Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 12 Қыркүйек, 2024

Абзал Молдабек, зергер: Зергерлік – мәртебелі кәсіп

Тарихтан тамыр тартып, тереңге үңілсек, ұлттық зергерлік өнердің түп төркіні мыңдаған жылдан әріде жатыр. Әйткенмен сан ғасырдың сарабынан өтіп, қаймағы бұзылмай жеткен қолөнердің бүгінде, жұмсартып айтқанда, кенжелеп қалғаны алаңдатады. Оған көп себептің бірі нарықта қызылды-жасылды көшірме-конвейерлік әшекейлердің сатылымға жиі шығарылуынан көз майын тауысып әзірлеген ұлттық зергерлік өнердің тиісті бағасын ала алмай жатқаны деп білеміз. Осы орайда, «зердің жайын зергер білер, аңның жайын мерген білер» демекші, ата кәсіптің маңыздылығы мен қоғамдағы орны жөнінде зергер Абзал Молдабекпен әңгімелескен едік.
 

– Абзал мырза, зергерлік өнерді қалай бастадыңыз? 
– Зергерлік қабілет әкем  жағынан да, анам жағынан да дарыған деп ойлаймын. Өйткені әкемнің қолөнерге икемі бар. Ол кісі инженер болған. Неше түрлі құрал-жабдықтарды өзі ойлап тауып, соларды сатылымға шығаратын. Маған нағашы жақтан да зергерлік қарым-қабілет, қасиет дарыған. Аталарымыз домбыра жасаған, бүркіт ұстаған, қолөнермен айналысқан кісілер. Меніңше, өнерге жетелеп әкелген қаннан берілген қасиет деп ойлаймын. Сондықтан зергерлік өнер біреулер үшін жай ғана дүние шығар. Ал мен үшін мәртебелі жұмыс. 
– «Ұсталы ел озар» деген қазақта көне мәтел бар. Бірақ «зергерлік өнер қинап өлтіретін дерт сияқты жанды сыз­датып барады» деп әлеуметтік желіде жазыпсыз. «Ата кәсібімізден айырылып қаламыз-ау» деген қаупіңіз басым. Мұның себебі неде?
– Жалпы, зергерлік, сөзсіз, қажет өнер. Зергерлік өнер – мемлекеттің,  елдің, мәдениеттің даму көрсеткіші. Жалпы, өнер халықтың тұрмыс-тіршілігінің, мәдениетінің қаншалықты деңгейде екенін көрсетеді. Өйткені ол адам баласын сұлулыққа, көркемдікке, нәркес нәзіктікке баулиды. Ал зергер – сәндік бұйымдарды зерлеп, айшықтап жасайтын ұста. Дамыған мемлекеттің барлығында осы зергерлік өнер, сурет өнері жоғары деңгейде дамыған. Сақ, ғұндардың кезінде де арнайы қолөнершілер қаласы болған. Сақ тайпалары әсіресе қола құю ісі мен басқа металдарды өндеу техникасында елеулі табыстарға қол жеткізді. Міне, сол заманда да осы қолөнерге аса мән берген. Дегенмен қазір, өкінішке қарай, біздің елімізде халықтың тұрмыстық жағдайы өнерге  қызығушылықты төмендеткен сияқты. Бұл енді бір фактор ғана. Зергерлік өнер қазаққа қажет, қажетсіз екенін халық немесе өзгелер шешпейді. Қолөнердің ғұмыры өнерге берілген адамдардың ықыласына қарай жалғаса береді деп ойлаймын. Олар қандай заман болса да, қандай уақыт болса да, өз сүйікті ісімен айналысуын тоқтатпайды. 
– Зергерлерге мемлекет тарапынан қолдау бар ма? 
–  Бұл салаға мемлекет ешқандай көмек көрсетпейді. Жалпы, қазір әркім өзінің кәсібін дамытып, жұмыс істеп жатыр. Біз де өзімізді дамытып, оқып жатыр­мыз.Тіпті университет, колледждерде де зергерлікті үйрететін, оқытатын арнайы оқулық жоқ, ол аздай маман да тапшы. Мамандық ашылған, бірақ жастарға қолөнерден білім беретін тәжірибесі мол ұстаз аз. Алыстан арбаламай-ақ, осыған қарап-ақ қаншалықты дәрежеде мемлекеттен қолдаудың бар-жоғын аңғаруға болады.
– Сіздің «Елігім», «Қарлығаш» деген танымал зергерлік туындыларыңызбен таныспыз. Идеяны, шабытты қайдан аласыз?
– «Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласын» дегендей, бұл туындылардың барлығы көп көргеннен, әртүрлі өнер иелерінің туындыларын көргеннен кейін дамиды деп ойлаймын. Жалпы, зергерлер әлем өнерімен, ондағы өнер иелерінің туындыларымен танысуы керек. Қаншалықты деңгейде зергерлік өнердің шарықтап кеткенін көрген дұрыс. Біздің бүгінгі зергерлік өнеріміз көштен қалып, кенжелеп келеді. Тек тарихымыздан сыр шертетін, мәдениетімізден хабар беретін «ұсталы ел» деген атауымызға иек артуға болатын шығар, сірә. 
Ал «Елігім» «Қарлығаш» деген туындыларым қарындас қыздарға арналған немесе ол ұлттық құндылықты жігіттер сүйіктілеріне де сыйлауға болады. Жалпы, шабыт тыныштықты жанға талғажау еткеннен келеді ғой. Жан дүние, жүрек тыныштығы бұл жерде үлкен рөл ойнайды. Сол кезде ғана өнер иесі ғаламат туындыларды жарыққа шығарады. 
– Жалпы, зергерлік бұйымды әзірлеу, жасау қалай басталады?
– Зергерлік бұйымдарды әзірлеу ең әуелі сурет салудан басталады. Адамның ойын, идеясын бірінші қағазға түсіріп, сызып, содан кейін барып жобалаймыз. Сосын, металдан жасалған туындыны тағар кезде қаншалықты ыңғайлы болады деп қарастырып көреміз. Бәрін есептеп, елеп, екшеп алған соң техникалық процес­ке кірісеміз. Металды ерітеміз дегендей... Жалпы, бір туындыны жасау бір аптадан бастап 1 ай немесе 1 жылға дейін созылады. 
– Ал көз тартар бұйымның тастарын қайдан және қалай алдырасыз?
– Зергерлік өнерде тек металл емес, одан бөлек, бағалы тастар да бар. Соны  қолданамыз. Дизайн жұмысымен айналысқанда қандай тас қолданатынымызды, «оны жасай аламыз ба, жоқ па» деген сұрақтарға жауап іздеп, есептеп, сызып шығамыз. Өйткені зергерлердің қиялы шексіз. Қиын формаларды сызып алып, шынайы өмірде жасай алмай қалатын жағдайлар да кездеседі. Жалпы, біздің елімізде сала бойынша кейбір мамандар жетіспейді. Сондықтан шама-шарқымыз­ға қарап жасайтынымызды ғана негізге аламыз. Әшекей-бұйымдарға қолданатын тастардың 70 пайызы шетелден әкелінеді. Қалғанын өзімізде шығатын тастарды өңдеп, әшекейлерге қолданамыз. Тас өңдейтін мамандар өте аз. Алматыда тас өңдейтін, жасы келген бір-екі-ақ адам бар. Қазір сол кісілермен жұмыс істеп жатырмыз. Жалпы, тастардың 70 пайызын шетелден алдырсақ та, оның нақты формасына тапсырыс бере алмаймыз. Тастар дайын күйінде әкелінеді, соларды алып дизайнға қолданамыз.
– Ал есіңізде қалған ерекше тапсырысыңыз?
– Негізі, тапсырыспен көп жұмыс істеген жоқпын. Осы кәсіпті бастаған кезде екі-үш жылдай тәжірибе жинау үшін тапсырыс алып, азын-аулақ жұмыс істегенмін. Кейін өзімнің авторлық дизайнымды жасай бастадым. Соның ішіндегі ең ерекше есте қалғаны «Қарлығаш» туындысы болды. Өзіме ұнайды және көпшіліктің көңілінен шықты. Одан кейін адамның жас ерекшелігін көп талғамайды. Жастардан бастап үлкен кісілерге дейін таға берсе болады.
– Сіздің ойыңызша, күрделі ұлттық өнеріміздің дамуы не себепті кенжелеп қалды? Әлде біз шетелдік брендіге құмармыз ба?
– Бұл саланың тоқырауының бірнеше себебі бар. Біріншіден, Кеңес Одағы құрамында болғанда зергерлік өнерге көңіл бөлінбеді. Қазақты бұл өнерге жақындатқан жоқ. Тек мал шаруашылығымен айналасуға бағыттады. Тіпті зергерлік құрал-жабдық, оқулық деген бізде мүлде болған жоқ. Бұл тұрмыс-тіршіліктегі артта қалған өнер түріне айналды. Осындай тоқырауды ұлттық өнеріміз бастан кешкені рас. Халық та мұның байыбына барып жатқан жоқ. Одан бөлек, шетелден келген бренділерге құмар бола бастадық. Не үшін шетелдік брендіні алады? Өйткені олардың 100, 150, 200 жылдық тарихы бар. Оларда зергерлік өндіріс жолға қо­йылған, сапасы тұрақты. Сондықтан халық құмар. Бізге олармен бәсекелестікке түсу үшін әлі ұзақ жұмыс істеу керек. Халықтың да қазір көзі ашық. Бәрін аударып-төңкеріп, салыстырып қарайды. Бізде қазақы бренділерді дайындайтын дамыған компаниялар бірен-саран. Ал ұсақ-түйек мекемелердің көбісі бәсекелестікке шыдай алмай, нарықтан шығып қалып жатыр. Тағы бір айтатын мәселе, біздің де өз мерекеміз бар,  31 қаңтар – Халықаралық зергерлер күні. Бұл күнді ешкім елеп-ескеріп жатқан жоқ. Намысқа тырысып, зергерлік өнер жайында көп айтамыз-ау. Бірақ айтылған әңгіме айтылған жерінде қалып жатыр. Бұл күнге де маңыздылық беріп қараса, қоғамда зергерлердің орны болар ма еді, кім білсін?!
– Өзіңіз айтқандай, Халықаралық Зергерлер күні бар, ресми түрде белгіленген. Жалпы, бұл күнді Қазақстанда атап өтетін зергерлер көп пе?
– Зергерлер салыстырмалы түрде өте аз. Оқу орындарында 10 адам осы мамандықты оқып шықса, соның біреуі, не екеуі ғана айналысады. Қалғаны өзге салаға бет бұрады. Енді  мұны өз көзіммен көріп  те жүрмін. Бізде зергерлер көп сияқты көрінеді, бірақ тұрақсыздық басым. Неге? Себебі кейде  тапсырыс көп болады, кейде күрт төмендейді. Ал тұрақсыздық тоқырауға ұшыратады. Бұл қиындыққа азын-аулақ мамандар ғана шыдап, кәсібін әрі қарай жалғастырады. Шыдамағандар, өкінішке қарай, басқа салаға ауысып кетеді. Зергерлердің бүгінгі жай-күйі – осы. Әрине, компанияларға да жұмысқа кіруге болады. Бірақ зергерлердің жалақысы жоғары емес.  Сондықтан көбісі өзіне ғана жұмыс істегісі келеді. 
– Шетелге кететін ойыңыз бар сияқ­ты. Сіз секілді санаулы,  талантты зергерлер сыртқа кете берсе, ата кәсібімізден айырылып қалмаймыз ба?  
– Рас, шетелге кететін ойым бар. Қазір тіл үйреніп, шетелден жұмыс қарастырып жатырмын. Зергерлік өнердің ғұмырын жалғастыратын адамдар болатын шығар әлі де. Бар үміт пен сенім жастарда. Жалпы, қазақтың қанында бар өнер бұл. Бірақ мұны әрі қарай дамыту үшін әшекейлерді әлемдік деңгейде шығару керек. 
– Ал әшекейлерге атаулар қалай таңдалады? 
– Біз дизайнер болғандықтан, алдымен атауына ерекше мән береміз. Кейбіреуіне тұтынушылар, ал кейбіреуіне өзім қоямын. Негізі, бәріне бірдей ат қоя беру мүмкін емес. Түр-сипатына қарай таңдалады.
– Жақында көрмеңіз өтті. Көрмені өткізудегі басты мақсатыңыз не еді? 
– Басты мақсат – осы саладағы 10 жыл еңбегімді, дизайнымды, көпшілікке көрсету. Мен тұтынушыларымның басым бөлігімен шынайы өмірде жүздесіп көрмегенмін. Басым көпшілігімен тек әлеуметтік желіде сатылым жасалды. Қолөнерді тек әлеуметтік желіге сала бергеннен кейін құны түсіп бара жатқанын байқадым. Сондықтан «көз майы­мызды тауысып, толғантып әкелген туындымызды түсінсін» деген мақсатпен арнайы көрме жасадым. Көрмеге Ресейден, Франциядан қонақтар келді. Жаңа коллекциямның таныстырылымы өтті. Жалпы, көрме рухани кеш сияқты болды.
– Мүмкін, бұл саланың шешілмес мәселелері көп болар... 
– Бұл жерде өте көп мәселелер бар. Тіпті қолөнер бағыты бойынша кәсіпті тіркеу үлкен қиындық туғызады. Көп нәрсе «қара базар» арқылы  шешіледі. Құжат ретінде мемлекеттік деңгейде тіркейтін заңдық нормалар қалыптаспаған. Қарапайым тіркелудің өзі үлкен мәселе тудырғанда, әлемдік деңгейге шығу өте қиын екенін түсінесің. Мысалы, шетелге әшекей алып шығайын десең, заң жүзінде дұрыс бағдар беретін заңгер табыла қоймайды. Өйткені заңгерлер бұл саладағы баптарды дұрыс білмей жатады. Сондықтан қымбат тастарды әкелудің өзі оңай емес. Нақтысын айтқанда, қазіргі зергерлік өнердің сиқы жабайы, жүйесіз күйде дамып жатыр. 
– Қазақ зергерлері бұл кәсіптен қаншалықты пайда тауып жатыр? 
– Ол оңай тірлік емес. Кәсіп бір ізге қойылуы үшін, кем дегенде, 10–15 жылыңды сарп етуің керек. Мен, мысалы, осы салада 10 жыл бойы жұмыс істеп келемін. Он жылда әлі пайда тапқан емеспін. Өйткені бәрін нөлден бастап қалыптастырып жатырмыз. Сондықтан әлі де шыдамдылық керек деп өзімді жұбатып, қайрап қоямын.
– Жалпы, ұлттық зергерлік өнерді қайта жаңғыртып, тұтынушылар таласып алуы үшін не істеу керек? 
– Зергерлік өнерді жаңғырту үшін үкімет тарапынан үлкен қолдау керек. Осы кәсіппен айналысатын, бүкіл өмірін арнаған адамдарға мемлекеттік гранттар, қаржылай көмек беріп отырса құба-құп. Шынайы шеберлерді Қазақстанның ішінде емес, әлемдік деңгейдегі көрмелерге шығаруға мүмкіндіктер бар. Бұл мәселені мемлекет ұйымдастырса, зергерлік өнер қайта жанданып, түлер еді. Университет, колледж секілді оқу орындарында дұрыс зергерлік білім берілуі керек, арнайы оқулықтар жазылып, сапалы мамандар дайындаған дұрыс. Шетелдегі зергерлік үлкен мекемелерде жұмыс істеуге жарамайды, білімі, білігі, тәжірибесі жетпейді. Бізге білім жүйесінен бастап өзгеріс енгізу керек сияқ­ты. Білгеніңді үйрету мен қанмен берілген өнерді жалғастыру көнеден бүгінге жеткен аманат қой. Мен, мысалы, осы салада 30 адамды маман ретінде да­йындап шығардым. Оларға 5 жыл уақытым кетті. Өзім оқыған университетте жылына бір-екі адам ғана осы мамандықты оқып бітіреді. Бітірген соң, тәжірибесі жоқ жас­ты ешқандай мекеме жұмысқа алмайды. Мұның бәрі өз басымнан өткен. Жалпы, біздің қоғам өнердің аясын тым тарылтып жіберген. Ән өнері мен актерлік өнерден әрі аса алмайды. Зергерлік өнер дамыған мемлекеттерде үлкен мәдениеттің бір бөлшегі, ұлттың сауаттылығының көрсеткіші болып саналады. Бәлкім, біз де, солар сияқты күндердің бір күнінде өркениетті қоғамға айналатын шығармыз.
– Сұқбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен 
Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ

"Ана тілі" газеті

 

1008 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз