Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 02 Қазан, 2024

Қала су үстінде салынған ба, әлде су астында қалды ма?

Көшелерінде көлік емес, қайықтар жүретін Венецияны бәрің де білесіңдер. Қаланың суда орналасуы мен оның тарихи-мәдени мұрасы дүниежүзінен Италияға барған туристерді еріксіз шақырады. Жыл сайын Венецияға  шамамен 20 миллион турист келеді. Ал қала халқының саны небәрі 300 мың адам. Дегенмен, Венецияны айтқанда, қаланың неге су үстінде екені ойландырады. Ендеше қала тарихына көз жүгіртсек. Сонымен, Венеция су үстінде салынған ба, әлде қала су астында қалды ма? Ертеде бүгінгі Венецияның орнында батпақты аралдар болған.  Зерттеушілердің пікірінше, аралдар мен  шығанақтардың топтасуы VI ғасырдың аяғында басталған. Венеция – шетелдік басқыншылардың қысымына ұшырап, ауыр құлдырауды бастан өткерген қала. Батпақтар мен судан өту қиын болғандықтан, бұл жер байырғы тұрғындарға жаудан тығылуға таптырмас орын болды. Дегенмен, батпақ үстіне үй салу оңай болмады. Қаланың арал бөлігіндегі барлық ғимарат пен құрылыс (үй, шаруашылық нысандары, көпірлер және т.б.) арнайы технология бойынша ағаш қадалардың көмегімен тұрғызылған. 

Венецияны батпақты топыраққа салуға мүмкіндік берген техно-логия – бағаналарды қолдану әдісі. Ағаштан ұзындығы 7-8 метр болатын қадалар жасап, ғимарат тұрғызылатын жерге қадаған. Бағаналар әдетте емен немесе балқарағай ағашынан болуы керек. Себебі дәл осы ағаштар өте берік және ылғалға төзімді. Бағаналар су мен батпақтың астына қағылады. Олар жердің қатты, тығыз қабатына дейін жетіп, ғимараттарға сенімді «іргетас» болған. Жер астына қағылған бұл бағаналар ғимараттың ауырлығын көтеруге мүмкіндік береді. Су астында ауа  болмағандықтан, ағаш шірімейді. Оның үстіне, батпақ пен балшық ағаштың айналасын нығайтып, оны тастай қатты етеді. Ағаш бағаналардың үстіне ағаш бөренелер қойылып, оның үстіне тас іргетастар салынған. 

Венеция теңіз деңгейінен төмен орналасқандықтан, судан қорғану басты мәселе. Су деңгейі көтерілгенде дренаж жүйелері қолданылған. Венецияда көптеген су арналары бар, олар тек жол емес, судың айналымына да жауап береді. Каналдар судың табиғи жолмен ағып өтуіне мүмкіндік беріп, ғимараттарға түскен су қысымын азайтады. Бұл су деңгейін реттеп, қалаға тұрақтылық береді. Ағаш қадалар технологиясы қаншалықты қарапайым көрінсе де, қаланы суға батып кетуден сақтап келеді. Венециядағы көптеген ғимарат 500 жылдан астам уақыт су астында тұрғанына қарамастан бүгінге дейін сақталған. Дегенмен қазіргі климаттық өзгерістер мен теңіз деңгейінің көтерілуі жаңа технологиялар мен қорғаныс жүйелерін қажет етеді.
Венецияның болашағы үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Бұл ерекше қаланың басты қауіп-қатері – климаттың өзгеруінен туындаған теңіз деңгейінің көтерілуі. Венеция қазірдің өзінде жиі су тасқындарына ұшырап жатыр. Ғалымдардың болжамы бойынша жағдай одан әрі нашарлауы мүмкін. Венецияны алдағы уақытта не күтіп тұрғанына көз жүгіртейік:

Венецияны не күтіп тұр?

Ғалымдардың ХХІ ғасырдың соңына қарай әлемдік мұхит деңгейі 50–100 сантиметрге дейін көтеріледі деген болжамы бар. Бұл Венеция үшін үлкен қауіп. Қала су деңгейінің жиі көтерілуінен зардап шегеді. Ал егер теңіз деңгейі одан әрі көтерілсе, су тасқыны жиілей түседі. Бұл қаланың ұзақ уақыт су астында қалуына, тұрғындардың көшуіне себеп болуы мүмкін. Су тасқынымен күресу үшін арнайы қалада «Моисей» жобасы іске қосылған. Бұл жоба тосқауылдар жүйесін қамтиды. Су деңгейі көтерілгенде тосқауылдар жоғары көтеріліп, қаланы қорғайды. Дегенмен, «Моисей» мәселені уақытша ғана шеше алады. Егер теңіз деңгейі үнемі көтерілсе, бұл жүйе жеткіліксіз. Теңіз деңгейінің көтерілуіне тікелей әсер ететін фактор климаттың өзгеруі болып отыр. Егер жаһандық жылынуды тоқтатуға бағытталған шаралар қабылданбаса, жағдай одан әрі нашарлай түседі. Жаһандық жылыну мұздықтардың еруін тездетіп, теңіз деңгейін арттырады, сонымен қатар ауа райының төтенше құбылыстарының жиілеуіне әкеледі. Ал бұл Венецияны одан сайын осал етеді. Әңгіменің басында Венецияның әлемдегі ең танымал туристік қалалардың бірі екенін атап өттік. Алайда жиі су тасқыны туристердің санын азайтуы мүмкін. Қаланың көптеген көрікті жерлері су астында қалып, қолжетімсіз болуы мүмкін. Туризм Венеция экономикасының негізгі көзі болғандықтан, туристердің азаюы қаланың қаржылық жағдайына кері әсер етеді.

Бетті дайындаған Жазира БЕКБОЛАТОВА

«Ұлан» газеті, №39
24 қыркүйек 2024 жыл

 

283 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз