- Шартарап
- 23 Қыркүйек, 2024
Ереванда қазақ-армян қарым-қатынастарын одан әрі тереңдету мәселелері талқыланды
Қазақстан Елшісі Болат Иманбаевтың Арменияның Аумақтық басқару және инфрақұрылым министрлігінің, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің басшылығымен кездесулерінде қазақ-армян қарым-қатынастарының ағымдағы жағдайы мен одан әрі тереңдету мәселелері талқыланды, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
Келіссөздер барысында армян тарапы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауының негізгі аспектілерімен танысып, Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы толық ақпарат берілді. Тараптар екіжақты өзара іс-қимылды кеңейтудің өзекті мәселелері мен одан арғы қадамдарын талқылады.
2024 жылдың сәуірінде ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың Ереванға ресми сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген көлік және логистика саласындағы уағдаластықтардың іске асырылу барысы Арменияның Аумақтық басқару және инфрақұрылым министрі Гнел Саносянмен кездесуде талқыланды. Елдеріміз арасындағы оңтайлы көлік бағыттарын анықтау және Қазақстан мен Армения үкіметтері арасындағы 2024-2025 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Жол картасын имплементациялау мәселесі бойынша тараптардың күш-жігері жөнінде пікір алмасылды.
Арменияның Ішкі істер министрі Ваге Казарянмен сұхбат барысында екі елдің құқық қорғау органдары арасында қол жеткізілген ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейі аталып өтті. Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары аясында жол қозғалысын реттеу мен бақылаудың цифрлық жүйесін енгізу мәселелері талқыланды. Тараптар құқық тәртібін қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес саласында тәжірибе алмасуға өзара қызығушылық танытты.
Кездесу қорытындысы бойынша сындарлы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайындық расталды.
857 рет
көрсетілді0
пікір