Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 01 Қазан, 2024

Төрт ғасырлық династияның ақыры

Әмір Темір көзінің тірісінде белінен шыққан төрт ұлының екеуінен өлідей, біреуінен аурулығына байланысты тірідей айырылады. Сөйтіп өзінің үлкен ұлы Жаһангерден туған немересі Пір Мұхаммедті тақ мұрагері ретінде жариялаған. 
Бірақ Қытайды шабуға аттанған әлем әміршісі жолда өлген соң, оның өсиетін ешкім мойындамады. Немерелері арасында өзара қырқыс басталған соң, тақтың тізгінін Темірдің жалғыз тірі қалған ұлы, сол кезде Хорасанды билеп тұрған Шахрух өз қолына алып, қырық жылдай жайлы патша болады. Оның тұсында мәдениет пен өнер өркендейді. Бірақ ол біраз жері уысынан шығып кеткен алып империяны қалпына келтіре алмайды. 1447 жылы Шахрух өлген соң оның ұлы, атақты ғалым-астроном Ұлықбек патша болады. Өкінішке қарай өз ұлы Әбділәтифті өзіне қарсы қойған бақталастарының қолынан Ұлықбектің басы шабылады. Көп ұзамай Әбділәтифтің өзі де өлтіріледі. 1451 жылы тақ тізгіні Темірдің үшінші ұлы Миран шахтан туған Әбу Сеид Мырзаның қолына көшеді. Ол тақта жиырма жыл жақсы отырғанмен, тұс-тұсынан ыдырау басталған алып империяны тырп еткізбей ұстауға шамасы келмейді. Әбу Сеид өлген соң тақ тізгінін оның немересі, сол кезде Ферғананы билеп тұрған Бабыр өз қолына алғанмен, бұл кезде көшпелі өзбектермен күшейіп алған Мұхаммед Шайбани хан Әмір Темір династиясынан тақты біржола тартып алады.  

 

1504 жылы амалсыз отанынан қашқан Бабыр қазіргі Ауғанстан астанасы Кабулды басып алады. 1526 жылы он екі мыңдық қолымен Үндістанға бет түзеп, Дели сұлтанатын басып алған ол Солтүстік Үндістанда «Моғолдар» атты жаңа билеуші династияның негізін құрды. Қазіргі Агра қаласын халқына астана етті. 
Осылайша Ақсақ Темірдің ұрпақтары Үндістанды үш ғасырдан астам уақыт, 1526 жылдан 1858 жылға дейін билеп-төстеді. Солардың ішінде Ұлы Моғол империясының атын әлемге жайған ең атақтылары үшеу: Бабыр шах, Әкбар шах және Жаһан шах. 
Алдымен Бабыр туралы. Мұхаммед Захиреддин Бабыр (1483-1530) қазіргі Өзбекстанның Ферғана жазығында туған. Әке жағынан Ақсақ Темірден, шеше жағынан Шыңғыс ханнан тарайды. Яғни шешесі Құтлық Нигар ханым Моғолстанды билеген атақты Жүніс ханның қызы. Ал Жүніс ханның тағы бір қызынан қазақтың атақты тарихшысы Мұхаммед Қайдар Дулат туған. Бабыр мен Мұхаммед Қайдар бір-біріне туыстық жағынан туған бөлелер. Ал әке жағынан Темірдің үшінші ұлы Мираншахтан, оның баласы Әбу Сеид Мырзадан, оның баласы Омар шейхтан туған. Яғни Әмір Темірдің шөпшегі. 
Әкесі Омар шейх ерте қайтыс болған соң орнына Бабыр 12 жасында таққа отырып, Ферғана билеушісі болады. Ақырында Мұхаммед Шайбани ханнан жеңіліп, отанынан шығандап кеткен Бабырға дейін де Үндістанды билеген түркіден шыққан патшалар болған. «Бабырнамада» «Қасиетті пайғамбарымыздың заманынан бері Үндістан аймағына біздің жағымыздан үш патша билік жүргізіп, патшалық құрды. Оның біріншісі – Сұлтан Махмұт Ғази; оның үрім-бұтағы Үндістан тағында ұзақ жылдар отырды. Екіншісі – Сұлтан Шихаб ал-д-дин Гури; оның өзі, сыбайластары бұл елде көп жыл билік жүргізді. Бөтен елден келген үшінші патша – менмін» деп жазады Бабырдың өзі «Бабырнамада». 
Әмір Темірдің шөпшегі Захираддин Мұхаммед Бабыр Үндістанда Ұлы Моғол империясының және Бабуридтер династиясының негізін қалады. Бабыр әлемдік тарихта ғана емес, әлемдік әдебиетте де жарқын ізін қалдырған ұлы тұлға. Оның «Бабырнамасы» сол дәуірдегі әлемдік ұлы шығармалардың ең алдыңғы легінен орын алады. Осы туындысы арқылы Бабыр әлемге тарихшы, географ, этнограф, жазушы және ақын ретінде кеңінен танылды. 
Оның туғанына 540 жылдығы Өзбекстанда былтыр кеңінен аталып өтті. Бабыр деген есімі – «Жолбарыс» деген мағынаны білдіреді. Қабірі Ауғанстанда. 
Ал Бабырдың өз ұрпақтарының ішіндегі ең мықтысы шөбересі Әкбар шах саналады. 
  Бабырдың шөбересі, Үндіні 43 жыл билеген Әкбар шах (1562-1605) Үндістанның ғана емес, әлемнің ұлы патшаларының бірі саналады. Ол орыстың ұлы патшасы қаһарлы Иван Грозныймен және түріктің ұлы билеушісі Сүлеймен сұлтанмен замандас. Әкбар ұлы бабасы Темір секілді ешбір шайқаста жеңіліп көрмеген. Ол үнділер мен мұсылмандардың басын біріктіріп, біртұтас ұлы Үндістан құрып, ұзақ жылдар саяси тұрақтылықты қамтамасыз еткен. Ол 1582 жылы ислам, индуизма, буддизм, сикхизм, джайнизм, зороастризм, христиан, иудаизм секілді түрлі діндердің озық жақтарын синтездеп, жаңа философиялық дін ойлап тапқан. Бірақ өзі өмір бойы оқу мен жазып-сызуды үйрене алмай қойыпты. 1579 жылы император Мекке мен Мәдинаға ірі көлемде қаражат аударуға тыйым салған. 1584 жылы Хижра бойынша мұсылмандық жыл санауды тоқтатып, жыл санауды өзінің таққа отырған кезінен бастауды бұйырған. Мұсылмандар императорды ақиқи исламнан ауытқыды деп айыптап, Әкбарға қарсы шейхтар мен сопылар талай рет көтеріліс шығарған.
Қалай десек те, Әкбар шах өмір сүрген XVI ғасыр – бұл бүкіл адамзат үшін аса ерекше уақыт. Бұл – Еуропадағы Ренессанс дәуірі, Исламдағы Мәді қозғалысы дәуірі, Қытайдағы Мин династиясының, Үндістандағы суфизм мен бхакттың өрлеу кезеңі. Сол секілді Мысырда мәмлүктер, Персияда сефевидтер, Орта Азияда Шайбанилер, Үндістанда Тимуридтер династиясының дәуірлеп тұрған шағы. Англияда Елизавета, Пруссияда Фридрих, Австрияда Сигизмунд, Испанияда Филипп II, Түркияда Сүлеймен сұлтан, Персияда Исмаил шах, Русияда Қаһарлы Иван дүрілдеп тұрды. Осылардың ішінде патшалардың патшасы титулына ие болған Әкбар падишахтың орны алабөтен болды. 
Ұлы Моғолдар әлемге керемет архитектура сыйлады. Әкбар шахтың немересі император Шах-Жахан (1592-1666) тұсында қайталанбас құрылыстар: Аграда әлемнің жеті кереметінің бірі Тәж-Махал, Делиде Жәми мешіті мен Қызыл форт салынды. Делидегі 1572 жылы салынған император Құмайын кесенесі, император Әкбардың мавзолейі де осы қатарда. 
Әкбардың немересі Шах-Жаһан ұлы бабасы Темір секілді «әлем әміршісі» титулына ие болды. Шах-Жахан салдырған Тәж-Махал Аграның інжу-маржаны әрі әлі күнге Үндістанның визиттік карточкасы саналады. Әлемді сұлулығымен әлі күнге таңғалдырып келе жатқан Тәж-Махалды ол өзіне 14 ұл туып берген ең сүйікті жары Мұмтаз-Махал көз жұмған соң оған арнап ақ мәрмәрдан салдырған болатын. 1612 жылы Шах-Жаһанның босағасын аттаған Арджуманд Бану Бегім, үйлену тойынан соң биік дәрежеге ие болып, Мұмтаз-Махал («Сарайдың тәжі») деген жаңа есім алған еді. 
Бір күні Шах-Жаһан (1627-1658) әмірші атасынан қалған атақты мұра «Темірдің лағыл тасына» «Жаһанның екінші билеушісі» деген атты өзіне арнап ойып жаздыртады. Мұсылман әлемінде «жаһанның жалғыз билеушісі» деген атақ Ақсақ Темірге ғана тән болатын. Бұл лағыл тасты Темір 1398 жылы Делиді басып алғанда қолға түсіріп, астанасы Самарқандқа алып кеткен еді. 
«Темірдің лағыл тасының» қасиетті энергиясы шынымен де әсер етті ме, атадан қалған асыл тасты бүлдіргені Шах-Жаһанның тағдырын тас-талқан етті десек болады. Оның тағын өзінің кіші ұлы Аурангзеб тартып алып, әкесін Аградағы Қызыл фортқа үй тұтқыны етіп қамайды. Шах-Жаһан осы мұнарадан сүйікті жары Мұмтаз-Махалға арнап салдырған әлемнің жеті кереметінің бірі Тәж-Махалға тоғыз жыл бойы телмірумен көз жұмады. 
Шах-Жахан әйеліне арнап ақ мәрмәрдан салдырған Тәж-Махалға қарама-қарсы қара мәрмәрден өзіне арнап екінші Тәж-Махал да салмақ болған. Бірақ Ауренгзеб әкесіне екінші Тәж-Махалды салдыруға рұқсат етпеген. Бірақ өлген соң әкесінің сүйегін әлемдік архитектураның шедеврі Тәж-Махалда мәңгілікке тыныстап жатқан Мұмтаз-Махалдың қасына қойғызады.
Бабыр ұрпақтарының ішінде ару қыз Зебунисо парсы тілінде керемет лирикалық өлеңдер жазған ақын, философ, әдебиетші болумен қатар аса сұлулығымен тамсандырған. Бірде ол өлгелі жатқан ұлын аман қалдыру үшін мойнына бұршақ салып, Аллаға жалбарынып, ұлының орнына өзін алуын тілеп жылайды. Алла тілегін орындайды. 
Үндістанды билеген Ұлы Моғол династиясының билеушілері: 
Бабыр (1526-1530),
Құмайын (1530-1539, 1555-1556),
Әкбар (1542-1605),
Жаһангер (1605-1627),
Шах-Жаһан (1627-1658),
Аурангзеб (1658-1707),
Бахадүр-шах (1707-1712),
Жаһандар-шах (1712-1713),
Фаррук Сийяр (1713-1719),
Мұхаммед-шах (1719-1748),
Ахмед-шах (1748-1754),
Аламгир II (1754-1759),
Шах Алам II (1759-1806),
Акбар II (1806-1837),
Бахадүр-шах II (1837-1858).
Дәуірлеп тұрған Моғол империясына алғаш рет күйрете соққы беріп, Делиді басып алған Парсы билеушісі Нәдір шах болды. Осы Нәдір шах 1740 жылы Самарқанд пен Бұхараны және Хиуаны басып алып, Әмір Темір құлпытасындағы нефрит тасты алып кеткен. Артынан қорқынышты түс көріп, ол нефрит тасты қайтадан Самарқандқа қайтарып, орнына қойғызады. Бірақ Әмір Темірдің рухын ашуландырды ма, Нәдір шахтың осыдан кейін біржола басынан бағы таяды. 
1752 жылы Ауған шахы Ахмад моғолдардан Кашмирді тартып алады. 1756–1757 жылдары ауған билеушісі Ахмад шах Делиді екінші рет басып алады. 
Ары қарай Үндістанды сырттан келген ағылшындардың билеп-төстеуі басталады. 1803 жылы ағылшынның бас қолбасшысы лорд Лейк Делиді төтеннен басып алады. Падишах Шах-Алам ағылшындардың қол астына қарап қалады. 1805 жылы падишах Шах-Аламға ағылшындар 120 мың фунт-стерлинг тұрақты жалақы тағайындайды. Шах Аламның қарамағында тек Делидегі Қызыл форт қана қалады. Одан былайғы жердің бәрі ағылшындардың қол астына қарайды. Келесі жылы Шах Алам өліп, оның ұлы II Әкбар мен немересі II Баһадүр шахтың қолынан билік тізгіні сусып түсіп, олардың айналасында тек мүриттері, сарай ақындары мен музыканттар ғана қалады. 
1857 жылы болған ағылшындарға қарсы соғыста 650 000 мұсылман өледі. 1858 жылы ағылшындар Моғол империясының туын біржолата құлатады. «Моғол империясының ең соңғы падишахы» деген атынан басқа онсыз да қолында түгі жоқ Бахадүр шахты бабасы Құмайын шахтың кесенесіне тығылған жерінен тұтқынға алып, басында өлім жазасына кеседі. Кейін өлім жазасы өзгертіліп, мәңгілікке жер аударады. Сексен екі жастағы ауру қартқа ағылшындарға қарсы халық көтерілісін ұйымдастырды деген ауыр айып тағылды. Жиһадты бастадың деп әбден аштықпен қинайды. Шах 1862 жылы 87 жасында аш-жалаңаш айдауда өледі. Оның екі ұлы мен немересі ағылшын офицері Уильям Ходсонның қолынан өледі. Олардың бастарын ағылшындар қатыгездікпен кесіп, бассүйегінен дәмді сорпа жасап, Бахадүр шахқа балаларының етін жеуге бұйрық береді. Аштан өлгелі жатса да шах оны ішпей, аузына қасықпен апара берген сорпаны түкіріп тастайды. Осындай ит-қорлықпен өлген пір Бахадүр шахтың қабірін жұрт табынып кетеді деп ағылшындар көзден таса етіп, жасырын қалдырған. Бір жарым ғасырдан соң Пірдің қабірі ойда-жоқта 1991 жылы табылып, қазір ол жер мемлекеттік дәрежеде қасиет тұтар киелі орынға айналған. 
Үндістанның соңғы императоры, ұлы моғол Бахадүр падишах ислам дініндегі сопылық тарихаттың пірі болған. Жалпы, бұл әулеттің ең басында тұрған Әмір Темірдің өзі ислам дініндегі сопылықты ұстанғаны белгілі. Самарқандтағы Шейх Нұриддин Басир мен шейх Бурханаддин Сагарджи (Рухабад) кесенелері мен Әмір Көрі (Гур Эмир) бәрі бір өрісте орналасқан. Бұл Әмір Темірдің шейхтармен рухани байланысын аңғартады. Әмір Темірдің бірнеше тарихат пірлері болған. Соның бірі жас кезінде рухани тәлімгері болған Имам Шәмсәддин Кулал мен Хорасан шейхі Зайнуддин Әбу Бәкір Тайбади және нақшбандия шейхі Шамсуддин Фахуридың басына кесене тұрғызған. ӘмірТемірдің ең басты рухани ұстазы, Ясауия орденінің шейхі Мір Сейіт Береке болғаны белгілі. Ол 1370 жылы Темір таққа отырғанда оған билік символдары байрақ пен барабан тапсырған. 1391 жылы Тоқтамысқа қарсы жорығына ақ батасын берген. Әмір Темір рухани ұстазы, пайғамбар ұрпағы саналатын пірі Сейіт Берекенің аяқ жағына жерленген. 
Ұлы Моғол империясы біржола күйреген соң 1877 жылы билікті Англия королевасы Виктория қолына алып, «Үндістанның императрицасы» атанады. 
Осылайша Британия әу баста Әмір Темір, одан кейін Бабыр қалыптастырған династияны біржола жояды. 
Бабырдың Ұлы Моғолдар империясының екінші ұлы падишахы атанған ұлы Құмайынға айтқан соңғы сөзі «қандай жағдайда да бірге туған бауырларыңды өлтірме» болыпты. Құмайын шах әке өсиетіне тақ тұрғанмен, алтын тақ үшін таласқан кейінгі Темір ұрпақтары бірге туған бауырларын қырып тастап отырған. Соның зауалы тиді ме, төрт тарапты төрт ұлына теңдей бөліп берген Шыңғыс хан ұрпақтары секілді жеті ғасырға емес, Темір ұрпақтарының билігі төрт ғасырға ғана созылған.

Төреғали ТӘШЕНОВ,
«Aqiqat»

859 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз