- Біздің сұхбат
- 19 Қыркүйек, 2024
Қазақ даласынан араб жеріне дейін: екі араны сөз жалғаған
Ұлбала Алжанбаева, филология ғылымының кандидаты, шығыстанушы-ғалым
Тіл дамуын тоқтатпайды. Ендеше, осы күні даудың өзегіне айнала бастаған кірме сөздерге қатысты әңгіме – кез келген тілдің даму процесінде байқалатын құбылыс. Осы орайда қазақ (түрік) тілдерінен араб пен парсыға енген сөздер және ол сөздердің араб-парсы тілдерінің сөз байлығын кеңейтудегі рөлі туралы сөз қозғағымыз келді. Филология ғылымының кандидаты, профессор Ұлбала Алжанбаева қазақ тілінің сөз байлығы, түрік тілдерінің басқа тілдерді байытудағы орнын талдап берді.
– Маман есебінде, ең алдымен, қазақ тілінде қанша сөз бар, оның ішінде шетелден енген сөздер саны қанша деген сауалға жауап тапсақ?
– Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты бастырған, ең соңғы шыққан және «ең толық сөздік» деп айтылып жүрген 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» 92 300 сөз, 57 856 сөз тіркесі – барлығы 150 156 лексикалық бірлік қамтылды», – деп жазылыпты (15-том, 819 бет). Осы статистикалық санға Б.Қалиұлы тапқан 25 820 тілдік бірлікті қоссақ, қазақ тілінің сөздік қорында 175 976 тілдік бірлік бар болып шығады.
2014 жылы Байынқол Қалиұлының «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (15 томдыққа қосымша) деген сөздігінің 1-томы жарық көрді. Оның көлемі – 59,1 баспа табақ. Онда 15 томдықта жоқ, оған енбей қалған 10 690 атау сөз бен 2 645 тұрақты тіркес – барлығы 13 335 тілдік бірлік қамтылған.
Б.Қалиұлы сөздігінің 2-томы баспадан 2023 жылы шықты. Бұл автордың 2014 жылы шыққан сөздігінің заңды жалғасы болатын. Мұның көлемі – 40,3 баспа табақ. Онда жаңасы бар, ескісі бар – 597 автордың 643 кітабынан және 20 шақты газет-журналдан алынған, 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» жоқ 10 290 сөз, 2 195 тұрақты тіркес – барлығы 12 485 тілдік бірлік қамтылды. Жуырда ғалымның «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» деп аталатын, көп жылдан бері жазып жүрген еңбегінің 2 томдығы жарық көрді. Осы екі томда 2011 жылы шыққан 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» жоқ 20 980 сөз бен 4 840 тұрақты тіркес – барлығы 25 820 тілдік бірлік қамтылыпты. Яғни тіліміздің жүз елу мыңдай сөз байлығының үстіне Б.Қалиұлының бір өзі ғана тағы жиырма алты мыңдай тілдік бірлік қосты деген сөз. Бұл, әрине, аз олжа емес.
2019 жылдың қарашасында белгілі ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлының редакторлығымен «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры «Қазақ тілінің кірме сөздер сөздігін» шығарды. Бұл сөздік – қазақ тіліне латын, грек, ағылшын, француз, араб, парсы, испан, неміс, орыс, итальян, қытай, моңғол, португал және өзге тілдерден әр кезеңде енген кірме сөздер кең қамтылған алғашқы көлемді еңбек. Сөздікте 8 985 кірме сөз қамтылған. Кітап алғашқы көлемді еңбек ретінде құнды. Неге десек, қазақ тіл білімінде кірме сөздер сөздігін жасау ісі қолға алынбай келді. Кірме сөздер теріліп берілген санаулы ғана сөздік бар. Олар, негізінен, араб-парсы тілдерінен енген кірме сөздерге арналған. Алайда әлем тілдерінен енген сөздер қамтылған кірме сөздердің үлкен сөздігі әлі жасалған жоқ. Бұл еңбек болса сол олқылықтың орнын толтыруға жарарлықтай сәтті бастама десек қателеспейміз.
– Араб-парсы тілдеріне түрік тіліндегі қай саланың сөзі көп енген? Неліктен?
– Араб тiлiне кiрген түрік сөздерiнiң iшiнде ең көрнектi орын алатыны – әскери лексика. Шығыстағы феодалдық қоғамның әлеуметтiк-саяси құрылысында әскер әр уақытта ерекше орын алды, өйткенi шығу тегi жағынан феодалдық жүйенiң өзi де әскери ұйым болатын. XVI–XVIII ғасырлардағы Османлы дәуіріндегі Египет те сол жүйеге жатты.
Мысырдағы билеушi тап болған әскер әлеуметтiк жағынан да әркелкі едi. Олар әлеуметтiк жағынан тең емес екi топқа бөлiндi:
1) өз өмiрiн әскери қызмет бабында өрлеуге бағыштаған және феодалдық билеушi топтың негiзгi резервi мен тiрегi болған жалпы көпшiлiк әскери қызметкерлер (қатардағы мәмлүктер мен түрiк корпустарының немесе ошақтың мүшелерi);
2) билеушi және бұйрық берушi элита (түрiк қолбасшылары мен мәмлүк әскери ақсүйектерi), яғни Мысыр қоғамының билеушi тобының негiзiн құрайтын, шешiм қабылдаушы әрi билеушi адамдар.
Сол кездегi әкiмшiлiк-әскери атаулардың (ресми мекемелер, әскери бөлiмдер, лауазымдар т.б. атауы) түрiкше болуы – түріктердiң саяси-әкiмшiлiк жағынан билiк жүргiзушi болғанының куәсi.
Мiне, осы топтағы бiраз сөздер араб тiлiнiң сөздiк қорынан орын алған. Әр сөзге тоқталып жатпай, бір ғана сөзді мысалға алайын.
Қазақ әскери лексикасын көп зерттеген ғалым Т.Байжанов докторлық диссертациясында араб-парсы тіліне енген түрік сөздерін мынадай топтарға бөлiп қарастырған:
а) жауынгерлiк қару-жарақ атаулары;
ә) жауынгерлiк киiм-кешек атаулары;
б) қолбасылардың атаулары;
г) әскери құрамалардың атаулары;
д) ұрыс-соғыс қимылдарының атаулары.
Мiне, осы топтағы бiраз сөз араб тiлiнiң сөздiк қорынан орын алған.
Құрамында мәмлүктер мен түрiк жауынгерлерi бар әскери бөлiм ууджақун («ошақ») деп аталады. Қазақ тiлiнде бұл сөздiң екi түрлi мағынасы бар:
1) үстiне қазан асып тамақ пiсiретiн тастан, кiрпiштен қалап жасалған нәрсе;
2) ауыспалы мағынасы: адамның үй iшi, от басы. Сауынға деп ұстап отырған жалғыз түйенi қасқырдың жеуi Шәкiр ошағына салмақтылау соққы болды
(С.Елубаев, «Ойсыл қара»).
Әскери корпустың «ошақ» аталуы осы ауыспалы мағынада, яғни бiр оттың басына бiрiккен деген мағынада қолданылған. Бiр әмiрге бағынышты мәмлүктер әмiрдiң отбасы мүшелерi сияқты болып есептелетiн. Ууджақун сөзi арабтың белгiлi тарихшысы әл-Джабарти әбд әр-Рахманның «Мұхаммед Әлидiң қол астындағы Мысыр (1806–1821)» атты еңбегiнде кездеседi: «Сол күнi-ақ паша египеттiк жауынгерлердi және ошақ әскерлерiн жинап, олардың қалада қалатынынан қауiптенгендей, оларды түгел Нiлдiң арғы бетiне өткiзiп тастауды бұйырды».
Әр «ошақтың» басындағы басқарушы «аға» деп аталады. Түрік тiлдерiнде бұл сөздiң бірнеше мағынасы бар:
1. Ағайынды адамдардың жасы үлкенi;
2. Жалпы, жасы үлкен ер адам;
3. Басшы, ақылшы, жетекшi...
4. Басқарушы, басшылық етушi. «Ауылдың кеңес ағасы жиылысты ашық деп жариялады да, болыстан келген өкiлге сөз бердi» (Б.Майлин, «Шығармалары»).
Осы соңғы мағынасы араб тiлiндегi «аға» сөзiнiң мағынасына сәйкестеу келедi, бiрақ араб тiлiндегi мағынасы елдiң саяси өмiрiне үлкен ықпалы бар түрiк армиясы сардарының жоғары шен атауын бiлдiретiн әскери атау. «Осы жерге Бұлақтан салтанатты шерумен сұлтанның өкiлi аға келдi».
Қазақ тiлiнде бұл сөздiң әскери мағынасы Шалкиiз, Доспамбет жыраулардың өлең-жырларында кездеседi. Жортуылшы ақын Махамбеттiң өлеңдерiнде аға сөзiнiң әскери мәнi анық көзге түседi. Мысалы:
Сан шерулi қол болса,
Батырлар болар ағасы (Махамбет).
Аға сөзiнiң әскери мағынасы басқа түрік тiлдерiнде де ұшырасады. Аға сөзi осман түрiктерiнде қолбасылардың әскери лауазымы ретiнде қолданылған. Осман түрiктерiнде аға сөзiнен өрбiген әскери терминдер молынан кездеседi. Олар: қол ағасы (күзет бастығы), қала ағасы (қорғанның коменданты), iч ағасы (iшкi қызмет офицерi), бөлiк ағасы (бөлiм басшысы), чауш ағасы (фельдфебель) т.б.
«XVI–XVII ғасырлардағы әскери лексиканы зерттей келгенде, бұл күнде әскербасылардың, қолбасылардың атаулары ретiнде қолданылатын арнайы әскери терминдердiң қалыптасқаны байқалады. Ақын-жыраулардың толғауларында, эпостарда жаугершiлiк кезiнде қол бастаған әскербасы мағынасында бас, аға сөздерi ұшырасады», – дейдi ғалым Т.Байжанов.
Араб тiлiнде осы сөздiң қатысуымен жасалған аға-л-ағауат сөзiн қарастырайық. Аға-л-ағауат сөз тiркесi «ағалардың ағасы» деп аударылады да, ағадан да жоғары әскери шендi бiлдiредi. «Бұл сәлемдемелер мен пәрмендердi, офицерлер мен аға-л-ағауаттарды және қапышыны (қапы – түрiкше есiк, яғни есiкшi, есiк қараушы) жiберудегi мақсат – олардың қызметiне тиесiлi кiрiстерiн, жол қаражатына, сый-сияпатқа қажеттi дирхемдерiн жинатып алу».
Әл-Джабартидың «Мұхаммед Әлидiң қол астындағы Мысыр (1806–1821)» еңбегiнде қызлар аға деген сөз тiркесi кездеседi. Ол гарем, яғни қыз-келiншектер қараушысы деген мағынаға ие. «Сол күнi Мұхаммед Әли-пашаға арналған жарлығы, бұлғын iшiгi, қылышы мен қанжары бар Иса-аға есiмдi қызлар ағаның Александрия портына келiп түскенi жайлы хабар жеттi».
Ошаққа қарағанда кiшiрек әскери бөлiм булукун «бөлiк» деп аталады. Ол қазақ тiлiндегi бөлiк, бөлiм, бөлiмше сөздерiмен бiрдей.
Әскери шеннiң ең төменi – шәуiш. Құмық тiлiнде бұл сөз – жаршы, әзербайжан тiлiнде – керуенбасы, қырым татарлары тiлiнде – ауылбасы, түрiк тiлiнде – швейцар, күзетшi, городовой [36, 146–147-бб.]. Араб тiлiнде бұл сөздiң мағынасы «жаршы мен әскербасы аралығындағы атқарылатын қызмет иесi» дегенге келедi. Қазақ тiлiнде бұл сөз сөздiктерде кездеспедi. «Қолдарында күмiс асалары бар лауазымды адамдар мен шәуiштердiң қоршауындағы мұғалiм Ғали өз үйiне келiп түстi».
Онбасы (унбашиййун), жүзбасы (йузбашиййун), мыңбасы (бинбашиййун) сөздерi араб тiлiне өз мағыналарын сақтап енген. Мысалы, онбасы – Орта Азия мен қазақ хандықтарындағы он әскер үстiнен қарайтын сарбаз лауазымы.
Бұл сөз Мысыр жазушысы Әбд Рахман аш-Шарқауидың «Отан үшiн жан пида» атты романында кездеседi. Ал-иузбаши (Шукри абду л-Али) хууа ахадун һаулаи н-наси л-лазин ла иукаадууна иафқидууна с-сиқа иауман. Жүзбасы (Шукри Абдулали) – өмiрге деген сенiмiн жоғалтпайтын адамдардың бiрi.
И.Н. Винниковтiң кiтабында да мынадай жолдар бар.
Bint amir liabuha katabat hatt: bint wazir, bint kozi kabir, bint laskarbosi, bint tupcibosi, bint mingbosi, bint yuzbosi, bint hazinaci... orba‘ ‘asrat kibora limmin, intin ilay! Әмiрдiң қызы оған: «Уәзiр, бас қазы, әскербасы, атқыштар басшысы, мыңбасы, жүзбасы және қазына қараушының, оған қоса сарай маңындағылардың қыздарынан маған қырық қыз келтiрт», – деп хат жазды.
Ал биiкбасы (буйукбашиййун) деп аталатын әскери шен қазақ тiлiнде кездеспейдi. Ол «ең жоғарғы қолбасшы» деген мағынаны бiлдiредi. Көне түрік тiлiнiң сөздiгiнде, қазақ тiлiнде жарық көрген сан алуан сөздiктерде бас сөзiнiң әскери мағынасы көрсетiлмейдi. Көне түрік тiлiнiң сөздiгiнде бас сөзiнiң көп мағыналарының бiрi «бас, басшы, бастық» деген мағынасы бұл сөздiң әскери мағынасының пайда болуына ұйытқы болған деуге болады.
Араб тiлiнiң сөздiктерiнде қол ағасы (қул ағаси) сөзi кездеседi. Оны «әскери шен» деп аударған. Оған әскери лексиканы зерттеген ғалым Т.Байжановтың еңбегiнен мысал келтiрейiк. XV ғасырдағы қазақ әскери лексикасының құрамында жауынгерлiк құрамалардың атауы ретiнде қол сөзi белсенді қолданылды. Тарихи әдебиеттерде, ақын-жыраулардың толғауларында қол сөзi, негiзiнен, мынадай екi мағынада қолданылды: «құрамы, саны белгiсiз әскери құрама» және «қылыш». Мысалы: Батыр жiгiт жау бастар, Аға жiгiт қол бастар (Шалкиiз жырау). Орта ғасырларда көпшiлiк түрік тiлдерiнде қол сөзiнiң қатысуымен туындаған күрделi әскери терминдер болған. Ал қол ағасы терминi қазақ эпостарында әскердiң бiр бөлiгiнiң басшысы ұғымында қолданылған. Мысалы: Мен Сейiлдiң ұлы Қараман, Қазанға кетiп барамын, Жүрмеймiсiң, құрдасым, Қол ағалық қыламын («Батырлар жыры»).
Ғалым Э.В. Севортянның «Түрік тiлдерiнiң этимологиялық сөздiгiнде» жасақ сөзi әр тiлде түрлi мағынада кездеседi: өзбек тiлiнде: 1) реттеу, келiсiм, патша жарлығы; 2) жаза, алым-салық; 3) тыйым салу. Түрiк тiлiнде және түрiк диалектiсiнде «тыйым»». Тек қазақ тiлi мен қырғыз тiлiнде жасақ: «жауынгерлер отряды, әскери ұйым» мағынасын бiлдiредi екен. Омбы қаласынан шыққан, жасауыл басқарған жасақ ауылымызды шауып, мал-мүлкiмiздi талап кеттi (I.Есенберлин, «Қаһар»). Бұл сөз арабтың әскер сөзiмен синонимдес. Ал жасақшы (йасақджиййун) сөзi Х.Б. Барановтың сөздiгiнде «консулдықтағы қарулы қызметшi» деп берiлген.
Әскери атрибуттардың iшiндегi ең қастерлiсi ту екенi белгiлi. Оның жалау, байрақ, санжақ деген синонимдерi бар. Араб тiлiне енгенi – байрақ пен санжақ. Бөрiлi байрақ – көне түріктердiң жаугершiлiк кезiнде алып жүретiн жауынгер байрағының атауы дейдi, – ғалым Т.Байжанов.
Бұл екi сөз араб тiлiнде тура мағынасынан басқа, ауыспалы мағынасында да қолданылады. Байрақ сондай-ақ әскери бөлiмнiң аты, ал санжақ – шамамен аймаққа сәйкес келетiн әскери-әкiмшiлiк территория.
XV–XVIII ғасырларда Египет жиырма төрт әскери округ – санжақтарға бөлiнген болатын. Оларды мәмлүк әмiрлерi басқарды. Санжақ билеушiсi санжақ-бей деп аталды. Санжақ сөзi санжақ-бей сөзiнiң орнына да жүре беретiн.
Ту ұсатушы адам байрақдар деп аталды. Өзiмiзге бұрыннан таныс парсының сардар сөзi сияқты, парсының -дар жұрнағының байрақ сөзiне жалғануы арқылы жасалған. Хазнадар, кейде хазандар «қазына қараушы адам» сөзi де осы жолмен жасалған.
Әскери термин ретiнде ауысқан сөздердiң бiрi (қушлақун) – қыстақ, қыстау сөзi. Әскери өмiрмен iлесе барған бұл сөз бейбiт өмiрдегi мағынасынан айырылған. Географиялық жағдайы бiзден өзгеше, қыс дегендi бiлмейтiн араб елдерi үшiн қыстың өзi де, қыстақ сөзi де жаңа ұғым.
Түрiк әскерлерi мекендейтiн жатақтар қышлақ деп аталады. Осы сөз туралы тағы сол Әл-Джабарти. Осы сөз Х.К. Барановтың «Арабша-орысша сөздiгiнде» казарма, әскери жатақ деп берiлген.
Бiр назар аударатын жай – қазақ (қазақун) сөзiнiң араб тiлiне «әскер» мағынасында кiруi. Осы сөз түрік тiлдерiнде әскер мағынасында қолданылды ма, қазақ пен казак сөзiн шатастырып алған жоқ па деген сұрақ туады. Бұл сөз туралы мысалды ғалым Джидалаевтың «Тюркизмы в дагестанских языках» атты еңбегiнен оқуға болады. Ал қазақун сөзінің араб даласына қыпшақтар немесе түрiктер арқылы барғаны әлi де терең зерттеудi қажет етедi.
Әл-Джабартидың мысалға келтірген еңбегiнде дулаттар деген сөз кездеседi. Ол сөзге «сириялық күрдтерден алынатын уақытша атты әскер» деп анықтама берiлген. Бұл сөздiң қазақтың дулат сөзiне қатысы жоқ па екен деген ой келедi.
Арабтарды қол астына қаратып, Жерорта теңiзiнiң қожасы болған түрiктерден олар қару-жарақ аттарын да көптеп алды. Мысалы, табанджа – тапанша, сунки – сүңгi, хазуқ – қазық т.б.
Т.Байжанов тапанша сөзiн араб-парсы тiлдерiнен енген сөзге жатқызады. Бiздiң пiкiрiмiзше, бұл шындыққа келiңкiремейдi. Бұл сөздiң түрік сөздерi екенiне мынадай дәлел келтiрейiк. Tapanca (шапалақ) – көне әзербайжан сөзі, tap (ұр, итер) етістігі семантикалық өзгеріске түсіп, қазіргі әзербайжан тіліндегі қару мағынасына ие болған.
Атыс құралдары өзгерген сайын бұл құралдардың атаулары да құбылып отырады. Оқ-дәрiмен аталатын қару-жарақтар пайда болған соң, садақтың орнын мылтық басты. Мылтық сөзiнiң өзi енбесе де, оның бөлшектерiнiң атауы араб тiлiне кiрген. Мысалы, (қундақун) «мылтықтың құндағы». Құндақ – мылтықтың дүмi мен ұңғылы темiрiн бекiтiп тұратын ағаш бөлiк. Қорғамбектiң құндағы сынық мылтығы бар. Ашуы мен жабуы бiр ақырзаман (Б.Майлин, «Шығармалары»). Құндақджиййун сөзi «қару жасаушы ұста» деп аударылған. Түрік тiлдерiнде бейбiт мағынада қолданылатын балта сөзi -шы, -шi жұрнағы (джиййун) жалғануы арқылы әскери мағынаға ие болған. Балтаджиййун – балташы, мерген. Бұл сөздiң араб тiлiндегi тағы бiр мағынасы – әскерлердiң жүретiн жолын жеңiлдету үшiн әскермен бiрге жүрiп, жолдағы ағаштарды шабушы.
Қазақ тiлiнде топталып жиналған қарапайым халық, қалың топ – тобыр дегендi бiлдiретiн сөз де араб тiлiнде әскери мағынада қолданылып, табур деп сөздiкке енгiзiлген. Алай, яғни аламан сөзi де араб тiлiне енген. Х.Барановтың «Арабша-орысша сөздiгiнде» бұл сөз «полк» деп берiлген.
Араб тiлiнде қазақтың орта сөзi екi түрлi мағынаға ие болған. Бiрiншiсi (урта) «топ», екiншiсi (урта) «батальон». Арабтар айтылуы ұқсас екi сөздi бiр ғана сөздiң екi мағынасы деп түсiнген болуы керек. Бiздiң ойымызша, бiрiншiсi орта сөзi, екiншiсi орда сөзi. Өйткенi әскери мағынаға ие болып отырған орда сөзi туралы қазақ тiлiнiң қысқаша этимологиялық сөздiгiнде былай делiнедi: «Орда сөзi көпшiлiк түрік тiлдерiне ортақ, бiр кезде олардың көшпелi тайпалары, бiрлестiктерiнiң аты және сол бiрлестiктердiң билеушi орталығының тұрған жерi».
Қазiргi қазақ тiлiнде қарауыл сөзiнiң соғыс саласында қолданылатын бiрнеше мағынасы бар: 1) жасақ, шағын әскери бөлiмше; 2) атыс құралының ұшында болатын, нысананы бағдарлайтын көздеу құралы; 3) күзетшi, сақшы. Қарауыл сөзi жорыққа шыққан әскердiң ең алдында жүретiн, көрген-бiлгенiн хабарлап отыратын шағын «әскери күзетшi, жасақ» ұғымын бiлдiрген. Бұл сөз де араб тiлiне әскери мағынасын сақтап енген. Х.Барановтың сөздiгiнде (қараһқул) әскери күзет.
Тiлшi-ғалым Т.Байжанов бұйрық сөзiн әскери терминге жатқызыпты. Араб тiлi бұл сөздi де әскери мағынасымен қабылдаған: буйурулди.
Жылқы малын ерекше қастерлейтiн түрік халқы өзiмен бiрге араб даласына желмен жарысқан сәйгүлiктердi де ала барды. Онымен қоса жылқыға байланысты йадак – жетектегi ат, дизкин – тiзгiн сөздерi жетті. Жауынгерлердiң жорыққа шыққанда алып жүрер азығы, қорегi азиқ деп аталды. Йастақийа – жастық сөзiнiң iшiне құс жүнiн толтырып, сыртын тыстап, басқа салу үшiн жасалған бұйым мағынасы емес, салт мiнгенде ердiң үстiне салатын көпшiк деген мағынасы ауысқан.
Парсы тіліне түрік сөздері араб тіліне қарағанда көбірек ауысқан, оларда да әскери саладағы сөздер көп.
– Қазір араб-парсы тіліне енген түрік сөздерінің үлес салмағы қанша? Олар қазір қолданыста ма?
– Нақты пайыздық үлесін айта алмаймын, көп болса 10 пайыз болатын шығар. Иә, араб, парсы тілдеріне ауысқан сөздердің көбі қазірде қолданылады, алайда қолданыстан шығып қалған сөздер де бар. Мысалы, бұрын балмұздақты түріктің қаймақлыбұз деген атауымен атаса, қазір айскрим деп ағылшынша атайды. Бұрын даяшы дегенді суфраджи (сөз арабтікі, -шы жұрнағы біздікі) десе, қазір гарсон дейді.
– Тіл ұдайы дамып, байып отырады десек, қазақ тілінің сөз байлығының артуына кірме сөздер мен терминология қалай көмектеседі немесе кесірін тигізеді?
– Әлемде тілдік өзгерістерге ұшырамаған, кірме сөздер алмаған бірде-бір тіл жоқ десе де болады. Тiлдiк өзгерiстердiң нақты себептерi зерттеушiлердi баяғыдан-ақ қызықтырып келедi. Осы күнге дейiн тiл теориясында бұл сала ең күрделi, қайшылығы мол мәселелердiң қатарына жатады. Осы бiр қиын түйiндi шешуде тiлдiк өзгерiстер себептерiн iшкi және сыртқы себептер деп бөлу маңызды қадам болды. Тiлдер өзара қарым-қатынас жасай отырып, бiрiн-бiрi байытады. Бұл процестi зерттеу, тiлдер дамуының заңдылықтарын ашуға, олардың құрылыс ерекшелiктерi мен болашақта тiлдер дамуының келешегiн анықтауға мүмкiндiк бередi.
Өз кезiнде, Әбу-Хаййан кiрме сөздердiң үш түрін бөлiп көрсеткен:
1) арабтар өзгертiп, өз модельдерiне түсiрген және өздерiнiң төл сөздерi деп қарау қажет сөздер;
2) өзгерген, бiрақ төл сөз қатарына жатпайтын, бiрiншiден, бiр саты төмен тұратын сөздер;
3) еш өзгерiске түспеген сөздер.
Сөздiң формалды бейiмделуiнiң басты және негiзгi талаптары:
а) игерiлетiн сөздiң дыбыстық құрамының бұзылмауы, яғни шетелдiк сөздi араб тiлi дыбыстары арқылы айту, басқаша айтқанда, фонематикалық субстанция;
б) сөз тудыру аналогиясы ережесiне сай болу, яғни бөтен сөздi араб моделiне лайықтандыру.
Көріп отырғанымыздай, бөтен сөзді өз сөзіміздей етіп сіңіріп жіберу процесін тоқтатпауымыз керек еді, сонда олардың бөтендігі білінбей сөздік қорымызды байыта берер еді. Осы уақытқа дейін солай болып келді де. Соңғы кезде жастарымыздың шетелге, оның ішінде біз сөз етіп отырған араб елдеріне барып оқып, кірме сөздерді арабтардың өздері сияқты айтамыз деуі елімізде тіліміздің шұбарлануына әкеліп соқты. Бұл зиянды үдеріс деп санаймын. Ал терминдерге келетін болсақ, ол терминдер бізде жоқ кәсіптерге, салаларға байланысты терминдер болса неге қолданбасқа. Терминдерден қашқақтаудың қажеті жоқ деп санаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Қарагөз СІМӘДІЛ
"Ана тілі" газеі
2038 рет
көрсетілді0
пікір