Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 20 Тамыз, 2024

Тапал, томпақ, шаршауық...

Баланың артық салмағы, бойдың тез өсуі, жыныстық тұрғыдан ерте жетілуі бүгінде үлкен мәселеге айналып отыр. Осының бәріне ағзадағы гормондардың жұмысы жауапты екеніне көбі мән бермейді. Балалар эндокринологі Айдана Қырықбаевамен балалардың ағзасындағы гормондардың рөлі, жұмысы, қандай жағдайда дабыл қағу керек екені туралы әңгімелестік.

– Бала өтпелі кезеңге аяқ басқан кезінде, мінезінде түрлі өзгерістер болады. «Гормондары өзгеріп жатыр» деп топшылаймыз. Шынымен гормондар мінезқұлықтың өзгеруіне әсер ете ме?

– Адам дүниеге келгеннен бастап, әртүрлі гормондар өз кезегімен іске қосылып отырады. Ал өтпелі кезеңде жасөспірімде рде, яғни ұлдарда да, қыздарда да жыныстық гормондар бөлек уақытта жұмыс істейді. Бірақ барлық кезеңдегі мінез-құлықтағы өзгерістерге тек гормон ғана әсер етеді деуге болмайды. Себебі, гормондар мінездің өзгеруіне міндетті түрде ықпал етпейді. Қыз баланың жыныстық гормондарына – эстроген, ал ұл балаларда тестостерон секілді гормондар жетіледі.

– Мысалы, баланың бойы қатарластарынан кішкентай болса, өзін кем санай бастайды. Ата-аналары да баласының бойына көп мән береді. Кейбір балалардың бойы бірден өсіп кетеді. Бұл неліктен? Сосын қыз балалардың бойы ұлдарға қарағанда тез өседі, ұлдар оларды кешірек қуып жетеді. Бойдың өсуіне жауапты гормондар туралы айта кетсеңіз...

– Бала құрсақта эмбрион болып дамып жатқан кезде бойдың өсуі қалыптасады. Бойдың бірден өсуі (скачок роста) деп анасының құрсағында 50-55 сантиметрге дейін өсіп туған кезде айтамыз. Содан кейін норматив бойынша ай-сайын, жыл сайын өсетін деңгейге жетіп отыруы қажет. Жалпы, бойдың өсуіне екі үлкен фактор әсер етеді. Оларды эндогенді және экзогенді фактор деп атаймыз. Эндогенді фактор («эндо» ішкі деген мағына береді) деп баланың ішіндегі гормондар, дәрумендер, ағзасының дайындығы секілді өсу процесіне қатысып отыратын факторларды айтамыз. Өсу процесіне қатысатын ең басты гормонның бірі қалқанша безінің гормоны – ТТГ гормоны көп рөл ойнайды. Одан кейінгі басты гормонның бірі СТГ гормоны немесе соматотропин деп аталады. Бұл өсу гормоны арнайы бір уақытта бөлінеді. Баланың өсуіне темір тапшылықты анемия, дәрумендердің жетіспеушілігі, тағы да басқа ағзада болып жатқан процестер де әсер етуі мүмкін. Мұның барлығы эндогенді факторларға жатады. 

Экзогенді факторларға («экзо» сыртқы дегенді білдіреді) ұйқының дұрыс болмауы, кеш ұйықтау, дұрыс тамақтанбау, тәттіні көп жеу, стреске түсу, махаббатқа бөленбеу, т.б. сыртқы факторлар жатады, олар баланың бойы өсуінің төмендеуіне әсер етеді. Жалпы қыз балаларда жыныстық гормондар ертерек бөлінеді, сондықтан олардың бойы тез өсіп, ерте жетіле бастайды. Қыз бала пубертатты кезеңге ертерек, сегіз жасынан бастап қадам басуы қалыпты деп есептейміз. Жыныстық гормондар өсу процесіне қатысатын болғандықтан, қыздар бастапқы кезеңдерге ұзын болып көрінетіні рас. Одан кейін ұл балалардың бойында жыныстық гормондар бөліне бастаған кезде бойдың бірден өсуі байқалады. «Бір жаздың ішінде ұлдар өсіп кетті» дегенді осы кезде жиі айтамыз. Мұны жыныстық гормондарының жетіле бастаған кезіндегі «бойдың бірден өсуі» дейміз.

– Бойдың кішкентай болғаны ересектерді де алаңдатады. Жалпы, бойдың өсуі неше жасқа дейін жүреді? Бойды өсірудің жолдары бар ма?

– Бойдың өсуіне жауапты соматотропин деген гормон арнайы бір уақытта бөлінеді. Бұл жерде ұйқы өте маңызды. Себебі, өсу гормоны, яғни соматотропин тек терең ұйқы кезінде ғана бөлінеді. Адамның ағзасындағы циркадты сағаттың ішінде, түнгі уақытта, яғни кешкі сағат тоғыздан түнгі екі-үшке дейін өзінің жұмысын атқарып болады. Егер осы уақыттарда адам терең ұйқыға кетпесе, онда бұл гормон бөлінбейді. Осы процесс арқылы адам өсіп отырады. Сосын адамның қаңқасында өсу зоналары болады. Сол өсу зонасы жабылған кезде адамның өсуі де тоқтайды. Біз оны сүйекті рентгенге түсіру арқылы көріп отырамыз. Әр адам жеке жағдайда өседі дегенімізбен, адамның 25 жасқа дейін өсуге мүмкіндігі бар. Адамның өсу зонасы жабылған кезде, бойы да тоқтайды. Сондықтан ересек адамдар өсе алмайды. Өсіп келе жатқан ағза өзінің сағатымен жүруі керек. Циркадты сағатқа уақытымен ұйықтап, уақытында тұру, дұрыс тамақтану кіреді. Осы кезде бойдың өсуіне жауапты гормон дұрыс өндіріліп, сіңіріледі. Егер бала тек тез сіңірілетін көмірсулардан тұратын тағамдарды жейтін болса, оның ішінде тәттілер, қытырлақтар, газдалған сусындар ішіп, негізгі тамақ жейтін уақытты өткізіп жіберетін болса, эндокринді жүйеге әсер етеді. Эндокринді жүйеге кері әсер ететін тағы бір фактор – Д3 дәруменінің, темір тапшылықты анемияның жетіспеушілігі де бар.

– Қандай себеппен балаларды эндокринологке қарату керек?

– Бойдың өсуінің тежелуі немесе тез өсіп кетуі, шаршағыштық, ештеңе істегісі келмей жата береу, шаштың түсуі, тырнақтың сынуы, шынтақтағы терінің құрғақтығы, жалпы терінің құрғақтығы – барлығы эндокринді жүйенің бұзылысынан болуы мүмкін. Жылаңқылық, жүректің жиі соғуы, кіші дәретке түнде жиі шығуы, шөлдегіштік, артық салмақ секілді клиникалық көріністер эндокринологқа баруға себеп. Эндокринолог өте көп патологияны қамтиды. Ал эндокринологке қай уақытта бірінші рет қаралу керек десеңіз, баланы 4-5 жасында профилактикалық тексеруден өткізген жөн. Сол кезде өсу гормондары да, қалқанша безінің гормондары да белсенді жұмыс істеп жатады. Дәрігер баланы тексеру арқылы бойының өсуі қалыпты ма, әлде тез өсіп жатыр ма, жыныстық мүшелерінің өсуі қалай дегенді анықтайды.

– Бүгінде балалар жиі ауыратын эндокриндік аурулар қандай?

– Бүгінде балалар қант диабетінің бірінші типіне көп шалдығады. Бұл аутоиммундық ауруға жатса да, инсулин гормонының жетіспеушілігінен жүріп отырғандықтан, алдымен эндокринологтің құзырында жүретін диагноздардың бірі. Одан кейін балаларда қалқанша безінің бұзылыстары – гипотиреоз, гипертиреоз, бойдың тапал болуы, жыныстық гормондардың ерте бөлінуі деген диагноздар да жиі кездесіп отырады. Сондай-ақ балалар семіздігі – бүгінгі күнгі үлкен проблема. Бұрын бір мектепте екі балада ғана артық салмақ болса, қазір әр сыныпта артық салмағы бар төрт-бес бала бар. Артық салмақ ойыншық емес, әрі «балам томпақ, күшті» деген сөз емес. Сондықтан балалардың сырт келбетінде, ішкі ағзасында болып жатқан өзгерістерге дер кезінде мән берген жөн.

Ата-ана сұрағы: Бойдың өсіп-өспеуі тұқым қуалай ма? Қызымның бойы қатарынан қалып бара жатқан соң, жақында балалар эндокринологіне қаратып едім. Эндокринолог тексеріп болған соң: «Бәрі дұрыс, †зіңіз сияқты кішкентай, бойы сізге тартқан. Қазір жасы сегізде болса, ал бойы алты жастағы баланікі сияқты» деді. Менің бойым тым кішкентай емес, алайда. Жалпы, баланың бойының өсуі ата-анасына тарта ма?

Бойдың кішкентай болуы генетикаға да байланысты, әрине. Ата-ананың бойы кішкентай болса, баланың болжамалы бойы одан асып түспеуі мүмкін. Алайда болжамалы бойды есептейтін арнайы формула бар. Сол бойынша баланың бойын есептеп, тексеру керек. «Сегіз жастағы қыздың бойы алты жастағы қыздың бойы сияқты» дегені, теориялық тұрғыдан айтылып тұр. Сондықтан ата-анасының бойына қарап, баланың бойы қанша болу керек екенін есептеп, өсу графигі бойынша келе жатыр ма, жоқ па, қарауымыз керек. Егер баланың бойы график бойынша өспесе, қосымша, толық тексеріс жасау керек.

– Рақмет!

Әңгімелескен Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2024

 

2193 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз