- Таным
- 16 Қыркүйек, 2024
Ғарыш кеңістігінде тоғызқұмалақ тақтасы
Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында ішінде тастары бар тоғызқұмалақтың тақтасы алғаш рет стратосфера қабатына шығып, жерге қайтадан жеткізілді. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
9 қыркүйек күні V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында тоғызқұмалақтан алғашқы ойындары басталды. Қатысушылардың бірінші жүрісі 9 ойыншыдан тұратын 9 үстелдік тақтада, тоғызыншы ұядан басталып, есептеу жылдамдығымен сайысқа түсті.
«Ерекше айта кететін маңызды жаңалық – тоғызқұмалақ тақтасының ғарыш кеңістігіне шығуы. Ресей ғарыш агенттігімен арадағы келісім негізінде ішінде тастары бар тақта алғаш рет Көшпенділер ойындары аясында стратосфера қабатына шығып, қайтадан жерге жеткізілді», –делінген хабарламада.
Бұл іс-шара – үстел ойындарының жанкүйерлері үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін де маңызды жаңалық. Өйткені тоғызқұмалақ – ғарышта болған жалғыз үстел ойыны. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясындағы тоғызқұмалақ турнирінде 41 елден, оның ішінде Колумбия, Бангладеш, Ұлыбритания, Франция, Германия, АҚШ, Қытай, Латвия, Африка және араб елдерінен келген 114 қатысушы бақ сынайды.
Ал Дүниежүзілік және республикалық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменовтiң сөзіне сенсек, Қазақстанда 210 мыңнан астам адам осы ойынмен тұрақты ойнайды.
– Ел ішінде 210 мыңнан астам адам тоғызқұмалақ секциясында тұрақты айналысады. Ал осы жарысқа әлемнің 41 елінен келген ойыншылар қатысып жатыр. Атқарылған жұмыс қатарында, біріншіден, әлемнің түкпір-түкпіріндегі зияткерлік ойын жанашырларымен қарым-қатынас орнатып жатырмыз. Екіншіден, әлемге кең танымал igGameCenter және Playok сайтымен байланыс орнаттық. Соның арқасында тоғызқұмалақ осы екі сайтта ең көп ойналатын ойындар қатарына еніп отыр, – деді федерация президенті Ә.Байменов.
Оның айтуынша, 100-ден астам елдің ойыншылары тоғызқұмалақты онлайн ойнайды.
– IP адресін тексеріп көргенде, 100-ден астам елдің азаматы тоғызқұмалақ ойнайтыны белгілі болды. Сонымен бірге бұқаралық сипатта насихаттау үшін 2 028 бала бір мезетте тоғызқұмалақ ойнап, Гиннес рекордын жасадық. Ал жақында 213 мың адам ойынды онлайн режiмде ойнаса, күні кеше ғана тоғызқұмалақтың тақтасы алғаш рет стратосфера қабатына көтерілді, – дейді Ә.Байменов.
М.ҒАБИТҚЫЗЫ
436 рет
көрсетілді0
пікір