- Айна
- 17 Қыркүйек, 2024
Қойыртпақ тілмен қоғам дамымайды
Бағдагүл Балаубай,
«Ana tili»
Қазақтың қай сөзін алсаңыз да, мейлі мақал-мәтел, мейлі қанатты сөзі болсын, тамыры тереңде жатыр, философиялық мәнге ие. Халқымыздың жан дүниесінің, мінез-құлқының, тыныс-тірлігінің сипатын беретін сөздің қадірін арттыра алып жүрміз бе? Әр қазақтың бойындағы қазақы рух, жүрегіндегі намыс сақталды ма? Осы қазақылықты, қазақы ниет, ықылас пен пейілді жас ұрпақтың бойына сіңіре алдық па? Ұлттың өсиетін, ұлағатын, тәлім-тәрбиесін, парасатын, ізгілік қасиеттерін жас буыннан көре аламыз ба? Олардың сұранысын қанағаттандыру қолымыздан келе ме?
Әлде «Көре тұра айтпасаң, Көргенсіз дер. Біле тұра айтпасаң, Жетесіз дер» қағидасына сүйеніп, жас буынға «артықтау әңгіме» айтып, кінә артумен ғана шектеліп жүрген жоқпыз ба?
Соңғы кезде көз алдымызда «орыстанып» бара жатқан қоғамға қарап осындай ой мазалап жүр. Олай айтуға себеп, біз, әрқайсымыз өзіміз өмір сүріп жүрген қоғамның айнасымыз. Қоғамың қандай, сенің келбетің мен іс-әрекетің соған сай өзгеріске ұшырап, дамып отырады. Біреу келісер, біреу келіспес, айналып келгенде, қоғамның бір бөлшегі ретінде айналадағы болып жатқан іс-әрекеттерге біз де жауаптымыз.
Күнделікті көрініс. Тұрғын үйдің ауласына шықсаңыз, кішкентай балалар шүлдірлесіп, бір-бірімен орысша сөйлесіп жүреді. Жап-жас ата-анасымен өзге тілде тілдеседі. Түрі қазақ. Ата-анасы қазақ. Ата-бабасы қазақ. Қазақстанда тұрады. Бірақ тілі басқа. Неге?
Бірде студент-жастармен кездесу өтті. Көпшілігі шетелде оқығысы, шет тілін меңгергісі келеді. Дұрыс, бірнеше тіл білгеннің айыбы жоқ, керісінше көңіл көкжиегің ашылып, білім нәрімен сусындауыңа кең жол ашылады. Бірақ жан жүрегің ұлтың деп соғып, ұлтыңа қызмет етуі керек. Демек, бірінші орында – қазақ тілі, Алаштың тілі тұруға тиіс. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейтін бабалар сөзінде үлкен мағына жатыр. Нәпақа іздеп, шетел асқанның бәрінің ісі оңғарылып кеткен жоқ, бөтен ел, бөтен жер өз үйіңдей болу қайда? Соны түсінсек, уақытша қиындықты еңсеріп, үйренген шет тілін өз елінің дамуына жұмсаса, Қазақстанды көгертсе, қазақ тілінің биік мінберден көрінуіне үлес қосса дейміз.
Кеше асығыс-үсігіс такси қызметіне жүгінгенбіз. Такси жүргізушісі Нұрханның әңгімесіне зер салсаңыз, жүрегіңіз шым ете түседі. Әңгімені бастаған өзіміз. Нұрханның тұтынушылары туралы сыр суыртпақтадық. Мемлекеттік тілдің, қазақ тілінің жай-күйін білгіміз келді. Нұрханның айтуынша, бірен-саран болмаса, тұтынушы өзге тілде амандасып, өзге тілде қош айтысады. Бұл әдет пе, әлде басқа да себептері бар ма түсініксіз.
«Тұтынушының 80–90 пайызы орыс тілінде амандасып, «сау болыңыз» деп қоштасады. Тіпті орысша амандасып, артынан телефонымен қазақша сөйлесіп отыратын жастар көп. Менің қазақ екенімді көріп тұрып, басқа тілде амандасқанына таңғаламын. Соңғы кездері тілі келмесе де, «здравствуйте» дейтіндердің қатары көбейіп кетті. Соның бәрі өз қазағымыз. Керісінше, өзге ұлттың өкілдері «Ассалаумағалейкум», «Сәлеметсіз бе», «Сау болыңыз» деп, өз тіліңде сөйлегенде ішің жылып сала береді», – дейді такси жүргізушісі.
Қоғамдық көлікте де мұндай жағдай көп кездеседі. Өткенде иін тірескен автобустың есігіне жабысып тұрған біріне екіншісі «Вы, выходите» деп сұрады. Екіншісі жалт қарап, мойнын бұрып, «нет» деп басын шайқап, аялдамадан түспейтінін меңзеп, кері шегініп, шығар есіктің жолын ұсынды. Екеуі де қазақ. Екеуі де жас, студент болар. Олар да қоғамның айнасы ғой, айнадан не көрді, соны бойына сіңіріп алды, қазақылықтан алыстап бара жатқанына іштей күйінесің.
Қазіргі заман – тілдің таразыға түсіп тұрған уақыты. Дәл осы өтпелі кезеңде жаһандануға жұтылып кетпей, «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді» қағидатына сүйеніп, үлкен-кіші, кәрі-жас бірлесе, тілдің тұғырын биіктетуіміз, ұлтқа адал қызмет етуіміз парыз һәм міндетіміз, ұлттық намысымызды таптатпауымыз басты мақсатымыз болуға тиіс. Тілдің тазалығын сақтау, дұрыс сөйлеу – әр қазақтың борышы, қойыртпақ тілмен қоғам дамымайды.
254 рет
көрсетілді0
пікір