- Таным
- 17 Қыркүйек, 2024
Алтайда Айшолпанның ізін басқан Айбота деген бүркітші бар...
Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы, Алтай ауылында Айбота Көшеген есімді бүркішті қыз бар. М.Икей батыр атындағы №1 мектептің 11-сыныбында оқиды. Былтыр Отандастар қорының «Жас қазақ» жазғы этно лагеріне қатысқан. Мәнерлеп оқудан талай рет топ жарған. Айботамен әлеуметтік желі арқылы таныстық. Амандықтан соң Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні және Қазақстан халқының тілдері күнімен құттықтады. Жырақта жүрсе де қазақ тіліне деген құрметі ерекше. «Моңғолияда оқушылар 12 сынып оқиды. Бұл елде тұратын әрбір бала моңғолша еркін сөйлейді. Қаладағы он үш мектептің біреуі ғана моңғол тілінде, қалғаны қазақша оқытады. Отбасында қазақша сөйлейміз», – деді бүркітші қыз.
Моңғолияда туған бүркітші қыз Айшолпан әлемге танымал. Ол алты жасынан атқа мініп, сегіз жасында бүркіт ұстапты. Жеті атасынан бері бүркітші болған. Айботаның бүркіт ұстауына Айшолпан әпкесі себеп болыпты. «Бүркітке 4 жасымнан бастап қатты қызықтым. Айшолпан әпкемізді көріп, «неге бүркіт салмасқа?» деген ой туды. Сөйтіп, 8 жасымнан бастап әкем үйретті. Менің әкем жүрегі кең, мейірбан адам. Үнемі айналасындағы бала-шаға, ағайын-туыс пен дос-жаранның алдында жауапкершілікті қатты сезінетін жан. Маған бүркіт үйреткенін мақтанышпен айтамын. Әкем әр баласына ерекше жақын, сөзінен бұрын іс-әрекетімен үлгі. Ең ғажайып қасиеті – ата-анасына аса мейірбан. Қартайған әке-шеше-сіне ерекше жұмсақ, әрбір сөзіне мұқият бола білді. Мен әкемді қатты жақсы көрем. «Қыз бала бүркіт көтермейді» деп қарсы шығатындар бар. Бірақ арманыма жету үшін қиындыққа шыдадым. 2019 жылы бүркітші екі қыз болса, қазір он үштен аса қыз бар.
Бүркіт – ауыр жыртқыш құс әрі жеті қазынаның бірі. Бүркіт салу – ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан мұра. Алдымен өзіңе арнайы бүркіт аласың. Бес жыл бұрын Мұзбалақ деген бүркіт алдым. Келесі жылы осы уақытта еркіндікке жібереміз. Өйткені, ол да жұбын тауып, балалы болуы керек. Төрт, не бес жылдан кейін жұмыртқалайтын жасқа келгенде табиғатқа жіберу керек. Жазда Сұңқар деген бала бүркітті балапан кезінен ұясынан алдым. Анасынан ажыратқанда көзіме еріксіз жас келді. Бірақ бүркіт қазынаның бірі. Бес жыл аялап, қолымызда ұстап, еркіндікке жібереміз. Асау болғасын атам үйретіп жатыр. Қыста аңшылыққа саламыз деген ой бар. Еркіндікке шыққан бүркіт қайта айналып келмейді. Бір қызығы, менің жіберген бүркі-тім қайта айналып келіп, мені қимай, екі айналып, қайта ұшып кетті.
Бүркіт қасиетті және өте шыдамды, батыл құс. Сөйлей алмаса да, адамды түсі-неді. Қолға түсірген бүркітті аңшылыққа «тәрбиелеу» жолдарын айта кетейік. Ересек түз бүркітін алдымен жуасытады. Содан кейін иесіне, маңайындағы адамдар мен малға бойын үйретеді. Түз бүркітті қолға шақыруға үйре-теді. Ал қолбала бүркітті шырғаға түсу, тірі аңға салу («тірілеу» деп атайды) сияқты машықтарға үйретеді. Бүркіттің салмағы қыста 5–8 келі, жазда 10–15 келі болады. Қыркүйектен ақпанға дейін аңға салады. Бүркіт бір күнде 500 грамм ет жейді, одан көп жем беруге болмайды. Наурыздан бастап түлеп, қауырсындары түсіп, жаңасы шығады. Сол кезде көп тамақ береді. Бүркітті қолда ұстау қиын, ол үшін күш қажет. Ұстайтын адамның күші көп болуы керек. Бүркіттің көзі өте өткір. Биікте ұшса да, астында кетіп бара жатқан кішкентай тышқанды ұстайды.
Айбота бүркітпен түлкі, қасқыр, қоян ұстайтынын айтады. Бүркітке үш күнде бір рет азық береді. Үш күн ашықтырып, аңға салады. Өзі аулаған қоян, түлкінің етін жейді. Қыста суықта аттың үстінде бүркіт ұстап жүру қиын. Бүркітші шыдамды, төзімді болуы керек. Бүркітті балапан кезінен баққасын жарақат алуы сирек. Керісінше, жануарға қамқор болу – баланы жауапкершілікке үйретеді. Айбота туралы германиялық азамат екі сағаттық фильм түсірген. Енді үш тілде моңғол, қазақ және ағылшынша кітап шығармақ екен.
«Туристер көшпелі халыққа қызығады. Мысалы, біз Алтай бетін жайлаймыз. Ата-баба құндылықтары әлі күнге дейін жалғасып келеді. Туристер бүркіт тойына жиі келеді. Біздің үйде жиі қонақ болады. Баян-Өлгей аймағында жылына екі рет бүркіт тойы өтеді. Бір ауылдан 60–70-тен аса бүркітші қатысады. Ұлан-Батырда жылына бір рет болатын тойға қазақтар көп қатысады. Бүркіт тойында бүркіт таудың басынан ұшып, етегінде тұрған иесінің қолына жылдам қонуы керек. Былтыр Сақсайда болған бүркіт жарысына әкем екеуміз дайындалдық. Әкем биік таудың төбесінен бүркітті жіберсе, мен етегінде тұрып шақырдым. Бүркітім 18 секундта қонса, 1-орын алған бүркіт иесіне 15 секундта қонған. Бүркіт тойда қыз қуу, садақ ату сынды қазақтың ұлттық ойындарын ойнаймыз. Биыл жаздай садақ атып үйрендім. Жарыс болса, қатысуға дайынмын. Садақ ату сайысына ер адамдарға шектеу жоқ, ал қыздарға шектеу бар. Бірде әлеуметтік желіге видео жүктедім. «Сіз туралы кино түсірсем бола ма?» деп пікір жазыпты. Әкеме хабарласып, елге келіп, екі фильм түсірді. Фейсбукке фильмнен үзінді салып тұрамын».
Айбота көңілі қалаған кезде өлең жазады. Мәнерлеп өлең оқығанды жақсы көреді. «Үздік оқушы» деген атағы да бар.
«Кейде «Мен қазақпын. Не үшін Моңғолияда өмірге келдім?» деген ой мазалайтын. Отандастар қоры-ның арқасында атамекенге бардым. Қазақ елі, ауасы, тіршілігі ұнады. Мектепті бітіріп, оқуға атамекенге түсемін деген мақсат қойдым. Адамның жан-дүниесінде қанат жайған арманы болады. Арманым – журналист болу. Бала кезімнен оқыған кітабымды қағазға жазатынмын. Туған жерім – Моңғолия. Атамекенім Қазақстанға еңбек етемін. Табиғаттың бізге берген сыйы қаншама?! Мөлдір аспан, таза ауа, құнарлы жер, жасыл желек, сыңғырлаған бұлақ, барлығын тарқатып айта берсең сөз жетпестей. Не деген сый десеңізші. Осыншама сыйлық алған біз, адамдар, жер бетіндегі ең бақытты жаратылыспыз. Табиғатқа қарап тұрып шаттана аламыз. Жүрегіңдегі сөзді жеткізе алатын табиғаттың тағы бір сыйы бар, ол – әдемі де әсем гүл. Егер ақын болсам, өмірді өзгерту үшін қаламымнан маржандай төгіліп тұратын сырлы сөздер жазатын едім. Әр адамның бойында алып күш жатқандығын сезіндіріп, оның ойын өзгертетін едім. Қаламымның сиясын тауыссам да, адамдарға шабыт беретін туындылар шығаратын едім».
Табиғатты жақсы көретін жаны нәзік балапан-бүркітші қызға сәттілік тілейміз. Арманына жетіп, атамекенде қалаған оқу орнына түссін дейміз!
Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА
«Ұлан» газеті, №38
17 қыркүйек 2024 жыл
375 рет
көрсетілді0
пікір