- Таным
- 19 Қыркүйек, 2024
Тіл туралы триптих
Бағзы кездері қазақ қандай ұлы халық болған десеңізші! Менің, міне, осыған таңданысым шексіз. Ал қазір өзімізден өзіміз біртүрлі... жерінеміз бе, қалай? Әсіресе өзімізді өзіміз тану, өзтаным ілімі, өзтаным лұғаты кемшіндеу соғып жатқан сыңайлы.
Әлі де кеш емес
Басқасын былай қояйық, бағзыда ата-бабаларымыз біздің жерімізге қоныс аударып келген қаншама өзге ұлт өкілдерінің қазақшаға тілін сындырып, ділін, мінез-құлқын теліп, оны айтасыз, қаншама кірме сөзді қазақыландырып жібергені шын мәнінде ғажап-ақ емес пе? Мысалы, «самаурын», «қастрөңке», «пәуеске» секілді толып жатқан сөздер төл сөздеріміздей, құлаққа сіңісті болып кетті ғой!
Әлгі ата-әжелерімізден естіп, үйренген «мәмпәси» сөзі «монпасьенің» қазақыландырылған нұсқасы екен. Ал «әміркеніңіз» (етік) «американ» дегеннен шыққан. Қазір осындай тәуекелшілдік қанымызда бар ма? Кеңестік кезеңдегі (бүгінгі жаһандану тұсында тіліміз ұшына оралып, «балалап өргендерін» былай қояйық) кейбір кірме сөздерді әлі күнге «қазақыландыра» алмай, түпнұсқасында пайдаланып келеміз. Процент, проблема, километр, килограмм, грамм деген секілді. Бұрынғылар ауызекі тілде грамды «қадақ», километрді «шақырым» деуші еді.
Кейбір кірме сөздердің қазақы баламасы, аудармасы халық ішінде, ел аузында жүр, соны іздейік, табайық дейтін бір жан жоқ! Рас, Тәуелсіздігіміздің елең-алаңында республикалық терминология жөніндегі комиссия «көжедей көп» термин сөздерді біртіндеп болса да тәржімалауды бастаған да еді. Мемлекеттік мәртебеге ие ана тіліміздің әлеуетін одан әрі арттыруға, қорын байытуға бағытталған үлкен жұмыс еді.
Ең бір өкініштісі сол, құнарлы да бай тіліміздің бағын байлап келеміз. Бір деректе қазақ сөздерінің бүгінде 30 пайызы ғана нақты қолданыста екені айтылады. Бұл қуанатын гәп емес.Тіліміздің бір-бірімізбен нақты қатынасымызда көпе-көрінеу жұтаңданып бара жатқаны жалған емес қой. Қайсыбіріміз тіліміздің «әлеуметтік желіде» әжік-күжік әңгімелесуге жарағанының өзіне мәзбіз.
Әлі де кеш емес. Арамызда жүрген көне көз, кәрі құлақ қарияларды, ділмәр кісілерді мұқият тыңдайық, солардың аузымен айтылатын көне сөздерді жазып алып, жинастыруға (әсіресе жастар) дағдыланайық, көркем әдебиетті көп оқиық! Мұның туған тілімізге деген қызығушылық пен махаббатты оятары анық. Былай қарасаң, аса қиын шаруа да емес. Әзірге қолымыздан келері де осы ғана ғой!
Жалпының емес, жалқының да ісі
«Дауға салса – алмастай қиған, сезімге салса – қырандай қалқыған, ойға салса – қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы ана тіліміздің» абыройын асқақтату жалпының ғана емес, жалқының да ісі, жанкешті күресімен келетін жеңістерінің жеңісі!
Кезінде ақын Нәзира Бердалы жүргізген «Алтын сандық» па еді, этнографиялық телеойын болды. Кеңестік кезеңде «архаизм» деп танылып, сөздік қорымызға енгізілмей, тілдік қолданыстан көрінеу шеттетілген сөздеріміз жалғанның жарығына шығарылып еді сол ойын барысында. Қазір оларды да ел ұмытып үлгерген болар. Задында, бізде құнттылық жоқ қой. «Түптің түбінде, осылай боларын» ойлап, біраз сөзді мағынасымен қоса қойын дәптеріме түртіп алған жайым бар. Енді соның бір парасын назарларыңызға ұсынайын. Бәлкім, тіліміздің байытылуына, кірме сөздерді қазақшалауға да септігі тиіп қалар.
Абадан – қасқыр әуегінің көсемі.
Ағала – кең киіз үй.
Алғау – кермек, тұзды, сорлы.
Байса – желкенің майы, жон.
Барқын – қоңырқай жасыл.
Болпан – Марс (қызыл жұлдыз).
Екі – жынды.
Еңіреу – жүйрік, майталман.
Көшіл – мегежін.
Күзгі – кісі бойындай айна. Қазіргі трюмо ғой!
Кімдік – құса ауру. Депрессияңыз да тәржімаланып тұр.
Қапалақ – бақай арасының кірі.
Құй – құдық.
Құлаба – егде тартқан, қақсал.
Құймыр – көздің ойнақылануы.
Марғау – белгісіз бағыт.
Нардан – келелі қол.
Пыран – сауыт.
Соң – бітеу мал терісі, екінші мағынасы көңіл.
Толай – қорамсақ.
Торай – жүлде, бәйге.
Үйкек – қазан тұғыр.
Үке – іні.
Ыдырыс – қыли көз.
Ыра – ылди, еңіс.
Ізбін – болар-болмас ізі бар жол.
Ілімтон – киім...
Менікі таудың бір тасындай ғана мәлімет. Жалпы, өзімізде, о жер, бұ жерімізде бар, жазылып қойылған әзірге қолданысқа енгізілмей, ұмытыла да бастаған қандай қазақ сөздері бар? Бәрін, бәрін еске түсіріп, ерінбей жиыстырып, түз-түгел тілдік қорымызға – «алтын сандығымызға» әкеліп қоса алсақ қой, шіркін! Осылай болашақта міндетті түрде шығуға тиіс көптомдық энциклопедияның негізі қалана бастаса... Қазақ тілі аударма жасау әлеуетіне ие емес дегендермен сосын сөйлесер едік!
Айтпақшы, бағзы кездері филолог, лингвист, диалектолог-ғалымдар ел арасына шығып, қариялар аузынан жыр-қиссаларды, аңыз-әңгімелерді өкіметтің, болмаса жеке өзінің қаражатын жұмсап, ғылым үшін жинайтын. Бүгінде мұндай іспен айналысушылар бар деп естімеппін. Мұндай жағдайдан соң, қазақ тілінің қоры молайып, көсегесі көгерер деп кім айтар?
Әлеужелі
әлеуетті-ау. Бірақ...
Әрине, әлеуметтік желі – өте әлеуетті күшке ие ақпарат құралдарының бірі. Оның «тілін» жас та, кәрі де біледі бүгінде. Бір-біріңізді құттықтайсыз ба, фотоңызды, жарнамаңызды, толғақты мәселелерді қозғаған мақалаларды көшіріп басасыз ба, естелік жазасыз ба – мархабат! Facebook қызметіңізге әр кезде де дайын. Міне, осы мүмкіндікті ... әлемет күшті тиімді іске, сұлу да нәрлі, бай тілімізді одан әрі де құдіретті ете түсуге, барымызды ұқсатып, жоғымызды түгендеуге пайдалана алмай отырғанымыз жанға батады. Бар мәселе – осында!
Әттең-ай, қаншама асыл сөздеріміз (ақын, жазушылар, журналистер шығармаларында болмаса) көңіл көмбемізде «сүрленіп», тілдік қолданысқа енбеген күйі текке «рәсуа» болып жатыр десеңізші! Қазақтың өзі жаралғалы бергі, міне, осы асыл сөздерінің қолданыс аясының кеңейтіліп, 30 емес, 60–70 пайыздық межеге қол жеткізілер күнін жақындата түсу сіз бен біздің қолымызда!
Ал әлеужелі қызметін кәдеңізге жаратпас бұрын тілдік қорыңызды байыту, әсіресе көркем әдебиетті ыждағатпен оқу, тіл ұстарту бәрінен де маңызды. Бір-біріңізбен өзара емен-жарқын сырластырар, қоғамды біріктіруге күш салар, сауатты да парасатты жазбаларымен жұрт көңіліне жағар қазақ газет-жорналдарын жаздыртып оқысаңыз, тіпті құба-құп болар еді-ау!
Қазақтың құнарлы да нәрлі, мәйекті сөздері – көркем әдебиеттерде, кинофильмдерде, одан қалды, уәлі ауыз шешендеріміз тілінде. Алайда кітап оқып, фильм, спектакльдер көріп, ділмар жандарға құлақ асып жатқан жастар жоқ қой бүгінде.
Әнебір жылдары Ресей телеарнасынан көрсетілетін «Не? Қайда? Қашан?» интелектуальдық ойынында «Өз ана тілін сыйламайтын ел» деген сұраққа ойыншылардың еш бөгелместен, «ол – Қазақстан» деп жауап беруі әлеуметтік желіні шулатқаны есте. Міне, осылай өз ана тілін мемлекеттік мәртебеге ие бола тұрса да, сыйламайтын әлемдегі бірден-бір ел біз болып шықтық! Қаның қайнай ма, қайнамай ма? Ана тіліміздің басын жарып, көзін шығарып жүрген де өзге емес, өзіміздің орыстанып, ділі де, діні де өзгеріп кеткен қарагөз қандастарымыз. Ғаламтор мен әлеуметтік желі тілін «қазақыландырып» жатқан да солар!
Сенбесеңіз, қазақ, қазақ тілі, қазақ даласы, қазақ дастарқаны туралы, өзіңізге қажетті басқа да мәліметтерді білгіңіз келіп, уикипедия түймешігін басып көріңіз, «қарық боларыңызға» күмәндімін. Қызыл сөздің көбігі сапырылар мәтіндерден аяғыңызды алып жүруіңіз қиын. Мәні, мағынасы тұрғысынан алғанда, той жүргізер асабалар «шалқымаларының» ар жақ, бер жағы. Ал орыс тілінен аудармалардың бірін де түсінбейсің. Тұтас сөйлемнің басы-аяғына кетіп, «ішек-қарыны, жыны» араласып кеткен. Қазақ тілінің аударма мәселесінде «қауқарсыз» екеніне бұдан асқан «мысалды» қайдан табарсың! Қазаққа, қазақ тілінің көсегесі көгеруіне қастандық, ақпараттық диверция дегеніңіз – осы. Тіпті намысың келеді. Мұндай күлдібадам дүниелер шебер аудармашы немесе білікті жорналшының қолынан шықты деуге аузымыз бармайды. Ғаламтор мен әлеуметтік желі кеңістігінің осылай әлі күнге қазақыланбай тұрғанына қайран қалудан басқа амалың да жоқ.
Ана тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болғанына аттай отыз үш жыл болыпты. Ал жағдай әлгіндей. Өзгерген ештеңе де жоқ. Не істеп, не қойдық, не істеу керек?
Бұдан шығар жол біреу ғана, біздіңше. Ендігі жерде қазақтар ұл-қыздарын балабақшаның қазақ топтарына беріп, қазақ мектептерінде оқытуға тиіс-ау! Біз ана тіліміздің осылай ғана туын тіктеп, көшін түзей аламыз! «Ештен кеш жақсы!»
Баймаханбет АХМЕТ,
ақын, журналист
"Ана тілі" газеті
566 рет
көрсетілді0
пікір