- Шартарап
- 03 Қыркүйек, 2024
Қазақстан мен Иордания инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады
Амман қаласында (Иордания) Қазақстанның Иорданиядағы Елшісі Талғат Шалданбай мен ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұловтың қатысуымен Қазақстан-Иордан дөңгелек үстелі өтті. «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен Қазақстанның Иорданиядағы елшілігі ұйымдастырған іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдары мен жеке секторының 100-ге жуық өкілі қатысты. Дөңгелек үстел аясында 9 екіжақты құжатқа қол қойылды, бұл екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайтудағы маңызды қадам болды.
Талқылаудың негізгі тақырыбы ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, ақпараттық технологиялар, тұрақты энергетика, жеңіл өнеркәсіп, көлік және логистика және т. б. қоса алғанда, Қазақстан экономикасының шикізаттық емес секторына инвестициялар тарту жөніндегі жобаларды іске асырудағы ынтымақтастық болды.
Өз сөзінде Ғ. Оспанқұлов қатысушыларға Қазақстанның сауда-инвестициялық әлеуетін таныстырып, Иорданиялық бизнесті Қазақстанда бірлескен жобаларды іске асыруға шақыра отырып, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарындағы мүмкіндіктерді тереңірек талқылау үшін B2B кездесулері өтті. Иордания бизнесін «Naouri Group», «Falcons Soft Company», «Hijazi & Gousheh», «Kawar Group», «Sukhtian Group» және «Harmony Investment» сияқты компаниялар ұсынды. Осылайша, Қазақстан мен Иордания экономикалық байланыстарды нығайтуға және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделілігін растады.
897 рет
көрсетілді0
пікір