Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 26 Қыркүйек, 2024

Құқықтық сана ұлттық тамырдан басталады

Бүгінде заң саласында дау­лы мәселелер көп-ақ. Ең өкініштісі, ол олқылықтарды өзіміз де көріп, мо­йындап жүрміз. Дегенмен құқықтық нормативтерге өзгерістер мен түзетулер енгізіп, заңға томпақ болар дүниелерден арылуға алғышарт жасасақ, кез келген кедергі келтіретін мәселемен оңай күресе алар едік. Осы жөнінде заңгер, Тарбағатай Заңгерлер палатасының басқарма төрайымы Роза Тұрсынханқызымен пікірлескен едік.

– Мемлекетіміздің құқықтық саясатына көңіліңіз тола ма?
– Бұл сұраққа бірауыз сөзбен «иә» немесе «жоқ» деп жауап беру қателік болады, өйткені құқықтық саясат ұғымы өте ауқымды, мемлекет тарапынан жасалатын көптеген шарадан тұрады. Соның ішінде ең маңыздысы – елімізде құқықтық мемлекет құру. Құқықтық мемлекет өзінің негізгі институттары ретінде билік бөлінісін, сот тәуелсіздігін, басқару заңдылығын, мемлекеттік билік тарапынан азаматтардың құқығы бұзылуына жол бермеуді және оған қоғамдық мекеме тарапынан тигізілген залалдың құнын өтеп алуды қарастырады. Құқықтық мемлекет, ең алдымен, барлық мемлекеттік органдар, лауазымды тұлғалар, қоғамдық бірлестіктер және азаматтар бағынуға тиіс өзіндегі құқықтық ережелермен өзін-өзі шектейтінімен ерекшеленеді, ал ондағы басты принцип – құқық үстемдігі.
Менің ойымша, біздің елде осы құқықтық мемлекеттің барлық институттарының негізі салынған, бірақ ол механизм жеткілікті дәрежеде дамытылмағандықтан, қоғамда өз көрінісін таппай жатады. 
– Жалпы, Қазақстанның бірізді, қолайлы заң жүйесін қалыптастыру үшін бізге не қажет деп ойлайсыз?
– Заң жүйесі қолданыстағы заңдар мен құқықтық нормативтік актілерден тұратыны белгілі. Заң жүйесінің кемшілігі бір-біріне қайшылықты, коллизиялы заң нормаларының болуы және заң актілерінің қазақша мәтіндері мен орысша нұсқаларының сәйкес келмейтін тұстарының көп кездесуіне байланысты деп ойлаймын. Заң шығарушылық процедурасы, соның ішінде заң жобаларын дайындау кезеңіне аса назар аударған жөн деп санаймын.
Заң шығарушылықты мүмкіндігінше демократияландыру қажет, заң жобаларын халық арасында ашық талқыға салумен қатар, оған Заңгерлер палаталарын белсенді қатыстыру керек деп санаймын. Өйткені қызмет барысында заңгерлер заңды көп пайдаланғандықтан, тәжірибе негізінде олардың олқылығын анықтап, ресми баға беруге құқықтық білім деңгейі жетеді. Орысша және қазақша мәтіндердің қайшылығын болдырмау үшін бастапқы заң жобасының мәтіні қазақ тілінде жасалуы керек, бұл мемлекеттік тіл мәртебесінің көтерілуіне де ықпалын тигізетіні сөзсіз. Заң жасау процедурасын жақсарту мақсатында осы процеске белсенді қоғамдық бірлестіктерді қатыстырып, олардың пікірімен де санасу үрдісін дамыту керек.
Сонымен қатар заң мәтіндерінің сапасын арттырып, бірізділікті сақтау үшін қазақ-орыс заң терминдері сөздігі жасалып, қабылдануы қажет деп санаймын.
– Халықтың құқықтық санасын, мәдениетін қалыптастыру үшін бізге не қажет?
– Біздің елімізде халықтың құқық­тық сауаттылығын мен мәдениетін көтеру мақсатында бірқатар нормативтік актілер қабылданды. Менің ойымша, олар толық жүзеге аспай тұр, өйткені қазіргі кездегі халықтың құқықтық мәдениетін әлеуметтік желідегі ой-пікірінен көруге болады. Құқықтық мәдениеттің төмен екенін желілерде еркінсіп, көптеген құқықбұзушылыққа жол беріліп жүргеніне өзіміз күә болып отырамыз. Осындай келеңсіз оқиғалар болмау үшін халық арасында заң нормаларын насихаттау жұмыстары көптеп жүргізілуге тиіс деп санаймын. Сонымен қатар ауылдық жерлерде ақсақалдар кеңесін, эксперимент түрінде билер институтын енгізіп, халықтың «ұят болады» деген принципі негізінде тәрбие жұмысын жүргізу қажет. Халықтың құқықтық мәдениетін арттыруда заңгерлер мен адвокаттардың да рөлін арттырған дұрыс. Олар палата шеңберінде белсенділік танытып, курстар мен лекциялар жүргізіп отырса, аудитория жинау қиындыққа соқпайды деп ойлаймын. 
– Бүгінде заңгерлер мен құқық қорғау саласының мамандары өте көп. Алайда халықтың құқығы толыққанды қорғалып жатыр ма? 
– Біздің елімізде азаматтардың құқы қорғаусыз қалып жатқан кезі, кемде-кем. Құқық қорғау тетіктері кеңінен пайдаланылып жатыр. Құқы бұзылған тұлғалар қоғамдық пікір тудырып, қай жерде болсын, өз пікірінің тыңдалуына қол жеткізіп отырғаны рас. Әрине, кей кезде теріс пікір тудырып әлеуметтік желіні пайдаланып, айғайға басатындар бар. Бұл әрекеттер орынды деп айта алмаймын. Кәсіби заңгерлер тарапынан да құқық қорғау белсенді түрде жүзеге асып жатыр. Әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған жандар үшін заңдық көмек тегін жүзеге асады және ондай адамдардың санаты заңда нақты белгіленген.
– Жақсы заңгер мамандарды тәрбиелеу үшін қандай шетелдік тәжірибелерге сүйену керек деп ойлайсыз?
– Жалпы, әлемдік құқық жүйесі екі түрге бөлінеді: англо-саксондық және біздің қолданыстағы роман-германдық құқық жүйесі. Екеуінің өзгешеліктерінің бірі англо-саксондық құқық жүйесі соттық прецеденттерге негізделген, ал роман-германдық құқық жүйесі заң нормаларына негізделген. Менің пікірімше, тарихи тұрғыдан сот прецеденттерін кеңінен қолданып келе жатқан Англияның сот жүйесі өз тиімділігін байқатты. Сондықтан біздің заңгерлер ағылшын елінің, АҚШ-тың тәжірибелерімен біліктілігін арттыру мақсатында іс-жүзінде танысып келгені артық етпейді. 
– Құқық, заң саласындағы ең дау­лы мәселе қандай?
– Өз тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, қазіргі таңда ең даулы мәселе – алимент өндіру. Қоғамда, өкінішке қарай, ең қорғаусыз санат – балалар. Ажырасып кеткен отағасы балаларына қаржылай көмек беруден жалтарып жатады. Олар алиментті төлемеуге немесе мардымсыз көлемде төлеуге тырысады. Жоқтықтан да емес, жұбайына ренішін солай білдіреді, ал баланың не кінәсі бар екенін ерлі-зайыптылар ашу үстінде түсінбей жатады.
Заң жүзінде алимент төлемейтіндермен күрес жолдары нақты белгіленген. Іс жүзінде көп жағдайда ол нормалар орындалмайды. Атап айтар болсақ, алимент төлемегені үшін қылмыстық іс қозғап, жазаға тарту. Егер осындай шараларды қолданатын болса, алимент төлемей қашып жүргендердің саны азаяды деп ойлаймын.
– Сұқбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен 
Ақгүл Айдарбекқызы

"Ана тілі" газеті

1704 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз