Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 26 Қазан, 2024

«Атыңнан айналайын, Әулиеата!»

Қарагөз Сімәділ, 

«Ana tili»

 

«Ана тілі» газетіне еліміздің әр түкпірінен электронды және қағазға жазылған хаттар көп келеді. Әрқайсысының айтар ойы,  жеткізер мұңы, жаңалығы, қуанышы һәм сыры бар. Электронды және қағазға түскен хаттарды шолып отырып, Алматыдан шалғай өңірдегі өмірдің өзін көргендей боламыз. Былтырғы жылдан газет еліміздің әр өңіріне барып, халықтың тыныс-тіршілігін көріп, оқиғаны шынайы жеткізу үшін «Ана тілінің» экспедициясы» жобасын бастаған еді. Экспедиция мақсаты – аймақтағы ағайынның әлеуметтік, қоғамдық, рухани-мәдени ахуалымен танысу, жергілікті тұлғалар өмірі мен шығармашылығын насихаттау, аймақ аңыздары мен көнерген сөздерді жинау, еңбек адамының өнегелі жолын көрсету, ел тіршілігімен танысу. Газет редакциясының осы жолғы бағыты киелі Әулиеата жұрты, қастерлі Тараз маңы болды... 

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев

 

Өңір жұртының бүгіні

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, Жамбыл облысы халқының саны биыл 1 223 100 адамды құраған, соның ішінде қалалықтар – 534 мың (43,7%), ауыл тұрғындары – 688 мың (56,3%). Өңірдегі жұмыссыздар саны 27 220 болып отыр. Тамызда Президентпен кездесіп, өңірдің жай-жапсарын таныс­тырған әкім Ербол Қарашөкеев құрылыс саласында 12,3 пайыз, байланыста 8,5 пайыз, көлік бағытында 7,4 пайыз, аграрлық секторда 4 пайыз өсім бар екенін айтқан еді. Өңірдің 2027 жылға дейінгі инвестициялық портфелінде жалпы құны 2,5 триллион теңге болатын 70 жоба қарастырылған. Бұл 6,3 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Жамбыл облысы экономикасындағы өңдеуші өнеркәсіп секторының үлесі 64,5 пайызға жеткен. Бұл ретте шетелдік ірі компаниялармен келісім аясында жүзеге асып жатқан фосфор өнеркәсібінің рөлі айрықша. Болжам бойынша, биыл негізгі дақылдардың жалпы түсімі 2,1 миллион тоннаға жетпекші. Жамбыл облысында 26 денсаулық сақтау, 41 білім беру мекемесінің құрылысы жүріп жатыр. 452 медициналық жабдық пен 38 санитарлық автокөлік сатып алу жоспарланған. Жыл соңына дейін 19 мектеп пайдалануға берілмек, соның нәтижесінде 2 апатты, 4 үш ауысымды, 3 тозығы жеткен, сондай-ақ оқушы орны жетіспейтін 10 мектептің мәселесі шешіледі. Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өңірдегі тарихи-мәдени ескерткіштер, саябақтар мен гүлзарлар, арналар мен арықтар тазартылып, 60 мыңға жуық көшет отырғызылған екен.
«Ана тілі» газетінің экспедициясына барынша қолдау көрсеткен Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевке, бізге қажет мәліметтерді алуға көмек қолын созған Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемовке, Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбайға, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының басшысы Сауран Қалиұлына алғысымыз шексіз. Экспедицияның алғашқы күні өңірлік өлкетану музейін, Шерхан Мұртаза орталығын аралап, өңірдің тарихи-мәдени келбетімен танысқан соң, ертесі еңбек адамымен сұқбаттасу үшін жақын маңдағы аудандарды аралап қайттық. Жолай өңірдің тарихи-археологиялық кескін-келбетін бейнелейтін тарихи ескерткіштер мен археологиялық қазба орындарына, киелі жерлеріне де арнайы бұрылдық... 
 

Шерхан шыңы

Бұл күнгі жолбастаушымыз – археолог Сауран Қалиұлы. Әр тоқтаған нүктеге қатысты аңыз-әңгіме мен тарихи деректерді молынан келтіріп, жол қысқартқанымен қатар, өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігінен де хабар беріп отырды. 
«Мынау жатқан Талас Алатауы мен беріректегі Қаратау – бабаларымыз, аталарымыз, әкелеріміз арқа сүйеген асқар ғой. Әнеу бір шыңға Шерхан Мұртаза атын берсек, қандай жарасымды болар еді! Себебі бұл таудан әрі ассаң бауырлас қырғыз жатыр. Олар осы таудың бір шыңын Манас деп, екіншісін Шыңғыс (Айтматов) деп атайды. Оған Шерхан шыңы қосылса, Жамбыл жұртының ғана емес, күллі қазақтың да мерейі тасымай ма?! Талас өзені – Жамбыл жұртының ғана емес, осында әр ғасырда туын тіккен талай мемлекеттің алып-алып құрылысына, асқар-асқар арманына, тау­дай талабына, қанжоса соғыс­тарына куә болып келе жатқан қастерлі су. Тараз қаласы туралы әр кезеңде әртүрлі саяхатшы, тарихшы, ақын мен жазушы қалам тербеген. X ғасырдағы араб географы әл-Мақдиси: «Тараз – бақтары қыруар көп, халық тығыз қоныстанған, орлары, төрт қақпасы мен адамдары мекендеген қамалы бар үлкен бекіністі қала. Екінші мединада үлкен өзен, оның ар жағында шаһардың бір бөлігі, оның үстінен өтетін көпір бар. Базар ортасында мешіт үйі тұр», – деген дерек қалдырған. Қытай саяхатшысы Сюань-Цзянь: «Мұнда көптеген елден келген саудагерлер тоқтайды және сан алуан тауарымен сауда жасайды», – десе, арада үш ғасыр өткен соң ибн Хаукаль: «Тараз – мұсылмандардың түріктермен сауда жасайтын орны», – деп жазады. Асан қайғы бабамыз: «Таяқ тас­тасаң, тал болып көктейтін» деген мекен – осы. Фирдоуси: «Мөп-мөлдір көздің қарасын Тараздан ғана табасың» демей ме? Бұл маң – тарихты өзгерткен, геосаяси шекараларды түбірімен қайта сызған маңызды шайқастар өткен жер. 751 жылы Тараз маңында күллі Азия мен Қазақстанның тағдырын түбірімен өзгерткен «Атлах шайқасы» болған. Т.Рысқұлов ауданында Әбілқайыр даласы немесе Сұмқайтты деген жер бар. 1720 жылдың соңында Әбілқайыр осы жерде болған жоңғарларға қарсы соғыста қазақ жасағын басқарған және өзенге жақын қалың бұталы, шөбі шүйгін жерді таңдап тұрақтаған дейді. Кіші жүздің ханы Әбілқайыр бастаған үш жүздің жасағы жоңғарларға қарсы қиян-­кескі соғыс жүргізген. Кішігірім өзеннің көне арнасының маңында болған қан төгіс ұрыста қазақ батырлары жоңғарлардың шабуылына тойтарыс беріп қана қоймай, оларды өз жеріне қарай қайтуына мәжбүр етті. Ұрыс болған жер содан бері ел аузында «Сұмқайтты», яғни қатыгез жаудың беті қайтты деп атала бастаған», – дейді С.Қалиұлы. 

Ақыртас алыптар елі ме?

Бағытымыз – Ақыртас. Тараздан шыға салған бетте егістікте жатқан қап-қап пиязға көз түсті. Күздің райы жұмсарып, айналаға шуағын шашып тұрғанымен, қыстың лебі айналаны демде өзгертерін сезген шаруа егістіктегі өнімін тезірек жинап, тезірек саудалауға мүдделі. Егістіктен әрі жота-жота дала. Заманында сақтар мекендеген дала. Археологтер қазып, биіктігі 5–6 метрге, диаметрі 70–80 метрге дейінгі обаларды зерттеген өңір... 
Жолбастаушымыз Сауран Қалиұлы Ақыртасқа жеткенше бірнеше аңыздың жүлгесін айтып берді. «Ақыртас туралы қазір бірнеше аңыз бар. Солардың бірінде былай делінеді: «Алаңғасар алып бір сұлуға ғашық болыпты. Сұлу Алаңғасар алыптан өзіне арнап тастан сарай салуды талап етеді. Алаңғасар алып Ботамойнақ тауынан тас тасып, оларды қашап, тегістеп, сарай салуға кіріседі. Ол сарайды тұрғызып болған соң, Ботамойнақ тауын тесіп, Талас өзенін сол тесік арқылы сарай маңынан өткізбекші болады. Таудан тас тасып жүргенде, Алаңғасар алып ай десе аузы, күн десе көзі бар басқа бір сұлуды кездестіреді. Мұның сұлулығы алдыңғы қыздың сұлулығынан артық әрі сөзі назды екен. Алаңғасар алып сол қыздың қасында қалып қояды. Алаңғасар алып дүниеден қайтқанда, оның сирағынан Әмударияға көпір салынған». Тағы бір аңыз нұсқасы мынадай: «Ерте заманда Ақыртас қаласының тұрғындарының басына зор қауіп төнеді. Елге жау шауып, халық қатты қиналыпты. Есірген жау елдің сұлу қыздарын – күң, боз ұландарын құл етуге бет алыпты. Сонда Ақыртастың үлкен-кішісі түгел жиылып, Құдайға құлшылық етіп: «Е, Жаратқан, мына кәпірлерге пенде еткенше, бізді өзің ал, жаудың оғы өтпейтін, қылышы кеспейтін тасқа айналдыр!» – деп жалбарыныпты. Құдай халықтың тілегін қабыл етіпті. Үй, мал-мүлік, дүние, жүрген-тұрған барша жан тасқа айналыпты»... Келесі аңыз былай дейді: «Түймекент деп аталатын жерде баяғы бір заманда Көкшехан деген бір хан тұрған екен. Оның Түймесұлу деген қызы болыпты. Көкшеханның қол астында Алаңғасар алып деген қызметші бар екен, сол Түймесұлуға ғашық болып қалады. Алаңғасар алып Көкшеханнан Түймесұлуды өзіне әйелдікке беруді сұрайды. Көкшехан оған қызын беруге келіседі. Алаңғасар алып Көкшеханға бірнеше жыл адал қызмет етеді, бірақ хан қызын беретінге ұқсамайды. Өзінің алданғанын білген Алаңғасар алып баласы Арыстан екеуі Таластың басындағы Қызылқайнар деген жерге келіп, тастан қамал тұрғыза бастайды. Әкелі-балалы екеуі тастан қамал тұрғызып, Талас өзенін басқа арнаға салып, Көкшеханның елін сусыз қалдыруға бекінеді. Алаңғасар алып Көкшеханды өзіне осылайша кіріптар етіп, Түймесұлуды алмақшы болады. Баласын тауға шығарып, өзіне тас лақтырып тұруға жұмсайды, жұмыс үстінде оған жан-жағына, әсіресе Талас өзеніне қарамауды қатты тапсырады. Арыстан алып таудың басына шығып, төмендегі әкесіне тас лақтыра бастайды. Алаңғасар алып баласы тау басынан лақтырған тастарды қағып алып, қамал қабырғасын қалай береді. Қамал құрылысы бітуге жақын қалғанда, Алаңғасар алып Көкшеханға қамалды тұрғызып бітуге жақын қалғанын, аздан соң Таласты бөгеп, оны басқа арнамен ағызатынын айтып, хабар береді. Бұл хабардың шын-өтірігіне көз жеткізгісі келген Түймесұлу кермаралдай керіліп далаға шығады. Осы сәтте тау басынан әкесіне тас лақтырып тұрған Арыстан алыптың көзі Талас жағасына келіп тұрған Түймесұлуға түседі. Түймесұлудың сұлулығын көріп, Арыстан алыптың жүрегіне ғашықтық оты түсіп, лақтырған тастары әкесіне жетпей, орта жолда қалып жатады. Бұған ашуланған Алаңғасар алып баласына айқайлап, не болғанын сұрайды. Баласы әкесіне Талас жағасынан бір сұлу қызды көріп, оның сұлулығына таңғалғанын, сөйтіп, тасты бұрынғыша лақтыра алмай қалғанын айтады. Алаңғасар алып өзінің айтқан сөзіне баласының құлақ қоймағанына, айтқанын орындамағанына қатты ашуланып, оны жазаламақшы болады. Баласы әкесінің ашуынан қорқып, қашады. Арыстан алып туғаннан қыңыр мінезді екен. Түймесұлуға ғашықтығынан дертті болып, күннен-күнге әлсірей береді. Жүргенде теңселіп, шайқалып, әзер қозғалатын күйге түседі. Бір күні ол қала мен өзеннің аралығында теңселіп тұрады. Арыстан алып қалаға қарай құласа, онда оның сүйегі бірнеше үйді қиратып кететінін көрген қала тұрғындары өзара кеңеседі. Алыптың қыңырлығын білетін қала тұрғындары өзара: «Арыстан алып өзенге құламайды, қалаға құлайды», – деседі алыпқа естіріп. Мұны естіген алып: «Сендердің дегендерің болмайды, менің дегенім болады», – деп, қалаға емес, өзенге құлаған екен. Алыптың сүйегі өзен үстіне көпір болып қалады». Аңыздың басқа бір нұсқасы мынадай: «Адам атаның Анық атты бір қызы болған екен. Сол қыздан Әжі алып туыпты. Әжі алыптың бойы өте биік болса керек. Дүниені топан су басқанда, Нұх пайғамбардың кемесін осы Әжі алып сүйреген көрінеді. Сонда топан су оның тізесінен де аспапты, аспандағы ақша бұлт оның беліне оралып жүріпті. Әжі алыптың тұсында Талас өзені бойындағы Түймекент деген қалада Көгершін атты хан тұрыпты. Ханның Түйме атты бір теңдессіз сұлу қызы болыпты. Қызды көрген таң болып, естен танып құлай береді екен. Қыздың сұлулығы туралы естіген Әжі алып Көгершін ханға құда жіберіп, Түйме сұлуды әйелдікке сұрайды. Қызына құда түсе келген Әжінің адамдарына хан құрмет көрсетіп, қызын беретінін, бірақ ол үшін Әжі алыптан қалың мал алмай, тастан қамал салып беруді, Талас өзенін сол қамалдың ортасынан ағызуды сұрайтынын айтады. Әжі алып Көгершін ханның шартын қабыл алып, тастан қамал тұрғызуға кірісіп кетеді. Күндердің күнінде Талас өзенін жағалап, қамал тұрғызылып жатқан тұстан өтіп бара жатқан Түйме сұлуға Әжі алыптың көзі түседі. Қыздың сұлулығына табынып, есі кеткен Әжі алып жұмыс істеуден қалады, өне бойын діріл билеп, қуаты қашып, естен танып құлап қалады. Есін жиған алып болған іске қатты өкінеді. Түйме сұлуды жар етіп алмақ түгіл, оның бетіне бір қарауға күші жетпегеніне ұялып, басқа жерге қашып кетеді. Тас қамал құрылысы аяқталмай қалады».
Міне, бір ғана Ақыртасқа қатысты аңыз сан тарау. Бәрінің бір ұқсас жері – алыптың қала тұрғызғаны. Алып дейтін себебі – мынау алып тастарды осы маңға қалай, кім әкеліп, бірдей қылып тегістегеніне таңданасың. Заманында бұл сарайдың төбесіне түйеде отырған кісінің қолы жетпейді екен. Демек, тас сарай биік, сәулетті болған. ХХ ғасыр басына дейін осынау салтанатына сына түспей, сақталған. Оның сол кездегі суреттері тарихшылардың сызбаларында сақталған. Өкініштісі, Түрксіб құрылысында көпір салу жұмыстарына тастар керек болып, осы Ақыртастың барынша бүтін сақталған қабырғалары құрылыс жұмыстарына жөнелтілген екен», – дейді С.Қалиұлы.
Ақыртас – Тараз қаласынан шығысқа қарай 40 шақырым жерде, Ақшолақ стансасынан оңтүстікке қарай 6 шақырым жерде орналасқан археологиялық-архитектуралық кешен. Орталық Азия елдерінде кездеспейтін бірегей құрылыс орнының аурасы да ерекше тартымды. Алып қызғылт тастар біресе ежелгі Дәулер мекеніне, енді бірде ғашықтық аңыздарға жетелейді. 
ЮНЕСКО тізіміне енген бұл археология­лық ескерткіштің құпиялары бүгінге дейін толық анықталмаған. Ақыртас сарайының аумағы 2,5 гектар жерді алып жатыр. Зерттеушілер оның 70-ке жуық бөлмесі болғанын айтады. Жалқын-қызғылт тастардан тұрғызылған Ақыртас кешені туралы қытай саяхатшысы Чан-Чунь мынадай мәлімет қалдырған екен: «Жол бойында тастан тұрғызған қалаға тап болдық. Қызыл түсті тастан қаланыпты. Ежелгі әскери қоныс мекенінің белгілері байқалады…» Ресей империясы Қазақстанның оңтүстігін алғаннан кейінгі уақытта орыс суретшісі М.С. Знаменский көне кешеннің орнына келіп, Ақыр­тас қабырғаларының сызбасын жасап, суретін салады. 1867 жылы Ақыртаста болған П.И. Лерх: «Ақыртас – салынып бітпеген будда ғибадатханасы» десе, академик В.В. Бартольд пен А.Н. Бернштам «Несториан ғибадатханасы» деген болжам айтады. Ал археолог Т.К. Басеновтің жазуына қарағанда, «Ақыртас – салынып бітпей қалған ірі бек сарай-бекіністің іргесі». Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін академик К.М.Байпақов бастаған ғылыми топ: «Ақыртас – бабалар мұра қылып қалдырып кеткен ежелгі сарай-кешен», – деп тұжырым жасаған. Неміс зерттеушісі Б.Брентьес Ақыртасты арабтар Орта Азияға ислам дінін таратумен келген 714–715 жылы Кутейба ибн Муслим басқарған халифаттың кешені деген болжам жасаған. Сарай-кешеннің кіреберіс қақпасының іргетасына араб жазулары қашалған. Жазуды көрсеткен Сауран Қалиұлы қаланың араб жазуына қатысты сыры да зерттеліп жатқанын айтады. 

Топ ағаштың сыры көп

Экспедиция мүшелері ат басын бұрған келесі мекен – жергілікті жұрт қастер тұтатын Топ ағаш атты орын. Бұл жер туралы ел арасында аңыз-әңгіме де көп. 
«Домалақ анамыздың әлі тұрмыс құрмаған кезі болса керек. Әкесі бірде оған: «Қызым, білегіңнен кім ұстаса, соған тұрмысқа беремін», – депті. Содан білегін ешкімге ұстатпай жүрген Нұрила анамыз бір жолы шұңқыр ішіне байқаусызда құлап кетеді. Сыртқа шыға алмай жылап отырғанда алып денелі ер адам қолын созып тұр екен. Қорықса да, амал жоқ, қолын созған жас қыздың білегінен әлгі адам шап беріп ұстайды да тартып сыртқа шығарады. Жігіт жылы шырайлы екен, өзін таныстырып, жорыққа кетіп бара жатқанын айтып қызбен қоштасады. Бәйдібек бабамызбен танысып, өз-өзіне келген қыз жігітті шығарып салып, ойға батады. «Білегіңнен кім ұстаса, күйеуің де сол жан болады» деген әке сөзі есінен кетпейді. Үйіне келіп болған жайды айтады. Ол адамның кім екенін, қайда­ кеткенін іздестіре бастайды. Содан бір кездері құлап түскен шұңқырдың айналасына киіз үй сияқты дөңгелете ағаш егіп, сол ағаштарды күтіп-баптап отырады. Күндер өтіп, Бәйдібек бабамыз да жорықтан оралып, Нұрила анамызды жары етіп алған деседі. Міне, Домалақ анамыз еккен сол ағаштар әлі күнге дейін өсіп, жайқалып тұр. Бұл жерге атақты Абылай хан да түнеген дейтін де әңгіме бар», – дейді С.Қалиұлы. 
Ел аңызға айналдырған бұл мекеннің шыны мен сыры беймәлім. Анығы күн сәулесі молынан құйылған далада жайқалған шоқ тоғайды күйкентай жақсы көретіндей. Себебі әр ағашта кемі екі-үш күйкентай құс ұялапты. Бұл маңдағы ағаштардың бір ерекшелігі әу баста жапырағы сәмбі талдікіндей жіңішкеріп, өсе келе қара ағаштікіндей жалпая түсіп, одан соң қайың жапырағындай салалана бастайды екен. Сондықтан талдың төменгі бөлігіндегі жапырақтары сәмбі талды, ортаңғы бөлігі қара ағашты, жоғарғы жағы қайыңды еске салады. 

Айша бибі салған ән немесе қырық қыздың көз жасы

Айша бибі дегенде Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын Күләш Ахметованың өлең жолдары еске түседі:
...Шеберлігі үшін таласпаймын да 
ұстамен,
Тереңдігі үшін бас ием осы тұста мен.
Ақындық қандай мұндағы:
«Күз. Бұлт. Жер – сұлу»
Оқыған емеспін осыдан жақсы 
қысқа өлең...
Міне, сол Айша бибінің мәңгілік тыныс тапқан мекеніне жақындап-ақ қалдық. «Айша бибі Қараханға тұрмысқа шықпастан көз жұмған ғой. Өмір мен өлім ортасында жатыр деген хабарды естісімен сүйгеніне дереу жеткен Қарахан сол жерде некесін қиып, Айшаның құлағына «Сен менің бибімсің!» деп үш рет айтып үлгерген екен. Бізге Айша бибі атымен танылуының сыры да осы», – дейді С.Қалиұлы.
Кесене қабырғаларының сыртқы жағы қолдан ойылған ою-өрнектері бар 62 түрлі терракот қыш тақталармен көмкерілген. Әр қилы үйлесім мен нұсқалардан тұратын, түрлі өсімдік гүлдері мен геометриялық түрлер сарынындағы өрнектерге толған. Айша бибі кесенесі – Орталық Азия мен Қазақстандағы өне бойы ою-өрнектермен көмкерілген жалғыз ескерткіш. Терракот қыш тақталарының 18-ші қаланымында арабтың куфа әріптерімен оюланған «Күз...бұлттар... Жер ғажайып...» деген тылсым сөздер жазылған. Кесененің ішкі жағында жер бесік тұр.
Сауран Қалиұлы тарқатқан келесі аңызға құлақ түрсек: «Бабажы қатын кесенесінің тұрғызылуы туралы аңыз Айша бибі кесесінің салынуы туралы аңызбен тікелей байланысты. Айша бибі XI ғасырдың танымал ғалымы мен ақыны Хакім Сүлеймен Бақырғанидің қызы болған-мыс. Ол өмірден озғанынан кейін Айша Айқожы шейхтің тәрбиесінде болады. Бірде Тараз әміршісі Қарахан Мұхаммед қыз балаға үйленгісі келді, алайда Айшаның тәрбиешісі бұған келісім бермейді. Қараханды өзі іздеп келе жатқан жолда баланы бас киімде жасырынған жылан шағып, Айша Аса өзенінің жағасында қаза табады. Қайғырған Қарахан сол жерде ерекше сәулетті кесене тұрғызыпты. Айша бибінің күтушісі кесененің сақтаушысы болған және қайтыс болғанынан кейін Айша бибіден 20 қадам жерге жерленген. Енді бір деректер Бабажы қатын басқа жерде жерленіп, кейін кесене маңына қайта жерленген деседі».
Біз барғанда Айша бибі кесенесінің маңындағы жұрт қарасы көптеу көрінді. Кесененің сыртқы тұсы ХІ–ХІІ ғасырдағы қалпын сақтаған. Сол жердің іргеден санағанда 18-қатарында «Күз... Бұлт... Жер ғажайып» және басқа нұсқада оқып жүрген әйгілі жазу көзге түседі. Сауран Қалиұлы бұл жазу араб қарпімен жазылғанымен, араб тіліндегі емес, парсы тіліндегі жазба болуы мүмкін екенін айтып, жазуды оқуы үшін Иран ғалымдарына кесенедегі жазудың фотосуреті жіберілгенін де айтып қалды. Болашақта бұл жазудың құпиясы ашылып жатса, алғашқылардың қатарында сүйінші хабарды оқырманға жеткіземіз деп келістік. 
«Айша бибі көз жұмған соң онымен бірге еріп келе жатқан қырық қыз бибіні жерлеп, кесене маңында қырық күн қалып тілек тілейді. Содан соң туған жеріне кері қайтуға бекінеді. Күйіктің асуына келгенде таудан әрі асса, Айша бибі кесенесі көрінбей, тау тасасында қалады екен. Сондықтан кесенеге қарап отырып қырық қыз қайғы-шерін ақтарып, жоқтауын салған екен. Жүректен төгілген ыстық жас сонда қара тасты балқытып, тас күйген деседі. Қайғының көз жасы тасты күйдіріп жіберген асу сол уақыттан бері Күйіктің асуы аталып кете барған...» – дейді С.Қалиұлы. 

Тектұрмасқа барсаңыз...

Жаңа Тараздың таңғажайып келбетіне Тектұрмас әулие басына барғанда тамсана көз тастайсыз. 
Әулиеге барар жолда Байзақ Датқаның әкесі Мәмбет батыр жерленген. Тектұрмас әулие туралы да аңыз-әңгіме көп. «Талас өзенінің жағасында Тараз қаласының шет жағында ерекше тау бар, ол – Тектұрмас деп аталады. Бұл тау шын мәнінде өте ерекше және осы аймақтағы басқа тауларға мүлде ұқсамайды. Аты айтып тұрғандай, ашылмаған құпиясы бар. Қарапайым тау емес, киелі жер. Осы қасиетті тауға табынуға келетін адамдар саны да аз емес. Тұрғындардың айтуынша, бұл жерде Тектұрмас әулиенің табыты қойылған. Тарихта ол туралы деректер аз, дегенмен оның тарихи атауы Сұлтан Махмұт хан деп те аталады. Оның кім екені және кім болғаны туралы нақты деректер жоқ. Мүмкін, Мұхаммед пайғамбардың, Арыс­тан бабтың немесе Қожа Ахмет Ясауидің замандасы болуы да мүмкін. Екінші бір аңыз былай: «Патша Николайдың кезінде орыс саяхатшылары Тектұрмас тауындағы жерасты жолына қызығыпты. Олар кедергі болып тұрған үлкен жалпақ тасты алып тастап, жолды ашып, май шамдарын қолдарына ұстап, жерасты жолына түседі. Тереңде жатқан керуен жолын байқайды. Оларға адам дауысы, баланың жылағаны, қыздың күлкісі, жылқының кісінегені естілген екен. Осындай дыбыстан қорыққан олар бұл жерде дүниеден өткен адамдардың аруағы жүреді екен деген ойға келеді. Бұл, шын мәнінде де, киелі және тылсым құбылыстарға толы жер. Бойын қорқыныш сезімі билеп, жерасты жолынан тым-тырақай қашып шығады». Қазір бұл жер асты жолы толығымен жауып тасталған», – дейді С.Қалиұлы. Тектұрмас әулиенің басына қазір дертіне дауа іздегендер көп келеді. 
Тектұрмас әулиенің басына барғанда оң жақ төбеде Әулиеатаға қойылған биік ескерткіш мен мұндалайды. Тараз тарихына арналған бұл кешеннің ерекшелігі сол – Әулиеата ескерткішіне барар жолда Тараз өңірінде бұрын-соңды байрағы желбіреген билеушілердің дерегі қашалған тастар қойылған. Әулие­ата ескерткішіне көтеріліп келе жатып билеушілер дерегіне қанығасыз. Бұл кешеннің жанында көне қамал іспетті ғимарат құрылысы тұрғызылып жатыр екен. Биыл Жамбыл облысының құрылғанына 85 жыл. Сол мерейтой құрметіне кешен құрылысы тамамдалып, ондағы қамал іспетті ғимаратта қару-жарақ музейі, көне Тараз жәдігерлері туристер назарына ұсынылмақ. 
Ал сәл төмендесеңіз, талмай аққан Талас өзенінің қазіргі заманға лайық көрікті жағалауы көз тартады. Мұның барлығы жаңа Тараздың көркін үстеп тұр.

Белгілі жазушы Елен Әлімжанның «Шығыстың бүкіл шайыры Таразды жырлады, оларға жауап жаза алатындай Тараздан шайыр шығар ма екен?» деген сөзі бар еді. Бұл қаламгердің жас ақындарға қатысты айтылған күмәні емес, Тараз тамыр тартқан Шығыс дәстүрін жастар жете біле түссе деген ағалық ағеділ көңілмен айтқан тілегі іспетті. Демек, Тараз аңызын айтарда оның Шығыс әлемін байыта түскен дәстүрі мен мол мәдениетін де ұмытпасақ керек-ті...
Талайғы Тараздың тарихы зерттеуге де, жырлауға да сұранып тұр.

 

1179 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз