Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 24 Қазан, 2024

Ғалымдар бактериямен күресетін «ақылды жіп» жасады

Бір адамның ғылым саласында көрнекті ғалым екенін естиміз. «Ғылым дегеніміз не және ғалым кім?» деген сұрақ болады. Кейбір балалар бұл сөзді түсінбейді. Ғылым – бұл бізді қоршаған әлем. Ол көптеген сұраққа жауап береді. Мысалы, «біздің миымыз қалай жұмыс істейді?» деген сияқты. Ғалым – ғылыммен айналысатын адам. Түрлі нәрселерді зерттеп, оларға сұрақ қояды. Ғалым жануарларды зерттесе, зоолог дейміз. Ғалымдар бар білгенін адамдарға пайдалы болатын заттарды ойлап табуға жұмсайды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Химия және химиялық технология факультетінде белгілі химик-ғалым Әлия Оспанова дейтін апайымыз бар. Әлия апай күрделі координациялық қосылыстар алудың физика-химиялық негіздерін құрған белгілі ғалым. Биомедицинаға арналған антибактериалды жабындар алуға қосқан үлесі зор. Жақында Әлия апай бастаған ғалымдар ота кезінде қолданатын хирургиялық жіпті жетілдіріп, бетіне антибактериалды жабын жасап шығарды. Хирургтер жіптерді спиртке немесе хлоргексидин ерітіндісіне салып жараны тігеді. Кейде бұл тігіс адамға кері әсер етуі мүмкін. Ал жаңа жіптің бактериямен күресетін жабыны бар.

Апаймен әңгімені балалық шақтан бастадық.

– Бала кезімде жаңбырды ерекше жақсы көретінмін. Жаңбыр суының қарапайым судан қандай айырмашылығы бар? Өсімдіктер неге құрғақ топырақта өспейді? Оларға су қажет екенін жиі ойлайтынмын. Су олардың өмір сүруіне қаншалықты маңызды екені мені таңғалдыратын. Жануарлар да сусыз өмір сүре алмайды. Судың құрамындағы қоректік заттарды білгім келетін. Содан болар, жаңбырлы ауа райында жүгіргенді ұнататынмын. Су денеме тисе, мен де өсіпөркендеймін деп ойлаушы едім. Сатушы болып, кәмпиттер сатуды армандайтын едім. Бастауыш мектепте мұғалім болуды қаладым. Орта мектепте химия пәніне ғашық болдым. Сол кезде судың не екенін және оның тірі табиғат пен адамдар үшін қаншалықты маңызды екенін тереңірек түсіндім.

– Ғалым, ізденуші болу үшін баланың бойында қандай қасиет болуы керек?

– Қазіргі балалар білім әлеміне ерте жастан қадам басады. Олар ақпаратты ең алдымен теледидар мен ұялы телефоннан алады. Кейде табиғат құбылыстары туралы терең ойланбайды. Тұлға ретінде толыққанды дамуы үшін тек ақпараттық хабарламалар жеткіліксіз. Ең алдымен, ізденімпаз болу, қызығушылық таныту маңызды. Сұраққа жауап іздегенде, олардың шынайы екеніне күмәндана білуің қажет. Кейбір құбылыс ересектердің көзқарасы бойынша дұрыс болмаса да, өзіңше түсінуге талпын. Көзқарасыңды дәлелдеп, түсіндіре алу өте маңызды. Сонымен қатар, кітапты көп оқып, түсіндіре білу керек. Ғалым болу үшін кітапты сүю, тыңдай білу, еңбек етіп, осы әрекеттерден ләззат алу шарт. Тек осылайша, білім әлемінде нағыз жетістікке жете аласың.

– Ғылым саласында қандай зерттеулер жасадыңыз?

– Хирургиялық жіптен тыс әртүрлі бағытта ғылыми жобалар жасалды. Соның ішінде алғашқы ғылыми зерттеуімді айта кетейін. Ол сумен байланысты. Ғылыми қызығушылығымыз – улы және ауыр металдардан суды тазарту мәселесіне бағытталды. Табиғат адамзатқа жанды-жансыз дүниеге өмір сыйлайтындай таза әрі сапалы су береді. Бірақ адамдар бұл құндылықты ұмытып, суды түрлі қалдықтармен ластайды. Зауыттар мен фабрикалар ағынды суларға көптеген ластаушы заттарды ағызады. Осы қауіпті заттар жерге түсіп, табиғатты ластап, тірі ағзаларды улап, әртүрлі ауруларды тудырады. Біздің ғылыми топ ағынды суды ауыр және улы металдардан тазарту әдістерін әзірлеуге күш салған. Қазір химиялық және медициналық бағыттағы жобалармен жұмыс істеп жүрміз.

– Химиялық жіп идеясы қайдан келді? Қанша уақытта нәтижеге қол жетті?

– Кейінірек, біздің ғылыми топ импланттарға антибактериалды жабындарды әзірлеу шарттарын жасауға кірісті. Неліктен біз осы салада жұмыс істей бастадық? Өйткені, адам жиі сынған буындарды немесе басқа мүшелерді жасанды ағзаимплантпен ауыстыруға мәжбүр болады. Мұндай операциялар күрделі әрі қымбат. Кейде дене оларды қабылдамайды, себебі импланттардың бетінде бактериялар пайда болып, ауыр жұқпалы ауруларды тудырады. Нәтижесінде операцияларды қайталау қажет болады. Сондықтан, біздің топ импланттардың бетіне жұқа бактерияға қарсы жабындар шығаруды қолға алды. Бұл әдіс жақсы нәтиже көрсетті. Медициналық тәжірибеде бактериялар хирургиялық жіптердің бетінде де пайда болып, ауыр инфекцияларды тудыруы мүмкін. Қазақстандық хирургтердің сұранысына сәйкес, тігіс жіптеріне бактерияға қарсы жабындар алудың да шарттарын әзірледік. Нәтижеміз жақсы, бактерияға қарсы қасиеттермен қуантты. Бұл ғылыми-зерттеу жұмысына докторанттар, жас дарынды студенттеріміз белсенді қатысып, республикалық және халықаралық конференцияларда жүлделі орындарға ие болған. Қызметкерлер мен студенттер қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген. Кейбірі шетелде тағылымдамадан өтіп, тамаша жетістіктерге қол жеткізді. Осы салада үш философия докторы және көптеген магистратура мен бакалавриат студенттері білімін қорғап шықты. Студенттеріміз бұл тақырыпқа ерекше қызығушылық танытып, 1-курстан бастап ғылыми зерттеулерімізге қатыса бастады. Топтың негізгі құрамында 9-10 адам болса да, жыл сайын жаңа дарынды студенттермен және докторанттармен толығып отырамыз.

– Бұрынғы жіптен сіздер жасаған жіптің айырмашылығы қандай?

– Біздің ғылыми топ әзірлеген жіптер дәстүрлі жіптермен салыстырғанда бірқатар ерекше қасиеттерге ие. Бұл жіптердің басты артықшылығы – антибактериалды қасиеті. Адам организміне енгізілген кезде, әдеттегі хирургиялық жіптер бактериялармен ластанып, инфекцияларға әкелуі мүмкін. Ал біздің жіптер бұл қауіпті азайтады. Себебі олар бактерияларды өсіруге мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар, механикалық тұрғыдан жоғары беріктікке ие. Олардың құрылымы біркелкі және берік. Бұл хирургиялық операцияларда сенімділік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Жіптеріміз тіндермен және медикаменттермен реакцияға түскенде инертті. Бұл қасиет жіптердің денеде асқынулар мен аллергиялық реакцияларды тудырмауына мүмкіндік береді. Осының арқасында науқастардың реабилитация процесі әлдеқайда оңай және қауіпсіз өтеді. Сондай-ақ, пролонгациялау мүмкіндігі бар. Жіптердің белсенді заттарды баяу және тиімді түрде босатуына мүмкіндік береді. Нәтижесінде, хирургиялық операциядан кейін науқастарға қажетті дәрілік заттар ұзақ уақыт тұрақты түрде жеткізіледі. Яғни, емдеу тиімділігін арттырып, инфекцияның алдын алуға көмектеседі. Медициналық практикада жаңа мүмкіндіктер мен жетістіктерге жол ашады.

– Жіптің құрамы, құрылысы туралы айтып берсеңіз...

– Антибактериалды хирургиялық жіптердің құрылымы мен құрамындағы ерекшеліктер оларды дәстүрлі жіптерден ерекшелейді. Әрине, антибактериалды жіптер полимерлерден жасалады. Мысалы, полигликолид сияқты синтетикалық полимерлер жиі қолданылады. Олар денеде тез сіңеді және қауіпсіз. Бактериялардың өсуін тежеуге арналған белсенді заттар бар. Олар – антибактериалды агенттер. Жіптердің құрылымын нығайту үшін тұрақтандырғыш заттар қолданылады. Олар жіптің механикалық қасиеттерін және қоршаған ортаға төзімділігін арттырады. Хирургиялық жіп еліміздегі ауруханаларға жетуі үшін қосымша зерттеулер, пролонгациялау мүмкіндіктерін зерттеп жатырмыз. Кейін клиникалық сынақтарды бастаймыз. Егер сынақтар сәтті өтсе, жоспарымыз – нарыққа шығу. Бұл жіптердің медициналық практикада тиімділігі мен қауіпсіздігін растай отырып, ауруханаларда кеңінен қолданылуын қамтамасыз ету. Шетелде хирургияда қолданылатын антибактериалды жіптердің бірнеше түрі бар. Бірақ бағасы айтарлықтай жоғары. Олар Vicryl Plus полигликолид негізіндегі жіп, күміс сульфадиязинмен өңделген. Ethibond Excel полиэстер бетіндегі арнайы антисептикалық жабын инфекциялардың алдын алу үшін тиімді, Surgipro – полипропилен жіп, антимикробтық қабатпен жабылған деп пайдасы жалғаса береді. Қазақстанда антибактериалды жіптердің нарығы әлі толық қалыптаспаған. Румафарм фармацевтика және медициналық өнімдер өндірумен айналысатын компаниясымен бірге жұмыс жүріп жатыр.

– Іске сәт!

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №43
22 қазан 2024 жыл

 

851 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз