Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 10 Қазан, 2024

Тоқтарбайдың жазығы не?

Кеш. Балалар пысылдап сабаққа дайындалып отыр.  Шешесінің қолы істе, көз-құлағы соларда.  Кішкентай қызым «Қобыланды батыр» жырынан үзінді жаттап отыр екен. Зуылдатып бірнеше мәрте оқып шығып, кітабын жауып, ежіктей қайталай бастады. 

– Кешегі өткен заманда,
Дін мұсылман аманда... і-і-і...
Ақырын ғана көз қырын салып, қызымның шешесіне байқатпай кітабын жартылай ашып сығалап алғанын байқап қалдым. 
– Қарақыпшақ Қобыланды, 
Атасы бұның Тоқтарбай...
Есіме бала кезім түсті, әкем марқұм мұқабасы жасыл, беті қалың «Батырлар жырын» оқытып, өзі тыңдап отырғанды жақсы көруші еді. Қызым қағылез, әрі қарай кітапқақарамастан, зуылдатып айтып отыр. Сүйінгенім ұзаққа созылмады, біреу құлағыма ине сұғып алғандай болды. 
...Бір бала көрмей Тоқтарбай, 
Қайғыменен қан жұтып, 
Ақылынан адасқан. 
Тоқтарбайдың зарына, 
Қалың қыпшақ қайысқан. 
Әулие қоймай қыдырып,
Етегін шеге сыдырып, 
Жеті пірге танысқан...
– Қызым, тоқта, кітабыңды бір қара, бір сөзді өтірік айттың, – деп үзіп жібердім. Ол оқулығын ашып зулата жөнелді. 
...Әулие қоймай қыдырып,
Етегін шеге сыдырып... 
– Тоқта, кітабыңды берші? 
Рас екен. Тоқтарбайдың етегін шеге сыдырыпты?! Біздің білуімізше, айдалада толарсақтан саз кешіп, жалаң аяқ құм кешіп, Құдайдан бала тілеп жүрген зарлықтың етегін айдалада шеңгел сыдырушы еді. Әкемнен мұраға қалған «Батырлар жырына» жүгіндім. «...Шеңгел сыдырып...» деп тұр. 1963 жылы шыққан кітаптың 707-бетінде «Қобыланды батыр» жырының қазір он бестен аса қолжазбасы бар», – деп тұр. Мысалы, Көшелек Елманов нұсқасы. Оны жыршыдан Жүрсінов деген адам жазып алып, кейін сол жыр Игнатьев қағаздары арасынан шыққан. Нұрпейіс Байғанин, Батыс Қазақстандық жыршы Нұрсейіт Битлеуов, қарағандылық Құлзақ Амангелдиннен жазып алған нұсқалар тіркелген. Біз тілге тиек етіп отырған – 1939 жылы Шапай Қалмағамбетовтен жазып алынған Мергембай нұсқасы екен. Он бес қолжазба болса, оқиғасы бөлек бірі шығар деп қызымның «Қазақ әдебиетін» әрі қарай оқыдым. Оқиға да, сөз де келіп-ақ тұр. Онда «шегесі» несі? 
...Менсінбеген дұшпанды
Ақылын тауып үйретті.
Көкбөрі қылып дұшпанын,
Тау мен тасты күңірентті. 
5-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиетіндегі» мына жолдар «Көкпар ма, көкбөрі ме?» деп қызыл кеңірдек болып жатқан қазақ-қырғыз дауына нүкте қоя­тындай-ақ екен. «Батырлар жырында» Көкбары етіп сүйретті деп тұр. Қобыландыны баласынып «Аяғыммен күрес», – деген Қызыл ердің аяғына арқан шалынып, тау мен тасқа қағылып, батырдың көкпары болғаны түсінікті секілді. Тек 2017 жылы «Арман-ПВ» баспасына «Қазақ әдебиеті» оқулығын бастырған авторлар – С.Ч. Тұрсынғалиева мен Р.Зайкенова басқаша тұжырымдапты. Онысын түсіндірер деген үміт бар, сонымен қатар әулие кезіп, жылап жүрген Тоқтарбайға шеге қайдан тап болғанын да айта кетер?! Ал менің қызым «шеге» деп жаттап кетті, кітаптағыны дұрыс айтпаса, апайы ұрсады екен. Кейін бір жерде осы жырдың үзіндісін жатқа айтып берсе ел күлер, сонда «сексенге жасы келгенде» ұрпаққа күлкі боларлықтай Тоқтарбайдың жазығы не? 
Жалпы, мектептегі оқулықтар батыр­лар жырынан бірнеше мәрте сүрінді. Естеріңізде шығар, әлгі жазықта ойнап жүрген шерілер үстінен түсіп, Бөгенбай бір жолбарыс, Қабанбай екеу, ал Наурызбай үшеуін шаншыпты деген «шатпақ» бір жылдары «Ана тілі» кітабына басылған. Одан кейін «арақ ішіп, темекі шеккен» Қамбар батыр 2013 жылы шыққан 9-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиетіне» атойлап кірді. Сөйтсек, ол үзінді генералға тілмаш болған, оның ішкен, шеккеніне сүйініп, «қазақтардың Қамбары осы ояздай-ақ болған шығар» деп жырға өзгеріс енгізіп жіберген Әбубәкір Диваевтың нұсқасынан алынған екен. Авторлар оқулық жазған кезде абай болса дейсің.
 «Қобыланды батырдың» өзгерген үзіндісін өзге баспалардан шыққан 5-сынып оқулықтарынан кезіктірмедім, десе де бұл мысал авторлар мен оқулықтардың алақұлалығы білім беру саласына үлкен кесірін тигізіп жатқанын тағы бір дәлелдейді. 

Ізбасар СЕРІКҰЛЫ

656 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз