- Фотогалерея
- 10 Қазан, 2024
Алматы қорығының ғылыми қызметкерлері күзгі бақылау жүргізді
Алматы мемлекеттік табиғи қорығының ғылыми қызметкерлері адам аяғы баса бермейтін таулы аумақтағы жануарлар мен өсімдіктер дүниесін зерттеп қайтты, - деп хабарлайды kazgazeta.kz тілшісі.
Алматы қорығының аумағы таудың ең қиын, күрделі санатына жатады. Сондықтан, қорық аумағын күзету, бақылау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын «Қазавиаорманқорғау» РМҚК бақылаушы-ұшқыштарының көмегімен жүзеге асырады. Бүгінде қорықта 41 сүтқоректі, 177 құс тіркелген. Ал қар барысын зерттеу жұмыстары тіпті күшейтілген. Қорық аумағында жыл сайын жануарлар дүниесін бақылау мақсатында фототұзақтар саны да көбейтіліп келеді екен. Кезекті бірлескен жұмысқа kazgazeta.kz тілшісі де қатысып қайтты.
Таудың аса қауіпті қойнауындағы шатқалға тек тікұшақпен жетуге болады. Ал ғылыми қызметкерлердің жүгі мен ас-суын алып шығу үшін әуе кемесінің мүмкіндігін ескерсек, орман қорғаудағы қос мекеменің де жауапкершілігі ортақ, мақсаты бір, ол тұмса табиғатты сақтап, қорғап, болашаққа аманаттау. Ұшу сапарында «Қазавиаорманқорғау» РМҚК Алматы авиабөлімінің басшысы Бекзат Байшалов мұндай шаралар Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің тапсырмасы негізінде жүзеге асатын жауапты шара екенін баяндап берді.
Аманбол Сайлауханұлы,
Алматы қорығының аға ғылыми қызметкері:
- Қорық аумағының оңтүстік шекарасына күзгі бақылау жұмыстарын жүргіздік. Біздің негізгі мақсатымыз осы қорғау аймағындағы жануарларға бақылау жасау, мониторинг жүргізу және олардың санағын жасау.
Күзгі бақылау бір аптаға созылды. Өткен жылдан бері орнатылған фототұзақтарды тексердік. Ол жердегі материалдарды қарадық. Қар барысы, Сібір тау ешкісі, Гималай ұлары, кекілік, сарытұмсықты шауқарға түскені анықталды. Бірақ, біздің қорғау аумағымыздағы сүтқоректілер тізімінде арқар мен сабаншы жоқ. Бұрынғы бақылаулар бойынша ғылыми қызметкерлер арқарды көрген. Бірақ, нақты фото, видео фактілері тіркелмеген. Осы мақсатта бір апталық жұмыс барысында тағы бір шатқалдың биігіне арқарды түсіру үшін фототұзақ орнатылды. Басты мақсат арқар мен сабаншының нақты мекендейтінін анықтап, қорық аумағында мекендейтін сүтқоректілер тізіміне қосу.
Қар барысының санын ешкім нақты біле алмайды. Ол өте биік таулы жерлерді мекен ететіндіктен, санын білу өте қиын. Осы бір аптаның ішінде бөгде адамдардың және брокенерлік фактілері тіркелмеді. Келесі жылдың көктемінде биыл орнатылған фототұзақтарды қайта зерделеуге келеміз.
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор
Алматы облысы
2953 рет
көрсетілді0
пікір