- АҚПАРАТ АҒЫНЫ
- 14 Қазан, 2024
Қазақстанда суару маусымы аяқталды
Еліміздің барлық аймағында суару маусымы аяқталды. Вегетация кезеңі 1 сәуірде басталды. Суару кезеңінде Су ресурстары және ирригация министрлігі шаруаларға шамамен 11,2 млрд текше метр су берді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап kazgazeta.kz хабарлайды.
Биыл министрлікке қарасты «Қазсушар» кәсіпорнының филиалдары шаруа қожалықтарымен 25 мыңға жуық келісімшарт жасады. Су тұтыну көлемі бойынша көш басында – Қызылорда облысы. Өңірдің дихандарына шамамен 3,7 млрд текше метр су берілді. Түркістан облысының шаруалары 3,4 млрд текше метр су алды. Жетісу облысының дихандарына 1,37 млрд текше метр су берілсе, Алматы облысының шаруалары 1,57 млрд текше метр су пайдаланды.
«Үкімет төтенше жағдай мен суармалы су тапшылығының алдын алды. Біз былтырғы тәжірибеден сабақ алып, фермерлерге суармалы судың үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз еттік. Су дипломатиясы да маңызды рөл атқарды. Биыл Үкіметтің табысты келіссөздері арқасында елімізге Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан бастапқыда жоспарланған көлемнен де артық су жіберді», — деп атап өтті су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Бүгінгі таңда Үкімет су тасқыны кезеңіне дайындықты бастады. Еліміздің солтүстік, батыс, шығыс және орталық аймақтарындағы су қоймаларынан су жіберіле бастады. Ал, оңтүстік облыстардағы су қоймалары су жинау режимінде жұмыс істеп жатыр.
Орталық Азияның мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы отырысында Нарын-Сырдария су қоймалары каскадының болжамды жұмыс кестесі жасалады және келесі жылға су беру көлемі бекітіледі.
Фото:primeminister.kz
2925 рет
көрсетілді0
пікір