- Құмсағат
- 20 Қыркүйек, 2024
Көкпар федерациясы Қырғызстан құрамасының шақыртуына қатысты жауап берді
Қазақстан Республикасының Көкпар федерациясы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының нәтижесіне және қазақ-қырғыз арасында өткен финалдық ойында туындаған пікірталасқа қатысты өз ұстанымын білдірді. Бұл туралы msports.kz сайтына сілтеме жасап kazgazeta.kz хабарлайды.
"Қырғызстан көкбөрі федерациясының тарапы 1 қарашада өтетін турнирге шақырғаны туралы: көпшілік бұны V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының финалы бойынша қарымта кездесу деп ойлап отыр. Қырғызстан тарапы ашық тунирге қатысуға шақырды. Ескере кететін жайт, бұл турнир біздің күнтізбелік жоспарымызда жоқ. Ол уақытқа өзіміздің өзге турнирлеріміз қойылған. Алдағы уақытта Қырғызстан тарапы көкпардан әлем чемпионаты немесе халықаралық турнирлерге шақырған жағдайда диалог жүргізуге әзір екенімізді жеткіземіз.
Көпшіліктің екі ел арасындағы қарымта кездесуді күтіп отырғаны көкпар спортына деген қызығушылықтың артқанын білдіреді. Бұл қуантарлық жағдай. Ұлттық ойынымыздың деңгейі бір саты көтерілгендігінің белгісі ретінде қабылдаймыз", – делінген ресми жауапта.
Көкпар – ежелден екі елдің де мәдениеті мен тарихында ерекше орын алатын спорт түрі.
"Өкінішке қарай, халық арасында қазақ-қырғыз құрамаларының ойыны емес, кейбір түсінбеушіліктер қоғам назарын аудартып отыр. Біріншіден, ереже бұзған қазақстандық спортшы жазасын алып, екі минуттық айып алаңына жіберілді. Екіншіден, қырғыз делегациясының тарапынан төрешілерге ешқандай протест келіп түспегенін де естеріңізге саламыз. Қазақстанның Көкпар федерациясы кез келген келіспеушіліктер спорттық әдеп негізінде шешілуі тиіс екенін атап өтеді. Әлеуметтік желідегі негатив пікірлер, қазақ спортшыларының тарапына айтылған жағымсыз сөздерді де құптамаймыз. Біз қазақ және қырғыз халықтары арасындағы достық пен ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз, бірақ марапаттау рәсімінде өзіне тиесілі жүлдені шешіп тастау, жеңіске жеткен құраманың әнұранын тыңдамай кетіп қалу бізге жат қылық. Спорттық бәсеке кезіндегі дау-жанжалдар екі елдің арасындағы ынтымаққа кері әсерін тигізбеу қажет. Келесіде бұндай келеңсіз жағдай қайталанбас үшін тәртіптік кеңес отырысы өтетінін, бұл жағдайда тиісті шара қолданатынымызды хабарлаймыз. Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүретінін ұмытпаған абзал”, – деп жауап берді Көкпар федерациясы.
Айта кетейік, Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында есе жіберген Қырғызстан көкбөрі федерациясы Қазақстанды жарысқа шақырған болатын.
Фото: Туризм жəне спорт министрлігі
463 рет
көрсетілді0
пікір