Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 06 Мамыр, 2010

Мың тағзым саған, майдангер!

Ел шетіне жау тиген сұрапыл жылдарда етігімен су кешіп, қып-қызыл өрт ортасынан елге аман оралысымен халық шаруашылығын қалпына келтіру ісіне араласып, қираған экономиканы көтеруге, халықтың әл-ауқатының артуына қажырлы еңбегімен ерен үлес қосқан ер-азаматтарымыз қаншама. Олардың әрқайсысының есімі құрметке лайық, өмір жолы – өнеге.

«Біз ерлеріміздің есімдерін ұмытпаймыз». 5 мамыр күні осындай тақырыппен Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына орай соғыс және тыл ардагерлерінің құрметіне арналған салтанатты жиын болып өтті. Мерекелік шараға Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлері және ауған соғысына қатысқан жауынгерлер шақырылды.  Салтанатты жиын ҚазҰТУ жанындағы Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қоюмен және соғыстан кейін ғылымға адал қызмет еткен, жарты ғасырдан астам уақыт осы оқу орнында жастарға дәріс беріп, мамандар даярлау ісіне өлшеусіз үлес қосқан ардагер ұстаздар Мейрам Құрманғалиев пен Мұштай Батырбековтің құрметіне арналған ескерткіш тақтаның ашылуымен басталды.

«Жеңістің 65 жылдығы – тарихымыздағы айтулы күн. Осыған орай, бүгінгі мерекелік шараны кешегі майдан даласында баһадүр бабаларымыздың қаһармандық ерлік дәстүрін жалғастырған құрметті ардагерлерімізді ұлықтау, ардақтау және дүниеден өткен боздақтарды еске алу мақсатында өткізіп отырмыз.  Біз аға ұрпақтың ерлігін еш уақытта ұмытпауымыз керек. Отан үшін от кешіп, ұрпақ үшін жанын пида еткен ерлеріміздің рухына тағзым ету, ортамызда жүрген ардагер ағаларымызды құрметтеу – кейінгі толқынның қастерлі парызы», деді салтанатты жиынның ашылуындағы сөйлеген сөзінде ҚазҰТУ ректоры Жексенбек Әділов. ҚазҰТУ тізімінде 13 соғыс ардагері мен 56 тылдағы еңбек майданына қатысушылар бар. «Олардың ішінде профессор Досмұхамед Шыбеков пен  доцент Натан  Рехсон біздің оқу орнында күні бүгінге дейін жұмыс істеп, жас ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып келеді. Олардың өмірі – жастарға үлгі боларлық. Сондай-ақ ҚазҰТУ-дың құрметті түлектерінің қатарында Ұлы Отан соғысында ерен ерлігімен танылып, Кеңес Одағының Батыры атағына екі мәрте ие болған авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтің есімі мақтанышпен аталады», деп атап өтті Ж. Әділов. Шара барысында ардагерлердің 15-і – «Құрметті түлек»,  5-еуі – «Айрықша еңбегі үшін», 32-сі – «ҚазҰТУ ардагері», 26-сы «Үздік түлек» төсбелгілерімен марапатталып, қаржылай сый-сыяпат көрсетілді, арнайы дайындалған сыйлықтар табысталды. Мерекелік шараға жиналған қауым ардагерлерге арналып жайылған мерейтой дастарханынан дәм татып, өнер шеберлерінің концертін тамашалады.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

2447 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз