазақ әліппесі» оқулығын жазған Зәкәрия Ерғали туралы деректер көп емес-ті. Өз дәуірінде Ғұмар Қараш, Ғабдол-Ғазиз Мұсағали, Мұстафа Көкебай, Халел Есенбайлармен қатар, «Дұрыстық жолы», «Хабар-Известия» және «Киргизская правда» газеттерінде еңбек еткен тұлғаның ғұмыры мен шығармашылығы бүгінгі таңға дейін толық зерттелмеген. Десек те, тарихшы Ернар Ұстағалидың «Алғашқы әліппе авторларының бірі» атты көлемді мақаласындағы зерттеуші З.Тұрарбековтің пікірі әліппе туралы біршама деректер берген-ді. «Ғалымның жазуынша, «Қазақ әліппесі» араб әрпімен жазылған. Кітаптың алғашқы 30 сабағы араб әріптерінің жазылу тәртібін түсіндіруге арналған. Одан кейінгі сабақтар оқушыларға білім, өнер, тұрмыс мәселелерінен, ғылым салаларынан алғашқы мәліметтер беретін мақала, әңгіме түрінде берілген. Мысалы, «Балаларға біраз насихат» деген ғақлияда шәкіртті жалқаулықтан арылып, білім кәусарынан сусындауға шақырады. Келесі бір мақала тарих ғылымының мән-маңызын түсіндіреді. Тағы бір мақалада жыл, ай аттары, бір айдағы тәулік саны, мүшел жылдарын санау тәртібі баяндалған. Оқу құралы тек жалпы сауаттылықты үйретуге ғана бағытталмаған, онда тәлім-тәрбие негіздері, еңбекке баулу, ғибратты әңгімелер, мәдени және тарихи таным негіздері, ғылымның түрлі салалары туралы мәліметтер кеңінен қамтылған. Зәкәрия Ерғалиевтің «Қазақ әліппесі» талай ауыл жеткіншектерінің сауатын ашқан білім кәусарына айналғаны сөзсіз», – деп жазады [15].
1911 жылы Уфа қаласында Ишанғали Арабай мен Хафиз Сәрсекейдің «Әліппе яки төте оқу» атты оқулығы жарық көреді. Оқулықтың мұқабасында: «Қазақ-қырғыз балалары үшін усул саутия иле жазылған» [16,1]. Бұл әліпби қос бірдей тұлғаның Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде оқып жүргенде жазған еңбегі. Алаштанушы ғалым, академик Дихан Қамзабекұлы «Алаш және әдебиет» атты монографиясында: «Мұны И.Арабайұлы мен Х.Сәрсекеұлы құрастырса да, аталған еңбек «Ғалияның» қазақ-қырғыз шәкiрттерiне ортақ дей аламыз. «Әлiппе, яки төте оқу» – тiл, әдебиет, тарих, этика, практикалық арифметика, шетел тiлi (араб) мәселелерiн арқау еткен қазақ-қырғыз тiлiндегi алғашқы жәдит оқулығы едi. Осы оқулықтың мақсатын iске асыру барысында «Садақ» журналы дүниеге келдi деп есептеймiз», – деп жоғары баға береді [17]. Расымен де Хафиз Сәрсекей қазақ болғанымен де, Ишанғали Арабай қырғыз ұлтынан. Алайда аталмыш әліпби қазақ-қырғыз шәкірттері үшін жазылғандықтан, оқулықты қазақ-қырғыз әліпбилерінің ішіндегі алғашқысы деп есептей аламыз. «Әліппе яки төте оқу» әліпбиі 47 дәрістен тұрады. Әр дәрісте оқушы әртүрлі әріп пен оқу мәтіндерімен таныс болады. Мәселен, оқулықтың алғашқы бөлімі шәкірттерге әріптерді үйретуге арналса, одан кейінде әңгіме, зат, сан атаулары, ай есімдері, ертегі, мысалдар берілген.
Аталмыш оқулық: «Үй саймандары», «Малдар аты», «Жерден өскен нәрселер», «Жер аттары», «Құс аттары», «Жаман бала», «Ертегі», «Төлеген мен Нұрман», «Бақа мен тышқан», «Қомағай ит», «Ат пен есек», «Екі лақ», «Білгенді кісіден сұрама», «Қозы мен қасқыр», «Екі шыбын», «Өтірікші», «Шал мен өлім», «Еріншек бала», «Оқу үйрену», «Ата-ана турасындағы бір-екі сөз», «Жақсы болар бала жасынан-ақ белгілі», «Балалардың туғаннан өсуі», «Иман», «Қазақша ай есімдері», «Қырғызша ай есімдері», «Жаз айлары», «Күз айлары», «Қыс айлары» деген оқу мәтіндерінен тұрады.
1912 жылы бізге белгілі 3 әліпби жарық көреді. Бірі – А.Байтұрсынұлының «Оқу құралы» (Орынбор қаласы, 1912 жыл), екіншісі – Қ.Қожықұлының «Әліппесі» (Орынбор, 1912 жыл), үшіншісі – М.Малдыбайұлының «Қазақша ең жаңа әліппе» (Уфа қаласы, 1912 жыл) оқулықтары еді.
М.Малдыбайұлының «Қазақша ең жаңа әліппе» еңбегі А.Аңдамасовтың таратуымен Семипалатинск қаласында жарық көрген. Кітаптың халық арасына таратылуы туралы ақпарат «Қазақ» газетінің 1913 жылғы №17 санында М.Малдыбайдың шағын жарнама хабарында берілген: «Қазақша ең жаңа әліппе» һәм «Қазақша оқу» деген кітаптарды сұраған мырзаларға адрес мынау: Семипалат. «Жәрдем» кітап магазині» [12, 210-б].
Әліппенің алғашқы бөлімінде 28 әріп оқытылса, екінші бөлімде әріптерді жазғандағы «Жазу реті» беріледі. Ал үшінші бөлім оқу мәтіндерінен (қирағат) тұрады.
Оқу мәтіндері: «Замандар (уақыттар) мезгілі», «Жыл айлары», «Аққу, шортан һәм шаян», «Ешкі иле түлкі», «Мысық пен егеу» [18, 21-24 бб].
Әліппенің соңғы бетінде автордың білім, ғылым жолына түскен шәкірттерге арналған ескертуі беріледі:
«Балалар, сіздер бұл әліппені оқып бітірдіңіз, бұнан соң өздеріңіз жаза аласыз, басқалардың жазғанын танисыз, ата-аналарыңыздың айтқан сөздерін де жазуға болдыра аласыз, бұнан кейін тағы да қызықты кітаптар оқисыз, ол кітап қазақ тілінде оқу тілі болып түрлі-түрлі қызықты әңгімелер бар, онан басқа да керек кітаптар оқырсыз. Бірақ жалқау болмаңыз, жалқау кісі екі дүниеде бақытсыз, сорлы болады» [17, 24-б].
Ал «Қазақ» газетінің 1913 жылғы №10 санында мұғалім Ғабдолла Дүйсебаевтің «Танқид. Қазақша ең жаңа әліпби» атты сыны жарияланады:
«Бұл кітаптың орасан ретсіздіктері мыналар:
1) 7-дәрісте «ол» деген сөзді жазады, «о» 10-дәрісте жазылған.
2) 8-дәрісте «сабан» деген сөзді жазады, «н» 9-дәрісте жазылған.
3) 8-дәрісте «сағыз» деген сөзді жазады, «ғ» 15-дәрісте тұр.
4) 8-9-дәрісте «сазалы», «саналы» сөздері бар, «ы» 11-дәрісте тұр.
5) 14, 18, 21, 22, 23-дәрістерде «тәж, қанатымын, тыс, үсті, таза, тегіс, сатар, тату, атаңыз, тағы, айтады» сөздерден жазады. «Т» 24-дәрісте көрсетілген.
6) 16, 20-дәрістерде «қас, ескі, жақсы» сөздерден жазады. «С» 21-дәрістерде көрсетілген.
7) 21-дәрісте «сегіз» сөзі тұр. «Г» 22-дәрісте көрсетілген.
8) 22-дәрісте «тыңдап» деген сөзді жазады. «Т» һәм «ң» балаларға тіпті жат.
Осы орасан ретсіздіктер бұл әліппені балаларға алып оқытуға бөгет болады. Кітап жазушылар жазатын топшыларын миларында тоқып, ақыл таразысына салып, өлшеп, қағаз бетіне сонан соң түсірсе өздеріне де, оқушыларға да зиян болмас еді» [19, 261-б].
Алаштанушы ғалым Е.Тоқтарбай «Алаш қайраткері Мұстақым Малдыбайдың тұлғасы» атты мақаласында тұлғаның ғұмыры мен шығармашылығы жөнінен мол ақпарат береді. «1909-1912 жылдары Қарағаш қаласындағы «Мамания» мектебінде оқытушы, кейіннен оқу бөлімінің меңгерушісі, соңғы жылы мектеп директоры қызметін атқарыпты. Алаш қайраткері, азаттық жаршысы Барлыбек Сырттанұлының ұсыныс-тілегін қабыл алып, Жетісуға оқу-ағарту ісімен айналысу үшін һәм білім, иман дәнегін себу үшін келіскен екен. Уфадағы «Ғалия» медресесін тәмамдаған Сарыарқаның тумасы. «Мамания» мектебіне қатысты тарихи құжаттарды ақтарғанда, бұл кісі «Хадис», «Усули хадис. Хадисті түсіну», «Фикх», «Сиярат-Нәби», «Араб тілі. Морфология», «Түркі тілдері», «Орыс тілі» пәндерінен оқушыларға дәріс оқыған екен. ХХ ғасырдың 1905-1910 жылдар аралығында қазақ тілінде жазылған оқулық болмаған-ды. Мұғалімдер мектептерде амалсыз татар, башқұрт тілдерінде жазылған кітаптарды оқытуға мәжбүр болған» [18, 93-б].
Қ.Қожықтың 1912 жылы жарық көрген «Әліппе» еңбегінің мұқабасында авторды: «Жафар қожа Қарнақда хукумет мактабының учителі Перовскийлік Қоңыр қожа Ходжиков» деп таныстырған [20, 189-б]. Ал Қ.Қожықтың «Әліппе» еңбегі Орынбор қаласындағы Каримов, Хусейинов» баспасында басылып шығады.
Әліппенің жазылуының себебін автор «мұққаддима», яғни «кіріспе» бөлімінде: «Біздің қазақ балалары мектепте аз болса екі жыл, үш жыл, ұзаса одан да көп оқып зордан хат танып, қағаз жазатын болып шығадылар. Бәлки көбіне бұ да жоқ, өздеріңізге қашаннан мағлұм сыр-дүр. Мұның себебі не-дүр? Мұның себебі бұ уақытқа ше қазақтың өз тілінде сауат мектептеріне махсус [арнайы] жазылған алифба кітаптың болмағандығы. Һәр істің өзіне ылайық аспап-сайманы болмаса, бола ма? Жарақсыз барып жау аларға мүмкін бе? Қолдарында қазақша сауат кітаптары болмаса, қазақша жазуды балаларға моллалар не қылып тез үйретер?
Жас балалардың мектептен қашып, кітаптарын жыртып, жерге көміп, һәлек-шәлек болып жүретіні кімге мәлім емес? Оның үшін сіздерге жәрдемші болғай деп үшбу Алифбаны қазақ тілінде төте оқу етіп шығардық. Құда қаласа өздеріңіз көрерсіздер, ішінде дінге нұқсан инша Аллаһ не сөз, не пікір жоқ. Жас балалар жалықбасынлар, оқыған сайын қызыға берсінлер деп Алифбамыздың аяғында жас балалардың өздерінің бойына һәм ойына ылайық түсінуге оңай өлең уа ертегі сөздерді жаздық», – деп көрсетеді [20, 191-б].
Қ.Қожықтың «Әліппе» оқулығының мазмұндық сипатына байланысты автор: «Бұ алифба екі қисымға [бөлімге] бөлінеді. Әуелгі қисымында қазақ алифбасы жазылды, екінші қисымында Құран алифбасы жазылды. Қазақ алифбасын шыққан соң Құран алифбасына түсірмек керек балаларны. Бұ екі алифба арқылы баспа хатты жөнекей танитын болған соң балаларны қазақ қирағаты мен Құран қирағатына қатар салып мактаб Ал-қазақтың екінші кітабы менен Һәфтияк Шарифні оқыту керек. Балалар күнде бір сабақтан алып тұрса, инша Аллаһ үш айда күллі Алифбаны тәмам қылып, хатға түсініп қалсалар керек…» [20, 195-б] деп жазады.
«Әліппе» оқулығында 26 оқу мәтіні берілген. Олардың ішінде: өлең, әңгіме, мысалдар, тұрмыстық атаулар, адамның дене мүшелері мен жыл, ай, күн, жұлдыз атауларына байланысты мәтіндер бар.
Әліппедегі мәтіндердің атауларына тоқталып өтсек: «Адамның мүшелері, «Киім-кешек», «Қара үй», «Мал», «Төрт түлік малдың пайдасы, «Жылқы», «Ала тай», «Егегіс», «Өтірікші», «Ит һәм қасқыр», «Түлкі мен ешкі», «Түлкі мен қасқыр», «Сауысқан мен қарға», «Қарға мен құрбақа», «Біздің үйдің іші», «Мектепхана», «Оқу», «Жақсы бала», «Ауыл», «Қазақ», «Жылдардың аты», «Жұлдыздардың аты», «Күндердің аты», «Атаның сәлем хаты», «Шәкірт баланың өлеңі», «Орыс патшалығы», «Орыстардың патшасы хақында оқитын мінәжаттары» [20, 270-301 бб].
Алғашқы қазақ әліппелерінің XX ғасырдың алғашқы он жылдығында жарық көруі – халықты сауатты етуімен бірге ұлттық сананы да оята білді. Тек медреседен ғана қара танитын қазақ балалары усул жәдид тәртібіндегі қазақ мектептерінен білім алып, шет елдердегі білім ошақтарынан дүние ілімін игере бастады. Сөз жоқ, аталмыш әліппелер мінсіз болмады. Әр әліпбидің әдістемелік, мазмұндық тұрғыдан кемшіліктері болды. Әлі де болса өзгере қоймаған татар, ноғай, араб, парсы сөздерінің көп болуы әліпбилердің әдістемелік сипатын қиындата түсті. Ал мұның ақыры – қазақ сөздерінің фонетикалық тұрғыдан өзгертіліп, сан ғасырлар дәстүр жалғастығын сақтап келе жатқан қазақи танымның да ұмытылуына әкеле жаздады. Десек те, алғашқы қазақ әліпбилерінің пайда болуының өзі одан кейінгі шыққан оқулықтарға жолбасшы, үлгі болды.
Мәселен, 1912 жылы Орынбор қаласында шыққан А.Байтұрсынұлының «Оқу құралы» атты қазақша әліпбиі бұған дейінгі әліпбилерге қарағанда мазмұндық, әдістемелік сипаты әлдеқайда соны еді. Аталмыш әліпби туралы алаш қайраткері, ағартушы Т.Шонанұлы: «Бұған дейін бізде өз әліппеміз болған емес, дүмше молдалар әліппе жасай алмай, балаларды «әліп-би» шартымен қағаз жүзінде оқытса, ал миссионерлер Васильев, Алекторов, Рожинский және басқалар қазақ әліппесін орыс транскрипциясымен берді», – деп те жазды [21]. Ал «Қазақ» газетінің 1913 жылғы №43 санында жарияланған мұғалім Әли Бегалиевтің «Емле хақында» атты мақаласында да А.Байтұрсынұлының жасаған «төте оқуының» мазмұндық сипатын жоғары бағалап, оған дейінгі әліпбилердің кемшілігін баса көрсетеді: «Төте оқудың» жолы – балалардың басын қатырмайтын шырғалды болмау, алусыз-қағусыз, даңғыл болу керек. Балалар қазақ ауызымен сөйлегенде кітабы әлдекімнің ауызымен балалардың құлақтары естімеген дыбыс шығарып тұрса дым қызықты болмайды ғой! Бізше «төте оқу», орысша «звуковой метод» дегендерінің де түп сағасы мынау емес пе. Бір халықтың ауызы не формада сөйлесе, ол халықтың жазуы да сол қалыпта болмақ. Бұған қарағанда Ахмет Байтұрсыновқа шейін шығарғандардың «төте оқулары» төте емес, қисық оқу дегім келеді. Неге десеңіз – ол «төтелерде» қазақ ауызынан шығатын һәр дыбысқа айырым белгілері түгел жоқ, зиярет салып қараған мұғалім ақылдылар «төтедегі» өзге кемшіліктерді де көрмей қалмас.
A.Б.-ның алифбиі тұрғанда өзге алифбилерді (қазіргі барлары) мектеп босағаларын аттату – миллет атына жинайат (күнә) болар. Бұ айтқандарым құры сөз емес, бәлки өзім сонымен оқытып, өзімше сынап айтып отырмын» [19, 526-б]. Сондықтан да біздің ойымызша, А.Байтұрсынұлы өзіне дейінгі әліппелерден үлгі алып, қазақтың танымына сай, ұлттық әліппені жасады. Оны «төте жазу» деп атап, «Қазақ» газеті және басылым көрген кітаптары арқылы халық арасына таратты.
А.Байтұрсынұлының 1912 жылы жарық көрген «Оқу құралы» әліпбиінің мұқабасында:
«Балалар! Бұ жол басы даналыққа.
Келіңдер, түсіп, байқап қаралық та!
Бұ жолмен бара жатқан өзіңдей көп,
Соларды көре тұра қалалық па?
Даналық – өшпес жарық, кетпес байлық,
Жүріңдер, іздеп тауып алалық та!», – деп жазып, «А.Б.» инициалымен қол қойған [22, 5-б].
Оқулықтың алғашқы бөлімінде әріптердің жазылуы мен оқылуы үйретілсе, одан кейінгі бөлімде оқу мәтіндері беріледі. «Туысқан-туған ілікдес», «Киімдер», «Ойын-ойыншықтар», «Тамақтар-сусындар», «Дене мүшелері», «Үй саймандары», «Ыдыс-айақ», «Малдар аты», «Малдан басқа төрт айақтылар», «Құстар», «Бақа-шайан», «Құрт-құмырсқа», «Жер түгінің аттары», «Жер жүзінің аттары», «Сан», «Жаңылтпаш», «Жұмбақ», «Мақалдар», «Біздің үй», «Мен қалай оқуға бардым», «Өтірік өлеңдер», «Шын өлеңдер» атты мәтіндерден тұрады [23, 17-22 бб.].
Өз заманында А.Байтұрсынұлының «Оқу құралы» оқығандар мен халық арасында жоғары бағаға ие болған. Мәселен, «Қазақ» газетінің 1913 жылғы №40 санында жарияланған «Құрметті Ғабдолла Шоқайұғлы» атты мақалада «Оқу құрал» еңбегінің, Ахаң жасаған ұлттық әліпбидің бұған дейінгі әліпбилерге қарағанда озық екенін айтады: «Енді не қылармыз деп тұрғанда Ахмет Байтұрсынов бірнеше «Оқу құралы» деген кітаптар шығарды. Алдыңғы айтылып өткен алифбилердегі болған кем-кетік осы оқу құралдарында бітелген: бірінші, бұл кітаптар қазақтың жалпақ тілімен жазылған, сондықтан қазақ балалары тез түсінерлік оңай. Екінші, мүмкін қадыр бір хәріпке екінші хәріпті қосқан уақытта бір мағыналы сөз шығарылып жазылған. Үшінші, «Байаншы» деген кітап қосқан. Бұл кітапта «Оқу құралымен» қалай пайдалану, баланы қалай оқыту һәм жаздыру керек екендігі көрсетілген. Шу дегенде көпке бірдей жазу оңай емес. Сондықтан A.Б.-ның алифбисін ұнатпайтын да кісілер бар шығар, сонда да олардың қолдарында да осы жолмен оқытуға керек деп ұстап тұрған мінсіз кітаптары болуы қиын болар.
Көп сөзден бір сөз, біздің ойымызша қолдағы оқу құралдарының тәуірі A.Б.-ның алифбисі, осымен балаларды оқыталық, ең болғанда қазақ өз тілін өзі түсінеді ғой. Мұнан кейінгі шыққан кітаптарды кезінде көрерміз» [19, 490 б].
1913 жылы алаш қайраткері, ақын, ағартушы К.Ғабдоллаұлының Қазан қаласында «Қазақ балалаларына жәрдем» атты XX ғасыр басындағы тұңғыш суретті әліпбиі жарық көрді. Ұлттық кітапхананың сирек қорындағы деректерге сүйенсек, аталмыш әліппе 1913 жылы екі түрлі (суретті, суретсіз) нұсқада басылып шыққан сыңайлы. Бірақ екі нұсқадағы мәліметтер бірдей, мәтіндер мен тапсырмалар ортақ. Әліпби 56 беттен тұрады. Әліппенің алғашқы бетінде «Бір-екі сөз» деген атпен автордың оқытушыларға арналған ескертпесі беріледі: «Біздің қазақтың ертеден кешке шақты баланы сарғайтып отырғызу ғұрпының балаға һәм сабаққа зиянды екенін, балалардың аталарына түсіндіріп, әр сағат сайын шәкірттердің көңілін көтертіп алсаңыз бек жақсы болар еді.
Төрт жыл оқытып көрген тәжірибем бойынша бұ әліппені тәртіп еттім, алайда кем-кетігі көп шығар. Онысын өздеріңіз толтырып оқытарсыз!
Бірақ өзің ғафу етуіңізді өтінемін» [24, 1-б].
«Қазақ балаларына жәрдем» еңбегі туралы зерттеуші Ғ.Смағұлова: «Балалардың әліппе бойынша жаттығуы үшін бұрыннан таныс, естіген, көрген нәрселердің аттары беріліп, олар белгілі ретпен тізбектеліп жазылды. Сол сияқты үй тұрмысына қажетті жиһаздар, ыдыс-аяқ, киім-кешек, мал, азық-түлік, т.б. арнаулы тақырыпшамен әрбір әріптің аты рет-ретімен берілді», – деп әліппенің мазмұндық сипаты турасында пікір білдірсе [3, 23], зерттеуші ғалым А.Қыдыршаев: «Автор педагогикалық әдептілік мәселесіне ерекше мән беріп, шәкірттің талабы мен ықыласына айрықша ілтипат білдіреді. Оқушының жағдайын түсіну, жақсы жақтарын дұрыс көрсете білуге көңіл бөлген. Баланы әр нәрседен қақпайлап, зәресін ала бермей, қайткенде де оның жанына жол таба ынталандыра беру туралы мәнді пікір қозғайды», – деп жазады [1, 21-б].
Расымен де К.Ғабдолланың «Қазақ балаларына жәрдем» еңбегінде шәкірттерге әріптерді ғана үйретіп қоймай, өзге де әліпбилер секілді оқу мәтіндері де берілген. Әліпбидің өзі: «Жақсы баланың мінездері», «Алла Тағала һәм пайғамбар», «Ұжымақ һәм тамұқ», «Ұжымаққа һәм тамұққа кіретін кісілер», «Күн есімі», «Жыл есімі», «Ай есімі», «Жұлдыздар есімі» деген мәтіндерден тұрады.
Ал әліппенің соңында автор шәкірттерге оқу, білім алу жаман әдеттерден сақтайтыны жөнінде насихат қалдырады: «Кейбір балалар мектепке барғысы келмей, оқу, жазу үйреніп ғалым боларға тырыспайды. Ойыншы орам балаларымен бірлікте әдепсіздік орындарда жүруге құмар болады. Өздерінің алтынға бергісіз қымбатты уақыттарын арам етіп елгеиблер. Келешек заманда өздерінің бақытсыз, надан, қадырсыз болуларына себеп болар, тәуір болғаш уайым жер, енді іс өткен болар. Әй балалар, мұндай жаман тұрыстан сақтану керек. Келешек заманыңызды ойлап, келешекте қорлыққа түспес үшін оқуға жазарға, үйренуге тырыса көріңіз!» [24].
«Қазақ балаларына жәрдем» әліпбиінің 1913 жылы жарық көрген түпнұсқасы Ұлттық кітапхананың Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақтаулы.
Қазақ әліпбиінің тарихында 1921 жылға дейін А.Байтұрсынұлының ғана еңбектері бірнеше рет басылып, жарық көріп отырған. Десек те, 1921 жылы Ташкент қаласында Ш.Сарыбайұлы, Е.Қожантайұлы, А.Табынбайұлының жазуымен «Үлкендер үшін әліппе» атты оқулығы 50 000 данамен жарық көреді.
Қазіргі уақытта әліппенің бір нұсқасы Ұлттық кітапхананың сирек қорында сақтаулы. Әліппені ескі қаріптен қазіргі қаріпке түсіру барысында: «Түркістан жүмһариятының халық ағарту комиссариятының жанындағы сауатсыздықты жоқ қылу үшін жасалған кіндіктің тығыз комиссиясы», – делінген сөзбен әліппенің қай жақтан шыққаны туралы ақпаратпен таныс болсақ [25, 1-б], ал «Сөз басы» деген кіріспе бөлімде оқулықты жазудағы мақсаты мен мазмұндық сипаты, жасалу жолы турасында деректер келтіріледі:
«Соңғы кездерде амалымыз өзгеріп, жалпы мәдени халық тарапынан қабыл етілген істелгенінше жазу қолданыла басталды. Сондықтан бұл әліппе кітабымызға арабтан, орыстан келіп қазақ дыбыс таңбалары арасынан қоныс алған ... тіркеуіміз керек емес еді. Бірақ қазіргі уақытта таза, жаңа айналамыз жазылынып шыққан кітаптарымыз аз. Қолымызға бір кітап түссе, ол кітаптың ішінде қоныс алған әлгі қаріптер көзге көріне қалады.
Бұл әліппені жаза бастамастан бұрын үлкендерге де, балаларға да оқытарлық бір кітапша ету ойда болса да отыз екі беттен артық жазуға рұқсат берілмегендіктен, амалсыз үлкендерге ғана арналып жазылынды. Халықтың өз тұрмысынан болған әдеби әңгімелерді жазу көңілде болынса да мөлшерленген қағазға сидырудың амалын таба алмастан қазіргі уақытта көздің қарашығындай қадірлі болған төңкеріс рухындағы әңгіме өлеңдерімен қанағаттанылды.
Бұл әліппе осындай жоқшылық заманда жас балаларды оқытуға да қолданып кетілуі ықтимал. Егер олай болғанда ауырлық қылатыны анық, сөйтсе де соңғы қырағат бөлімінен басқа бөлімдерін оқытуға болады. қырағат бөлімінде балалардың ахуал рухындағы муафық қысқа сөйлемді әңгімелер оқытылмаса болмайтыны әркімге мағлұм» [25, 2-3 бб.].
«Үлкендер үшін әліппе» оқулығы 15 тақырыптан, 20 беттен тұрады. Әр тақырыпта әртүрлі әріптердің оқылуы мен жазылуы үйретілсе, 12-тақырыптан бастап оқу мәтіндері мен зат атаулары, мақалдар берілген. Солардың ішінде алаш қайраткері, ақын Ж.Аймауытұлының «Ұран» атты өлеңі де бар. Аталмыш әліпби: «Мақалдар», «Жұлдыз аттары», «Қазақша ай аттары», «Ұран», «Төңкеріс», «Халық аралығы», «Жаман жолдас», «Майданнан хат», «Оқу» атты мәтіндерден тұрады.
Мәселен, әліппедегі «Жұлдыз аттары» мен «Жаман жолдас» деген мәтінге тоқталсақ:
Жаман жолдас
«Екі дос жолдас болып келе жатса, бір аюға ұшырайды. Ол екеуінің бірі әлсіз, екіншісі мықты жас жігіт екен. Аю көрінген соң, жас жігіт ауру байқұс ағашқа шығуға дәрмені жоқ. Жерге құлайды да созылып өлген кісі болып жата қалады (Естуі бар еді. Аю өлген кісіге тимейді деп). Аю жатқан кісінің қасына келіп иіскелеп тұрды да дыбыс білінбеген соң тастап жөніне кетті.
Мұнан кейін манағы жолдасы ағаштан түсіп аурудан сұрайды. «Досым, аю құлағыңа не сыбырлап кетті?» деп. Ауру айтады: «Аю құлағыма ақыл сыбырлады. Мұнан былай тар жерде жолдасын жауға тастап қашқан достармен жолдас болма» деп» [25, 17 б].
***
Қорыта айтқанда, XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында шыққан қазақ оқулықтарының мазмұндық сипаты мен жасалу жолдары әркез даму үстінде болды. Алғашқы хрестоматиялық оқулықтар мен әліппелердің жарык көруі қазақ даласында мектептердің ашылуына, оқыған қазақ азаматтарының көбеюіне, анық білімді мұғалімдердің шәкірт тәрбиелеуіне жол ашты. Мәселен, 1911 жылы «Айқап» журналының №10 санына жарияланған мұғалім М.Малдыбайұлының қазақ арасынан шыққан «өтірікші мұғалімдер» жөнінде: «Бұндай әпенділер миллат балаларының сағадатына қиянат етуі ғафу қылынбастық қиянат қой! Далада түгіл қалада өзі де усул жәдид мектебінде оқымаған, оқытудың жөнін білмеген адамдар да «мен усул жәдидпен оқытамын» деп мектептің баласын бақи қамап отырушы әпенділер де аз көрінбейді», – деп айтуында да шындық бар [14, 107-б]. Сонымен қоса, «Қазақ» газетінің 1913 жылғы №10 санында Аққемер стансасындағы мұғалім Ысқақ Ақберліұғлының: «7-июньде Ақкемер стансасында болып, бірнеше мұғалім мырзаларға жолығып, біраз әңгімелестік. Оқу жайын сөйлегенде, бір мұғалім сөз бастап: «Бізге қазақтар сол жәдидпенен оқыт, балаларымыз жазу білсін деп айтты. Сонымен сол жәдид бойынша оқытып жатырмыз» деп айтты.
– Әліппеден қайсы әліппені оқытасыз?
– Біз тек сол жәдидшені жазып оқытамыз, бір белігіл кітап қолданбаймыз, қазекеме усул жәдидпен оқытамыз деп айтсақ болады, одан басқа бізді мұғалімдікке ұстамайды...
Мен бұлардан мынау сөздерді естіген соң, бұлар мұғалім емес, мұғалім атын ұрлаған ұрылар екен деп ойладым. Осы мырзалар сияқты кейбір мырзалар «төте оқу бойынша бала оқыта аламыз» деп бір ауылға мұғалімдікке жалданып, соңынан өзі қалтасы тесік болғандықтан, балаларға һеш нәрсе үйрете алмай, балаларды миқата қылып, мөлшерлі күні толған соң ақысын алып қаңқиып жүре береді [19, 258-б]. Демек, алғашқы қазақ оқу құралдары дәл осындай «мұғалімсымақтардың» жолын кесіп, қазақ даласында жаңа тәртіппен, жаңа әліппемен оқытатын оқытушыларды тәрбиеледі. Сонымен қатар, барлық әліппелердің ортақ мәселесі болған – татар, ноғай, араб, парсы сөздерінің әсерінен құтылу мәселесі де алғашқы әліппелердің дамуынан басталады. Өзгерістің бір нышаны ретінде 1915 жылы Уфа қаласындағы медресе «Ғалия» шәкірттерінің: «Енді әркім өз борышын өтеу керек. Усул тағылымға муафық өз тілімізде кітаптар жазып берушілер борыштарын өтеп жатқанда, бұларды іске жасырып, пайдаға жарату елдегі мұғалімдердің һәм мұғалім болмақ біздердің борыштарымыз. Сөздің қысқасы, біз елдегі қазақ балаларын оқытып жатқан мұғалімдеріміздің қазақша оқу құралдары бола тұрып, ноғай тілінде жазылған оқу құралдарын алдыруларын көреміз. Бұл балаларға бір нәрсе білдірем деген мұғалімге адасқандық. Қазақ балаларын оқытып, бір нәрсе білдіру үшін барынша қазақша оқыту құралдарын һәм емлесін қолдану тиіс. Мұғалімдерден осыны өтінеміз», – деген ұранды сөздері сөзіміздің бек дәлелі [19, 362-363 бб.]. Сонымен қатар, 1917 жылы председатель М.Тынышбайдың жетекшілігімен болған Түркістан аймағы қазақ-қырғыздарының жалпы жиналысында қабылданған қаулыларының «Мектеп мәселесі» бөлімінің 3, 5 тармағында ұлт мектептерінің сипаты мен оқулықтарының жазылу ерекшелігін анық көрсетеді:
3. Оқу кітаптары һәм басқа баспасөздер болсын, бәрі де осы күнде «Қазақ» газетінің тұтқан емлесімен жазылсын.
4.Орыс балаларымен бірге қазақ-қырғыз балалары да оқып жүрген орыс школдарында биылдан бастап, қазақ-қырғыз балаларына ана тілі һәм мұсылман діні оқытылсын» [26, 433 бб.]
Сөз соңында айтарымыз, алғашқы әліппелер мен хрестоматияларды (оқу кітаптары) хронологиялық, типологиялық тұрғыдан жүйелеу, ескі қаріптен қазіргі қаріпке түсіру, ғылыми түсініктерін беріп, оқулықтардағы әдістемелік тәсілдерді бүгінгі әдіснамамен байланыстыру – қазақ оқулықтары тарихындағы өзекті мәселелердің бірі. Өйткені, алғашқы қазақ әліппелері мен оқу кітаптарының (хрестоматия) жарыққа шығуының арқасында білім саласында үлкен өзгерістер болуымен қатар, қазақ қарпімен шығатын кітаптар, басылымдар көбейе бастады. Соның нәтижесінде ұлттың сана көкжиегі кеңіп, алаш жұрты тәуелсіз ел болуға бір табан жақындай түсті.
ХХ ғасыр басындағы қазақ оқулықтарының қалыптасу, даму трансформациясы осылай басталады. Бұл озық ойлы азаматтардың ағартушылық қызметінің, ой-идеяларының жемісі мен жетістігі. Негізінде әліппе-оқулықтар біз қарастырғаннан да көп болуы мүмкін. Болашақта бұл тақырып әлі де болса зерттеле түседі деген ойдамыз.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1.Қыдыршаев А.С. А.Байтұрсынұлының әдістемелік мұрасы. – Алматы, 1995. – 196 б.
2.Смағұлова Г. Алғашқы оқулықтар. – Алматы: «Мектеп», 1976. – 60 б.
3.Әнес Ғ. Қазақтың алғашқы «әліппе» кітаптары [Эл. ресурс]. – 2022. https://massaget.kz
4.Бердіқожаұлы Б. Тұңғыш қазақ әліппесін шығарған тұлға [Эл. ресурс]. – 2021. https://alash24.kz/news
5.Тұрдығазыұлы Қ. А.Байтұрсыновтың бастауыш мектеп жайлы педагогикалық мұралары. – Алматы, 2001. – 280 б.
6.Есова С., Субханбердина Ү., Сейфуллина Д. Қазақ кітаптары (библ. Көрсеткіш, 1807-1917). – Алматы, 1986. – 285 б.
7.Сәбитов Н. Қазақ әдебиетінің библиографиялық көрсеткіші (1862-1917). – Алматы, 1948. – 186 б.
8.Жиреншин Ә. Қазақ кітаптарының тарихынан.– Алматы: «Қазақстан», 1971. – 178 б.
9.Бөжеев М., Қазбекова Д., Бегімбаева К. Революцияға дейінгі қазақ тілінде шыққан әдеби кітаптар. – Алматы, 1978. – 170 б.
10.Кәрі Ж.Н. Жиынтық каталог (1806-1917). – Алматы: ҚР Ұлттық кітапханасы, 1998. – 177 б.
11.Шалгынбай Ж., Ильясова Г. Казахская книга в собрании библиотек, архивов и музеев Казахстана и России (XIX-начало XX вв.): историко-источниковед. исслед. – Алматы, 2014. – 398 с.
12.Қазақ газеті. 1915 жыл / Құраст.: Смағұлова С.О., Абикова Г.М. – Алматы: «Елтаным», 2017. – 528 б.
13.Нұрбай М. Қазақша әліппе мәртебі. – Уфа: «Шарқ», 1910. – 31 б.
14.Дала уәлаяты газеті. 1888-1902 жыл /Құраст. Ү.Субханбердина. – Алматы: «Ғылым», 1994. – 807 б.
15.Ұстағалиев Е. Алғашқы әліппе авторларының бірі. – 2020. https://anatili.kazgazeta.kz
16.Ишанғали А, Сәрсекей. Х . Әліфбе йәки төте оқу. – Уфа: Каримов, 1911. – 52 б.
17.Қамзабекұлы Д. Алаш және әдебиет. – Алматы: «Фолиант», 2002. – 474 б.
18.Малдыбайұлы М. (1880-1927). Иман һәм намаз яки мұсылмандық. Шығармалар жинағы //Құраст.: Тоқтарбай Е. – Астана: «Qyr balasy» ҚҚ, 2023. – 128 б.
19.«Қазақ» газеті. 1913 жыл. 2-басылым /Құраст: Смағұлова С., Әнес Ғ., Замзаева Т. – Алматы: «Арыс», 2018. – 480 б.
20.Қожықов. Қ. Шығармалары. – Алматы: «Арыс», 2023. – 356 б.
21.Шонанұлы Т. Ахмет Байтұрсынұлы халық ағарту және әдебиет саласында. (1923, наурыз) // Жұлдыз. – 1992, №2.
22.Ахмет Ә. А.Байтұрсынұлының «Оқу құралы» туралы [Эл. ресурс]. – 2022. https://adyrna.kz
23. А.Байтұрсынұлы. Шығармалары-Сочинения. 12 том. – Астана: Алашорда ҚҚ, 2022. – 394 б.
24.Ғабдоллаұлы К. Қазақ балаларына жәрдем. – Қазан: Каримов, 1913. – 29 б.
25.Сарыбайұлы Ш., Құлжантайұлы Е., Табынбайұлы Е. Үлкендер үшін әліппе. – Ташкент, 1921. – 19 б.
26.Алаш. Алашорда. Энциклопедия /Құраст.: Әнес Ғ., Смағұлова С. Алматы: «Арыс», 2009. – 544 б.
783 рет
көрсетілді0
пікір