- АҚПАРАТ АҒЫНЫ
- 02 Қазан, 2024
Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғандар анықталды
Елдің бірнеше облысында жұмыс істеген заңсыз онлайн ойын бизнесін ұйымдастырушылар Солтүстік Қазақстан облысында анықталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
ҚМА мәліметінше, 100 мың теңгеге дейін ставка қабылдаған покер ойындары жалпыға қолжетімді «Club GG» қосымшасында мыңдаған адамдарды тарта отырып, 40-тан астам ойын үстелдерінде өткізілген.
Құмар ойындарға қатысу үшін сайтта баланс толтыру мүмкіндігі бар және қатысушыларды тарту үшін 20 операторы жұмыс істейтін Call-орталығы бар телеграм-арнаға сілтеме жарияланған. Ұтыс ставкалары мен төлемдері қатысушылардың карт-шоттары арқылы іске асырылды. Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін құқықбұзушылар айналымның 10%-ын алып отырған. Жыл басынан бері ғана қатысушылардың банктік шоттарына түскен қылмыстық табыс көлемі 55 млн теңгеден, қатысушылардың саны 4 мың пайдаланушыдан асты, – делінген хабарламада.
Ақпаратқа сәйкес, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Жетісу облыстарындағы тұрғылықты жерлері бойынша, автомашиналарда, кеңселерде ондаған ноутбуктер мен компьютерлер, ұялы телефондар, ақша қаражаттары,мемлекеттік тіркеу нөмірлері табылған. Сонымен қатар, иісі бар өсімдік тектес есірткі заты, қаруға арналған оқ-дәрілер мен өзге де құжаттар анықталды.
Телеграм-арна бұғатталып, аталған дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Айта кетсек, жыл басынан бері Агенттік 19 заңсыз жасырын, онлайн казино, 1 букмекерлік кеңсе, "TikTok", "Instagram" әлеуметтік желілеріндегі ойындардың 11 онлайн трансляциясы, 12 ойын автомат залы және ойын терминалдарының заңсыз қызметінің 3 фактісін тоқтатты. 1200-ге жуық ойын автоматтары, терминалдар, покер үстелдері, рулеткалар, сондай-ақ 262,7 млн теңге сомасында ақшалай қаражат тәркіленді.
Сондай-ақ, «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы заңсыз мазмұндағы 5,8 мың сайт пен сілтеме бұғатталды.
113 рет
көрсетілді0
пікір