- Таным
- 11 Қазан, 2024
Жаңа таңбаға көшуден емлемізді түзеу маңызды

Кірме сөздерден тілді таза сақтау туралы Ақаң былай дейді:
«Тіл тазалығы дегеніміз – ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау. Басқа тілден сөз тұтыну қажет болса, жұртқа сіңісіп, құлақтарына үйір болған, мағынасы халыққа түсінікті сөздерді алу.
Орыстың жақсы жазушыларын алсақ, олар көбінесе мынау түрлі сөздерден қашқан:
– Ескірген сөздерге жоламаған.
– Жаңадан шыққан сөздерден қашқан.
– Өз тілінде бар сөздің орнына, басқа жұрттан сөз алудан қашқан.
– Жергілікті сөздерге, яғни бір жерде айтылып, бір жерде айтылмайтын сөздерге жоламаған.
Қазақ әдебиеті қатып-пісіп жетпеген уақытта біз қазақ сөзін ескі, жаңа деп талғамаймыз, жергілікті сөз екен деп, ол жағынан қатал қарап, қашып тұрмаймыз. Жалғыз-ақ біздің мықтап қашатынымыз жатшылдық (жат сөзшілдік).
Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт өз тілінде жоқ деп мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, айырылып қалуы ықтимал. Сондықтан мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылым кітаптарын қазақ тіліне аударғанда пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып, сөз табуымыз керек».
Кеңес кезінде қырқыншы жылы орыстың бар әрпін қабылдап алып, кірме сөздерді:
– революцияға дейінгі енген сөздер;
– Қазан революциясынан кейін енген сөздер деп бөлдік. Бізге енген барлық сөз орыс сөзі немесе орыс тілі арқылы енген орыс емлесіндегі сөздер еді. Ол сөздер дыбыстық заңымызға қайшы, сөйлеу тілімізге жат болды. Қазақтың асыл тілін былғау, жоғарыда айтылғандай, революциядан кейін емес, Алаш қайраткерлері ұсталып, түгел айдалған соң, отызыншы-қырқыншы жылдардан кейін қарқын ала бастады. Лингвистикалық кеден болмаған соң, кедергі жоқ, ашық-шашық шекарамыздан ғылым мен техникаға, мәдениет ағарту саласына, әскери іс пен физкультура, спорт, сауда-қаржы салаларын былай қойғанда, азық-түлік, киім-кешекке байланысты атаулар түгел орысша еніп кетті. Кезінде Ақаң айтқан «тұнық тіл мен түзу емлеміз» сол кезден бастап азды. Міне, отыз жылдан асты тәуелсізбіз десек те, тілге, тіл ғылымына тәуелсіздік алып бере алмай отырмыз. Қыруар қаржы шығарып, қазақ тілінің он бес томдық сөздігін шығардық.
Оған әдеби тілдің сөздігі деген ат қойдық. Белгілі ғалым Байынқол Қалиев айтылуы да, жазылуы да қазақ тілінің фонетикалық заңдарына сәйкес келмейтін сөздерді жат жұрттық деп атайды. Кірме сөздердің үш түрі бар:
таза қазақша: кәмпит, бөтелке, жәшік т.б.
жартылай қазақша: автотұрақ т.б.
тек орысша: фильм, компьютер, инспектор т.б.
Соңғы екеуі қазақ тілінің дыбыстық заңдарын бұзады. Мұндай сөздерді жақтаушылар тілшілердің арасында да бар (орпотоптың бәрі болмаса да, көбі сондай). Бұлар мұндай сөздерді әспеттеп, «халықаралық сөздер», «халықаралық терминдер» деп атайды. Шетелдік сөздер (орпотоптың термині) дейтін де атауы бар. Бұл – халықты алдау (адастыру). Кірме сөздерді қазақшалап, жартылай қазақшалап, мүлде қазақшаламай отырған өзіміз. Бұл жерде өзімізге-өзіміз жау болып отырмыз.
Тіл білімі институты әзірлеген «Әдеби тілдің сөздігі» деген атауы бар 15 томдықта 30–40 пайыз орыс сөзі (жат жұрттық сөз) бар-ау, одан да көп болуы мүмкін. Біз «Біртілді сөздік жасаудың ғылыми-теориялық негіздері» деген кітапты жазу барысында А, К, М әріптерінен басталатын сөздерді ерінбей санап шықтық. А әрпі бойынша ғана Еуропа тілдерінен қазақ тіліне енген (енген емес-ау, ендірілген) түбір сөздердің саны 695 сөз болды. Осы түбірлерден сөз тудырушы арнайы қазақша жұрнақтар арқылы автомат+тан+дыр+ыл+у, аптека+шы, аренда+ла+у, асфальт+сыз, аэродинамика+лық деген сияқты туынды сөздер жасалады екен. Олардың саны 430-дай. Сонда А әрпі бойынша ғана шет тілдерден енген сөздердің жалпы саны 1 125 сөз болып шығады. Бұлар А-дан басталатын барлық 6 313 сөздің 17,82 пайызы.
К әрпі бойынша 15 томдықтағы орысша және қазақша тілдік бірліктердің арақатынасы да дәл осындай. Түбір сөздері бар, туынды сөздері бар, онда барлығы 1 675 орысша атау сөз алынған. Бұлар К-ден басталатын барлық тілдік бірліктердің (7 134 атау сөздің) 23,48 пайызы. Ондағы барлық сөздердің 24,75 пайызы М әрпінен басталатын орысша сөздер болып отыр. Сонда біздің қазіргі тілімізде отыз пайыздан астам жат жұрттық сөз бар. Ол күн сайын көбею үстінде.
Елден сөз ауыспай тұрмайды. Қазақ та солай. Бірақ мына күйімізбен тілімізді жат жұрттық сөздер басып, ішіндегі жүйесі бұзылып, тіл өзінің табиғи қалпынан ажырай бастайды. Жалпы сөз тудырмайтын тіл түбі өледі, жоғалады.
Тіл өзінің табиғатын сақтау үшін сырттан алатын сөздерге лингвистикалық кеден қоюы керек. Бізден басқаның бәрі сөйтеді. Біздің де әліпби ауыстыруға талпынып жатуымыздың мәні осында. Біз орыстың дыбыс жүйемізге келмейтін әліпбиінен тезірек құтылуымыз керек. Жат жұрттық сөздер дыбыстық заңымызды бұзбай, соған бағынып кіруі керек не қазақша баламасы табылып енуі керек. Жат сөздердің қазақ тіліне енуінің бұдан басқа жолы жабық болғанда ғана қазақ тілі өзінің төл табиғатын мәңгі сақтап қала алады.
Жаңа әліпбиге көшуге, қағаз тырнап жүргендердің өзінің ішінен көбі қарсы. «О не керек, осы жазуымыз жақсы ғой» дейді. Үйреніп қалған үйреншіктінің бәрі жақсы, әрине. Бірақ оны осы 42 таңба күйінде қолдану тілімізді іштен ірітіп жатқанын түсінбейді.
Жақында Бакуде жаңа ортақ түрік әліпбиінің жобасы жасалып ұсынылды. Өзін білгішпіз деп санайтындар, бекітіп келіп, бұғып отыр. Түбін тексермей, құтты болсын айтып жатқандар да баршылық...
Ортақ түрік әліпбиі деген мәселе тоқсаныншы жылдары бір көтеріліп, алғашқы жобасы ұсынылған. Осы жолы өзгертіліп, қайта басқа түрі ұсынылып отыр. Бұл – бәрібір жоба. Иә, түрік елдері, өзге елдің құрамындағы түрік халықтары бір әліпбиде болғаны жөн. Қолдаймыз. Бұл сырт көзге түріктердің бірігіп жатқанындай көрінеді. Мұның өзгені үрейлендіретін саяси қыры басым-ақ. Ал қолданылуы, практикалық жағы нөлге жақын. Қазір әлемде үлкенді-кішілі қырыққа жуық түрік халқы бар. Олардың тілдері фонетикалық жағынан, лексикалық жағынан, грамматикалық жағынан бөлектеніп, бұтақтанып кеткен. Бұл жерде тағы да Ақаңа сүйенейік: «Бұл күндері адамдардың сөйлесетін тілдерінің түбі мұнарланған сағымдай алысқа барып жоғалады. Қанша қадалып қарасақ та, көзіміз оған жетпейді. Қай тілдің де болса қайдан шығып, қалай ғұмыр кешкенін ешкім анық білмейді. Тілдің ғұмыры ұзақ. Оның жолы жылдап емес, жүз жылдап емес, мың жылдап саналады. Сондай ұзын ғұмырының ішінде түрлі нәрселер себеп болып, өзгерілмеген тіл жоқ: иә, асып өзгерілген, ел бұтақтай өскен сайын, тіл де бұтақтаған. Біздің түрік тілі әуелде бір тіл болып, сонан соң ел бұтақтап өскенде, тіл де бұтақтаған. Түбірі бір болса да, түрі басқаланып, түрік тілінің арасына тарау-тарау жік түскен. Сондықтан бұл күнде неше бұтақ түрік тұқымынан ел болса, сонша тарау тілінде басқалық бар». Сондықтан мамандар болмаса, басқа жай адам ортақ жазу арқылы бірінің жазғанын бірі оқып, түсініп кетеді деу бекер.
Ақаңа дейін де ортақ жазу болған. Қадым жазуы (көне жазу) – қадымше жазу, оқу иманшарт, әптиек, мұқтасар тәрізді және басқа діни, дүниеәуи әдебиеттерді оқытуда, жазуда пайдаланатын көне жазудың түрі. Қадым жазуы қазақ жеріндегі діни мектептерде, мешіттерде, медреселерде кеңінен қолданылған.
XIX ғасырдың аяғында Ресей империясының қоластында мұсылман халықтарының арасында «жәдидизм, жәдидшiлдiк» деп аталған ағым пайда болғаны белгілі. «Жәдидизм» сөзiнiң төркiнi – «усул-и-жәдид» дейтiн тiркес. Яки «жаңа әдiс» – мұсылман мектебiнде оқу жүйесiнде бұрыннан бар «усул-и-қадим» – «ескi әдiске» балама жол. Бұл ағымның басында қырым татарларының ағартушысы Исмайыл-би Гаспрәлi (Гаспринский) тұрды. Бұл жаңа әдiс түріктерде тез әрi кең тарады.
Ақаң бұл екі жазу жүйесіне де тоқтамады, әліпбиін сынаған ескіше оқыған өзіміздің молдаларға да, татар оқымыстыларының «біздегі жазу тәртібі бәрімізге ортақ, қазаққа жеке емле түзіп, не әуреленіп жүрсің» дегендеріне де қарамай, қазақтың ұлттық әліпбиін түзді. Кейінгі тәжірибе көрсеткендей, бұрын хат тануға жылдап уақыт жіберетін қазақ баласы Ақаңның әліпбиінен төрт-ақ аптада хат танып кететін болды. Өзге түріктер мұндай төл жазу (ұлттық әліпби) жасауға кейін кірісті. Бірақ Ақаңдай ұлды тәңір қазаққа ғана берген ғой. Олардың (Түркияның да) ұлттық деп жасаған әліпбиінде кемшілік көп болды. Ақаңның өзін тыңдайықшы. Бұл – ұлт ұстазының әйгілі Баку жиынына барып келгендегі сөзі: «Біздің 10-ыншы жылдарда шығарып, ескі-ұсқы сақтайтын қоймаға тастаған нәрселерімізді кейбіреулер 26-ншы жылдарға дейін тұтынып келіп отырып, соны өзгерту ниетке жаңа ғана кіргенін өздерінше бір артықша жаңашылдық деп біліп, өздерін әлдеқандай өзгерісшіл көріп жүр екен. Тариқ жүйелі араб емлесінің тас-талқанын шығарып, бұзып-жарып, араб қарпымен-ақ дыбыс жүйелі қазақ емлесін жасап алғанымыздан қабарсыз екен. Олар арабтың емлесін бұзудан қарпын тастау оңай; қарпын тастамай, емлесін бұзуға болмайды деп ойлайды екен. Араб қарпынан латын қарпына көшеміз деуінің ең негізгі себебі осы екен», – дейді Ақаң.
Жақсылап үңілсек, Ақаңның осы шағын ғана сөзінде қаншама салмақты ой жатыр. Оның біздің бүгінгі тірлігімізге де тікелей қатысы бар. Яғни бүгін бізге маңыздысы – әліппе ауыстыру емес, емлемізді жөндеу, ұлттық ету. Оған Ақаңа кезінде араб әріптері жараған сияқты бүгінгі бізге орыс әріптері де жарап тұр. Осыны отыз бес жыл неге қолға алып, түземей отырмыз. Ондай ойды тоқсаныншы жылдардың басында ғалымдар да айтқан еді (Т.Қордабаев, Р.Сыздық, Қ.Есенов).
Отаршыдан лингвистикалық тәуелсіздік ала алмай, латынға да көше алмай, өзге түріктің ең артында қалып қойдық. Бұдан бір ғасыр бұрын Ақаңдардың кезінде күллі түріктің ішіне өзіміздің төл жазуымыз бар, жалпақ жұртқа кең жайылған тіліміз бар, кірме сөз қабылдауда ұлттық ұстанымы бар ең озық тіл біздікі еді ғой.
Бижомарт ҚАПАЛБЕК

798 рет
көрсетілді0
пікір