- АҚПАРАТ АҒЫНЫ
- 23 Маусым, 2014
ӘЧ-2014: Ресей Бельгиядан жеңіліп қалды

Қазақстандық футболшыларға тән "соңғы секундтар" синдромы Әлем чемпионатында өнер көрсетіп жатқан Иран мен Ресей құрамаларын қолда тұрған ұпайларынан айырды. Сенбіде Иран футболшылары сенсацияның сәл-ақ алдында болған. Аргентинамен болған кездесуде олар 90 минут бойы өз қақпаларына гол жібермей, әлемнің екі дүркін чемпиондарын тығырыққа тіреген болатын. Алайда, төреші қосқан қосымша уақытта Лионель Месси өзінің "ең үздік футболшы" атағын бекер алмағанын дәлелдеп, командасына жеңіс алып келді. Ал, кеше кешкісін "Маракана" стадионында Бельгия құрамасымен кездескен ресейліктер 88 минутта қақпаларына гол жіберіп, мүмкін болған бір ұпайды жоғалтты.
Ойын тартысты өтті деп айта алмаймыз. Екі команда да қақпа алдына келгенде шешуші қадамға бара алмай, өткір шабуылдармен көзге түсе алған жоқ. Тек екінші кезең аяқталар тұста тең ойынға келіспейтіндігін білдірген Ресей құрамасы қоғанысын ұмытып, жиі шабуылға иек артты. Мұны ұтымды пайдаланған бельгиялықтар 88 минутта қорғаушылар қателігін пайдаланып, Акинфеев күзеткен қақпаның кілтін тапты. Гол авторы - Дивока Ориги.
Осылайша екі матчты қатарынан ұтқан еуропалық команда плэй-офф кезеңіне жолдама алды. Ал, бірінші ойынын оңтүстіккореялықтармен тең ойнаған Ресейдің еншісінде небәрі 1 ұпай. Келесі кездесуін Капелло шәкірттері Алжир құрамасымен өткізеді. Орыстар жеңіске жеткен жағдайда 1/8 финалға жолдама алуына мүмкіндігі бар.
Ал, кеше түнде өзара күш сынасқан Алжир мен Оңтүстік Корея құрамалары арасындағы ойын 4:2 есебімен аяқталды. Екі ойыннан үш ұпай жинаған Алжир топтың екінші сатысына көтерілді.




534 рет
көрсетілді0
пікір