Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 02 Қазан, 2024

Қызылорда құрылысы: инженер Тынышбаев еңбегі

Мұхаметжан Тынышбаевтың саналы ғұмыры XIX ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың І жартысындағы буырқанған тарихи оқиғалар аясында өтті. Патша билігі, Уақытша үкімет, ұлттық-жерлік автономиялар, Кеңес өкіметі. Күрделі саяси оқиғалар мен әлеуметтік құбылыстардың түйіскен кезеңінде өмір сүргендіктен де ғұмырнамасы ерекше болды. М. Тынышбаевты Патша өкіметі, аралық кезеңде билік құрған локальді құрылымдар (Анненков, Колчак, т.б.), Кеңестік-большевиктік билік тарапы көп қудалап, саяси қуғын-сүргінге жиі ұшыратты. Түркістанның арда азаматы, Жетісудың ұлы қайраткерінің тұлғалық ғұмырнама ақиқаты әлі күнге дейін толық анықталып, анық сипатталып, жаппай хатқа түсіп, жария болған емес. 

М. Тынышбаевтың қайраткерлік тұлғасы қазақ халқы ХХ ғасырда басынан кешкен қасіретті оқиғалар – 1916 жылғы көтеріліс, бірінші дүниежүзілік соғыс, азамат соғысы, ашаршылық жылдары (1917-1918, 1921-1922 жылдар), босқыншылық пен үркіншілік, бай-ауқаттылардың мал-мүлкін тәркілеу, ұжымдастыруға қарсы халықтық қарсылық қозғалыстары, толқын-толқын болып жүргізілген саяси қуғын-сүргін мен «Үлкен террор» сияқты тарихи оқиғалармен астасып жатыр. 
Тәуелсіз Қазақстанның шынайы әрі толымды тарихын жазуда архив деректеріне, баспасөз материалдарына, естеліктерге негізделген ғылыми-танымдық зерттеу маңызды. Кешенді ғылыми зерттеудің басты ерекшелігі қарапайымнан күрделіге қарай, яғни Мұхаметжан Тынышбаев сияқты дара тұлғаның ғұмырнамалық шежіресін зерттеу арқылы тұтас өңірдің, яғни Жетісудың, Қазақстанның, Орталық Азияның толыққанды тарихы парақтарын жүйелеу болмақ. 
Ұсынылып отырған мақалада биыл туғанына 145 жыл толып отырған ұлы қайраткер-санаткер, ғалым, инженер Мұхаметжан Тынышбевтың өмірі мен қызметіне байланысты соны тарихи-археографиялық зерттеулер, ізденістер аясында табылған тың деректерді сөз етпекпіз. Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік архиві қорынан, кезеңдік баспасөзден табылған тың құжаттар мен деректер М. Тынышбаев өмірінің Қызылорда қаласындағы кезеңі туралы, бүгінге дейін беймәлім болып келген Кеңестік Қазақстан астанасының құрылысы бойынша жауапкершілікке тартылуы туралы мағлұмат береді. 
М.Тынышбаевтың Ресейдегі қос революция мен азаматтық қарсы тұру кезеңін толысқан саяси қайраткер ретінде қабылдағанын Қазақстанға билік жүргізген құрылымдардың бәріне ел жағдайын баяндап, хат жолдағанынан көруге болады. Мысалы, 1919-1920 жылдары Жетісуда болған М.Тынышбаев аралық кезеңдегі халықтың ауыр жағдайын баяндап, Омбыдағы Кольчак үкіметіне хат жазған. 1919 жылдың 16 сәуірі Жетісу облысы жергілікті халық уәкілі М.Тынышбаевтың жоғарғы правитель, адмирал А. В. Колчакқа көтеріліске шыққан халықты басып-жаншыған патша жазалаушы күштерінің қанды қырғын салуынан облыс халқының апатты жағдайда тұрғанын ашына суреттеп, көмек сұрап, арнайы хат жолдайды. Арада бір жыл өткен соң билік үшін жаға жыртысқан ақ пен қызылдың тайталасында таразы басы большевиктер жағына ауа бастайды. Тарихи шындық отарлық қамыт құрсаған қазақ жерінде ақ-қызылдың екеуінің де оспадар қорлығы аз болмағанын көрсетеді. 
1920 жылдың 24-25 сәуір күндері Мұхаметжан Тынышбаев большевиктік-кеңестік қарулы күштерге жататын 3-Түркістан атқыштар дивизиясы 9-бригадасының саяси бөлім меңгерушісі Барановпен кездеседі. М. Тынышбаевтың қызыл коммандирмен кездесуі туралы Барановтың революциялық-әскери кеңес төрағасы Д. Фурмановқа жолдаған саяси ақпар хатында баяндалған. Бұл М. Тынышбаевтың Кеңес өкіметі жағына өткен кезі болатын. Баранов баянхатында өзінің «Қазақ халқының бас көсемі, Қоқан Уақытша үкіметінің төрағасы болған, ирригация инженері, Жетісу майданы жойылғанша Колчакпен байланысты жұмыс істеген», қазір Кеңестер жағына өткен М. Тынышбаевпен кездескенін жазған. Мұхаметжан Тынышбаев Барановпен Жетісудағы Алаш құрама күштерінің Кеңестер жағына өтуінің шарттарын талқылаған. Хат соңында Баранов М.Тынышбаевтың Түркістан атқару комитетінің төрағасы Т.Рысқұловтың шақыруымен Верныйға кетіп бара жатқанын баяндайды. 
Осы 1920 жылдың 25 сәуірінде Мұхаметжан Тынышбаев бұған қоса 3-Түркістан атқыштар дивизиясының саяси бөліміне Солтүстік Жетісу халқының мүшкіл хәлі туралы хат жазады. Хат Гавриловское селосында (қазіргі Талдықорған қаласында) жазылған. Онда Тынышбаев Қызыл Армия қарулы күштерін аймақтағы әлеуметтік-саяси ахуалмен таныстыра отырып, өңірдегі босқындардың аянышты ахуалына назар аударады. Соғыс, аштық, қудалаудан кеміген Жетісудың солтүстігіндегі 31 болыс халқының 1917 жылғы халық санағымен салыстырғандағы статистикасын келтірген М. Тынышбаев кеңестік биліктен қазақ шаруашылықтарының жағдайын оңалтуды сұрап, нақты ұсыныстар жасаған. Түркістан аумағындағы ауыр ахуалды қолында билігі бар құрылымдармен қарым-қатынас жасай отырып жеңілдетуге талпынған қайраткер 1922 жыл қаңтар – 1925 жыл 1 мамыр аралығында алдымен Түркістан республикасы орталық атқару комитеті жер жөніндегі халық комисариатында, содан кейін мемлекеттік межелеу науқаны жүргізілгенде Бүкілресейлік орталық атқару комитетінің жерге орналастыру ерекше комиссиясында көшпелі шаруашылық жөніндегі маман, техникалық кеңес мүшесі болып қызмет атқарды.
М.Тынышбаев тынымсыз мемлекеттік қызметі аясында 1924 жылдың 2-7 сәуір күндері Жетісу облысы жер комиссарлығының уәкілі ретінде жұмыс істеген. 
1925 жылдың 9 ақпанында Қазақ АССР астанасы Орынбордан Ақмешіт (Қызылорда) қаласына ауыстыру туралы Қазақ орталық атқару комитетінің қаулысы қабылданды. Қаулыны жүзеге асыру Қазақ АССР халық комиссарлар кеңесіне тапсырылды. ВКП (б) Қазақ өлкелік комитеті қаулысымен үкімет жанынан Техникалық комиссия құру туралы шешім шығарылды. Техникалық комиссия төрағалығына Аспандияр Кенжин тағайындалды. 1925 жылдың 19 маусымда Қызылорда қаласының құрылысына басшылық жасау үшін Халық комиссарлар кеңесі жанынан Құрылыс комиеті құрылады. Комитет төрағасы Абылай Серғазиев тағайындалып, оның техникалық жағынан орынбасары қызметіне инженер Мұхаметжан Тынышбаев бекітілді. Құрылыс комитеті құрамына мемлекеттік жоспарлау бөлімінен Әлімхан Ермеков те кірген. 1925 жылы 27 шілдеде Құрылыс комитеті мәжілісінде М.Тынышбаевтың ұсынысымен осы жылы Орталық атқару кеңесі, Халық комиссарлар кеңесі, аупартком сияқты үкіметтік мекемелер құрылысының іргетасын құю туралы қаулы қабылданады. 

Архив құжаттары

Аспандияр Кенжин басқарған комиссияның 1925 жылы 12 шілдесінде Қызылордада өткен мәжілісінде М.Тынышбаевтың баяндамасы негізінде Казвнешторг-Қазгосторг мекемесінің жобасы бекітіледі. Осы мәжілісте М.Тынышбаевтың Құрылыс комитеті мен оған бағынатын Құрылыс бюросын құру туралы ұсынысы қабылданады. Құрылыс комитеті Құрылыс бюросын құру үшін М.Тынышбаевқа Орынборға барып, ҚАССР Халық комиссарлар кеңесінде баяндама жасауды тапсырады. Тынышбаевтың баяндамасында құрылыс материалдарының ортаңқол сапасы, материалдардың жеткізілуін бақылау, құрылыстың барлық жұмыстарын үйлестіру мәселелері қамтылған.
Техникалық комитет төрағасы А. Серғазиевтің 1925 жылдың 10 тамызындағы қызметтік хатында М.Тынышбаевтың осы жылдың 20 шілдесінен бастап Қызылорда қаласын салу туралы Құрылыс комитеті төрағасының техникалық мәселелер жөніндегі орынбасары және Құрылыс комитетінің бас инженері болып тағайындалғаны, оған 350 сом жалақы белгіленгені баяндалады. А. Серғазиевтің осы ұсынысы негізінде М.Тынышбаевты тағайындау туралы Халық комиссарлар кеңесінің бұйырығы 17 тамызда шыққан. М.Тынышбаевтың Қызылордадағы тұрғылықты мекен жайы ретінде Қызылорда қаласындағы Шумиловская көшесіндегі 20-үй көрсетілген. М.Тынышбаевтың Құрылыс комитетіндегі қызметі Қызылорда қаласындағы жаңа құрылыс салу және күрделі жөндеу бойынша смета жасауды қамтыды. М.Тынышбаевтың есептеулерінде Қызылорда қаласының құрылысы бойынша ғана емес, үкіметтік мекемелердің қалаға көшіп келуіне байланысты национализацияланған ғимараттарды жөндеу жұмыстары да бар. Мысалға, 1925 жылдың 12-26 тамыз аралығында Есқараевтың комиссиясы қабылдаған национализацияланған үйлерді жөндеуге қанша қаражат кететінін де М.Тынышбаев есептеп шығарған. 1925 жылдың күз айларында құрылысы біткен ғимараттарды қабылдау актілері жасалды. Біткен құрылысты қабылдап алу актілерінен М.Тынышбаев пен А.Будассидің қолын көреміз. Александр Будассимен Ресейге арнайы іссапарға барған Техникалық комитет төрағасы Аспадияр Кенжин кездесіп, Қызылордаға М. Тынышбаевқа «Инженер Будасси өз қызметін ұсынады», деген мәтінде жеделхат жолдайды. Аспандияр Кенжинге жауап жеделхатында Мұхаметжан Тынышбаев: «Будаси тәжірибелі инженер. Оның тәуір штаты бар», деп көрсетеді. Абылай Серғазиевтің 1925 жылы 26 маусымда Ленинградқа жолдаған арнайы хаты арқылы Қызылорда құрылысын салуға архитектор Александр Будасси ресми түрде шақырылды. А Будассиге жолданған хатта Қызылорда құрылысына 1 миллион сом қаржы бөлінгені хабарланған. Александар Владимирович Будасси Мұқамеджан Тынышбаев сияқты Санкт- Петеребургтегі I Александр атындағы жол құрылысы институтының түлегі. А.Будасси оқу орнын 1903 жылы бітірген. Мұхаметжан Тынышбаевтың бұл оқу орнында 1900-1906 жылдары оқып, тәмәмдағаны белгілі. Ресейлік зерттеуші Игорь Кувырков өзінің 2018 жылы жарық көрген «Инженер Будасси» атты зерттеуінде Будасси мен Тынышбаевтың 1912-1913 жылдары Жетісу теміржол құрылысында бірге қызмет атқарғанын жазады. 
Қызылорда қаласындағы құрылыста А.В. Будасси Құрылыс бюросын басқарды. Ал құрылыстың жалпы барысына жауапты Құрылыс комитеті жанындағы техникалық кеңеске Будасси, Тынышбаев, Давыдов сияқты үш инженер мүше болып кірген. 
Қызылорда қаласы құрылысына керекті материалдар осы жерде дайындалды. Бұған керек құм, алебастр, кірпіш және әк мөлшері жеткілікті болды. Ағаш, цемент және әйнек басқа өңірлерден әкелінді. Қоршау қабатын жасау үшін цемент жетіспеді. Керек материалды сырттан тасу мүмкін емес еді. Қысқа мерзімде салыну керек бірінші және екінші деңгейлі мектеп, тұрғын үй, дизель қоймасын салуға цемент пайдаланылатын. Уақытында құрылысты аяқтау үшін М.Тынышбаевтың ұсынысымен жергілікті оқшаулау тәсілі (туземный способ изоляции) пайдаланылды. Бұл тәсілдің мәнісі кәдімгі шидің бір-екі қатарын қабат етіп, әк езіндісімен толтырып құю болатын. 1925 жылдың 30 тамызында инженер Александр Будассиге жолдаған хатында өзі төрағалық еткен 20 тамыздағы арнайы шақырылған инженерлер мәжілісінде жергілікті оқшаулау тәсілін қала құрылысына пайдалану жайы талқыланып, сонда қабылданған қорытындыны Құрылыс комитетінің 24 тамыздағы қаулысы бекіткенін хабарлайды. Инженер А.Будассиге қорытындыны жолдай отырып, оны іске асыруды тапсырған М. Тынышбаев өзінің бастамасын инженер Прокопович пен техник Макеева қолдағанын мәлімдеген. 
1925 жылы 26 қыркүйекте Құрылыс Комитетінің жиналысында Қамау орындары басқармасы өкілі Қызылорда қаласындағы 100 орындық түрме үйін 250 адамға арнап кеңейтуді сұраған. Инженер Тынышбаев арнайы сметасыз Қамау үйі (Домзак) туралы ешқандай қорытынды бере алмайтынын жеткізген. Қызылорда қаласы құрылысына қатысты күрделі әрі жауапты қызметте жүріп, еңбегіне тиісті жалақы ала алмаған М.Тынышбаев 1925 жылдың 6 қыркүйегінде Құрылыс Комитетіне қолмен жазған хатында өзінің Кенжин басқаратын комиссияда жартылай айлық алатынынын, Құрылыс комитетінде тегін жұмыс істейтінін жеткізіп, бұл туралы А. Кенжинге ресми хабарлауды, өзіне толық айлық төлеуді сұраған. 1925 жылдың 27 қарашада М.Тынышбаев Құрылыс комитеті төрағасына өзінің екі апталық ем алып жатқаны туралы дәрігер Смирновтың анықтамасын ұсынған. Дәрігердің анықтамасында М.Тынышбаевтың миокардиямен ауыратыны көрсетіліп, екі апталық ем алу қажеттігі белгіленген. 
Қаржы жетіспеушілігі пен науқаншылдық Қызылорда қаласы құрылысын тығырыққа тіреді. Осы кезде Мұхаметжан Тынышбаевқа 1926 жылдың 1 қаңтарынан бастап Құрылыс комитетінде қызмет істемейтіні ресми түрде хабарланған. Үкімет мекемелерінің жопарлау, қаржыландыру бойынша кемшіліктері, Орынбордан жеделдетіп көшіп келіп жатқан үкімет қызметкерлерінің отбасын орналастыру бойынша асығыстық Қызылорда қаласы құрылысындағы сапасыздыққа алып келді. Жаңа қалыптасып келе жатқан, қайткен күнде бар кінәні большевиктік билік жүйесінен тыс іздеу дәстүрі құзырлы органдардың алдына бұл кемшіліктерге айыптыларды табу «міндетін» қойды. Онсыз да Патша билігі тұсында білім алған құрылысшы мамандардың әлеуметтік тегіне дүрдараз, іс-әрекетіне наразы советтік билік 1928 жылға қарай «инженерлер ісін» ойлап тапты. Қызылорда қаласының құрылысындағы кінәрат бойынша бар айып инженерлерге үйіп-төгіліп, олар жауапкершілікке тартылды. 
1928 жылдың күзінде Қызылорда қаласы құрылысшыларының үстінен ашық сот өтті. Істі Қызылорда қаласында РСФСР жоғары сотының көшпелі сессиясы қарады. Тағдырдың тәлкегімен РСФСР жоғары сот алқа мүшесі Егоров құрылысшылардың үстінен болған сотты Қызылордадағы Будасси бастаған инженерлер салған теміржолшылар клубында өткізеді. Қылмыстық жауапкершілікке А.Будасси бастаған инженерлер, басқа да Қызылорда қаласы құрылысына жауапты қызметкерлер тартылады. Инженерлердің үстінен болған сот процесі туралы ақпарат жергілікті «Советская степь» гезетінде үзбей жарияланып тұрды. Бұған қоса Қызылорда құрылысшылары соты туралы мақала орталық партиялық орган «Правда» газетінде де жарық көрді. Инженерлер соты басталмастан бұрын «Советская степь» газетінде Исабаев деген автордың «Қызылорда қаласы қалай салынды?» атты осы іс бойынша прокурор Арсеньев дайындаған айыптау қорытындысы негізінде жазылған мақалалар сериясы 4 нөмірге жарияланады. Айыпталушы ретінде 14 адам сотқа тартылады. Сот процесін еңбекшілердің көбі бақылай алуы үшін, мәжілістер кешкі уақытта жүргізілді. Сотталушылардың ішінде Халық комиссарлар кеңесі жанындағы құрылыс комитетінің бас инженері М.Тынышбаев та бар еді. Тынышбаевқа 1926 жылғы РСФСР қылмыстық кодексінің 111-бабы бойынша айып тағылады. Аталған баптың мәнісі өкімет өкілінің әрекетсіздігі яғни, лауазымды тұлғаның өзі міндетті болып табылатын әрекетті жасамауын білдіретін. Соттың екінші мәжілісіне Москвадан Қызылорда қаласы құрылысында қолтаңбасы бар тағы бір инженер Гольдгор күзет арқылы әкелінді. Инженерлерге тағылған басты айып – Будассидің құрылыс бюросындағы жұмысына еңбекақы ретінде үнемделетін қаржының 25%-ын алуға келіскені. Бұл қаржы Будассидің өзіне ғана емес ол жұмысқа тартқан инженерлердің бәріне тиесілі болған. Қызылордадағы инженерлер сотында пайдакүнемдік айыбы қойылады. Инженер А. Будассидің өзіне «мемлекеттің есебінен 7500 сомға меншігіне үй салды» деген айып та салынды. Тергеу барысында Будасси тұрған үйдің жарты үй екені, оның құрылысына инженердің өзі 500 сом қосқаны, үй иесі Жанғабыловтың Будассидің көмекшісі Ақаев арқылы үйді сатуға мәжбүрлемегені анықталды. Жанғабыловтан инженерлер үшін алынған үй Будассимен алдын ала келісімге сай үнемделетін қаржының 25%-ның есебінде оған тиесілі болған. Өзінің жауабында А. Будасси: «Бұл үй мен үшін бақытсыз жағдай болды: сол арқылы мен 500 сомнан айрылып, 109 бап бойынша айыпты болдым», деп көрсеткен. Әңгіме Будасси айыпталған 1926 жылғы қылмыстық кодекстің 109-бабы туралы болған. Тергеу Мұхаметжан Тынышбаевқа танысы Будассиді Қызылорда құрылысына тартты деп айыптай алмағанмен, Қызылорда құрылысын дұрыс бақыламаған деген айып тақты. М. Тынышбаевтың Қызылорда құрылысына еш қатысы жоқ Семейдегі Алашорда үкіметінің мүшесі болған кезі, Кольчак үкіметімен байланыс жасағаны еске алынды. Сот барысында куә ретінде жауап берген А.Серғазиев құрылыс сапасы үшін жауапкершілікті М. Тынышбаевқа арта сөйледі. Куә ретінде А. Серғазиев қазынадан Халық комиссарлар кеңесі жанындағы Құрылыс комиетіне қала құрылысы үшін 1 миллион 300 мың сом бөлінгенін, бұл қаржының 300 мың сомы артылады деген алдын ала есеп болғанын, іс жүзінде қаржы үнемдеу мүмкін болмай қалғанын баяндады. А.Серғазиев өзінің құрылыс саласының маманы еместігін, сондықтан да құрылыс сапасына қатысты бақылау жасай алмағанын, құрылыс комитеті жұмысына тиісті тексеру органдары мен өзінің орынбасары М.Тынышбаев тарапынан ешқандай ескерту жасалмағанын тілге тиек ете отырып ақталды. Сот мәжілісінің 7-ші күні сотталушы ретінде М.Тынышбаевтың жауабы тыңдалды. Өз сөзінде М.Тынышбаев өзінің А. Кенжин басқарған комиссия аясында көп мөлшердегі алдын ала дайындық жұмыстарын бір өзі жүргізгенін, көптеген арнайы жобалар мен сметалар жасағанын атап көрсетті. Өзіне мереке күндерін қоса есептегенде күніне 16 сағаттай жұмыс істеуге тура келгенін айтты. Өзінің бірнеше мәрте денсаулығына байланысты құрылыс комитетінің бас инженері қызметінен бас тартқанымен, басшылық тарапынан босатылмағанын мәлімдеді. Құрылыс комитетіндегі аптасына 2-3 күн жұмыс істеген ол құрылыс бюросының жұмысын толыққанды қадағалауға мүмкіндігі болмағанын көрсеткен. Құрылыс жұмыстарындағы кемшіліктердің басты себебі ретінде жұмыстың асығыс жүргізілгенін атап көрсеткен инженер М.Тынышбаев үйлер қысқа уақытта салынбаса, Қызылордаға көшіп келген қызметкерлерді ұстап тұру мүмкін болмайтынын айтты. М.Тынышбаев іс бойынша өзінің тарапынан жете бақыламауға жол берілгенімен, өзін кінәлі деп санамайтынын жеткізді. Тергеушілер М.Тынышбаевтың Семейдегі Алашорда үкіметінің мүшесі болғанын еске алады. Өз жауабында М.Тынышбаев өзінің кейбір келіспеушіліктер салдарынан, 1920 жылдың басында Оңтүстік Қазақстанға кеткенін, осында жүріп, өзімен гимназияда бірге оқыған жолдасы М.Фрунземен келіссөз жүргізгенін, осы келіссөздер нәтижесінде Кеңес өкіметі қарамағына бір жарым уезд, бірнеше полк әскер өткенін көрсеткен. Сот төрғасы Егоров М.Тынышбаевтан бұлай істеуі оның көзқарасының өзгеруінен болған-болмағанын сұрайды. Сот төрағасының сұрағына М.Тынышбаев: «Жоқ, мен коммунист емеспін, коммунист болған да емеспін. Бірақ мен Кеңес өкімет жағына шығуды ақтардың әскери басшылығының бұйрығымен барлық тұрғындармен бірге Қытайға өтуге қарағанда практикалық жағынан дұрыс қадам деп санадым», – деп жауап берген. Сот барысында М.Тынышбаевты Маркушевич пен Гольдгорбен бірге Алексеев есімді адвокат қорғаған. Прокурор Арсеньевтің айыптау қорытындысынан кейін сөз алған адвокат Алексеев М.Тынышбаевтың Құрылыс комитетіндегі қызметке өз еркінен тыс араласқанын атап көрсеткен. М.Тынышбаевқа қойылған құрылыс барысындағы кемшіліктер туралы үкіметті хабардар етпеді деген айыппен мүлде келіспеген адвокат қорғауындағы инженердің кемшіліктер туралы құрылыс комитетіне үнемі хабарлап отырғанын, осы үшін де оның «мазасыз шал» атанғанын айтты. 
Соттағы соңғы сөзінде М.Тынышбаев: «Менің жұмысым Қазақстан үкіметіне белгілі. Олардың ешқайсысы маған адал жұмыс істемедің деген жоқ. Инженер мамандығы саласында істеген 20 жылда мен алғыстан басқа ештеңе алған емеспін. Қызылорданың құрылысы сияқты ешқандай жұмысқа ешқашан берілген емеспін! Сот бұны әділ бағалауын қалаймын», – деген. 
1928 жылы 1 қарашада жарияланған сот үкімі бойынша М.Тынышбаев пен инженер Попков, қаржы халық комитетінің тексерушісі Авдениндер Қылмыстық кодекстің 111-бабымен 2 жыл шартты мерзімге, сол көлемдегі сынақ мерзімімен сотталды. Сот Құрылыс бюросы төрағасы А.Будассиді 4 жылға еркінен айыруға үкім етті. Сотталушылардың бәріне қатысты Ұлы Октябрь революциясының 10 жылдығына орай рахымшылық қолданылды. Осыған орай, шартты мерзімге сотталған М.Тынышбаевтың соттылығы бірден алынып тасталды. 
Жетісу қайраткерінің басына үйірілген бұлт Қызылордадағы «инженерлер ісімен» толастамады. Қалыптасқан тұлғасы, халықшыл қалпы кеңестік-большевиктік билік табиғатымен қабыспайтын арда азамат 1930 жылы 3 тамыз ОГПУ-дің Қазақстандағы тұрақты өкілдігі қаулысына сәйкес тұтқындалды. Бұл жолы Мұқаметжан Тынышбаевқа қылмыстық кодекстің 58-7, 58-11 және 59-3 баптары бойынша іс қозғалды. Ұлы тұлға ғұмырнамасының бұл парақтары жеке зерттеу тақырыбына жүк болатыны анық. 

 Еркін СТАМШАЛОВ, 
Жетісу облысы М.Тынышбайұлы атындағы 
тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері,
PHD-докторант

1015 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз