Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 13 Қыркүйек, 2024

Ерлан ЫСҚАҚОВ, аудармашы: «Алтын» сөздік кімде бар?

Қазақ – ағылшын – орыс тілінде, алтын тақырыбына арналған салалық сөздік жарық көрді. Сөздікті құрастырған «Ана тілі» газеті авторларының бірі, аудармашы Ерлан Ысқақов. «Алтынды құнды ресурс, асыл металл ғана емес, сондай-ақ айрықша мәнге ие мәдени концепт ретінде тани түсуге көмектесетін шағын зерттеуімнің нәтижелерін қорытып, жүйелеп, фразеологиялық сөздік түрінде шығарып отырмын», – дейді ол кітабы турасында. Салалық сөздік туралы, мазмұндап аударудың қыр-сыры жөнінде аудармашы айтқан пікірге көз жүгіртсеңіз, белгілі бір тақырыпқа арналған аудармалардың да жай-жапсарын ұғуға болады. Тақырыптық аударма мазмұнын кеңейту ісіне қатысты да осы сұқбатта біраз сауалдың жауабына қаныққан едік...

 

– Салалық сөздік жасаудың ерекшеліктерін атап берсеңіз. Мұндай сөздіктерде сол салаға қатысты термин мен сөз тіркестерінің қазақ тіліне дұрыс, жатық аударылу мәселесіне қатысты әлі де шешімін таппаған қандай мәселелері бар? 
– Өзім құрастырып шығарған сөздіктер, соның ішінде жақында жарық көрген «Алтын. Золото. Gold» атты жаңа еңбегімді таза салалық (яғни белгілі бір саланың кәсіби мамандары әзірлеген арнаулы, академиялық т.с.с.) деп емес, аудармашы ретінде қызыққан бағыттағы тақырыптық, яғни өзім сияқты практик аудармашыларға, тіл үйреніп жүргендерге, қалың оқырман қауымға қызық болатын, бір қажетіне жарайтын анықтамалықтар деп білемін. Көбіне қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі фразеологиялық бірліктерді салыстыра зерттеу, баламасын табуға көп көңіл бөлемін. 
Тілге (айталық, ағылшын тіліне) дайын тіркестер мен сөз орамдарынан құралған пазл деп қарасақ, сол пазлдың жекелеген бөлшектеріне қазақ тілінен (не орыс тілінен) мән-мағынасы, қызметі, көркемдік әсері жағынан дәлме-дәл келетін немесе мейлінше ұқсас сыңарын табу маңызды. «Мынадай терминдер мен тіркестерді аударамын» деп тізім құрып алу аса қиын емес (бірақ оны да дұрыс құра білу керек), сол тізімдегі лұғаттарға екінші, үшінші тілдегі жарамды сәйкестіктерді табу қиын. Барын талай дереккөз ақтарып, талдап, тексеріп табасың, таппасаң, өз аудармаңды ұсынуың қажет. 
Қызыққан салаға қатысы бар деген алуан түрлі деректермен жұмыс істей білген жөн: үш тілде шыққан аударма, түсіндірме т.б. сөздіктерді бастапқыда ашып, байқап қарайсың, олардың «мүмкіндігі шектеулі», көз көріп, құлақ естіген үрдістерді қамти алмай не толық түсіндіре алмай қалғанын көресің. Сондықтан «бұрынғы, қазіргі қолданыс қалай екен, өзгелер не деп аударып жүр екен» деп, түпнұсқа деректерді (ресми құжаттар, көркем әдебиет, мерзімді басылымдар, аудио, видеоматериалдар т.б.), табылып жатса, аудармаларын іздейсің, қарайсың. Әріптестеріңнен, тиісті саланың мамандарынан сұрайсың, ақылдасасың. 
Мәселен, қазақтың туып-өскен жер, Отан мағынасын білдіретін «алтын бесік» деген көркем тіркесін алайық. Орыс және ағылшын тілдерінде тура осындай «золотая колыбель», gold cradle деген сөзбе-сөз сәйкес баламалар бар. Ағылшын тіліндегі тіркесті теріп іздесеңіз, теңеулер емес, интернеттен ертеде алтын кәсіпшілігінде қолданған бір құралдың суреттері көптеп шығады. Сөйтсем, ағылшынның gold cradle дегені (тау-кен ісінде) – құрамында алтын түйіршіктері бар құмды шаймалау үшін жасалған қарапайым механикалық қондырғы, ағаш қорап (вашгерд). Шаймалау кезінде бұл құрылғыны ұдайы тербетіп тұру керек, бесік деген атауы содан шыққан. Керемет!
Мен осындай зерттеулер кезінде лингвистикалық корпустарға көп жүгінемін, қазір өзіме қажет қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің корпустары бар (Қазақ тілінің ұлттық корпусы, Национальный корпус русского языка, British National Corpus, Corpus of Contemporary American English т.б.), қолданамын дейтіндерге ашық. Белгілі бір сөздің, тіркестің сөздіктердегі аудармасы бір бөлек, ал контекске түскенде, яғни нақты бір сөйлем ішінде басқаша кейіпке еніп, түрленіп шыға келетінін көресің. Корпус – осындай мысалдарды іздеп табуға өте қолайлы құрал. Енді осы корпустардың ішінде қай тілдің корпусы кенжелеп қалған дейсіз?.. Айтпаса да түсінікті шығар. Жоқтан бары жақсы, ақыры іске қосылғаны жақсы, осы жолғы зерттеуіме көмегі тимеді емес, тиді. Дегенмен орыс тілінің, ағылшын тілінің бар корпустарымен (интерфейсі, іздеу мүмкіндіктері, жалпы сөз, сөзқолданым қоры т.б.) салыстырғанда, біздің корпусты тіліміз туралы барынша толық мәлімет беретін репрезентативті корпус деуге әлі ерте. Аудармаларды салыстырып қарауға болатын параллель ішкорпусы тіпті шағын, іздегеніңді тауып көрейін десең, қол байлайды. Алайда бұл саладағы жұмыстар тоқтамаса, қолдау болса, дұрыс ұйымдастырылса, бізде де ойдағыдай мықты ұлттық корпус болады деп сенемін.
– Жаңа жарық көрген сөздік-анықтамалық алтын тақырыбына арналған екен. Неге алтын? Осы салада нақты аудармашылық тәжірибеңіз болғаны ғой?
– Иә, шығарған әр кітабымның өзім жұмыс істеген салаларға, араласқан жобаларға қатысы бар. Кезекті жобамен қоштасқанда оқып-білгенімді жүйелеп, қосымша ізденіп, өзім осылай іштей жұмысымды қорытындылап отырамын. Бертінде алтын өндіру саласында да қызмет етіп көрдім, аға аудармашы болдым. Экономикада, өндіріс саласында алтынға құнды ресурс, мол табыс көзі, бағалы өнім, тұрақтылықты қамтамасыз етіп, жаңа мүмкіндіктер ашатын қор деп қарайды. Бұл асыл металдың нарықта ғана емес, адамның өмірінде, мәдени-танымдық кеңістігінде де алатын орны ерекше. Ыңғайда ойға оралатын, алтынды тілге тиек ететін сан алуан нақылдар, қанатты сөздер, мифтік, діни, әдеби сюжеттер, мысалдар көп. Сондай мысалдардың кең тарағанын топтастырып, салыстыра қарап, аудармасын табайын, табылмаса, өзім аударып көрейін деп, шағын зерттеу жобасына кіріскенмін. Бұл кітап – сол зерттеу жұмысының нәтижесі. 
– Сөздік-анықтамалықтың бір ерекшелігі – алтын/gold/золото тақырыбына арналған тұрақты тіркестер, қанатты сөздер, мақал-мәтелдер де топтастырылған екен. Оны жинау, бір кітапқа біріктіру қанша уақыт алды?
– Тұтас алғанда, екі жылдай уақыт кетті. Бұл жұмыс қазақ тіліндегі мысалдар жинақталған тізім құрудан басталған, соны ашып қарасам, 2022 жылғы 12 қыркүйекте бастаған екенмін. Әуелгі жоспар биыл көктемде, кейін жұмыс көбейіп, кейінге қалып, жазда шығады деп ойлағанмын. Биыл қыркүйек айында жарық көріп отыр, бұйырғаны осы болар. 
Сөздікке кең тараған, жиі қолданылатын мысалдар енген, дегенмен сирек, көнерген мысалдар да жоқ емес. «Алтын» дегенде қолда бар не қол жетпес асыл зат, баға жетпес қазына немесе адамды аздыратын зұлым күш ұғымы, сұлулық, жақсылық т.б. нышаны санатындағы айрықша теңеулер сөз болатынын ескердім, сол себепті сөздік мақалалар тізімін жасақтағанда негізгі сөздің алтынды, алтындай т.б. туынды тұлғалары бар мысалдар да қамтылды. Яғни мақалдың түп мағынасының алтын туралы болуы шарт емес (білім, адал еңбек, әділдік т.б. туралы мақал болуы мүмкін), құрамында «алтын» лексемасының болуы шарт (мәселен, білімді – шірімейтін алтынға, параны – ашпайтын есігі жоқ алтын кілтке теңеу). 
Кітаптың тартымды, көңілімнен шығатындай стильде беттеліп шыққаны – Әсия Турлина деген дизайнердің арқасы. «Шебердің қолы өнерлі – тағар алтыннан білезік» дейді ғой, Әсия ханым нағыз шебер дизайнер. Айтпақшы, осы мақалдың орыс және ағылшын тіліндегі үндес баламалары, аудармалары мынадай: Ремесло – золотой браслет на руке. ≈ То ремесло, что ты постиг, ценней богатства всех владык / Work is a golden bracelet. ≈ A trade in hand finds gold in every land. Осы нақылдың мәнін аша түсу үшін, Сәйф Сарайидің «Гүлстан би-т-түрки» шығармасынан мына бір хикая үзіндісін келтіріп кеткен орынды шығар. Бір данышпан балаларына насихат берер еді: «Ей, балаларым, кәсіп үйреніңдер. Өйткені дүниенің байлығына, мал-мүлкіне және атақ-дәрежесіне сенім жоқ. Атақ-дәреже бір күні есіктен шығып кетер. Алтынды, күмісті сапарда қарақшылар тонар не шаһарда ұрылар алар немесе иесі жеп тауысар. Кәсіп – суы дайым тасып келіп тұратын бұлақ. Білім иесі билігінен түссе, қайғысы жоқ. Өнері – оның байлығы. Білім иесі қайда барса, құрметтеп, төрден орын берер де, білімсіздер бір түйір тамақ үшін тіленіп, міндетті болып жүрер. ...Кәсіп – ердің байлығы, біл жақын, таусылмас мол қазына ол» (Әдеби жәдігерлер. 9-том. Құраст. Ә.Керімұлы).
– Шетелдік маңызды бірнеше кітапты қазақша мазмұндау әдісімен ықшамдап аударып шыққаныңызды білеміз. Саммари – хоббиіңіз бе, әлде аудармашылық мамандығыңызда өз-өзіңізді жетілдіруге қажет дағды ма?
– Дұрыс байқап отырсыз, өзім қызығып оқыған кітаптардың қазақ тіліндегі мазмұндамасын жазып шығару – аудармашылық жұмысыма қажет әуес­тік. Аударғанда қазақша мәтін жатық, түсінікті, түпнұсқадағыдай әсерлі оқылсын деймін, мұндай дәрежеге тек көп аударып, жаттығып, керек машықтарды жетілдіру арқылы ғана жетесің. Кейде бір сөйлем аударып шығу үшін, ұқсас жанрдағы бірнеше бет мәтін оқуға тура келеді, қажет тіркестерді байқап, аудармаларын тауып, тіпті орынды-орынсыз тыныс белгілерін пысықтап, тексеріп аласың. Мазмұндамаларымның бәрін қолмен жазамын, қажет түзетулер мен өңдейтін жерлерін қағаз бетіне түртіп, белгілеп, сызып қоямын. Ешкім тез аяқта деп асықтырмағандықтан, қолды, миды жұмыс істетіп, ойды жүйелеп алғанға осы машық жақсы, сүйсінесің. Кейін асықпай оқып отырып, тазалап компьютерде теремін. Ақылы түрде жасайтын аудармаларым бір бөлек бағыт, мазмұны, қиындығы, шарттары әрал­уан. Ал енді «мына кітапты қазақшалап шығарса, керемет болар еді» деген арманың орындала бермейді, сен қалаған кітап тапсырыс болып келмейді. Сондықтан ұнаған кітаптарды ешкімнен тапсырыс күтпей, өзім мазмұндап, жариялап жіберемін, бұған ешкім тыйым сала алмайды. Әрі ойымдағыны іске асырдым, әрі қызығып оқитындар табылар деймін, саммаридің бір жақсысы, кемінде, он бес минут уақытыңызды бөліп, кітаптың не туралы екенін біліп аласыз. Қызыққандар болса, қазақ тіліне аударылмаған кітаптардың мазмұнымен саммари арқылы танысады. 
Осы уақытқа дейін он саммари жаздым, түгелге жуық «Ана тілі» газетінде жарияланды. Ең бірінші мазмұндамамды пандемия кезінде, үйде карантинде отырғанда жазып шыққанмын. Ол – Соня Шах деген журналистің «Пандемия: жер бетіндегі жойқын вирустардың тарихы» атты кітабы. Пандемия тақырыбынан басталған тізімге биыл қосылған соңғы мазмұндамаларым соғыс және қарыз феномендері туралы. Қандай тақырыпқа ден қою керегін өмірдің өзі көрсетіп беріп тұрғандай... Айта кетерлігі, жаңа кітабыма кірісерде «алтын» тақырыбындағы ізденістің бағыт-бағдарын, идеялық ауқымын айқындауға швейцариялық ғалым, эссеист-жазушы, аудармашы Ральф Дутлидің (Ralph Dutli) неміс тілінен орыс тіліне аударылып (ауд. С.Городецкий), 2022 жылы жарық көрген «Золото грёз: культурологическое исследование благословенного и проклятого металла» атты кітабының зор көмегі тиді. Сол кітаптың «Аңсадық біз алтынды...» атты қазақ тіліндегі мазмұндамасы есіңізде шығар, ол да осы газетте жарияланды. 
– Жазба әрі ілеспе аударма маманысыз. Аудармада қиын не болмаса шытырман оқиғаны бастан өткердіңіз бе? Өткерсеңіз, қандай оқиға?
– Бастан өткерген ерекше, қызық жайттар аз емес. Бүгінгі тақырыпқа сай еске оралып отырғаны: алтын өндіретін компанияда аудармашы болып жұмыс істегенімде кенішке іссапарға барып, сондағы бір шетел маманының қасында жүріп, аударма жасадым. Бір күні фабрикадағы кен ұнтақтайтын үлкен диірменнен (ұшақтың үлкендігіндей) ақау шығып, іске қосылмай қалды. Оны оталдыратын жабдықты ашып, тексеріп, қалай жөндейтінін жаңағы шетелдік маман ғана айта алады, өйткені күтім жасау шарты бойынша арнаулы рұқсаты бар, тәртіп сондай (біздікілер білмейді, қолынан келмейді деген жағдай емес). Сонда жүрген жалғыз аудармашы мен болғандықтан, ақауды тауып, диірменді іске қосқанша қасында болдым, оның айтқанын біздің мамандарға аударып беріп отырдым. Содан дамыл таппай, ұйықтамай 27 сағат жүрдік! Диірмен іске қосылғанда бәріміз шулап, қуанып, фабрикадан шықтық. Жұмыстан босап, таңғы асымызды ішіп, алаңсыз ұйқы қандырып аламыз деп тарастық. Жуынып алып, төсекке жантайып, кешкі ас ішерде ғана бір-ақ тұрамын дегенмін. Екі сағаттан соң диірмен қайта тоқтап қалды деп телефон соқты...
– Әңгімеңізге көп рақмет! 

Әңгімелескен 
Қарагөз Сімәділ

 

2229 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз