Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 25 Қазан, 2024

Қорғаныс министрлігі елорда тұрғындарын мерекелік концертпен құттықтады

Тұтас бір халықтың тарихы бір концертке сыйған. Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы Республика күнін мерекелеуге дайындаған бағдарламаны осылай сипаттауға болады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап kazgazeta.kz хабарлайды.

 Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Ақмола гарнизонының әскери қызметшілері отбасыларымен, «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты. 

Елордадағы Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның сахнасында өнер көрсеткен Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы Ұлы даланың даңқты батырлары мен қазіргі жауынгерлердің қаһармандығын бейнелеп, көрермендер үшін көне тарих пен қазіргі заман үйлесімді тоғысқан атмосфераны қалыптастырды.  

Эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өнер көрсеткен «Батырлар ізімен» би тобы көрермен қошеметіне бөленді.

Әншілер Дәурен Төлеубаев, Сәкен Әлімханов, Нұрсәт Алмас, Хамит Отарбаев және ерлер хорының орындауындағы «Қазақстан – байтақ елім» әні сахнаны сәнге бөледі.

«Жас сарбаз» балалар студиясының «Жайна туған жерім» әнімен орындаған қойылымы да ешкімді бей-жай қалдырмады.

Мақпал Омарова мен Санжай Әлмішев жоңғар шапқыншылығынан аман қалған қазақ халқының тарихи беттерінен хабар беретін «Елім-ай» әнін орындады.

Концерт бағдарламасында басқа да хореографиялық композицияларға, аспаптық және ән шығармаларға орын берілді.

Мерекелік іс-шара Отанның даңқты қорғаушыларды тәрбиелеген туған жердің тауларын, өзендері мен көлдерін дәріптейтін «Егемен Қазақстан» патриоттық әнімен аяқталды.

Фото: gov.kz

716 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз