- Біздің сұхбат
- 05 Қыркүйек, 2024
Ислам ҚҰРБАНҰЛЫ, трансплантолог-дәрігер: Өмірге құштар жандар өліммен айқасып жүр
Донорды күту парағында елімізде 4 100 науқас тұр. Оның ішінде бүйрек трансплантациясын – 3 661 ересек, 85 бала, бауыр трансплантациясын – 179 ересек, 10 бала, өкпе трансплантациясын 18 ересек, жүрек трансплантациясын 136 ересек, 5 бала кезегін күтіп жүр... Трансплантация саласындағы өзекті мәселе – донор тапшылығы. Анығында донор мәйіт тапшылығы. Трансплантация орталығының мәліметіне сәйкес, Egov порталы арқылы 6 мыңнан аса адам донор мәйіт болуға келіскен. Бірақ олардың барлығы бірдей дүниеден озғаннан кейін донор бола алмайды, себебі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, туыстарының рұқсатын алу қажет. Ал туыстарының бәрі бірдей келісім бере қоймайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2012–2022 жылдар аралығында жалпы 2 297 трансплантация жасалған, олардың ішінде: бүйрек – 1 695 (73,7%), жүрек – 88 (23,7%), бауыр – 45 (19,8%) және өкпе – 19 (0,8%). Соңғы он жылда жасалған барлық трансплантацияның 80%-дан астамы тірі донордан алынған бүйрек пен бауыр трансплантациясы болып отыр.
Бүйрек трансплантациясы отасын жасайтын маман Ислам Құрбанұлымен ағзаны ауыстыру саласындағы түйткілді мәселелерге тоқталдық.
– Ислам Құрбанұлы, алдымен еңбек жолыңыз туралы айтып өтсеңіз.
– 2007 жылы С.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университетінің жалпы медицина факультетіне оқуға түстім. Оқуым 2017 жылға дейін созылды. Сол жылы уролог-дәрігер болып жұмыс істей бастадым. Жұмысымды А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында бастадым. Алғашқы кездерден бастап ғылыммен де айналыстым, ғылыми-техникалық бағдарламаларға көшбасшы болдым. Ал 2020 жылдан бастап арнайы білім алып трансплантолог-дәрігер ретінде жұмысымды бастадым. Мамандығымды жақсы көремін, өйткені адамның өмірін сақтау абыройлы іс. Әкем дәрігер болғандықтан, бұл мамандыққа жастайымнан қызыққан болуым керек.
– Адамның қандай органсыз өмір сүре беруіне мүмкіндігі бар? Ал қандай органсыз өмір сүруге қауқарсыз?
Трансплантация – (лат.: transplantatio – ауыстырып қондыру, салу, отырғызу) адам мен жануардың мүшелерін, тіндерін бір денеден (донордың) екінші денеге (реципиентке) ауыстырып, қондыру дегенді білдіреді. Екі бүйрегі істемесе де, адам өмір сүре алады. Өйткені гемодиализ (жіті және созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі кезінде қанды бүйректен тыс тазарту әдісі) қанды аз да болса тазартып, әрі қарай өмір сүруге мүмкіндік береді. Бауыр жұмыс істемесе де, науқас белгілі бір уақытқа дейін өмір сүреді. Бірақ емделмесе, тез арада көз жұмады. Бұл жағдайдың бәріне емшара іздестіріліп жатыр.
– Ота барысын трансплантолог-оператор маман тұрғысынан баяндап беріңізші. Ота қалай жүргізіледі?
– Трансплантолог дегеніміз – тәжірибелі хирург, оның негізгі міндеті органдар мен тіндерді трансплантациялау. Жаңа ішкі мүшені немесе ұлпаны алатын адам реципиент деп аталады. Бүйрек трансплантациясымен айналысамын, ал басқа дәрігерлер бауырды ауыстырады. Бүйрек трансплантациялайтын маман ретінде ең негізгі мақсатым – донорға зиян тигізбей бүйректі алып, науқасқа салу. Ағзаны алып, салу мүмкіндігі тек бір-ақ рет берілетіндіктен, бұл отаға аса жауапкершілікпен қараймыз. Бүйректі алу және салу процесі көрші бөлмедегі екі топ дәрігерлермен бір уақытта жүзеге асырылады. Наркозды, емделушінің басқа да өмірлік көрсеткіштерін анестезиологтер қадағалап отырады. Ол мамандар науқастың ауруды сезінбей, отаны жеңіл өткізуіне жағдай жасайды.
– Ашық ауаға шыққанда бүлінбес үшін бүйректі суықта ұстау керек, сондай-ақ ота кезінде бүйрекке оқыстан пышақ тиіп кетсе, ол жарамсыз болып қалады деген фактілер бар. Бұл расымен солай ма?
– Бүйректің қан айналымы тоқтағанда, жасушалардың сақталуы үшін оны мұздай ерітінділермен жуып, тазарған күйінде мұзда сақтаймыз. Егер ота барысында бүйрек байқаусызда пышақпен тіліп кетілсе, оны тігуге болады. Дегенмен мұндай жағдай болмады.
– Адамдар қай органды көбірек ауыстыруға мұқтаж болып жатады? Жас ерекшеліктеріне қарай жіктеп бере аласыз ба?
– Дүниеде адамдардың ең көп трансплантацияға мұқтаж болатын органы – бүйрек. Өйткені ең көп созылмалы ауру осы бүйрек органына байланысты. Созылмалы бүйрек жетіспеушілігі 1 млн халық санына шаққанда шамамен 100–200–500 адамда кездеседі. Қазір созылмалы бүйрек жетіспеушілігіне шалдыққан науқастардың саны жыл сайын 10–12% ұлғайып келеді деген дерек бар. Науқас адамдар біраз жыл бойы гемодиализ процедурасын қабылдап, бүйрек трансплантациясын жасауға кезекке тұрады. Ал бауыры немесе жүрек ауруы бар науқастар ұзақ өмір сүре алмайды, сөздің шыны керек. Жастарда көбінесе аутоиммундық себеппен бүйрек зақымдалып жатса, ал егде жастағы науқастар көбінесе артериалды гипертония және қант диабеті салдарынан бүйрек жұмысын тоқтата бастайды.
– Донор таба алмай, өліп кеткен науқастарды көзіңіз көрді ме? Яғни қалтасы көтермейтін адамның басына дәл осындай сипаттағы жағдай түсіп, оның диагнозы өршіп, қайтыс болып кеткендер бар ма? Бүгінде қанша адам трансплантацияны күтіп жатыр?
– Ресми деректер бойынша 3 746 науқас бүйрек трансплантациясын күтіп отыр. Олардың 85-і балалар. Алайда бұл көрсеткіш тек диализге түскен науқастарға қатысты. Бүйрек ауруының 4–5-сатысына келіп, диализге әлі түспеген науқастар бұл тізімге кірмеген. Өкінішке қарай, көп уақытын жоғалтып алып, адамдар қайтыс болып жатады. Сондықтан бізге келген күннен бастап науқастарды тез арада отаға дайындаймыз, өйткені уақытты созған жағдайда инфаркт, инсульт болып, тіпті жүректің кенеттен тоқтап қалуы да кездеседі.
– Қазақстанда бірден-бір білікті орган ауыстыратын маман ретінде отандық трансплантация саласындағы ең бір жүрек ауыртатын мәселені атап өтсеңіз.
– Біздің қоғам отандық медицинаға сенгісі келмейді. Бұл мінез трансплантация саласында да байқалады. Елімізде өз ісіне адал, мамандығын жақсы көретін, білікті медицина мамандары жеткілікті. Шетелдің біраз клиникаларында болдым, тәжірибеден өттім. Алайда ол жерде медицина мүлде қол жетімсіз дер едім. Екінші туындап отырған мәселе, еліміздегі трасплантация орталықтарының аздығы. Менің ойымша, трансплантациялық орталықтар еліміздің ірі облыс орталықтарында салынуға тиіс.
– Орган алмастыру бойынша қанша операция жүргіздіңіз? Күніне, аптасына, айына трансплантация бойынша қанша ота жүргізесіз? Мәселен, бүйрек, бауыр бойынша қанша трансплантация сіздің қолыңыздан өтті?
– Бүйрек трансплантациясын жасайтын тобымыз 700-ге жуық бүйрек алмастырған. Аптасына 1–3 рет, ал жылына 60–70 трансплантация отасын жасаймыз. Бауыр трансплантациясын жасайтын бір топ дәрігер жылына 30–40 бауырды трансплантациялайды.
– Донор мәйіттен қанша рет трансплантация жасалды? Тірі адам мен өлі адамнан орган алу процесі бірдей жүре ме? Айырмашылықтары қандай? Тек инсульттен қайтыс болған адамды ғана донор ретінде қарастыруға болады деген рас па? Донор мәйіттен алынған кез келген орган жарамды ма? Жүрек, өкпе трансплантациясы ғана жасала ма?
– Донор мәйіттен ағза трансплантациясы елімізде өте аз мөлшерде жасалады. Өйткені донордың туысқандары орган алуға келісім бермейді. Жылына донор мәйіттен 3–5 бүйрек трансплантациясы жасалады. Тірі адамнан бүйрек алу үшін лапароскопиялық әдісті қолданамыз. Бұл тәсілмен ота жасалған донор бір-екі күн ішінде аяққа тұрып кете алады. Тірі адамнан алынған бүйректі тез арада жуып, науқасқа орналастырамыз. Ал донор мәйіттен үлкен тілікпен жүрек, өкпе, бауыр, бүйректер бір сәтте алынады да мұзға салынады. Донор мәйіттен алынатын орган болғандықтан, науқастың организмі дайын болған сәтте ғана салынады. Донор мәйіттен алынған органның жарамдылығын анықтау мақсатында алдын ала ультрадыбыстық зерттеу жүргізіп, қан көрсеткіштерді қарап аламыз. Тек инсульттен қайтыс болған ғана емес, бас, ми жарақатын алып, комаға түскен адамдарды да донор ретінде қарастыра аламыз.
– Кейбір жағдайда туған ағасының не анасының қандай да бір органы науқасқа сай келмей жатады екен. Бұл иммунологиялық ерекшеліктерге ғана байланысты ма?
– Бұл жағдай екі түрлі себептен туындайды. Біріншісі – қан тобының үйлесім таппауы, екіншісі – иммунологиялық аурулар.
– Донордан оң не сол бүйрегін алудың да өзіндік қағидалары бар екен ғой. Көп жағдайда (80–85 пайыз) сол жақ бүйрегін алады екенсіздер. Себебі сол жақ бүйректегі көк тамыр ұзындау екен. Осы жайтты жалпақ тілмен түсіндіріп бере аласыз ба? Көк тамырдың қандай маңызы бар?
– Дұрыс айтасыз. Көп жағдайда сол жақ бүйрек алынады, себебі оның көк тамыры ұзындау. Алушыда бүйрек салынатын сыртқы мықын көктамыры артерияға қарағанда терең орналасқан, сондықтан донордың бүйрегін жеткізу үшін ұзын көктамыр қажет. Сол себепті көбінесе сол жақ бүйрек алынады. Дегенмен кейде оң жақ бүйректі де аламыз және оны салу тәсілін де меңгеріп алдық.
– «Трансплантация – қоғамның көзқарасына тәуелді болып отырған медицинаның жалғыз саласы» дегенге көзқарасыңыз қандай?
– Менің ойымша, трансплантологияның дамуына қанша дегенмен қоғам айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан қоғамды медициналық тұрғыдан сауаттандыру жұмыстары өткізілуге тиіс. Трансплантациядан көмек алған науқастарды көрсетіп, оларға бұл үрдістің оң әсерін айту керек. Бастысы, орган күтіп жатқан қиын жағдайдағы адамдарды көрсету қажет. Себебі қиын жағдай адамның өз басына түспейінше, бұл жағдайдың қаншалықты күрделі екенін ешкім түсінбейді.
– Елімізде бұл салада білікті мамандар жетерлік. А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы заманауи технологиямен жабдықталған ба?
– Біздің клиника трансплантация стандартына сай, қажет дейтін бүкіл құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Кәсіби мамандар да өз ісін жетік біледі.
– Орган ауыстырудың елімізде бағасы қандай? Диализ ақылы екен, науқастар оның қалтаға салмақ салатынын да айтып жүр.
– Қазақстан азаматтарына орган ауыстыру отасы тегін жасалады. Гемодиализ шығындарына келсек, 1 науқасқа 1 жылда 5 млн теңгедей қаржы керек. Бұл сома жылдан-жылға артпаса, кемімейді.
– Трансплантациядан кейін науқасқа не істеуге, не ішуге, не жеуге болмайды және керісінше не істеген жөн? Орган ауыстырылған науқастарға қандай кеңес айтасыз?
– Науқастарымызға арнап дайындаған ақпараттық материалдарымыз бар, онда диета, өзін-өзі күту, үйдегі тәртіп және басқа да маңызды мәліметтер қамтылған. Алайда науқастарды ауруханадан шығаратын кезде бәрін қайтадан түсіндіріп айтамыз. Негізгі кеңесіміз: диета сақтау, дәрілерді уақытылы қабылдау, жылы киіну және басқа да маңызды ережелерді орындау.
– Әңгімеңізге рақмет!
Дін тұрғысынан трансплантация оң бағаланғанымен, оған қарсы пікір білдіретіндер де кездеседі. Бұл ретте мұсылман елдері арасында мәйіттік трансплантация ең көп жасалатын елдердің бірі ретінде Иранды атап өтуге болады. Иранда жылына шамамен 500-ге жуық трансплантация жасалады. Ал Сауд Арабиясында жыл сайын шамамен 300 мәйіттік трансплантация жүзеге асырылады. Көптеген пациенттер Үндістанға немесе Иранға барып, операция жасатып жатады. Олар да ислам дінін ұстанады, бірақ бұл елдерде трансплантация дамып жатыр, ал бізде, өкінішке қарай, бұл сала кенжелеп қалған.
Сұқбаттасқан
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ
"Ана тілі" газеті
1173 рет
көрсетілді0
пікір