Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Шартарап
  • 29 Тамыз, 2024

Лихтенштейнде Қазақстанның Құрметті консулы тағайындалды

​​​​Қазақстанның Швейцариядағы және Лихтенштейндегі қоса атқарушы Елшісі Қайрат Саржанов Лихтенштейнде Қазақстанның жаңа Құрметті консулы болып тағайындалған, корпоративтік қаржы және активтерді басқару саласында көп жылдық тәжірибесі бар «Codex Treuhand» заң фирмасының серіктесі Николаус Вильгельмның қызметіне кірісу рәсіміне қатысты, - деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.

30 тамызда аталып өтетін екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылуының кезекті жылдығы қарсаңындағы іс-шараға Лихтенштейннің Сыртқы істер басқармасының басшысы Мартин Фрик, басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері, қалалық әкімшілік, консулдық корпус, іскер топтар және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

Н. Вильгельмды тағайындалуымен құттықтап, оған консулдық патент тапсырғаннан кейін, Елші Қазақстан мен Лихтенштейнді берік достық және өзара құрметке негізделген жылы қарым-қатынастар байланыстыратынын атап өтті. Қ. Саржанов Қазақстан тарапынан саяси диалогты нығайтуға, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, екіжақты қатынастардың шарттық-құқықтық базасын дамытуға мүдделі екенін білдірді.

М. Фрик Құрметті консулдықтың қызметі серіктестік қатынастарды, әсіресе сауда және инвестиция салаларында дамытуға серпін беретініне сенім білдірді. Ол Лихтенштейннің Швейцарияның қосалқы тобына қосылу жоспарын ескере отырып, Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) шеңберіндегі ынтымақтастықты перспективалы бағыт ретінде атады.

Өз тарапынан Құрметті консул Н. Вильгельм Қазақстан үкіметінің көрсеткен жоғары сенімі үшін алғыс білдіріп, өз консулдық округі аумағында Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғауға, екіжақты ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін айтты.

Қазақстан мен Лихтенштейн арасындағы дипломатиялық қатынастар 2007 жылғы 30 тамызда орнатылған. Екі ел арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 3 млн АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстанның экспорты – 90 мың АҚШ доллары, ал 2024 жылдың алғашқы 6 айында Лихтенштейннен импорт – 1 млн АҚШ долларын құрады. ҚР Ұлттық Банкінің мәліметтері бойынша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Лихтенштейннен инвестиция көлемі 1,3 млн АҚШ долларына жетті.

865 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз