Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 13 Тамыз, 2024

Тіл туралы телебағдарлама қажет

Жеке азамат ретінде көңіліміз толмайтын мәселе көп. Айналаға қарасаңыз, жарнама да, тіпті дәмхана, дүкен атауы да өзге тілде жазылған. Ескерту жасап айтқанымызбен, құлаққа қыстырып жатқан ешкім жоқ. 

 

«Бізге ескерту жасайтындай сіз кімсіз?», «әкімшілік, басшылар өздері біледі» дейтін қызметкерлер бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын жақсы телебағдарламалар бар еді, кәдімгідей нәтиже шығарып жататын. Қазір бәрі тынышталып қалғандай. Әкімшіліктің қолында қағаз, қалам, билік, құжат бар, құзыреті жетеді, рейд жүргізіп, тексерсе, талап етсе, бәрі қазақшаланатын еді. Осыған көңіл бөлу керек.
Қазақ тілі пәнінің мұғалімімін. Кез келген елдің тілі – оның ана тілі. Қазақ тілінде сөйлейтін ата-аналардың балалары қазақша білмейді, ішің удай ашиды. Отбасыда мемлекеттік тілде сөйлемей, бар жауапкершілікті мектептегі мұғалімнің иығына арта салу дұрыс емес. Өмірде әртүрлі жағдай кездеседі. Мысалы, алдымызға ата-ана келеді. Қызы қасында отыр. Ата-ана менімен қазақша сөйлеседі де, «баламыз үйде орысша сөйлейді, қазақша сөйле десек, сөйлемейді, неге екенін білмеймін» дейді. «Енді өздеріңіз қазақша сөйлеңіздер» десем, баласына бұрыла салып: «Вот, слышишь, тебе апай говорит на казахском языке, почему, дома не говоришь на казахском?» дейді. Бір жағынан күлкің келеді, бір жағынан жылағың келеді.
Тіпті «Ой, мен баланы ауылға жіберуім керек, ауылдан үйренсін» дейтін ата-аналар бар. Сонда қазақ тілі ауылға ғана керек пе? Ауылдың, отбасы – ошақ қасында ғана қолданатын тіл ме? Намыстан жылағың келеді. Кейбірі «Біз үйде орысша сөйлесеміз, қазақ тілі сіздерге аманат» деп айтады. Бұған не дейсіз?
Бәлкім, бізге қазақ тілін оқытудың жаңаша әдіс-тәсілдерін ізденуіміз, оны іс жүзінде қолдануымыз керек шығар. Жақында халықаралық CELTA (Certificate in Teaching English to Speakers of Other Languages) курсын оқып, яғни басқа тілде сөйлейтіндерге ағылшын тілін оқыту бойынша Кембридж сертификатын алдым. Бұл жерде ағылшын тілін екінші тілде өтудің әдіс-тәсілдері өте жақсы дәрежеде өтті. Өзім ризамын. Осының негізінде қазақ тілі мұғалімдеріне де CELTA бойынша әдіс-тәсілдерін қолданса болар еді деген ойға қалдым.  
Қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдерге де айтар назым бар. Өздері қазақша сөйлеп тұрған мұғалімдер сабақ берген кезде берілген тақырып бойынша пән ретінде ғана қазақша сөйлейді де, оны тілдік қолданыс құралы ретінде пайдаланбайды. Өйткені сабаққа кіргеннен барлығы орысша жүреді: «Откройте тетради», «пишите», «кто будет отвечать?»... Осының бәрі қазақша айтылуы керек. Тіпті орыс сыныптарының өзінде қаншама қазақ бала бар, оның бәрі мүлде мақұрым емес, қазақша түсінеді.  Солардың өзіне мұғалім орысша сөйлегенін көргенде қарның ашады. 
Қателеспесем, 90-жылдары, теледидарда Әлімхан Жүнісбековтің әдістемесі бойынша қазақ тілін үйрену туралы арнайы бағдарлама болды. Осындай бағдарламаларды, телебағдарламаларды көбірек ұйымдас­тырса немесе қазақ тілін үйреніп жүрген өзге ұлт өкілдерін қатыстырып, сөйлетіп, әртүрлі бағдарламалар жасаса, дұрыс болар еді.

Жазира Сабазбекова,
Prometheus Scholl мектебінің 
қазақ тілі пәні мұғалімі

 

667 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз