- Таным
- 30 Қыркүйек, 2024
Қазақ әдебиетіндегі қайталанбас қаламгер
Алматы облысы Райымбек ауданының Нарынқол ауылында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, классик жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Мемлекет басшысының тапсырмасымен Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысып, жергілікті жұртшылыққа ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Сөз зергеріне қадір мен құрмет
Мемлекет басшысының құттықтауында Бердібек Соқпақбаев қазақ балалар әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қарымды қаламгер екені айтылған. Оның «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым – Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді», «Жекпе-жек» сынды теңдессіз туындылар жазып, ешқашан ескірмейтін ғажайып мұра қалдырғаны да назарға алынған. Адам психологиясын, қазақтың жан дүниесін асқан шеберлікпен аша білген суреткердің шығармаларындағы шынайы бейнелер нағыз халықтық кейіпкерлерге айналды. Бірнеше буын ұрпақтың жазушы туындыларын оқып өсуі – осының айқын дәлелі.
«Бердібек Соқпақбаев қазақ әдебиетінде ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасын қалдырды. Ардақты азаматтың есімін ұлықтап, еңбегін ел жадында жаңғырту – бәрімізге ортақ парыз. Осы орайда, жазушының 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндері тізбесіне енгізілуі және туған жерінде сәулетті ескерткішінің бой көтеруі – әйгілі сөз зергеріне деген қадір-құрметтің белгісі. Қаламгердің өзіне ғана емес, оның кейіпкеріне ескерткіш орнату – өте сирек кездесетін оқиға. Астана төрінде тұрған Қожаның мүсіні Соқпақбаев шығармашылығының ұлт руханиятында ерекше орын алатынын көрсетеді», – делінген Президенттің құттықтауында.
Мәулен Әшімбаев өз сөзінде аталған өлкеден Райымбектей айбынды батыр мен Мұқағалидай арқалы ақын шыққанын тілге тиек етіп, осы өңірдің төл перзенті Бердібек Соқпақбаевтың есімі қазақ әдебиетінің тарихына алтын әріппен жазылғанына назар аударды. Сондай-ақ ол соңына қалдырған мұрасы ұлттың рухани қазынасына айналған көрнекті тұлғалардың есімін ұлықтау және оларды өнегелі өмірін кеңінен зерделеп, дәріптеу аса маңызды екенін атап өтті.
Палата Спикері Б.Соқпақбаевтың шығармашылығы әрдайым өзгелерден дараланып тұратынын және олар шынайылық пен қарапайымдыққа табан тірейтінін айтты. Жазушының туындылары қазақстандықтармен бірге бүкіл әлем оқырманының ыстық ықыласына бөленіп, әр буынның жадында сақталатын құнды дүниеге айналды. Қаламгердің «Менің атым – Қожа» повесінің 70-ке жуық тілге аударылуы соның жарқын көрінісі. Ал шығарма желісімен түсірілген кинокартина 1967 жылы Канн қаласында өткен балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің халықаралық кинофестивалында дипломант атанды.
Сонымен қатар Сенат төрағасы жас буынның бойында дұрыс құндылықтар жүйесін қалыптастыру ісінде әдебиеттің, өнердің және креативті индустрияның рөлі жоғары екенін, бұл мәселеге Мемлекет басшысы бірнеше мәрте тоқталғанын атап өтті.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өскелең ұрпақтың бойында оқу мәдениетін қалыптастырудың маңызына назар аударып, осы бағытта «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырды. Бұл жоба қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдері мен жанрларын қамтитын кітаптардың арнайы тізімін жасақтап, олардың балаларға қолжетімді болуын қамтамасыз етуді көздейді. Сондай-ақ биыл елде «Ұлттық кітап күні» белгіленді. Осындай кешенді іс-шаралардың барлығы қаламгерлеріміздің есімін мәңгілік етуге зор үлесін қосатыны сөзсіз. Сондықтан алдағы уақытта мүдделі мемлекеттік органдар мен Жазушылар одағы бірлесе отырып, осы бағыттағы жүйелі жұмыстарды әрі қарай жалғастырады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сапар аясында Палата спикері Қарасаз ауылына арнайы ат басын бұрып, Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалдық музейіне барды және өңірдің дарынды жастарын қолдауға арналған Өнер мектебінің ашылу рәсіміне қатысты. Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына жиналған меймандармен бірге жазушы атындағы саябақта ағаш отырғызды. Одан бөлек, Кеген ауылына барып, «Қамқорлық» балаларды оңалту орталығының қызметімен танысты.
Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Ауыл кітапханаларына арналған 100 кітап» акциясына атсалысты. Палата төрағасы жазушы Бердібек Соқпақбаев туған Қостөбе ауылындағы мектепке қазақ әдебиетінің классиктері мен шетелдік авторлардың кітаптарын тарту етті. Атап айтқанда, мектеп кітапханасы Бердібек Соқпақбаевпен бірге Абай, Ыбырай Алтынсарин, Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов, Эрнест Хемингуэй, Даниэль Дефо, Иван Тургенев, Жюль Верн және басқа да жазушылар мен ақындардың шығармаларымен толықты.
Ұлт әдебиетінің тойы
Айта кету керек, классик-жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойын Алматы облысы мен Райымбек ауданы жоғары деңгейде ұйымдастырды. Баққожа Мұқай атындағы аудандық мәдениет үйінде «Болмысы бөлек Бердібек» тақырыптағы салтанатты жиыннан соң, «Бердібек әлеміне саяхат» атты театрландырылған қойылым өтті. Қазаққа есімі белгілі актерлер Бауыржан Қаптағаев, Бекжан Тұрыс, Ерлан Біләл, Еркебұлан Дайыров жазушы шығармаларынан үзінділер көрсетті. Заңғар жазушының рөлін Ербақ Құрманжанұлы сомдады. Сондай-ақ Қазақстанның Халық артисі Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Саят Медеуов пен «Қоңыр» тобы және балалар хоры сахнаны әнмен әрлеп, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен жарық көрген Бердібек Соқпақбаевтың төрт томдық шығармалар жинағы іс-шара барысындағы айтулы оқиғаның бірі болды. Жиында сөз сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов ұлт әдебиетінде «Менің атым – Қожаға» тең келер шығарма жоғын атап өтті.
– Бердібек Соқпақбаев дегенде елең етпейтін қазақ жоқ. Сондықтан ылғи да жақсы адамды көрсем, көз алдыма Бердібек аға келеді. Бердібектей жазушылар бар, көп деп те айтуға болады. Бірақ балаларды баураған Бердібектей жазушы жоқ. Қазақ әдебиеті өскен, өркендеген әдебиет десек те, әлі күнге дейін «Менің атым – Қожаға» тең келетін шығарма жазылған жоқ. Сондықтан Бердібек Соқпақбаевты қазақ әдебиетінің Хантәңірі десек, артық емес, – деді ол.
М.Құлкеновтің айтуынша, қазақ халқына мұра ретінде соңына 20 шақты кітап қалдырған жазушы ешқашан коммунистік партияны мақтап жазбаған. Кітаптары 70 елге таралғанының өзі оның ұлы классик жазушы екенін айғақтайды.
Мереке Құлкенов сөз арасында «Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» кітабы да әлем тілдеріне аударылып, сондағы Сарыжаз, Текес, Қостөбе, Нарынқол сияқты ауылдарды әлем балалары аралайтын маршрут жасалса, жөн болар еді. Олар асқар тау мен ағын судың сырын ұғып, халқының ішкі жан дүниесін танитын еді. Қожа – қазақ баласының мінез-құлқы, ішкі жан дүниесі, әлемге көзқарасы», – деп сөзін аяқтады.
Жазушының қызы Самал Соқпақбаева Мемлекет басшысына үлкен алғысын айтты. Өйткені Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен жазушының шығармашылық еңбектері ЮНЕСКО-ның мәдениет қорына енгізілді.
Шын мәнінде, Бердібекті халқы ұмытқан жоқ. Іс-шара барысында өзі туып-өскен аудан орталығы Нарынқолдан еңселі ескерткіш бой көтерді. Осыдан екі жыл бұрын Астана қаласындағы Жетісу саябағынан «Менің атым – Қожа» киносының кейіпкерлеріне арналған ескерткіш орнатылды. Сондай-ақ жиында сөз сөйлеген ақын-жазушылар Дулат Исабеков, Кәдірбек Сегізбаев, Қуандық Түменбай, Құлбек Ергөбек, Ұлықбек Есдәулет, Қазыбек Иса және басқалар Бердібек Соқпақбаевтың қазақ әдебиетінде алатын орны ерекше екенін атап өтіп, жазушы туралы жан толқытар естелік айтты. Ал кинодағы Қожаның рөлін сомдаған актер Нұрлан Санжар «қазақ даласында Қожадай балалар көп, Соқпақбаев тәрізді жазушы мен Қарсақбаев сынды режиссер жоқ» дегенді айтты.
Жастар саябағында орнатылған Бердібек Соқпақбаевтың еңселі ескерткішінің ашылу рәсімінде сөйлеген Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жазушы мерейтойына байланысты облыс көлемінде жүзеге асырылған игі істерден хабардар етті.
– Бүгінгі той – ұлт әдебиетінің тойы. Ал жазушының есімін ұлықтау – абыройлы міндетіміз. Бүгінде облыс аумағында Қарасай ауданы «Қаскелең қаласындағы мектеп-гимназиясына», Іле ауданы Көкқайнар ауылындағы «53-орта мектепке», Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылындағы жаңа саябаққа, Кеген ауданы Кеген ауылындағы «Жастар саябағына», облыс орталығы Қонаев қаласындағы «Центральная» көшесіне Бердібек Соқпақбаевтың есімі берілді. Алдағы уақытта Қонаев қаласында салынуы жоспарланған орталық әмбебап кітапханасына да Бердібек Соқпақбаевтың аты берілетін болады, – өңір басшысы Марат Елеусізұлы.
Үш күнге созылған Сарыжаз жазығында жазушы мерейтойына арналып, ақшаңқан үйлер тігілді, ас берілді. Ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылды. Құнан, аламан және топ бәйгені тамашалаған жиналған жұрт қызықты өткен ic-шараның куәсі болды. Жеңімпаздар көлік мініп, ақшалай-заттай сыйлықпен марапатталды. Жазушының шығармашылығын арқау еткен республикалық ақындар айтысы да мерейтойлық ic-шараның сән-салтанатына айналды.
Еркін ҚАЛДАН
697 рет
көрсетілді0
пікір