- Таным
- 18 Қыркүйек, 2024
БЕЙІМБЕТТІҢ «БАҚЫТЫ»
Көп те көлемді сөз мұрасын қалдырған көрнекті қазақ қаламгері Бейімбет Майлиннің әлі де әдеби-ғылыми айналымға түспеген еңбектері бар екені мәлім. Сондай белгісіз туындысының бірін тауып, таяуда республикалық баспасөзде қайта жариялағанымыз (Бейімбеттің «Шапайы» //«Egemen Qazaqstan», 20/08/2024; 21/08/2024) көзі қарақты оқырманның ойында шығар.
Бүгін де сол дәстүрді жалғастырып, Бейімбеттің және бір белгісіз шығармасын оқырман назарына ұсынып отырмыз. Ол – осы уақытқа дейін белгісіз болып келген әрі ешбір жинағына енгізілмеген, 1936 жылы жазылған «Бақыт» әңгімесі. Бұл шығарма, әрине, бүкілхалықтық һәм қаламгерлік сананы советтік идеология толық жаулап алған кездің тынысын бейнелесе де, біз үшін қазақ жазушысының қаламының табы қалған дүние ретінде қадірлі болатыны белгілі.
Қысқаша мазмұндасақ, бұл – сол замандағы Стаханов қозғалысын мұрат тұтқан озат жылқышы туралы әңгіме. Яғни жүз биеден жүз құлын алып өсірген әйгілі жылқышы жайында. Мал шаруашылығының жайымен жақсы таныс қазақ баласы жүз биеден жүз құлын алудың күрделі табиғат жағдайында оңайлықпен жүзеге аспайтынын жақсы біледі. Ел тірлігімен қашаннан етене жазушыны, ең алдымен, шаруашылықтың осы дерегі қызықтырған тәрізді.
1936 жылы «Қазақстан» баспасы Батыс Қазақстан облысының Камен ауданындағы «Ойан» қалқозының Ленин орденін алған атақты жылқышысы Бақыш Сәрсенбаевтың «Жүз биеден жүз құлын» деген кітапшасын басып шығарды. «Жылқышының әңгімесі» ретінде берілген кітапша аңдатпасында баспа тарапынан: «Бұл кітапшасында Бақыш жолдас патша заманында бай есігіндегі құл болғанын, өктәбір төңкерісінің арқасында теңдік алып, адам қатарына қосылғанын, қалқозға кіргенін, қалқоз жұмысына бар ынтасымен кірісіп, үлгілі жұмыс көрсеткенін, сол табысының арқасында Совет Одағының ұлы награт – Ленин орденін алғанын айтады», – деп жазылды.1884 жылы дүниеге жылқышы өз әкесінің де өмір бойы байдың жылқышысы болғанынан бастап, «мал баққыш болсын деп ойлады ма екен, әкем атымды «Бақыш» қойыпты» деп бұдан арғы өмірін баяндайды.
Ал жазушы кейіпкерінің аты-жөнін «Бақыт Байғабылов» деп алып, оның есімін бас тақырыпқа шығарады. Жалпы Бақыштың жүз биеден жүз құлын алғаны, озат жылқышы ретінде Мәскеуге барғаны, Ленин орденімен марапатталғаны қатталған деректер.
Әңгімеде кездесетін басқа жайттар автордың қиялынан туған. Жылқышы жазған кітапшада: «Жақында бір жолдасым:
Еңбек ері тақты Ленин орденін,
Қуанамын: құтты болсын орденің!
Биылғы жаз міндет тіпті өзгеше,
Дайош, Баке, жүз биеден жүз құлын!» деп жазыпты» деген жолдар бар. Бейімбет осы деректі одан әрі жетілдіріп, дамытып, өлеңді әңгіменің әрін ашатын деталь ретінде кеңейтіп, тереңдете түседі.
Екінші жағынан, 1935–1936 жылдары Қазақстанда да стахановшылар қозғалысы өріс алып, кез келген өндірістік жетістік қатысы болса да, болмаса да, Стахановтың есімімен байланыстырылды. Қаламгер қауым, соның ішінде Бейімбет те қоғамның талабына орай, әлеуметтік тапсырыс орайында болса да, осындай озаттар туралы газетке жазып тұрды. Мысалы, Бейімбет «Ленин шәкірті» очеркінде қалқоз төрағасы Сағымбай есімді азаматтың еңбегін Стаханов қозғалысының мазмұнымен ұштастырды, «Қызықты тұрмыс басталды» деп Риддердің стахановшы озат жұмысшысы Біләл Ысқақов туралы толғана баяндады. «Бақыт» әңгімесі осындай жарияланымдарының тақырыптық жалғасы сияқты.
Әңгіме кейіпкері Бақыттың түптұлғасы Бақыш өмірінің бір сәтін баяндайтын, 10 мың данадан астам таралыммен Қызылордада шыққан 26 беттік кітапшаның әдеби жазбашасы көрсетілмеген. Егер кітапшаның өндіріске тапсырылған мезгілі (1936 жылғы 9 мамыр) мен басуға қол қойылған уақытын (22 маусым) және әңгіменің «Социалды Қазақстан газетіне жарияланған кезін (1936 жылғы 1 мамыр) ұштастыратын болсақ, осы кітапшаның өн бойында Бейімбеттің өз қаламының ізі жатқан жоқ па деген ой тумай қалмайды. Өйткені әңгіменің кітапша шықпастан бұрын жариялануы осылай болжауды жоққа шығармайтын тәрізді. Әрі әңгімеге жылқышы Бақыш Сәрсенбаевтың өмір-тірлігінің негізгі деректері арқау болғаны және бір тиянақ.
Осы уақытқа дейін әдеби-ғылыми айналымға түспеген «Бақыт» әңгімесі «Социалды Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінде, жоғарыда айтқанымыздай, 1936 жылғы 1 мамырда жарияланды, оны Ақтөбенің облыстық «Социалды жол» газеті сол жылғы 7 мамырда көшіріп басты. Бейімбеттің бұл шығармасы осы уақытқа дейін жазушы жинақтарына енгізілген емес. Міне, сол әңгіме (жақша ішінде бүгінгі жазу үлгісі қоса берілді):
Бейімбет МАЙЛИН
Бақыт
Қалқоз жылқышысы Бақыт Байғабылып жылқысын суғармақ боп, желге бір танаулата айдап келе жатты. Ен дала. Кілем түріндей боп өсіп келе жатқан жасыл көк. Шырылдаған бозша торғай әлдененің шаттығына бөленгендей боп, қанатын қаққан сайын зымырап, теңбіл көктің құшағына сіңіп жатқандай. Күн нұры еркелей күліп, жел сұқтанып ішін тартып, жібектей майда ауа бойды сергітіп, ойыңды шалқытып, қанат бітіріп көкке алып ұшатындай көресің.
Көз жетер жерді бір шолып өтіп, Бақыт күлім қақты:
– Стақанып жазы осылай басталды, – деді.
Торы бестінің сау аяңы жорғаға бергісіз: басын тежесең, шиыршық атып астыңда тұрмайды. Құйындатып шауып жел естіріп, ақ көбіктен желең жамылса, торы бесті құмардан сонда шыққандай.
– Так, так... жануар, – деп, Бақыт торы бестіні мойнынан қақты.
Бота тірсектенген жас құлын енесін шыркөбелек айналып шабады. «Қой деймін, шаршап қаласың» дегендей боп, байсалды бәйбішелердей маңғазданып, енесі құлағын жымитады. Бақыттың астындағы торы бесті де бұдан төрт жыл бұрын тап мына құлынның сымбатында еді-ау.
Жалғыз торы бесті ғана емес, осы жылқының қайсысы онда құлын емес еді: бозбаладай тобын түзеп, бір бөлек кетіп бара жатқан сонау саяқ аттар; еркелеп шапқан құлынын іздеп, еріне жортқан мына маңғаз биелер; арқырап кісінеген дауысы аспанды сілкіндіргендей боп жүрген тоқпақ жалды торы айғырлар – осының бәрі Бақыттың өз қолынан тудырып, баласындай мәпелеп өсірген малдары. Қайсысының қай пиғылда екеніне шейін біледі. Тістеуік, тебеген көк биеден Бақыт көз айырған емес; Бақыттың аңдып жүргенін о да сезетін секілді.
– Тентектігіңді қоймасаң, дос болмаймыз екеуміз; жас құлынның бірін жазым қылып жүрсең, қастасатын жауым сен боласың, – дейді оған күлімсіреп.
– Беу... саған алакөз болып-ақ өлдім-ау, – деп кектенгендей боп, тебеген көк бие оңашалай жайылады.
Бақыттың жүзінде тасқындаған шаттық күлкісі. Торы бестінің аяқ басысы музыканың күйіне билегендей ырғалып, сол ырғаққа қосылып Бақыт ыңылдап өлең айтып келеді:
Үздік шығып, орден алып сіз бүгін,
Шын сүйсініп құттықтаймыз біз бүгін;
Даладағы Стақанып үлгісі:
Дайош, Бақа, жүз биеден жүз құлын!
Бақыт мырс етіп күліп, омырауын ашқанда, алтынды орден күн нұрына шағылысып, сәулесін Бақыттың бетіне ойнатты.
– Жүз биеден жүз құлын... – деді Бақыт күлімсіреп. Санап көрші: неше құлын екен!
...Қалқоз сарайының күзетшісі Тұрғымбай Тұрсыныптың өлең шығармайтын адамы жоқ. Түн бойы шығарған өлеңін жаздыру үшін күндіз ол басқарма кеңсесін жағалайды. Басқарма шатаботы қағазын ыңғайлап, «Тұрғымбай Тұрсыныптың бірінші томына кіретін өлеңдері» деген сөзді ірі қып жазады да:
– Қане, Төке, бастаңыз! – дейді.
Қалқоз сауыншысы Әмине дейтін келіншек:
– Беу... осының-ақ өлеңі бітпейді екен, – деп қабағын сәл түйе түскен секілденеді.
Әйткенмен, Тұрғымбайдың өлеңін жаттап алып, көпшілікке жаятынның бірі – сол келіншек.
Бақытқа арнап жоғарғы өлеңді шығарып жүрген де осы Тұрғымбай. Тұрғымбайдың өлеңін жатқа білмейтін қалқозшы сирек, соның бірі – Бақыт. Торы бестінің теңселген аяңына тербеліп, Бақыт өлеңді тағы бастады:
Кеңес туы күлсін! – деп,
Тілегі еді баршаның.
Арандаған қалың жау
Адмиралын Қалшағын
Қырғызып бір құлап ед!..
Кезеңін тапса, шалуға
Әлі ойында бар соның.
Қызыл әскер қырағы
Күзетіп тұр жер шарын.
Ер жолдасы ат болар,
Ат ұстасы, Бақыт-ау,
Сенен тұлпар қалайды
Ворошилоп маршалың!..
Кремілде болатын мәжілісте Ворошилоп жолдасқа өз аузынан берген серті бар-ау мұның: «36-жылдың ішінде қызыл әскерге он тұлпарды бабына келтіріп беремін!» – деген. Сол тұлпары – құлындай ойнап, қолдың саласындай боп жүрген сонау қылаң аттар.
...Кремілдегі мәжіліс қырық жыл жылқы баққан Бақыттың бақытты өмірінің тойындай еді. Ұлы көсемнің жарқын, жылы шырайы – денені қорғасындай балқытып, дертке шипа, бойға жігер құйып тұрған теңеусіз асыл күшпен бір еді. Алпысқа келген Бақыт сол миноттан (минуттан) бастап кәрілігін ұмытты: «Баяғыдан бері қалқоз жылқышысы болсамшы!» – деген ой шарықтап ұшып, асыр салғандай еді. Калинин ақсақал мына орденді Бақыттың төсіне өз қолынан қадап:
– Бақыт Байғабылып! Ұлы отанымыздың ардақты ерінің бірісің!.. – деп мұның қолына қысты.
Бақыт одан әрі жасарды.
...Жалғыз ұлы Темірбекті жиырмасыншы жылы детдом тәрбиесіне берген ғой. Сол бала содан әрі оқыды да кетті.
– Апырмай, не деген көп оқу! Соның бәрі біздің Темірбектің қай жеріне сыйып жүр екен! – дейтін Бақыт қуланып.
Сол Темірбек Ленинградта жатып 30-жылы хат жазды. «Әке! – депті хатында, – мен дейтін болсаң, қалқоз жұмысына жаныңды салып кіріс!..»
Осы хат Бақыттың қытығына едәуір тиді: «Ол айтпаса, қалқоз жұмысын бөтенсінем бе екен мен? Қайткен болады өзі!.. Шешесінен бес жасында жетім қалғанда, қойныма салып өсірген Темірбегім емес пе еді? Енді маған ақыл айтпақ...» – деп Бақыт кәдімгідей өкпелеп жүрді.
Сол Темірбек Бақытты Мәскеу бағзалында қарсы алды. Өз ұлының сымбатына өзі сұқтанғандай боп, қарқ-қарқ күліп Бақыт тұрды.
Мәскеуден аттанарында баласының үйінде қонақ болды. Қонақтың көбі – оқымысты пропессорлар, жауапты қызметшілер еді. Соның ішіндегі жұпыны кісі – Бақыттың жалғыз өзі ғана секілденді. «Мәскеуде тұрады. Білімдері көп... Бұлардан бақытты адам бар ма екен?» – деп ойлап еді Бақыт оларды бастап көргенде.
Баласының бұл мәжілісі – үш түрлі тойдың түйіскен мәжілісі еді: біріншісі – Темірбек оқу бітіріп, «кандидат науки» деген ат алған тойы; екіншісі – інженерлік оқуды бітірген Зура дейтін қызға үйленген тойы; үшіншісі – алпысқа келген әкесі Бақыттың ұлы отанның даңқты ері боп орден алған тойы!
Пропессор ұлы мен інженер келіннің атасын күндегендей боп самсаған көз осының үстінде болды. Көзілдірік киген кәрі пропессор қалтылдап орнынан тұрды:
– Осы жасыма келгенше шын бақытты адамды ұшыратпаған секілді ем. Бүгін ұшыраттым: бұл мына Бақыт Байғабылып! – деді пропессор қолымен нұсқап.
Инженер келін еркелеген пішінмен келіп, Бақыттың құлағына сыбырлады:
– Ата! Сіз сөйлеңіз енді, – деп.
Бақыт не сөйлемекші? Бақытта не арман бар?
– Мені осы бақытқа қоршаған – ұлы көсеміміз Сталин! – деді Бақыт тасқындай сөйлеп...
Сол Бақытың осы. Күн нұры төсіндегі орденді сүйіп, еркелей түскендей. Май айының жібек желі бетке үлбіреп қана тиетіндей. Шиыршық атқан торы бесті шекесінен шаншыла қарап, «жіберші, басымды! Желмаядай есейін...» дегендей болады.
– Так, так... жануарым! – деді Бақыт торы бестіні мойнынан қағып, – қайратыңды бойыңа сақта. Қызыл әскерге сәлемдемеге алдымен сені жіберем... Жау ордасын талқандайтын ұлы майданда сүрінсең, саған серт; сені бабыңа келтіре алмасам, маған серт!..
Әзірлеген
Серікқали БАЙМЕНШЕ,
бейімбеттанушы,
филология ғылымының докторы,
Қазақстанның құрметті журналисі
509 рет
көрсетілді0
пікір