Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 18 Қыркүйек, 2024

Оқушылар NASA-дан қалай тағылымдамадан өтуге болады?

NASA – аэронавтика және ғарышқа ұшу саласында зерттеу жүргізетін АҚШ-тың тәуелсіз агенттігі. 1958 жылы құрылған. Онда жерді бақылау жүйесі арқылы жер ғаламшарын, ғарыш кемелерін, күн жүйесіндегі денелерді, ғарыш телескоптары арқылы астрофизикалық тақырыптарды зерттеу сынды жұмыстар жүргізіп келеді. Бүгінгі кейіпкеріміз 15 жастағы алматылық Сымбат Барсағазы осы сала бойынша екі апталық тағылымдамадан өтіп келді. Ол Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы. Қазақ қыздарының шетелде тәжірибе жинақтап келуі қуанарлық жайт. Оның не түйіп, қандай ілім алып келгені туралы біз де сұрап көрдік.

– NASA-дағы тағылымдама туралы кімнен естідің? Шақыртуға қандай бағдарлама арқылы барып келдің?

– Мектебіміздің түлегі Аяна Кашкунова да осы бағдарлама арқылы бірнеше жыл бұрын тағылымдамадан өтті. Оны естігеннен кейін менің де қатысуға қызығушылығым пайда болды. Ең алдымен FISE қорының электрондық поштасына жазып, эссе талаптарын алдым. Кейін эссемде Марс планетасында болашақта қолданғым келетін технологиялар туралы жаздым. Бір айдан кейін сұқбатқа қабылданғаным туралы хабар-лама келді. Онда United Space School-дың үш директоры менен аэроғарыш ғылымына қатысты тәжірибем туралы сұрады. Олар үшін маңызды критерийлердің бірі – топтық жұмыс істей алу еді. Ал мен үшін адамдармен бірлесіп жұмыс істеу оңай. Тағылымдамада барлығымыздың басты міндетіміз – Марста адамдар басқаратын миссияны жобалау болды. Әлемнің 25 елінен 45 оқушы таңдалды. Азиядан жалғыз өзім екен. NASA-ның Джонсон ғарыш орталығы мен Хьюстон табиғи ғылымдар мұражайына барып, қызықты лекцияларды да тыңдап шықтық. Тағылымдамада оқытушы менторлардың, инженерлердің, кураторлардың мінезі ашық болып, сұрақтарымызға қуана-қуана жауап бергені ұнады. Мен олармен теңдей сөйлестім. Әлі де достық қарым-қатынастамыз.

– Тағылымдамада кімдермен таныстың? Бұл мүмкіндік саған не берді?

– Оңтүстік Африкадан бастап Ирландияға дейін әлемнің түпкір-түпкірінен дос таптым. Барлығы мен сияқты ғарышқа құмар ғылыми танымы кең жандар. Одан басқа түрлі NASA инженерлерімен, ғарыш скафандрын жасауға көмектескен Синда Шулленмен, Апполон миссиялары ғарышкерлерінің жаттығушысы Том Санзонмен де танысып, олардан маңызды тәжірибе жинақтадым. Бірде хост отбасыммен азық-түлік алу үшін Costco дүкеніне барғанда итальяндық ғарышкер Лука Парметаноны кездес-тірдік. Халықаралық ғарыш станциясын жөндеуге жылда ғарышқа ұшатын адамды қарапайым дүкенде көру мен үшін таңғаларлық әрі қызық оқиға болды. Тағылымдама аэроғарыш саласында білімімді жетілдіруге мүмкіндік берді. Әрі биоинженерияда дамуға деген ұмтылысымды аңғартты. Өйткені маған физика мен биологияны ұштастырған ұнады. Мені АҚШ-тағы оқу, әсіресе, Northwestern және Rice университеттеріне деген қызығушылығымды еселеді.

– Ол жақта қандай жобалармен жұмыс істедің? 

– Өз жобамызда әлемдегі жаңа технологиялардың механизмдерін қолдандық. Алайда миссияның параметрлерін ескере отырып, есептеулер 15 жыл ішінде нәтиже беретіні анықталды. Мысалы, Халықаралық ғарыш станциясында ауа жасайтын жүйенің өнімділігін (Oxygen Generation Assembly) біз 70-тен 85 пайызға дейін көтердік. Сондай-ақ, ғарышкерлер үшін озонды цистерналарда сақтауды ұйғардық. Өйткені ол ауруханаларда да кеңінен қолданылады.

– Еліміздің ғылым саласына қандай жаңалық енгізер едің? 

– Болашақта инженерия, аэроғарыш ғылымдарының дамуына және Байқоңыр ғарыш айлағының дамуына көмектескім келеді. Жас мамандардың көмегімен еліміз осы тарихи және технологиялық маңызды орынды өз игілігіне пайдалана алады деп ойлаймын. Қазір KAZROCKETS қорының белсенді қатысушысымын. Бұл – аэроғарыштық технологиялар мен зымыран ғылымы саласында жас қазақстандықтардың білім алуына арналған қор. Біз зымыран туралы 50-ден астам шеберлік сабағын өткізіп, мыңнан астам оқушыны оқыттық. Сондай-ақ, балалар инженерлік салада дамысын деп 200 метрге дейін ұша алатын зымырандарды жинауға арналған жиынтықтарды дайындаумен айналысамыз. Осы қорды дамыту арқылы мен қатарластарымның технология саласындағы білімін арттырамын.

– Болашақ өміріңді ғылым саласына арнағың келе ме? 

– Әрине, болашақта ғылыммен айналысқым келеді. Оның ішінде биоинженерияда қызығушылық танытамын. Қазір Марстағы ғарышкерлер үшін ауаны қайта өңдеуге көмектесетін MOXIE техноло-гиясы бойынша эксперимент жүргізіліп жатыр. Ондағы жалғыз мәселе  – машинаның өнімділігі мен жылдамдығының салыстырмалы түрде аз болуы. Болашақта осы технологияны дамытуға көмектескім келеді.

– Достарыңа, қатарластарыңа қандай кеңес айтар едің? 

– Дәл қазір ғарыш немесе ірі компанияларда жұмыс істеу туралы арман мүмкін емес болып көрінсе де, есіңізде болсын, табысқа жету жолы кішкентай қадамдардан басталады. Ғылым тек қызығу-шылықтың арқасында ғана алға жылжитынын ұмытпайық.  Сұрақ қоюға ешқашан қорық-паңыздар. 

– Рақмет!

Сұқбаттасқан 
Олжас ПАВЛИК

«Ұлан» газеті, №38
17 қыркүйек 2024 ж

2074 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз