Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 01 Қазан, 2024

Оқушыларға салынып жатқан екпе туралы не білеміз?

Спойлер: Бүгін маған мектепте вакцина салды. Қазір елімізде 11 жастағы қыздардың үйіне айтып баратын жаңалығы осы болса керек. Мектептердегі медицина кабинетінде вакцинациялау жүріп жатыр. Әңгіме АПВ-ға қарсы екпе туралы. Айта кетейік, АПВ-ның 200-ге тарта түрі бар, ал Қазақстан таңдаған вакцинаның қауқары 4 түріне ғана жетеді. АПВ-ға қарсы вакцина жатыр мойны обырының алдын алу үшін салынатыны белгілі. Өткен аптаның өзінде республика бойынша 1600-ден астам қыз екпе алды. Вакцина ата-ана рұқсатымен салынса да, ел арасында сенім мен қатар күдік те бар. Вакцина ағзаны өмір бойы қорғай ала ма? Одан да маңызды сауал: екпенің теріс әсері бар ма? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздедік. Алдымен, өткен аптада орталық коммуникациялар қызметі брифиңінде ДСМ өкілдері келтірген ресми сан-деректер мен статистикаға тоқталайық.

Қыздарға салынып жатқан АҚШтың «Гардасил» вакцинасы. Бұл туралы вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева айтты: «Вакцинаның қауіпсіздігі клиникалық зерттеулерде дәлелденген. Елімізде вакцина алған 1600 қызда иммундаудан кейін жағымсыз реакциялар тіркелген жоқ. Төрт валентті бұл вакцина АПВ-ның төрт түрінен қорғайды. Атап айтсақ, жоғары онкогенді 16 және 18, сондай-ақ папилломатозды салдарға әкелетін 6 және 11 типтен сақтайды. Вакцинаның екінші партиясы, шамамен 173 мың доза қарашада әкелінеді». 

Брифиңтегі ақпаратқа сүйенсек, қазір вакцинациялаудың бірінші кезеңі жүріп жатыр. Екінші доза жарты жылдан кейін салынады. Қазақ онкология және радиология басқармасының төрағасы Диляра Қайдарованың айтуынша, Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырынан 600-ге жуық өлім тіркеледі. Биылғы 8 айда елде аурудан 305 әйел қайтыс болған. «Егу әйел ағзасын өмір бойы АПВ-дан қорғауға мүмкіндік береді. Вакцина ерте жаста, қыздың иммундық жүйесі қалыптасып жатқан кезде егіледі. Екпе атааналардың рұқсатымен ерікті түрде жүргізіледі. Ата-аналар аурудың байқалмай жұғатынын білуі керек деп ойлаймын», – деді штаттан тыс бас онколог.

Педиатр-неонатолог, невропатолог Айнұр Мақсұтова вакцинациялау неге 11–13 жастағы қыздарға салынатынын былай түсіндірді:

«Бұл жаста иммундық реакция жетіледі. Сондай-ақ шамамен 11 жаста қыздар белсенді өмір салтын ұстана бастайды. Сауна, бассейн, спорт секциялары, би үйірмелері сияқты қоғамдық орындарға жиі барады. Адам папилломасы вирусы байланыс және тұрмыстық тәсілмен берілетіндіктен, осы жаста оны жұқтыру қаупі артады». Көпшілікке берілген ақпараттан бөлек өзіміз де дәрігер маманмен әңгімелескен едік. Айнұр Маратқызы – доцент, онколог-дәрігер.

– АПВ-ны қарапайым тілде түсіндіріп беріңізші... 

– Адам папилломасы вирусы – бұл бір вирус емес, вирустар тобы. Олар адамнан адамға (әдетте жыныстық жолмен) жұғады. Жыныстық жолмен таралмайтын түрлері тері арқылы да жұғуы мүмкін. АПВ-ның кейбір түрі онкогенді болады. Дәл осы типтер қатерлі ісіктің, мысалы, жатыр мойны обырының даму қаупін арттырады. Айта кету керек, HPV әйелдер үшін ғана емес, ерлер үшін де, балалар үшін де қауіпті. Біз айтып отырған вирустың штамы көп... Әрқайсы әртүрлі жағдайда пайда болады. Егер иммундық жүйе күшті болса, вирусты өздігінен жеңе алады және бірнеше жыл ішінде оны денеден «ығыстыра» алады. Дегенмен қайта жұқтыру ықтималдығы жоғары болады. Адам папилломасы вирусы инфекциясының нәтижесінде дамитын түзілістер теріде, аногенитальды аймақта, ауыз қуысында, бронхтарда және жоғарғы тыныс жолдарында, тік ішекте және т.б. кез келген жерде болуы мүмкін.

– Адам папилломасы вирусының қандайда бір белгілері ағзада сыр бере ме, адам оны өзі байқай ала ма?

– Егер АПВ (сүйелдер, папилломалар және кондиломалар) арқылы көрінбесе, пациент сараптама нәтижесінсіз аурудың бар-жоғын білмейді. Бұл жағдайда адам папилломасы вирусының белгілері дәл неоплазмалар болады. Қышу сияқты белгілер болуы мүмкін. Егер формациялар жыныстық аймақта пайда болса, ауырсыну және жағымсыз сезімдер болады. Ақпарат үшін атап өткен жөн. Вирустың онкогендік потенциалы жоғары штамдары бар. Олар 16, 18, 39, 45, 56, 68, 73 және 82 сандарымен белгіленеді. Жатыр мойны обыры көбінесе 16 және 18 штамдармен байланысты. Маңызды! Денеде анықталған жоғары онкогенді вирустар адамды міндетті түрде қатерлі ісікке шалдықтырады дегенді білдірмейді. Бұл қатерлі ісік ауруының даму қаупін арттырады. Тұрақты бақылау кезінде дәрігерлерге аурудың қатерлі ісікке айналуының алдын алу мүмкіндігін арттырады. Қатерлі ісіктің өзі бірінші кезеңде сәтті емделеді.

– Қазір вакцинациялау жүріп жатыр. Екпенің 11 жастағы қыздарға салынуын сіз қалай түсіндірер едіңіз?

– Вакцина адам папиллома вирусын (HPV) емдемейді, одан қорғайды. Жатыр мойны обырының (80% жуық) осы вирустың қандай да бір түрінен туындайтынын атап өткен жөн. Жыл сайын дүниежүзінде 750 мың әйел жатыр мойны обырына шалдығатын болса, 250 мыңы осы дерттен көз жұмады. Мұндай жағдайда әр ата-ана қызын дерттен қалайда қорғауға мүдделі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемде HPV індетіне қарсы шаралардың үш түрін ұсынады: біріншілік, қайталама және үшінші профилактика. Екінші және үшінші профилактика ересек әйелдерге қатысты. Клиникалық зерттеулерге сәйкес, жыныстық қатынасқа дейінгі қыздарды вакцинациялау болашақта HPV жұқтыру ықтималдылығын толығымен жояды. Жыныстық қатынастан кейін вакцинаның мағынасы болмайды. Бұл вакцинация дамыған елдерде міндетті. Соның нәтижесінде жатыр мойны обырынан болатын өлім статистикасы төмендеді.

– Екпенің кері әсері болуы мүмкін бе?

– Біз айтып отырған екпені алған адам кез келген басқа вакцинациядан кейінгідей әртүрлі жағдайды сезінуі мүмкін. Бұл белгілер әдетте жеңіл өтеді және көп ұзамай жоғалады. Инъекция орнында қызару, ауырсыну және ісіну болады. Сирек кездесетін симптомдар: бас айналуы, бас ауруы, бұлшықет ауырсынуы, буындардың ауырсынуы, іш ауруы, диарея, жүрек айну, құсу, әлсіздік.

– АПВ-дан қорғанудың жалғыз жолы екпе ме? 

– Қазір АПВ тудыратын қатерлі ісік ауруларының алдын алудың жалғыз жолы – вакцинация. HPV-ге қарсы иммундау қазірдің өзінде 74 елде қыздарға және 11 елде қыздар мен ұлдарға арналған ұлттық вакцинация күнтізбесіне енгізілген. Адам папиллома вирусына қарсы иммунитеттің өміршеңдігі 15 жыл.

Жазира БЕКБОЛАТОВА

«Ұлан» газеті, №40
1 қазан 2024 жыл

 

939 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз