Қазақстан отандық ғарыш саласын қалыптастыруда үлкен қадам жасады. Бүгін Мәжілісте Қазақстанда ғарыш саласын құру тақырыбындағы Үкімет сағатында ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев осылай мәлімдеді.
«Биылғы жылы ел тарихында алғаш рет үш ғарыш аппараты ұшырылғаны баршаңызға белгілі. Бір байланыс аппараты мен Жерді қашықтықтан зондтайтын жоғары және орта аппараттар. Біз үшін бұл ауқымды жеңіс және отандық ғарыш саласын қалыптастырудағы үлкен қадам. Сонымен бірге, ел экономикасындағы көптеген өндіріс салалары ғарыш қызметімен тікелей байланысты екені мәлім. Мысалы, жаһандық телефония, интернет желісіне қол жеткізетін спутник жүйелері, тікелей сандық және телерадиохабар таратудың ғарыштық техникасын пайдалану онсыз мүмкін емес болар еді», - деді жиында баяндама жасаған агенттік басшысы.
Сонымен қатар, агенттік төрағасы Елбасы жолдауына тоқтала келе, онда толыққанды отандық ғарыш саласын құру маңыздылығы атап өтілген. Бұл ретте «ҚазҒарыш» бірқатар жобаларды іске асыра бастаған. Олар «KazSat» спутниктік апараттарын құру, Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесін құру, ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені, ғылыми-технологиялық мақсаттағы ғарыш жүйесін құру, дәлдігі жоғары спутниктік навигацияның Жерүсті инфрақұрылымын құру, Байқоңыр айлағында Зенит зымыран тасығыштығын, экологиялық таза «Бәйтерек» зымыран тасығышын құру және тағы басқалар.
Үкімет сағаты аясында агенттік басшысы осы жобалардың әрқайсысына тоқталып өтті.