Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Аймақ тынысы
  • 30 Қыркүйек, 2024

Ақтөбе облысында жылыту маусымы басталады

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен көшпелі жиын өтіп, онда тұрғын үй секторы мен әлеуметтік нысандардың алдағы жылыту маусымына дайындығы талқыланды.
«Энергосистема» ЖШС ғимаратында өткен жиынға қалалар мен 12 ауданның әкімдері, облыс орталығының энергиямен қамтамасыз ету және коммуналдық кәсіпорындар басшылары қатысты.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаев атап өткендей, «Aqtobe su-energy group» мекемесінің барлық желілері мен қазандықтары жылу маусымына толық дайын. 27 қазандық пен 8,2 шақырым жылу желісінде жөндеу жұмыстары аяқталып, жылу желілерінің қысымын сынау жұмыстары да жүргізілген.
Ақтөбе ЖЭО-да да барлық қондырғы ретке келтірілген. Біріктірілген жылу-электр орталығының қуаты облыс орталығын жылумен толық қамтамасыз етуге жетеді. Бүгінгі таңда жылу электр орталығының жалпы қуаты — сағатына 800 гигакалория. Былтырғы жылғы жылу беру маусымының қорытындысы бойынша жылу энергиясының максималды шығыны сағатына 439,7 гигакалория болды.
«Сонымен қатар тұрғын үй секторының жылу беру маусымына дайындығы жеткіліксіз. Көп қабатты 1538 тұрғын үйдің 495-і ғана әзірлік актісін алған. Әлеуметтік нысандар да дайындықты жеделдету керек. Бүгінгі таңда 737 білім беру нысанының 732-сі жылыту маусымына дайын, 360 медициналық мекеменің 353-і дайындық актісін алды», — деді Арысұлан Айтбаев.
Өңірлерге көмір мен отын жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бюджеттік ұйымдарға, мектептер мен медициналық мекемелерге жылу беру маусымына 26 738 тонна, тұрғындарға 21 500 тонна көмір бөлінді. Бюджеттік ұйымдар көмірмен толық қамтамасыз етілген, ал ауыл тұрғындарына көмір жеткізу әлі жүргізіліп жатыр.

372 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз