Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Фотогалерея
  • 21 Қыркүйек, 2024

Алматы троллейбусына – 80 жыл

Алматы троллейбус паркі өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өтті, - деп хабарлайды kazgazeta.kz тілшісі.

Мерейтойлық шарада парк ұжымы қала тұрғындары мен қонақтарына жарқын және ұмытылмас көңіл-күй сыйлау мақсатында фестиваль ұйымдастырды. Келушілерді қызықты экскурсиялар, мұражай-троллейбусы, шеберлік сыныптары, үздік сурет байқауы, ұтыс ойындары мен көптеген тосынсыйлар қызықтырды.

Осы мекемеде 12 жылдан бері қызмет жасап келе жатқан №9 троллейбус бағытының жүргізушісі Мақпал Қожамсейітова өз әсерімен бөлісті. «Бүгін біз үшін ерекше күн. Қаламыздағы жалғыз троллейбус паркі 80 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр. Осы мекеменің ардагерлерінен бастап, қазіргі ең жас жүргізушілеріне дейін осында келді. Әрине, қызметкерлеріміздің басым көпшілігі қала көшелерінде өз бағыттарында жолаушы тасымалдап жүр. Соған қарамастан, бізді қолдап автобус паркіндегі әріптестеріміз де келіп жатыр. Мен осы троллейбус паркіне 2012 жылдан бастап келдім. Студент кезімде трамвайға қатты қызығатынмын. Оны оқу үшін трамвай депосына бардым. Бірақ, ол жерден трамвайдың болашағы жоқ екенін түсініп, троллейбустың оқуын үш айда меңгеріп шықтым. Содан соң осында жұмысқа орналастым. Былтыр ғана берілген жаңа троллейбустардың көп артықшылықтары бар. Жүргізуші үшін мүмкіндіктері көп. Біз оқығанда трамвайдың асты минус, үсті плюс температура дейтін. Ал троллейбустың минусы да, плюсы бірдей. Сондықтан денсаулыққа зиянын білмедім. Қазіргі троллейбустар тоқсыз бір сағатқа дейін жұмыс істейді. Ол дегеніміз - бір айналымды кедергісіз айналып шығуға мүмкіндік береді», - дейді.

Осы мекеменің тағы бір қызметкері Алтынбек Мұханбекұлы: «Троллейбус паркі 1944 жылы Кеңес Одағы кезінде іске қосылды. Бұл электротранспорт экологиялық таза көлік ретінде мақұлданды. Қаламыздағы троллейбустар сан мәрте жаңартылды. Қазіргі уақытта, «Алматыэлектротранс» мекемесінде 5 автобус, 1 троллейбус паркі бар. Троллейбус паркі – қаламыздағы ең экологиялық таза көлік болып есептеледі. Осы мекемеде жұмыс істегеніме 40 жыл болды. Бүгін осы шараға өзімнің ұстаздарым да қатысып жатыр. Қуаныштымын!», - деді.

Мерейтойлық шарада 86 жастағы ардагер-жүргізуші Тілеужамал Мазбаеваға Алматы қаласының әкімдігі Алғысын білдірді. Зейнеткерлікке шыққан Тілеужамал әжеміз редакция тілшісіне осы саладағы еңбек жолын айтып берді.

«1958 жылы осы Троллейбус паркіне «штангистка» болып орналастым. Ол кезде студент едім. Жұмыстың өз салмағы болды, кейін оқуды сырттай оқыдым да, троллейбус паркінің жүргізушісі болып жұмысқа орналастым. Маған бірден 1 санатты берді. Себебі физиканы оқығанмын. Ол жерде мықты инжинерлер сабақ берді. Үздік бітірдім. №3 троллейбус бағытын жүргіздім. Академиктер, әртістер жолаушыларым болды.  Қазақ кескіндемешісі, театр және кино суретшісі Гүлфайрус  Ысмайылова да менің жолаушым болатын. Содан тұрмысқа шыққан соң осы парктің кәсіподақ қызметіне ауысып, 70 жасқа дейін жұмыс жасадым. Паркке құрметпен қараймын. Көшеде троллейбустың жүріп келе жатқанын көргенде, өзімді көргендей сезінемін. Біздің кезде айлығымыз бас инженер мен бастықтың жалақысымен бірдей болатын. Өте жоғары айлық болды. Ұжымның ауызбіршілігі мықты. Әлі де құрметтеп, сыйлап тұрады», - деді.

Бүгінде жолаушыларға «Алматыэлектротранс» ЖШС 9 троллейбус бағытымен қызмет көрсетеді. Желіде жүз 12 метрлік Yutong (ҚХР) төменгі қабатты троллейбустары жүреді. Шара барысында мекеме басшылығы алда тағы да жаңа троллейбустар сатып алатындығын және 85 жылдық мерейтойға дейін жаңа троллейбус паркі болатындығын айтты.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

Суреттерді түсірген автор

2140 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз