ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 23 маусым күні жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстанға келеді. Сапар мақсаты - аймақтың индустриалды-инновациялық дамуымен танысу. Бұл туралы облыс әкімінің ақпараттық орталығына сілтеме жасай отырып ҚазАқпарат хабарлайды.
Сапар барысында Президент өңірдің ірі кәсіпорны «Өскемен технологиялық жабдықтар зауыты» ЖШС-не барады деп жоспарлануда. Кәсіпорын жылу энергетикасындағы, экологиялық өндірістегі газдарды тазартуға арналған электр фильтрлерін шығаруға бағытталған. Зауыттың негізгі өнімі - жылу энергетикалық кешен, құрылыс индустриясы мен металлургияға арналған технологиялық жабдықтар. Өнім Қазақстан республикасында, сондай-ақ, таяу және қиыр батыс елдеріне саудаға шығарылады. Қазақстанда осыған ұқсас кәсіпорындар жоқ.
Ел Президенті Индустрияландыру картасы жобасының технологиялық жабдықтары өндірісі бойынша жаңа зауыт құрылысының жүзеге асыру барысымен танысады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысына Шығыс Қазақстан облысында жүзеге асырылатын Индустрияландыру картасы жобаларының көрмесі ұсынылады.
Елбасына сондай-ақ спорттық кластер нысандары: жекпе-жек сарайы, жеңілатлетикалық орталық, жабық жүзу бассейні көрсетіледі. Нысандарды аралау барысында Өскемен қаласының спорт базаларын кешенді дамыту жұмыстары таныстырылады, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысындағы спорт, білім, жастар жобаларының көрмесі, «Туған жерге тағзым» акциясы ұйымдастырылады.
Президент өңірді аралау бағдарламасы аясында құс етін өңдеу және өнім шығарумен айналысатын «Айтас-МП» ЖШС зауытына барады. Онда Елбасы кәсіпорын жұмысымен және Шығыс Қазақстан облысының агроөнеркәсіптік кешенінде жүзеге асырылып жатқан жобалар көрмесімен танысады деп күтілуде. Кәсіпорын шұжық өнімдерін, деликатестер және жартылай фабрикаттар шығарады. Зауытта Швейцария, Германия және Польшада жасалған жаңа құрылғылар пайдаланылады.
Жұмыс сапарының соңында Мемлекет басшысының Шығыс Қазақстан облысының активімен, шағын және орта бизнес, қоғам өкілдерімен кездесуі жоспарланған.